ҚЫТАЙ... ШЫҢЖАҢ... YРIМШI...

ҚЫТАЙ... ШЫҢЖАҢ... YРIМШI...

ҚЫТАЙ... ШЫҢЖАҢ... YРIМШI...
ашық дереккөзі
188

“ЭЙР АСТАНАНЫҢ” ЖАҢА БАҒЫТЫ

“Эйр Астана” әуе кеңiстiгiне даңғыл жол салып, барыс-келiс бағытын көбейтiп жатыр. Жуырда, Үрiмшiге қатынайтын жаңа рейс ашылды. Сол рейстiң алғашқы жолаушыларымен бiрге бiз де бүгiнде тоғыз жолдың торабына айналған Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы ауданы астанасына аттандық.

Үрiмшi – Ұлы Жiбек жолының солтүстiк желiсiн түйiстiрген торап саналады. Чуньцю заманының өзiнде мұнда көшпендiлер мекен еткен. Батысқа барар бағыттың негiзгi орталығы саналатын Үрiмшiнiң артықшылықтары шаш етектен. Көптеген әуе желiлерi жұмыс iстейдi, жол тораптары дамыған, темiржол транспорты да мiнсiз жұмыс iстейдi. Әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен жиналатын туристер Шыңжаңмен танысуды нақ осы Үрiмшiден бастайды екен.

Үрiмшiнiң оңтүстiгiнде Урапо деген ауыл бар. Ғалымдардың пайымдауынша ол iргесiн ықылым замандарда қалаған, ертеректе Луньтай деп аталған екен. Бұл ауыл Таң әулетi әмiр құрған кезеңде Жiбек жолының солтүстiк бағытын қорғаған деседi.

* * *

Үрiмшi бұрынғыдай емес, қазiр көш iлгерi өсiп кеткен деседi бiлетiндер. Өскенi өскен. Биiк ғимараттар қаптап кеткен. Көшелерi кең. Архитектуралық ансамбль де әркелкi. Көптеген туристер мұнда жергiлiктi жердi тамашалауға ғана емес, негiзiнен сауда-саттық жасауға келедi. Оны өз көзiмiзбен көрдiк те. Көптеген базарларды, сауда орталықтарын, дүңгiршектердi, шоп дүкендердi қолтығына жинаған ШҰАР астанасына кiм келмейдi деңiз. Үйiн жиһазбен толтыруға жанталасқан қонақ та, үлкен мекемелердi қажеттi жабдықтармен қамтамасыз етуге ұмтылған бизнесмен де, дәрiлiк шөпке келетiн емшiлер де — осында. Әсiресе, Эрдоцяо деп аталатын сауда орталығына адам тым көп жиналады екен. Мұнда дүниенiң бәрi бар. Көбiнде Орта және Оңтүстiк Азия елдерiнен, Еуропадан келетiн импорт тауарлар ас та төк болып шашылып жатыр.

* * *

Осыдан шамамен 2000 мың жыл бұрын Жiбек жолы Шығыс және Батыс өркениетiн байланыстырған-ды. Байырғы заманда жүзiмдiк шаруашылығы Турфан ауданына енiп, орталық Қытайдың барлық аудандарына кеңiнен тарады деседi. Хояньшань тауларында жасыл желекпен көмкерiлген алаң бар. Тым әдемi де. Суретке бергiсiз, табиғаты көркем бұл жерде аты әлемге тараған жүзiмдiк алқабы бар. Қазiр осы өңiрден тараған жүзiм тым жақсы сақталып, әлемнiң түкпiр-түкпiрiне жөнелтiледi. Ал жалпы кез келген көкөнiс, бау-бақша өнiмдерi негiзiнен осы Шыңжанда өсiрiлiп, бүкiл Қытайды қала бердi қоңсы құрлықты түгелдей қамтамасыз етiп отыр.

* * *

Ал Турфаннан батысқа қарай он шақырым жол жүрсеңiз Цзяохэ деп аталатын ежелгi қалаға тап боласыз. Бұл қала балшықтан жасалған қала. Әлемдегi ең байырғы деп саналатын бұл мекен тым жақсы сақталынған. Рас, жаугершiлiктi, соғысты көрген ел қай бiр оңсын. Цзяохэ қаласын өзiне қаратпақ ниетпен бес рет соғыс өртi тұтанған. 13 ғасырдың соңында болған соғыс салдарынан қала оңбай қирап қалған. Дегенмен байырғы қаланың кейбiр фрагменттерi сақталып қалған.

* * *

Шыңжанда Эминь мешiтi бар. Оны Суғын деп те атайды. Шығыс үлгiсiмен салынған байырғы осы мешiт Шыңжаңдағы ағаштан және кiрпiштен өрнектелген ең iрi мәдени ғимарат саналады. Биiктiгi 37 метрге созылған. Геометриялық ою өрнектерi де әркелкi. Көздiң жауын алады. Ол 1777 жылы салынған екен.

* * *

Қытайда үңгiрлер де көп. Соның едәуiр бөлiгi осы Шыңжаңда шоғырланған. 6-12 ғасырларда жататын Байцзыкэликэ үңгiрлерi будда мәдениетi мен өнерiнiң қазынасы саналады. Оның жалпы ауқымы 1200 шаршы метрдi құрайды. Ал жалпы 42 үңгiр сақталған.

* * *

Алтай ауданы Шыңжаңның солтүстiк бөлiгiнде орналасқан. Мұнда мемлекеттiк маңызы бар Ханас қорығы жұмыс iстейдi. Алтай Қазақстанмен, Моңғолиямен және Ресеймен шектеседi. Жасыл желекпен көмкерiлген, өзен сулары тасқын боп ағып жатқан бұл ауданның өмiрi де жұмбақ. Алтай – адамдарды арбайтын мекен.

* * *

Ханас өзенiнiң маңы тап-таза. Суы тұнық, табиғаты керiм. Ұлы Жiбек Жолы осы өңiрден де өткен.

* * *

Шыңжаңның далалы жерлерiнде көненiң көзi тас мүсiндер көптеп саналады. Он мыңнан астам тас мүсiндерден көз сүрiнедi. Жоңғар шапқыншылығының салдары болса керек. “Ол тас емес, адамның тасқа айналған мүсiнi” деседi. Жалпы, Шыңжаң қандай ұғымды бiлдiредi. 18 ғасырдың ортасында Цинь әулетiнiң үкiметi жоңғарларға төтеп берген екен. Сөйтiп, Қытайдың батысындағы едәуiр жерлердi Цяньлун дейтiн император өз иелiгiне қайтарып алғанға ұқсайды. Сөйтiп, Шыңжаң деген атау берген екен. Бұл “жаңа шептер” (шекаралар) деген ұғымды бiлдiредi екен.

Шыңжаңның табиғаты да әркелкi. Жаз жайлауын, қыс қыстауын сайлайтын көшпендiлердiң өмiрi де бiзге таңсық болмаса керек. Ежелгi дәстүр сақталып, бұл жақты мекен ететiн қазақ бауырларымыз көкпар да тарта бiледi, бәйгi де ұйымдастырады, ат жарыстарына қатысады, наурызды думандатып өткiзедi. Ақындардың айтысы да мазмұнды өтедi.

* * *

Бiз Үрiмшiнiң орталық мұражайына бардық. Диаспоралар көптеп саналады. Тәжiк, дүңген, моңғол, қырғыз, әзiрбайжан, түрiк, өзбек, татар, керек десеңiз орыс диаспоралары да бар. Бәрi қытай тiлiнде тым жақсы сайрайды. Өз тiлiне де, дәстүрi мен мәдениетiне де адал. Мұражайдың әрбiр мүйiсi сол диаспораларға арналған. Мұражайдың бiр бүйiрiнде таң-тамаша нефрит тастарын сатады. Тұнық нефриттердiң бағасы алтыннан қымбат. Бұл асыл тастар негiзiнен Қашғарда өндiрiледi.

Осыдан 2000 жыл бұрын Қашғар Шығыс пен Батыс арасындағы тораптық сауда орталығы болған екен. Қашғардың да тылсым жерлерi көп. Ұсталардың мекенiне айналған Қашғарда бүкiл Орта Азия елдерiне тарайтын музыкалық аспаптар дутарлар, данборлар, үрмелi аспаптар, бесiк, есiк басқа да көптеген ағаш бұйымдары жасалады.

* * *

Үрiмшiге оралайық. Басында айтып өткенiмiздей сауда ошағына айналған бұл қаланың келiмдi-кетiмдi кiсiсi көп. Жалпы халық саны 3 миллионға жуық. Келiмдi-кетiмдiсi бар 4 млн. шамасында. Соңғы он жылдың бедерiнде қала ғимараттарының бойы едәуiр өскен. Ең биiк ғимарат 56 қабаттан тұрады. Салынып жатқан басқа да объектiлер көп. Бұрынғы көне үйлермен қазiргi заманға сай соғылған жаңа үйлер астасып жатыр. Бiздiң ықшам аудандарда шоғырланған 4-5 қабатты үйлер сықылды объектiлерi де көп. Лас. Терезе-балкондарының бәрi қоқсыққа толған. Терезелерi жуылмағаны қашан. Бұдан Қытай лас екен деген ой тумауы керек. Ең бастысы экономикасын өрiстетiп жатқан Ұлы ел соңғы кезде тазалық пен мәдениетке бет бұрғанға ұқсайды. Жаңа аудандарда көшенi тiлмен жалағандай етiп, таза ұстауға талпынған адамдар көп. Тазалықты дәрiптейтiн жарнамалар да бой түзей бастаған. Ал жалпы iшкi Қытайдың қалаларына тазалық, мәдениет дегенiңiз бұрыннан келген. Көз көргендер Пекинде қыл жатпайды дейдi ғой. Рас шығар. Үрiмшiге де сол тазалық келе жатқан сияқты. Мұндағы жұрт бостан-бос қарап жатпайды. Жаңа сайланған әкiмi де пысық деп жатыр. Дамыл таппайтын жан. “Күллi ел Үрiмшiге ұмтылатын болады” дегендi күнде дәрiптейдi. Демек мегаполистiң кемел келешегiн ойлаған бас шенеунiк өз қаласын барынша дамығанын, барынша өркендегенiн қалайды. Ол сонысымен де беделдi.

* * *

Шiркiн тазалық пен мәдениет бiзге де тезiрек жетсе екен.

Ғ.МЕЛДЕШ

Серіктес жаңалықтары