ЖАЛFАСЫН СЕН АЙТ, БҰЛ АСҚАҚ ӘННIҢ...

ЖАЛFАСЫН СЕН АЙТ, БҰЛ АСҚАҚ ӘННIҢ...

ЖАЛFАСЫН СЕН АЙТ, БҰЛ АСҚАҚ ӘННIҢ...
ашық дереккөзі
483

Төлеген Айбергенов туралы бiр үзiк сыр

Әдеттегiдей әдебиет теориясы. Әдемi қоңыр дауысты З.Қабдолов ағайымыз жанға жайлы жағымды үнiмен өз лекциясын бастап кеттi. Сабақ “Сөз өнерiне” қатысты. Күнде әр сабағында әр ақынның, әр жазушының көркем дүниесiне үңiлiп, сөзден сурет салған әрбiр қаламгерге баға беруге тырысатын ағай бұл жолы бiрден-ақ лекцияны өлең жолдарымен бастап жiбердi.

“… Мен бүгiн сонау көгiлдiр көлге сағынып ұшып барамын,

Бiрге қақ қанат қасымнан қалмай, сағынып көрген қарағым,

Жалғасын сен айт, бұл асқақ әннiң, жабылып кетсем егер мен,

Ғұлама жылдар саудырлатқанда парағын….”

– Бұл өлеңнiң кiмдiкi екенiн бiлесiңдер ме, балалар? – деп, ағай күлiмдей үн қатты. Бәрiмiз үнсiзбiз.

– Төлеген ақынды бiлесiңдер ме?

– Айбергенов пе?

Бәрiмiз шу еттiк.

– Әрине… Мына бiр шумақ Айбергеновтың өлеңiнен алынды. Қараңдаршы, осында қандай көркем суреттеу жатыр. Бұл ақынның шеберлiгi..

Ағай жағымды дауысымен сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Бiрақ сол лекциядан кейiн, қаншама жылдар өтсе де, әлгi шумақ жадымда жатталып қалыпты. Бiр үзiк өлең!… Қабдоловтың қоңыр үнi… Сөз өнерi десе, ұстазымның сабағы бiрден еске түседi. Айбергеновтың өлеңi ойға оралады.

Бұл өлең жолдары жатталып ғана қойған жоқ, Айбергенов шығармашылығына жетелеп алып келдi.

Ақын өзiнiң аз ғана ғұмырында, аз ғана өлең қалдырды. Аз өлең қалдырса да, әрбiр дүниесi iнжу-маржандай ерекше көркем. Ерекше болмаса, көрнектi қоғам қайраткерi, ақын Мұхтар Шаханов:

Пайымдаймын, мойындаймын, сен -данасың, мен – бала,

Ұлтына кiм жақын, алыс, айқындайтын ел ғана.

Он том өлең жазғандарды кеттi ұмытып кең дала,

Бiрақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты

Толғандырған, таң қалдырған Махамбет пен Сен ғана,” – деп жазбас едi.

Төлеген Айбергенов туралы талай естелiктер жазылды, талай естелiктер айтылды. Күнi кеше ғана Жазушылар одағында ақынның мерейтойына орай, поэзия кешi өттi. Қаламдас достары, қаламгер iнiлерi ақын туралы тағы бiр толғанды, тағы бiр рет тамсана сыр шерттi. Сондай аға туралы айтылған әдемi естелiктердiң бiрiн, ақынның жанында көп жүрген, қаламдас досы Зәкiр аға Асабаев айтып берген едi.

– Төлеген екеумiздi таныстырған Ташкенттегi Низами атындағы институт,-деп бастады Зәкiр аға әңгiмесiн. – Мен мектеп бiтiрген жылы сол институтта қазақ тiлi мен әдебиетi факультетi ашылды. Ол 1953 жыл болатын. Ол институтқа Өзбекстанға жақын орналасқан ауданның балалары көбiрек түсетiн едi. Ташкентке жақын маңайда Келес дейтiн аудан бар. Ол менiң ауылым. Онда Алматыға келетiн жағдайымыз жоқ. Тұрмыс ол кезде нашар. Содан Низами атындағы институтқа тапсырып, оқуға түстiм. Бiр жылды артқа тастап, келесi жылы оқуға келсем, 1-курсқа жаңадан балалар келген. Бәрiмiз жапа-тармағай танысып, бiлiсiп жатырмыз. Араларында қағiлездеу келген 17-жастағы реңдi, қара торы жiгiт бар екен. Жастар тез табысып, тез үйренiседi ғой. Бiзде бiрден шүйiркелесе кеттiк. Әлi ұмытқам жоқ, 3-қыркүйек болатын. Маған қолын созды да: “Кел екеумiз, жора болайық” дедi. Қарақалпақстанда “жолдас” дегендi солай айтатынын бiлем ғой. “Болсақ, болайық” дедiм. Өзбектерде шәйхана деген өте көп. Шығып, шәйханаға кiрiп, шәй iшемiз бе деп ойлағам. Төлеген: “Шәйханасы құрысын, одан да бiр жерге барып, бәлiш жейiк” дедi. Екеумiз шығып алып, бiр жерден алты бәлiш сатып алдық та, жора болғанымызды атап өттiк. Адамға табиғаттың өзi дарын бередi ғой. Төлеген де сондай ерекше жаратылған, дарыны бөлек адам болды. Екеумiз сол күннен бастап, бiрге жүрдiк. Танысқанымызға екi-үш ай өткеннен кейiн, бiр жерге барып домбыра жасатып алып келдi. Төлеген домбыраны жақсы тартатын. Әндi де жақсы орындаушы едi. Төлегеннiң қызық бiр мiнезi болатын. Кез келген адаммен жақсы араласып кете беретiн әдетi бар едi. Сосын маған келiп: “Әне, пәленшеменен дос болайық” дейтiн. Дос болып, бiр жерге барып шәй iшемiз. Содан, бiраз күн өткен соң, бiр күнi: “Әй, ана пәленшемен дос болмайтын болдық” дейдi. Оған не дерсiң, “мақұл” деп жүре берем. Әлгi достарымыз келiп, амандасайын десе, қолымды бермей, терiс бұрылып кете беретiн едiм.

Солай төртжылдықты бiтiрiп шықтым. Бiр жылдай ауыл маңындағы меткепте сабақ бердiм. Төлеген бiтiретiн жылы тағы бiр жыл қосылды да, ол менен екi жыл артта қалды. Оның үстiне, институттың қазақ тiлi мен әдебиетiн оқитындардың бәрi қазақ балалары ғой. Бәрi шеттерiнен өлең жазады. Жарыса өлең оқиды. Арасында Төлегеннiң өлеңдерi өзгешелеу едi. Бiр ауыз өлең жазып тастай салатын. Әрi өзi жазған өлеңдерiн өзi оқушы едi. Бәрiмiз де жаспыз. Өлең жазатын баланың бәрi шетiнен мықты сияқты көрiнетiн. бәрiнде мықты санаушы едiк. Солай бола тұра, көбi елге кетудi аңсаса, Төлеген Алматыны аңсайтын. Есiл-дертi Алматыға кету едi. Институттың кiтапханасына Алматыда шығатын газет-журналдардың бәрi барады. Газеттердiң бәрiн жабылып оқимыз. Газет-журналға шығатын ақын-жазушылардың шығармалары да жақсы таныс. Әрi әдебиет факультетiнде оқитындардың әдебиетке аңсары бөлек болады ғой. Сондықтан болар, Алматыдағы ақын-жазушының бәрi бiз үшiн қол жетпейтiндей едi. Тiптi, телефонның бағаналарының бәрi Алматыға бiрақ тiрелетiндей әсер ететiн бiзге.

Сондай Алматыны аңсап, Төлеген өлең жазады:

Қызық қой, шiркiн, сенде өмiр,

Сүйiктi қалам Алматым.

Алыста жүрген мен де бiр,

Жасөспiрiм солдатың.

Көз тiккен көктен еңкейiп,

Бәйтерек болса Алатау.

Саясында сәулеттi,

Тiгiлген сен бiр ақ отау, – деп жазыпты.

Осы өлеңi әлi жадымда. Екi-ақ шумақ. Кеңiрек ойлап қарасаң, өресi биiк екенiн байқайсың. Одан кейiн сабақты өте мықты оқыдық деп айтуға болмайды. 1957 жылы бiтiрдiм де, соның түбiндегi орта мектепте сабақ бердiм дедiм ғой. Сөйтiп жүрiп, бiр жылдан кейiн ешкiмге айтпай, Алматыға кетiп қалдым. Бiрден “Лениншiл жас” газетiнiң редакциясына келдiм. Менi Камал Смаилов деген жас жiгiт қарсы алды. “Не жазасың?” деп сұрады. “Фельетон жазам” деп едiм, жарамай қалған бес-алты фельетон бар екен, соның бәрiн қолыма берiп, “байқап көршi” деп, тапсырма бердi. Оның бәрiн оқып көрiп, жөндейтiнiн жөндеп, ертесiне келiп, Камалдың қолына тапсырдым. Жазғандарым ұнаған болуы керек, бiрден газетке шығарды.

Төлегеннiң Алматыға төрт жылдан кейiн жолы түстi. 1958 жыл едi. Қазан айы. Сол жылдың тамызында Төлегеннiң “Пейзаж” деген тақырыпшамен бiр шумақ өлеңi “Қазақ әдебиетi” газетiнде бiр топ қаламгерлердiң туындыларымен қатар жарияланған екен. Республикалық баспасөз бетiнде ең бiрiншi рет басылған әлгi өлеңiн үтiр, нүктесiне шейiн сол замат жаттап алғанбыз.

Көк шықты таудың тарғыл тасын жарып,

Арықта сулар жатыр тасып ағып.

Аямай алтын нұрын жерге төгiп,

Күн өзi күлiмдейдi қасын қағып.

Бар болғаны осы. Өлеңнiң соңындағы ақынның аты-жөнi “Төлеген Алдабергенов. Ташкент” болып жазылып кетiптi. Бiрақ, оның көп ұзамай жырсүйер қауымға жарқ ете қалатын Төлеген Айбергенов екенiн бәрiмiз сездiк.Төлеген Алматыға қазан айында бiр-ақ келдi. Алматыға келген соң, менiң қасымда болмай қайда барады? Мен ол кезде пәтер жалдап тұрам. Қолтығына қысқан “бiр қоржын” өлеңi бар. Бұл уақыт мақтаның кезеңi. Мақтаға бармай, Алматыға қашып кетiптi. Алматының сол шақтағы көрiктi деп саналатын бiрқыдыру жерлерiн асығыстау аралап болған соң, алдымен өзi сырттарынан жақсы бiлетiн, өлеңдерiн сүйiп оқитын ақындарымен таныс болғысы келетiнiн бiлдiрдi. Сол бiр жексенбi күнi ол “Қазақстан пионерi” газетiнде поэзия бөлiмiнiң меңгерушiсi болып iстейтiн аса сыпайы, сырбаз, үлкенге – сырлас iнi, кiшiге – ақылшы, талантты жас ақын Қосжан Мүсiреповпен ғана дидарласудың сәтi түстi. Сол кездерде екi-үш жыр жинағы шығып, оқырманға әжептеуiр танылып үлгерген Қосжан ақын өзiнiң мейiрiмдi, жылы шырайымен ташкенттiк студент ақын жiгiттiң өлеңдерiн ықылас қоя тыңдап, зор iлтипат бiлдiргенi есте. Төлеген кiшкене қара чемодандағы тор көз дәптер беттерiне жазылған өлеңдерiн пәтерге қалдырып, Горький атындағы парк iшiнде өз өлеңдерiн түп-түгел жатқа оқып шыққан. Оны көргенде Қосжан:

– Мынауың ғажап екен, – дедi таңданып. Төлеген өзiнiң өлеңдерiн былай қойғанда, басқа ақындардың өзiне ұнаған өлеңдерiн де сол замат жаттап алатын. Қосжанмен танысқаннан кейiн, ертесiне бүкiл редакцияны аралап, аттары мәлiм бiрқатар ақындармен танысып шықты. Қосжан, Тұманбай, Шәмiл ақындарды екiншi Алматы вокзалының мейрамханасына дәмге шақырды. Сол жерде отырып, бiр-бiрiнiң өлеңдерiн оқып, әзiлдерi жарасып, қалжыңдасып отырды. Расында да өлеңдерiн жатқа оқитын екi ақын бар. Оның бiрi Мұхтар Шаханов та, екiншiсi – Төлеген Айбергенов болатын.

Сол жолы Төлеген Әбдiлдә Тәжiбаевпен танысты. Ол кiсi “Қазақ әдебиетi” газетiнiң редакторы. Ол кiсiнiң қонаққа шақырғанына разы болып, екi езуi екi құлағына жетiп мәз болды. Қатты риза.

“– Бiр өзiмдi үлкен залдың нақ төрiне отырғызып қонақ еттi, – дейдi. Екеуден-екеу ұзақ отырып әңгiмелестiк. Қасым Аманжолов туралы көп нәрсе есiттiм,– дедi.

“Газеттiң келесi санына үш жүз жолдай өлеңiм суретiммен басылатын болды” деп, өлеңдерiн қайта көшiрiп, таң атқанша көз iлмедi.

Екi жылдан кейiн отбасын құрды. Жұбайы екеуiн Ташкенттiң вокзалынан Қарақалпақстанға шығарып салдық. Қасында әйелiнiң iнiсi бар. Төртеумiз жылап жүрмiз. Қайта көрмейтiндей болғанбыз ғой сонда. Содан екi жылдан кейiн, 1961 жылы желтоқсанда әйелi екеуi Сарығашқа келдi. Жаңа жылды бiрге күтiп алдық. Жаңа жылды ылғи бiрге қарсы алатынбыз. Жаңа жылдан кейiн оқу басталады ғой. Сабақ басталып кеттi. Қарақалпақстан екi күн жүрiп баратын жер. Бiрақ, асығатын түрi жоқ. Бiр күнi кешкiсiн шәй iшiп отырғанымызда, Төлегеннiң әйелi: “Мынау ештеңе ұқпай жүр ғой деймiн. Сабақ басталды, неге кетпей жүрсiңдер деп сұрамайсыңдар ма?” – дейдi. Сұрадым. Сөйтсем, олардың бiржола қалып кету ойларында бар екен. “Ал, ендi кеттiк”, – дедiм Төлегенге. Бiр жиенiм бар едi. Үлкен апамыздың баласы. Ол кiсi райкомда бөлiм меңгерушiсi болып жұмыс iстейтiн. Үйiнде екен. Дастарқан жайды. Таныстырдым. Ол кiсi ұстамды адам едi. “Көрейiк” дедi. Үйге қайтып келдiк. Есiк пе есiк тұратын көршiм бар едi. Қолында жалғыз әкесi бар. Қарт кiсi. Бiр көзi көрмейдi. Баласы комсомолда бiрiншi секретарь. Райком партияда бюро мүшесi. Күнi бойы ел аралап жүредi. Түнде келедi. Әкесiне шай-тамағын бiз дайындап беремiз. Сол күнi түнде де әдеттегiдей кешiрек үйiне келдi. Бiрiншi бiздiкiне бас сұғатын әдетi. Аты–Бексұлтан едi. Сағат 11-лердiң шамасы. Үйге кiрiп келдi. Қуанғаным соншалық, “Беке, осылай болды”, деп Төлегеннiң жайын түсiндiрiп жатырмын. “Өй, болды, Қарақалпақстаннан келдi деймiз де қоямыз” дедi. Оның туған нағашысы оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi. Ол өзiнiң нағашысына айтып, бiр аптада кешкi мектепке директор жасады. Сөйтiп, бiрге тұра бердiк. Бiр жолдас жiгiттiң екi үйi бар едi. Сәуiр айында соның бiреуiне көшiп барды. Мiне, осылайша Сарығашқа келдi. Жуырда “Алматы ақшамы” газетiне “Бiлмесең басты қатырма” деген мақала жаздым. Осы кезге дейiн, Төлегеннiң Сарыағашқа келгендiгi туралы әртүрлi сөздер айтылып жүр. Соның анық-қанығын айтып жаздым.

Төлеген 1965 жылы Алматыға көшiп келдi. Бiраз уақыт пәтерде жүрдi. Осында келген соң, жұмысқа тұрды. Жұмысқа тұрғаннан кейiн, командировкаға Қарақалпақстанға кеткен. Тағдыр шығар, сонда қайтыс болды ғой. Мұхтар Шаханов Төлегендi Комсомол сыйлығына ұсынды. Кейiн, жанын салып жүрiп, комсомол сыйлығын алып бердi. Өшiп кеткен ақындар аз емес. Мұхтардың арқасында комсомол сыйлығынан кейiн Төлегеннiң аты дүрiлдеп шыға келдi. Мұхтар Шаханов пен N-Төлеген екеуi ағалы-iнiлi болып табысқан адамдар. Қазiр құдайға шүкiр, қызы Салтанат жүгiрiп жүрiп, әкесiнiң кiтаптарын шығарып жатыр. Төлегеннiң атына Сарыағашта мектептiң атын бергiздi. Салтанаттың өзi де ғалым, әдебиетке жақындығы бар. Төлегеннiң жоқтаушысы жоқ емес. Балалары, өлеңiн сүйетiн оқырманы бар.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары