Ұлық имамды жан-жақты таныту мақсатымен халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция өтпек

Ұлық имамды жан-жақты таныту мақсатымен халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция өтпек

Ұлық имамды жан-жақты таныту мақсатымен халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция өтпек
ашық дереккөзі
207

Ислам он төрт ғасырдан берi барша адамзатты нанымы мен сенiмiне, нәсiлi мен тегiне қарамастан ынтымақ пен бейбiтшiлiкке, тазалық пен сабырлыққа шақырып келе жатқан Аллаһ Тағаланың соңғы әрi бiрегей дiнi.

Оның қазақ даласына келгенiне де он екi ғасыр толды. Халқымыз қашаннан Исламның ғұламасы, мұсылман заңының аса бiлгiрi Нұғман ибн Сәбит (р.а.) (699-767) негiзiн қалаған ханафи мәзһабын (дiни құқықтық мектеп) ұстанады. Мәзһаб — жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны бiлдiредi. Шариғатта арнайы тәсiлдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкiмдер мен көзқарастар жиынтығын “мәзһаб” деп атайды. Шариғат үкiмдерiнiң бiрден-бiр басты көзi Құран мен хадистiң әр сөзiнiң әлденеше астарлы, терең мағыналары мен оның түсу себептерi, ал кейбiр хадистердiң бiр-бiрiне қарама-қайшы сияқты көрiнетiнi де ұшырасады. Құран аяттары мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) астары терең қасиеттi хадистерiн жалпы халықты айтпағанда, араб тiлiн жете меңгерген мамандардың өзi де аражiгiн ажыратып, пәтуә бере алмайды. Белгiлi бiр мәселеге қатысты пәтуә беретiн аса бiлiмдi дiн маманы ең алдымен мыңдаған хадистердi екшеп, Құран аяттарын мұқият зерделеуi тиiс. Ал бүгiнгi күнi пәтуә беретiн дiн маманы мұнымен қатар осы мәселеге қатысты сахабалардың пiкiрлерi мен берген пәтуәларын, мұнан кейiнгi мүжтаһид ғұламалар мен бүгiнгi ғалымдардың да көзқарастарын бiлiп, әрi жергiлiктi халықтың дiлi мен ұлттық ерекшелiктерiн де жете ескеретiнi түсiнiктi. Өзге үш мәзһабтың негiзiн қалаушы имам Малик (717-795), имам Шафиғи (767-820), Ахмад ибн Ханбалдың (780-855) қай-қайсысы болмасын пәтуә беруде имамдардың ұлығы (имам Ағзам) Әбу Ханифаны (лақап аты) ұстаз тұтып, оның еңбектерiне сүйенген. Сондықтан да ханафи жетекшi мәзһаб саналады. Бұл мәзһабты бүгiнгi таңда әлем мұсылмандарының жартысына жуығы (48 пайыз) ұстанады. Ал мәзһабтардағы айырмашылықтар тек “абзал” және “дұрыс” деген сөзде ғана. Бiз өз мәзһабымызды абзал санаймыз. Ал қалған үш мәзһабты дұрыс деп танимыз. Тек бiздiң мәзһаб “дұрыс”, ал қалған үшеуi “бұрыс” деу адасушылыққа жатады. Ханафи мәзһабы негiзiнен Үндiстан, Пәкiстан, Ауғанстан, Түркия, Ресей, Кауказ, Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандарына кеңiрек тараған.

Бұл мәзһаб өзге үшеуiмен салыстырғанда жұмсағы, әрi халқымыздың табиғат болмысына, әдет-ғұрпына аса жақын. Өзге дiни құқықтық мектептермен салыстырғанда өз жамағатына көп жеңiлдiк беруiмен, әрi демократиялылығымен де ерекшеленедi. Сондықтан да өз кезiнде жартылай көшпендi тұрмыс кешкен ата-бабаларымыз өз дүние танымы мен дiлiне тонның iшкi бауындай жақын болғандықтан мұны әу бастан-ақ қабылдаған.

Осынау ұлық ғұламаны бiз қаншалық танып, бiлдiк? Бiз үшiн әлi де ашылмаған қырлары мен сыры бар шығар-ау?! Оны неғұрлым танып, бiле түсудiң мән-маңызы ерекше. Осы мақсатты көздеп Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы сәуiрдiң басында (2-3 күндерi) “Қазақстан” Қонақ үйiнде “Ұлық имам Әбу Ханифа және бүгiнгi заман” атты халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция өткiзудi ұйғарды. Онда әлемнiң он мемлекетiнен келген Дiнбасылар мен белгiлi, танымал теолог ғалымдар көптеген тақырыптар бойынша баяндама жасайды. Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениетi университетi мен шет тiлдер және iскерлiк карьера университетiнде екi күн бойы сала-салаға бөлiнген секциялар жұмыс iстейдi. Секцияларға осы аталған екi жоғары оқу орнының басшыларымен қатар өзге де iрi ғалымдар жетекшiлiк етедi. Конференцияға Президент аппараты мен үкiметтiк құзырлы тиiстi орындардан жауапты өкiлдер де қатыспақ.

Маңызы зор халықаралық басқосу үшiншi күнi (4-сәуiрде) Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы ұйымдастырған республика Сарайындағы мәулiт мерекесiне жалғасады. Мерекеге қатысушыларға дiни басылымдар тегiн таратылады.

Оңғар ӨМIРБЕК,

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы

Серіктес жаңалықтары