Кәрiм МӘСIМОВ: “ЕСIРТКIНI АУЫЗДЫҚТАЙ АЛМАСАҚ, БIЗ ҚАНДАЙ ҮКIМЕТПIЗ?”

Кәрiм МӘСIМОВ: “ЕСIРТКIНI АУЫЗДЫҚТАЙ АЛМАСАҚ, БIЗ ҚАНДАЙ ҮКIМЕТПIЗ?”

Кәрiм МӘСIМОВ: “ЕСIРТКIНI АУЫЗДЫҚТАЙ АЛМАСАҚ, БIЗ ҚАНДАЙ ҮКIМЕТПIЗ?”
ашық дереккөзі
402

Сейсенбiдегi Үкiмет отырысында Iшкi iстер министрi Бауыржан Мұхамеджановтың елiмiздегi есiрткi саудасы мен халықтың есiрткiге тәуелдiлiгi жайындағы мәлiмдемесi — Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң жанына шоқ салғандай әсер еттi.

Себебi, елiмiздегi есiрткiге тәуелдiлердiң ресми саны — 55 мың адамға жетсе, ерiктi түрде тестiлеуден өткен оқушылар арасында — 2,5%-ы осы бiр ғасыр құбыжығының дәмiн татқан екен. “Ұлт саулығы — ел болашағы” дейтiн болсақ, бұл бiздiң тамырымызға балта шабар дерт. Одан құтылудың амалы кем. Дегенмен, билiк кеш болса, осы бiр дендеп енiп, батпандап батып бара жатқан дертпен күресудiң жолын қарастыруды қолға алыпты.

Iшкi iстер министрi Бауыржан Мұхамеджанов Ауғанстаннан Еуропаға тасымалданатын есiрткiнiң 15%-ы Қазақстан коридоры арқылы өтетiндiгiн айтады.

— Елiмiздегi оңтүстiк аумаққа бақылау күшейту керек. Одан соң бiздiң тексерiс пункттерiндегi техникалық жабдықталу жағдайы өте төмен деңгейде. Ең басты мiндеттердiң бiрi тарам-тарам болып жатқан жолдарды жабу, — дейдi ол.

Сондай-ақ, Ауғанстанның көкнәрiнен өзге, Қазақстанның Шу алқабында өсетiн анаша түрлерi де дес бермей бара жатқан көрiнедi. Әрi шекараның әлсiздiгiмен қоса, Қазақстанның шекара қызметкерлерi мен құқық қорғаушылары арасында бұл iсте сыбайлас жемқорлыққа жол берiп, есiрткiнiң кең көлемде тарауына жағдай жасап отырғандар да бар дейдi ресми билiк өкiлдерi.

Ғасыр iндетiн таратушы шендiлердi анықтап, тиiстi жазасын берудi мықтап тапсырған Премьер кәрiне мықтап мiндi. Ең әуелi бұл iстi мемлекеттiк қызметкерлер мен оқушыларды, студенттердi есiрткiге тәуелдiлiгiн анықтайтын тестiден өткiзуге мiндеттеу шарасынан бастауға бұйырды.

— Бiз есiрткi саудасымен айналысатындарға қолдау көрсетiп отырған билiктегi, құқық қорғау органдарындағы барлық адамдарды әшкерелеуiмiз керек. Шынымен де бiз Үкiмет болып, мұны жеңе алмаймыз ба, сонда бiз қандай Үкiмет болғанымыз?! — дедi ашынған Үкiмет басшысы.

Бұдан былай есiрткiмен күресетiн арнайы топ жасақталмақ. Кәрiм Мәсiмов ол топты өзi бақылауға алатындығын айтты.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары