2025 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері басқа мемлекеттің азаматтығын алуына байланысты Қазақстан азаматтығынан айырылған 1000-нан астам адамды анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қос азаматтықтың болғаны үшін 63 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 38-і шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламағаны үшін, 15-і Қазақстан Республикасының паспорты мен жеке куәлігін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды.
Анықталған фактілердің бірі облыс орталығының 47 жастағы тұрғынына қатысты. Ол 2025 жылдың қазан айында қызымен бірге басқа мемлекеттің азаматтығын алғанымен, бұл туралы уәкілетті органдарға белгіленген мерзімде хабарламаған. Ер адамға қатысты сот шешімімен Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге шығару туралы шешім қабылданды.
Жыл басынан бері сот шешімімен ел аумағынан 11 адам шығарылды. Барлық құқық бұзушылардан Қазақстан Республикасы азаматтарының құжаттары алынып, қазақстандық азаматтықтан айырылу фактісі тіркелді.
ШҚО ПД Көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес елде қос азаматтыққа жол берілмейтінін еске салады. Шетел азаматтығын алған жағдайда 30 күн ішінде ішкі істер органдарына хабарлап, Қазақстан Республикасының құжаттарын тапсыру қажет.