ӨЗIМIЗ АСЫРАП АЛУҒА ЖЕҢIЛДIК БОЛСА...

ӨЗIМIЗ АСЫРАП АЛУҒА ЖЕҢIЛДIК БОЛСА...

ӨЗIМIЗ АСЫРАП АЛУҒА ЖЕҢIЛДIК БОЛСА...
ашық дереккөзі
255

Қазақ – жесiрi мен жетiмiн жылатпаған халық. Талай қиын-қыстау, жаугершiлiк заманда да құрсағын жарып шыққан – сәбиiн айналасындағы қас-жаулар мен жыртқыш-аңдардан қорғап аналық, әкелiк мейiрiмге берiк қазақтың әр баласына жат дүние едi бұл. Қазiр ше? Керiсiнше, бүгiнде шаранасын шырылдатып тастап кете баратын қазақтың безбүйрек қыздары ойнап жүрiп от кешкенiн кеш түсiнiп жатады. Нәтижесiнде қазаққа сүйектаңба болып жабысқан iндеттiң салдарынан қоғамда жетiм балалардың саны күннен-күнге өсiп келедi.

Осы аптада Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев Үкiмет сағатына қатысып, жетiм балалар мен жасөспiрiмдер мәселесiн депутаттардың талқысына салды. Министр жария еткен мәлiмет бойынша, елiмiздегi жетiм балаларды асырау үшiн арнайы балалар үйлерiнiң саны мүлдем аз. Айталық, бар-жоғы 159 ғана жетiмдер үйiнде 16 мыңнан астам бала тәрбиеленiп жатқан көрiнедi. Яғни, депутаттар жетiм баланың санын азайту үшiн елдегi бала асырап алғысы келетiн отбасыларға мемлекет тарапынан жеңiлдiк жасалыну қажет деп, керiсiнше, шетелдiк бала асырап алғысы келетiндерге заң талаптарын қатайту керектiгiн айтады.

Депутат Нұртай Сабильяновты қазақ балаларын шетелдiктердiң асырап алуы қатты алаңдатады. Жетiмдердi бауырына аламын деушiлер Қазақстанда да көп, бiрақ олар құжат рәсiмдеуден, қағазбастылықтан азар-безер болған. Депутаттың айтуынша, баланы шетелге асырап алуды кейбiр азаматтар, кәсiпкерлер бизнеске айналдырған. “Шетелге тек денсаулығы нашар балалар ғана емес, денсаулығы мықты балалар да кетiп жатыр. Олардың жағдайын ешкiм қадағалап жатқан жоқ. Сондықтан мұны тоқтату керек” дейдi депутат. Қазақстанда балалардың 46 мыңнан астамы жетiм және ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар. Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев: “2008 жылы асырап алған балалардың саны 3 мың 520 болса, оның 2 мың 773-iн қазақстандықтар асырап алды, ал 700-дейi шетел асып кеттi. Бұл бұрынғыға қарағанда жақсы көрсеткiш” дейдi. Елiмiзде шетелдiктердiң бала асырап алуына 1999 жылдан бастап рұқсат берiлдi десек, одан кейiнгi 8 жылдың iшiнде ел азаматтары 20 мыңнан астам бала, ал дүниежүзiнiң 25 елiнiң азаматтары 6 мыңға жуық бала асырап алыпты.

Алайда, депутаттар шетелдiк отбасыларға бала асырап алуға көмектесетiн елдегi делдалдардың жұмысына қатаң бақылау керектiгiн алға тартуда. Мәжiлiс депутаты Уәлихан Қалижан мырза шетелге бала асырап алу бойынша Қазақстанда 40-қа жуық делдал бар. Ал Ресейде бұлар әдiлет министрлiгiнде тiркеледi. Қазақстанда мұндай жүйе қашан болады деген ой тастады. Бұл пiкiрге министр Түймебаев елде бала асырап алғысы келетiн отбасылардың тым талғампаз екенiн айтады. Бiр жағымды жаңалық – мәжiлiсте қаралып жатқан “Неке және отбасы” кодексiнiң жаңа жобасында оларға бiрқатар жеңiлдiк жасау қарастырылыпты. Есесiне, шетелдiктерге талап күшеймек, айталық, жалғызбасты және бiр жынысты отбасыларға бала беруге тыйым салынбақ. Айтпақшы, министр: “Елiмiздiң азаматтары бала асырап алуда түрiне, денсаулығына қарайды. Тiптi, кейбiрi өздерiне ұқсас болса екен дейдi. Ал шетелдiң азаматтары болса ешнәрсеге қарамайды. Көбiне денсаулығы нашар балаларды солар алады” деп ағынан жарылды.

Бұл пiкiрдi мәжiлiс депутаты Динар Нөкетаева да қоштайды. “Бiр айта кетерлiк жайт, шетелдiң азаматтары көбiне ауру болса да, қазақтың баласын асырап алуға құштар. Неге десеңiз, олар бiздiң тұқымның, қанның тазалығына көңiл бөледi. АҚШ-қа барған сапарымызда американдықтар қазақ балаларының ақыл-есi, ойлау қабiлетi де ерекше екенiн тiлге тиек еттi. Қысқасы, олар жергiлiктi тұрғындар сияқты “көзi қара болсын, бiзге ұқсасын” деп саудаласып жатпайды” дейдi. Дегенмен, депутат ханым бала асырап алам дейтiн Қазақстан азаматтарына жағдай жасау керектiгiн, мемлекет өзi қолдау көрсетiп, жәрдемақы берсе деген мәселенi көтерiп, Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, Ирландияда, Голландияда және т.б басқа елдерде қамқорлыққа бала алған отбасында негiзiнен анасы жұмыстан босатылады, оның еңбек өтiлi есептелiп, төлемақы төленедi екен. “Осы жолмен олар сәбилер мен балалар үйлерiн бiрте-бiрте жауып, жетiмi жоқ мемлекетке айналды. Осы тәжiрибенi бiздiң елде толық пайдалануға мүмкiндiк жетерлiк. Жетiмдерге жетпей тұрғаны аталық, аналық жүрек, мемлекеттiк мейiрiм. Әрине, қазiргi қаржы дағдарысы қыспаққа алған уақытта оғаштау көрiнетiн шығар. Бiрақ бұл мәселе қашан да өткiрлiгiн жоймақ емес. Әр бала ата-ана мейiрiмiн, жұмсақ алақанын сезiнiп өсуi керек. Егер де баланы асырап алудың құжаттарын жеңiлдетсек, 16 мың тұл жетiм баланың саны азаятын едi” – дейдi ол.

Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаев жетiм балаларға қамқор болам дейтiн отбасыларға мемлекет тарапынан жәрдемақы беру жоспарланып отырғанын айта келе, “патрионаттық жүйемен асырап алынған балаға мемлекеттен ай сайын 25 мың теңге және сол тәрбиелеп алған отбасыға 14 мың теңге көлемiнде жәрдемақы берiлетiн жүйе бар” екендiгiн тiлге тиек еттi. Парламент қарауына түскен бұл заң жобасы әлi талқыға салынатын болады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары