АЛЛА МА? АЛЛАҺ ПА?

АЛЛА МА? АЛЛАҺ ПА?

АЛЛА МА? АЛЛАҺ ПА?
ашық дереккөзі
4330

Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесiнiң төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы ДЕРБIСӘЛIГЕ!

Дiни есiмдер мен атауларды жазғанда қазақ тiлi заңдылығына сүйенемiз бе, әлде бүгiнгiдей ала-құла күйi қала бере ме? Құрметтi Әбеке! Сiздiң әлемдiк бiлiм теңiзiнiң iнжу-маржандарын терiп, кәусарынан сусындаған қазақтың тiл iлiмi мен әдебиетiнен терең мағлұматты азамат екендiгiңiздi жұрт бiледi. Әсiресе шығыстану, теология саласындағы өзiңiзге тең келетiн ғалым жоқтың қасы. Бұл әр алуан тақырыпты қозғаған кiтаптарыңыз, газет-журналдарда жарияланып жүрген дүниелерiңiзден анық көрiнедi. Соңғы кездерi осы дiн төңiрегiнде белең алған көптеген айтыс-тартыс, дау-дамайларға тiл қатып, әдiл бағасын берiп, қара қылды қақ жарған тура би ретiнде де көрiнiп жүруiңiз соның айғағы. Дiн — көпшiлiктiң тiсi өте қоймайтын дiңгегi берiк, алынбас қамалдың бiрегейi. Бiлгенге “мен, мен!” деп өзеуреген талай “дiндардың” бетiн қайтарып тастаған iлiм, әлемдiк құбылыс, жаратылыстың өзiн танытатын жаратылыс. Көптен берi түрлi пiкiрлердi оқи отырып, жазуға тiсiм батпай жүрген, бiрақ көкейiмдi тесiп бара жатқан жазбасам болмайтын, айтпасам болмайтын осы бiр өзектi мәселенi “Қазақ әдебиетi” газетiндегi (23.01.09) Сiздiң “Дiнiмiздi бiлiммен таныған абзал” атты мақалаңызды оқығаннан кейiн өзiңiздiң ой-пiкiрiңiздi бiлуге бел будым. Бәрiмiздiң жанымызға жақын, жүрегiмiздiң түкпiрiнде жатқан “Алла” сөзiнiң әртүрлi жазылуы бүгiнде ешкiмдi бей-жай қалдырып жүрген жоқ. Соның бiрi — мен. Қазақ басылымдары да екiұдай күйде секiлдi. Бiр сұхбаттың немесе бiр материалдың өзiнде “Алла”, “Аллаһ” деген нұсқаның қатар келiп жататыны да сондықтан шығар. Тiптi бiр адамның аузынан екi түрлi айтылады. Сөзiмiз құрғақ болмауы үшiн мысал ретiнде Сiздiң сұхбаттарыңыз бен материалдарыңыздың өзiне көз жiберiп көрейiк. “Айқын” газетiнiң 2008 жылғы 26 қыркүйектегi санында сұхбат алушы сiзге қойған сұрағында “Аллаһ” деп сөз қосқанымен, Сiз өз жауабыңызда ешбiр жаңылмай “Алланың үйi”, Алла тағала” деп әңгiмелеп отырсыз да, “Алматы ақшамы” газетiнiң мерейтойымен құттықтауыңызды (“Алматы ақшамы”, 14.10.08.) “Мейiрiмдi, рахымды Аллаһтың атымен бастаймын!” дей келiп, сөз арасында “Аллаһ тағала…” дейсiз. Ал мәнi мен мазмұны жағынан да терең жазылған “Құрбан айт — ұлық мереке” атты танымдық мақалаңыздың (“Егемен Қазақстан”, 02.12.08.) және “Ұлық Құрбан айт құтты болсын” атты айт мерекесiмен құттықтауыңыздың (“Егемен Қазақстан”, 06.12.08.) өн бойында “Алла тағала”, “Алла жолы”, “Аллаға шүкiр”, “Алланың Елшiсi”, “Аллаға ғибадат” деп қазақи қалыпты бұзбай, баяндап отырсыз. Келесi бiр мақалаңызда (“Қазақ әдебиетi”, 23.01.09.) тағы да “Алла” мен “Аллаһты” қатар өресiз (“Аллаға бағыну”, “Алла алдында”, “Алла тағала”, “Аллаһ тағала”). Осыған қарап, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенiн бiлмей, екi түрлi ойға қалып отырмыз. Егер сөйлей қалсаңыз, бекер сөйлеспейтiнiңiздi айтсаңыз, бекер айтпайтыныңызды, әрбiр ойыңыздың артында батпан-батпан салмақ жататынын бiлемiн. “Алла” немесе “Аллаһтың” бiрiнiң дұрыс нұсқа екендiгiнде дау жоқ. Бiрақ оны дәлелдеп беретiн, бұдан былай қалай жазу керектiгiн нақтылап, әр жерде әрқалай жазатындарға, болмаса жаздыруға итермелейтiндерге де бiржолата тоқтау салып, бiр арнаға түсiрiп бере алатын да — Сiз. Тiптi А.Сабыр (лақап аты болуы керек) деген азамат “Аллаһ Таъала” (Бұлай жазу “Құранның” кейбiр аудармаларында да кездеседi, алайда бiзде “ъ” әрiпi бар ма. Оны кейiнгi ұрпақ, тiптi бiздiң қатарлардың өзi түсiне қоя ма?) деп те жазады (“Айқын”, 16.10.08.), философ Ғ.Есiм де бiр жерде “Алла елшiсi” деп, ал бiрде “Аллаһ тағала” деп, “менiң бiлетiнiм осы, қалай жазсаң, олай жазға” салып, таңдауды өзiңе қалдырғандай болады (“Егемен Қазақстан”, 26.09.08.). Ендiгi төрелiк Сiзден. Бұл мәселеге нүктенi Сiз ғана қоя алады деп ойлаймын. Өйткенi бұл туралы баспасөз бетiнде бiрдi-екiлi сөз болғанымен, бiр мәмiлеге келе алмай жүрмiз. Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн қазақтың көрнектi әдебиетшi ғалымы, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметұлының “Егемен Қазақстан” газетiнде жарияланған “Сөздi қазақы қалпында қолданайық” атты мақаласын (08.10.08.) мысалға келтiргендi жөн көрiп отырмын. Ғалым ағамыз бұл мақаласыда: “Мың жылдан астам уақыт бойы қолданып келе жатқан дәстүрлi дiнiмiз — исламды суниттiк жолымен ұстанып келемiз. Бұл жол ислам қағидалары мен ұлттық қазақы дәстүрiмiздi, әдет-ғұрып, салт-санамызды ғажап үйлестiре бiлген рухани құбылысқа айналды. Мың жылдан астам мұны қазақ халқы (барлық түрiк халықтары сияқты) араб тiлiндегi “Аллаһ” сөзiн өз тiлiнiң дыбыстық табиғатына орай “Алла” деген сөз түрiнде қолданып келдi. Бұл сөзге бүкiл дәстүрлi поэзиямыз бен бүгiнгi әдебиетiмiз де мән берiп, “Алла” сөзi түрiнде жазылып, жырланып келедi. Хакiм Абай өзiнiң “Алланың өзi де рас, сөзi де рас” деген философиялық өлеңiн де “Алла” сөзiн қолдануы — халық тiлiнiң табиғи болмысынан туған дәстүрлi құбылыс болатын. Ал бүгiнде “жер астынан жiк шықты, екi құлағы тiк шықты” дегендей, Қазақстанға сыртан келген бүгiнгi ислам дiндарлары тiлiмiздi сындырып, “Аллаһ” сөзiнiң арабша қалпын бұзбай айтыңдар деп мешiттерде уағыз айтып, баспасөзде жарияланған насихаттарында “Аллаһ” сөзiн қолданысқа түсiрiп, қалыптастыруда. Олардың бұл қылығы — ғылыми негiзi жоқ бүкiл тiлдерге тән ортақ заңды белiнен басу. Тiл ғылымында мойындалған ортақ заңдылық — әлемдегi халықтардың бәрi де сырттан, бөгде тiлден сөз қабылдағанда өз тiлiнiң табиғи өзiндiк дыбыстық ерекшелiгiмен сөйлеу тiлiнiң дыбыстық қалпына (моделiне) байланысты қабылдайды. Мысалы, қазақтар орыс тiлiндегi “Москва, Санкт-Петербург, Оренбург, ящик, трактор”, т.б. сөздерiн өз тiлiнiң жатысына қарай “Мәскеу, Петербор, Орынбор, жәшiк, тiрәктiр” деп қазақыландырып қабылдайды. Орыстар да қазақтың “қымыз, қуырдақ, сексеуiл, бүркiт” т.б. сөздерiн өзi тiлiнiң жатысына қарай “кумус, кавардак, саксаул, беркут” деп айтуы заңды құбылыс. Бұл — барлық тiлдегi ортақ заңдылық. Мұның филолог ғалымдардың бәрi де бiр сөзге келмей мойындайтыны анық. Алайда, ХХ ғ. аяғы мен ХХI ғасырда Қазақстанның дәстүрлi дiнi мен ұлттық әдет-ғұрпын бұзуды мақсат тұтып, Қазақстанға шақырусыз келген әртүрлi бағыттағы дiндарлар тiлiмiзде мың жылдан астам уақыт iшiнде қалыптасқан “Алла” деген сөзiмiздi “Аллаһ” деп айтуды, жазуды санамызға ерiксiз сiңдiруде… …Қысқасы, бiздерге жаңашыл дiндарлардың ғылыми танымға жат, тiзеге басып тықпалап жатқан таза арабша айтылатын “Аллаһ” сөзiн қабылдаудан бой тартып, әлем халықтары мойындаған ұлт тiлдерiндегi ғылыми объективтi ортақ заңдылыққа сүйенiп, “Алла” деуiмiз жөн болар. Иә, өнбес дауға түскенше, халқымыз дәстүрлi исламды қабылдаған тұстан, мың жылдан берi айтып келе жатқан, тiптi, қанымызға сiңiп кеткен “Алла” сөзiн байырғы қазақы қалпында айтып, тiл ғылымын анықтаған ортақ заңдылықты ұстанайық. Бұған бiздiң алып, қосарымыз жоқ. Егер бiз араб тiлiнен енген сөздердi сол күйiнде жазатын болсақ, атаулар мен есiмдердi, (оның iшiнде пайғамбарларымыздың да аты-жөндерi бар), қайта қарауға тура келедi… Бұл жерде Құл Қожа Ахмет Иассайудiң де бiрде Йассауи (Сiз осы нұсқаны қолдайсыз, өйткенi қазақта “я” деген әрiп жоқ), бiрде Иассуи, (негiзiнен Яссауи деп,) кiм қалай ұйғарса, солай жазылып жүргенiн де айтқан дұрыс. Өйткенi нағыз қазақы қалыпқа түсiрiп, елге ұсынып жүрген өзiңiз ғана. Бiртiндеп сiздiң ығыңызға жығылып келе жатқанымызбен, әлi де соңғы нұсқамен (Яссауи, “Артық туған Абылай…” (“Айқын”, 30.01.09.), “Қазақ болудың сертi” (“Қазақ әдебиетi”, 30.01.09) жазып жүргендер аз емес. Бұл туралы да бiр ауыз пiкiрiңiз керек. Аса қадiрлi Әбеке, ендiгi сөз Сiзде! Өзiңiздiң ниеттес әрi тiлектес iнiңiз,  
Дүрәлi ДҮЙСЕБАЙ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегерi
 

Серіктес жаңалықтары