ГЕНДЕРЛIК САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘЙЕЛI

ГЕНДЕРЛIК САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘЙЕЛI

ГЕНДЕРЛIК САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘЙЕЛI
ашық дереккөзі
541

Әйел – ана, әйел- жар, әйел – қайраткер. Бүгiнгi таңда қазақ әйелiнiң осы үш жүктi бiрдей арқалап жүргенi шындық. Алайда, кейiнгi кезде “Гендерлiк саясат” деген батыстық мәдениеттiң үлгiсi қоғамға дендеп кiрiп алғаны соншалық, билiк басындағы әйелдердiң жаттанды ұранына айналды. Жалпы, осы саясаттың қазақ әйелiне әкелер пайдасы бар ма, әлде зияны..? Гендерлiк саясаттан не ұтамыз, неден ұтыламыз?

8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесi қарсаңында “Әйелдiң қоғамдағы орны қандай? Гендерлiк саясат дегенiмiз не?” деген тақырып аясында дөңгелек үстел ұйымдастырған едiк. Пiкiрталас үстелiне 20 баланың анасы, “Алтын жүрек”, “Алтын алқа” сыйлығының иегерi Қамаш апа Сейтжанова, “Шығыс әйелдерi” экологиялық қоғамдық қорының мүшесi Ардақ Мұхамеджанқызы және журналистер Есенгүл Кәпқызы, Жадыра Нармаханова қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Есенгүл Кәпқызы: Гендерлiк саясат қазаққа қажет пе? Қажет болса қандай деңгейде, не үшiн қажет?

Ардақ Мұхамеджанқызы: Еңбекшiқазақ ауданы, Шелек ауылынан келiп отырмын. Бұл дөңгелек үстелiне келуiме “Шығыс әйелдерi” экологиялық қорында бiрталай жылдан берi қызмет iстеуiм себеп болды. Қор өз жұмысын Семейдiң экологиялық мәселесiмен бастаған. Ал бүгiнде қоғамда болып жатқан көптеген мәселемен айналысып жатырмыз. Әйел теңдiгi, әйел адамның қоғамдағы орны, жалпы қызбала тәрбиесi бiз үшiн өте бiр өзектi мәселе деп айтуға болады. Бiрақ оны тура сол батыстың үлгiсiмен Қазақстанға әкелудiң қажеттiлiгi аз. Дегенмен, әйелдiң барлық мәселесiн ер азаматтар шеше алады деу де жаңсақ пiкiр. Соған байланысты қарама-қайшылықтар туындап жатыр.

Қамаш апа: Әйел адамның мәселесiн ер адам шешпейдi. Әйел жүрген жерде жұмыс жақсы iстелiнедi. Керек болса, әйел заты еңбектi еркектен он есе артық iстейдi. Өйткенi, әйел еркек сияқты жолдан таймайды, анда-мұнда бұрылмайды. Менiңше, әйел жұмыс iстей алмайды дегендер мүлдем қателеседi.

Есенгүл Кәпқызы: Апа, гендерлiк саясат дегендi қалай түсiнесiз? Бұл туралы бiлесiз бе, естiдiңiз бе? Осы саясаттың бiзге қаншалықты қажетi бар деп ойлайсыз?

Қамаш апа: Гендерлiк саясатыңды қайдан бiлейiн? Маған әуелi “Гендер деген не? Саясат деген не?” екенiн түсiндiрiңдершi.

Ардақ Мұхамеджанқызы: Гендер деген – қоғамда еркек пен әйелдiң тең мүмкiндiктерi мен тең құқықтары. Қазiргi кезде кейбiреулер гендердi әйелдердiң зорлық-зомбылық көруi деп түсiнедi. Керек десеңiз, ер азаматтардың өздерi де зомбылықты тартып жүр. Әйелдiң ер азамат басын төмен түсiрiп жүргенiн де көрдiк. Менiңше, гендерлiк саясат орнаса, еркек пен әйел бiр-бiрiмен тең болса, сонда ғана қоғам iлгерi жылжиды. Ал ер азаматтар әйелдер мәселесiн жүз жерден бiлдiм десе де, шеше алмайды.

Есенгүл Кәпқызы: Жалпы, қазақтың өзiнiң даму жолы болғаны белгiлi. Қазақ еш уақытта әйелiн кемсiтпеген. Әйелдi өзiмен тең дәрежеде ұстаған. Өткен тарихқа қарасақ, ел басқарған аналарымыз, әжелерiмiз, қол бастаған қыздарымыз болған. Бiрақ бiз батыстық үрдiстi енгiзу арқылы қазақтың баяғыда қалыптасқан отбасылық институтын жоғалтып алып жатқан жоқпыз ба?

Қамаш апа: Бұл жоғалмауға тиiстi ғой.

Есенгүл Кәпқызы: Қазiр қоғамда қарап отырсақ кәрi қыздардың, бойдақ жiгiттердiң саны көп. Батыстық дәстүрге елiктеген олар еркiндiкте жүргiсi келедi. Сосын отбасы жауапкершiлiгiн мойнына алғысы келмейдi. Қысқасы, азаматтық некеге тұру арқылы қазаққа жат ұғымдар енiп жатқан сияқты.

Қамаш апа: Бұл дұрыс емес. Отбасының өзi – кiшiгiрiм мемлекет. Әрбiр отбасы өзiмен өзi тату-тәттi өмiр сүрсе, “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлесiң” демекшi, сол отбасыдан шыққан бала да жақсы тәрбие алып өседi. Әйел Құдай қосқан жұбайын сыйлап, қиындықты бiрге жеңе бiлетiн болса, жақсы.

Ардақ Мұхамеджанқызы: Жаңа сiз “Бiздегi дүниенi ұмыт қалдырып, батыстық үрдiстi жаңалық етiп қабылдап аламыз ба?” деп айтып қалдыңыз. Қоғамда әуелi оның түп-нұсқасына қарауымыз керек қой. Отырып қалған кәрi қыз неден пайда болады? Әрине, мұның бәрi қоғамда орын алған қарама-қайшылықтардан пайда болады. Өзiм солармен пiкiрлескенде, кейбiрi “Не көп, ажырасқандар көп, солардың қатарында болғым келмейдi” дейдi. Бұдан басқа әлi күнге баспана, жұмыс, денсаулық мәселесi шешiмiн таппай отыр. Сол себептен де олар көбiнен жүрексiнiп қалады. Оның үстiне кәрi қыздардың көбi жоғары бiлiмдi, өркениетке қолы мен аузы жетiп жүргендер. Ал гендерлiк саясат негiзiнде әйелдерге қоғамнан қолдау көрсету үшiн италияндық әйелдермен бiрге жұмыс iстеп жатырмыз. Ондағы негiзгi мақсатым – еуропалық үлгiдегi азаматтық некеге шақыру емес, әйел адамды құрметтеудi, ана ретiнде тануды және кез келген ер азаматтың анадан туылғанын ұмытпауын санаға сiңiру. Ер азамат мемлекет билiгiне келсiн, тiптi, қандай қызмет атқарсын, оның да қызы бар, қарындасы бар, оның да үйiнде жұбайы бар. Олар да басқалар сияқты жiбектiң көгiнен көйлек кигiсi келедi. Ал қазiргi кезде үйден қырық қадам аттап шыққаннан кейiн өзiн жолаушы сезiнiп, қызбалаға өзгенiң қызындай қарау белең алуда. Қоғамда осындай керi пiкiр бар. Гендерлiк теңдiк деген дүниенi бiз бiртiндеп санамызға енгiзуiмiз қажет. Мысалы, министрлiкте, басшылықта, Парламенттiң өзiнде әйелдер 13-ақ пайыз! Неге? Қамаш апа дұрыс айтып отыр, “Әйелдiң қырық жаны бар”, әйел кез келген мәселеге төзiмдi, тұрақты, бала-шағаның алдындағы жауапкершiлiгiне адал. Мәселен, екi күйеуi бар деген қазақ әйелiн естiдiңiз бе? Жоқ. Ондай болуы да мүмкiн емес. Болмайды да. Ал көкелерiмiздiң көп әйел алып жүргенiне өзiнiң құрбы-құрдасын сыйлай алмай отырған әйелдер де кiнәлi. Шын мәнiнде, бұған қоғамда гендерлiк саясаттың әлi де болса өз дәрежесiнде жұмыс iстемеуi үлкен кедергi жасауда.

Жадыра Нармаханова: Мүмкiн бiз гендерлiк саясатты дұрыс түсiнбейтiн шығармыз. Бiрақ бiздiң дәстүрiмiзде қазақ әйелiнiң ең басты мiндетi – ана болу. Бала сүйiп, Оны тәрбиелеу. Ал бүгiн қоғамда гендерлiк саясатты шатастырып, қызбалаға “Сен пәленшенiң қызындай бол, ол шешесiне мынандай алтын әкелiптi..” т.б. мысалдарды айтып керi тәрбие берiп жүрмiз. Әрине, қызбаланың рухын көтеруiне қарсы емеспiз. Бiрақ соны естiген қыздар менмен боп, бiлiм алып, ақша тапқысы кеп ер азаматты төмен адам ретiнде қарайды. Мұсылман дiнiнде: “Әйелдiң мешiтi – өзiнiң шаңырағы болады” дейдi. Бұл әйел жұмаққа баратын болса, әрқашан күйеуiн сыйлау керек деген қағиданы ұстанған. Дәл қазiр гендерлiк саясатты дамытсақ, бүкiл ұрпақты арандатып аламыз ба деп қорқамын.

Ардақ Мұхамеджанқызы: Жаңа, сiз ислам дiнiн айтып жатырсыз. Ислам дiнi ең басты әйел адамының ана ретiнде қоғамдағы орнын айтқан. Менiңше, қоғамдағы қайшылықтың барлығы заң жағынан әйелдердiң еркектермен тең болмауынан орын алуда. Себебi, қоғамда әйелдiң саны көп. Ал яғни, ана – отбасындағы мәселелердiң барлығын шешу керек. Егер теңдiк болса, қыз балаға қарағанда ер бала алға ұмтылу керек. Қараңызшы, қазiр дүниесi түгел, асып-тасыған әйелдi көрдiңiз бе? Әсiресе, дағдарыс кезiндегi бар ауыртпалық әйелдiң мойнына жүктелiп отыр. Мысалы, 90-жылдары астан-кестең болып, зауыт-фабрикалар жабылып, жұмыс орны қысқарып кеткенде әйелдер қайда барды? Олар арқасына қап арқалап, дүңгiршiк, базар-ошар жағалап, отбасын бақты. Ол кезде еркектер аяқты көтерiп үйде жатты. Мiне, әйел адамды осындай жағдайға жеткiзген солар, яғни, еркектер. Қазiргi дағдарыс кезiнде де солар жауапты болуы шарт.

Жадыра Нармаханова: Кеңестiк кезеңде әйел теңсiздiгi көп айтылды. Қазақтың әу бастағы тарихында отбасы институты қалыптасқаны тағы бар. Ол бойынша әйел бала-шағасына қараған, өсiрген, тәрбиелеген. Ал ата-бабамыз болса, ел мен жердi қорғап, сыртта жүрген. “Әйел – үйдiң қазығы, еркек – үйдiң азығы” дегендей, ер азамат отбасын қамтамасыз етiп отырған. Намысты, батыр ұлдарды да ана туып, тәрбиеледi. Ал қазiр ананың өзi бала тәрбиесiне онша назар аудармайтын болды. Таңның атысынан күннiң батысына дейiн базарда. Керек десеңiз, ауылды жерде мұғалiмнiң баласының өзi дұрыс тәрбие алмайды. Салыстырып қарасаңыз, анасы үйде отырған баланың тәрбиесi әлдеқайда артық. Мiне, гендерлiк саясаттың бiзге әкелген керi әсерi осы сияқты.

Есенгүл Кәпқызы: Неге Парламентте отыратындардың 70-80 пайызы еркектер, 10-13 пайызы әйелдер деген пайыздық өлшемге барып жатырмыз? Бiздiң патриархалдық қоғамда бәрiбiр еркектiң үлес салмағы жоғары болады, болуға тиiстi. Сол сияқты ұлттар арасындағы қарым-қатынасты да солай есептейдi. “Бiздiң елiмiзде 30 пайыз орыс бар, неге Парламентте де солардан 30 пайыз отырмайды, бiзде 58 пайыз әйел бар, неге солар билiкке бармайды” деген пiкiр қоғамның даму үрдiсiн жаңылдыратын сияқты. Сондықтан гендерлiк саясатты пайызға шағып, басшылыққа, яғни, еркектiң орнына таласудан гөрi “Ана мен баланың әлеуметтiк жағдайы қандай? Оларды қорғау деңгейi қай дәрежеде жүзеге асуда?” деген мәселелерге көбiрек көңiл бөлу керек шығар. Мысалы, Қамаш апаның 20 баласы бар. Бұл кiсiге қандай көмек көрсетiлiп отыр? Гендерлiк саясатпен айналысатын әйелдердiң ұйымдары бұл мәселенi қалай көтерiп жүр? Естерiңiзде болса, 7 баласымен киоскiде тұрған ананы газеттер жазып жүрiп, әйтеуiр баспаналы болуына көмек қолын созды. Қарасаңыз, бiзде әлеуметтiк жағынан ең төмен қорғалатын топ – ана мен бала. Қазiр жәрдемақының өзi аз. Үшiншi, төртiншi балаң болса ғана үстеме қосылады. Оның өзiнде отбасы мүшелерiнiң тапқан табысы мөлшерленген пайыздан аспағанда ғана берiледi. Бiз ең алдымен отбасылық институтты сақтауымыз керек. Әйелдiң бәрi Парламентке, билiкке барса, баланы кiм туады, кiм бағады? Мiне, сол жағын да ескеруiмiз қажет. Бiлуiмше, Жапонияда әйелдердi оқытпайтын мамандықтар бар екен. Бұл көбiнесе техникалық мамандықтарға қатысты Есесiне, жапониялық қоғам да, отбасылық институт та жақсы жолға қойылған. Ең бастысы, бұл жерде әйелдiң құқығы тапталып жатыр дегендi естiген де жоқпыз, айтқан да емес. Сондықтан да гендерлiк саясатты түсiндiргенде әйел адам еркекпен бiрдей, тең болуы керек деп түсiндiрмеу қажет.

Ардақ Мұхамеджанқызы. Өзiңiз ең төменгi қорғалған топ – ана мен бала деп айтып жатырсыз. Неге? Оларды осы жағдайға кiм жеткiздi, әдiлетсiздiкке кiм итермеледi? Әйелдiң рөлi жоғары болуы үшiн қоғамның материалдық-экономикалық жағдайы да сондай деңгейде болғаны абзал. Сонда ғана әйел заты құрметтi орнында отырады. Егер де оның қаражаты жоқ болса, балалары баспанасыз болса, ондай еркiндiктiң, мүмкiндiктiң әйелге қажетi қанша?! Қазiр бiз бес, он баланы дүниеге әкелетiн аналарға жағдай жасай алмай отырмыз. Әуелi аналарға бар жағдайды үйiп-төгетiндей мүмкiндiкке жеткiзуiмiз қажет. Егер де осыған мән берсек, қабылданып жатқан заңнан бастап, жасалынып жатқан әрекеттiң бәрi неғұрлым жылдам жүзеге асады. Қызбала кiшкентайынан ана ретiнде тәрбиеленуi тиiс. Демек, гендерлiк саясатты енгiзудi балабақшадан бастау қажет. Мiне, саясат сонда ғана ұлдың да, қыздың да санасына сiңiп өседi. Жалпақ тiлмен айтқанда, жiгiт үйленетiн қалыңдығына теңi ретiнде тойға дейiн ғана қарап, үйленгеннен кейiн өз меншiгi ретiнде қарауына жол берiлмейдi.

Динара Мыңжасарқызы: Айтып отырған пiкiрiңiз орынды. Алайда, демография мәселесi қайда қалады? Өзi де қазақтың саны 60 пайызға ендi жетiп отырған кезде әйел затының таққа, билiкке құмарлығы бала туу санын шектемей ме?

Ардақ Мұхамеджанқызы. Ниет болса, демография да, қазақтың саны да өседi. Қазiргi кезде дүниеге сәби әкелiп, ана атанып жүрген ауыл әйелiнiң халi нешiк? Жұмыссыздық мәселесiнен туындап отырған қорқыныш, балама не жақсылық көрсетем деген үрей сол ауылдағы бала тууға қабiлеттi әйелдердiң өзiн тежеп отыр. Мысалы, мемлекет басына 100 әйел шықса да, олар демографиялық саясатты шешпейдi. Бiрақ олар бiзге жағдай жасайды. Өз балаларымызға, немерелерiмiзге жағдай жасаймыз. Кезiнде ата-анамыз бiздi бағып-қақса, бiз де өз ұрпағымызға қарасамыз.

Динара Мыңжасарқызы: Өзiңiз өмiрге қанша ұрпақ әкелдiңiз?

Ардақ Мұхамеджанқызы: Құдайдың берген баласын таптық. Көп деп те, аз деп те айтпаймын. Бiрақ келiндерiмнiң құлағына “5 баладан кем болмау керек” деп құйып жүремiн.

Есенгүл Кәпқызы. Билiкке қазақ әйелi бармасын деп отырған жоқпыз. Бiрақ бүкiл әйел мәнсап қуып кетсе не боламыз?

Ардақ Мұхамеджанқызы. Бiз сондай ақымақ халықтың баласы емеспiз. Бүкiл әйел кетпейдi. Мысалы, анамыз он балаға өмiр сыйлады. Аллаға шүкiр, анамыз әлi күнге бiзге тәрбие берiп келедi. Кейде сол кiсiнi ренжiтiп алмайықшы деп әрбiр қадамымызды аңдап басамыз. 10 балаңыз он саусақ сияқты, әр қайсысысының атқаратын орны бар. Қоғамдағы әлеуметтiк жағынан аз қамтылған топты қамту мәселесiмен он баланың iшiнде мен ғана айналысамын. Бұл жерде айтайын дегенiм, барлығының бiрдей билiк басына ұмтылуы мүмкiн емес.

Есенгүл Кәпқызы: Ресейде де болсын, жалпы протестанттық дiни ағымы дамыған мемлекеттерде отбасылық институт жақсы қалыптасқан екен. Баптистiк дiни ағым өкiлдерiнде көпбалалылық, он, он екi баладан туу жиi ұшырасады. Ал қазiр Ресей қартайған ұлтқа айналып барады. Әйелдерi бiр не екi баладан асырмайды. Содан кейiн де Ресей “Ана капиталы” бағдарламасын енгiзiп, жаңа туған нәрестеге 10 мың доллардан салып қоюды енгiздi. Сөйтiп, өз әйелдерiнiң тууға деген құлшынысын оятуда. Бiрте-бiрте бiз де осындай деңгейге жетпеймiз бе?

Қамаш апа: Мұндай жағдай жасауға әуелi үкiметтiң экономикасы жетсе, ешкiм де қарсы болмайды.

Есенгүл Кәпқызы: Бұл жерде әңгiме әйелдердiң туғысы келмейтiндiгiнде болып отыр ғой.

Қамаш апа: Ол еркектердiң пәлесi ғой. Қазiр шүкiр дейiк, екi-үш жылдың көлемiнде бала көтерiп, iшi томпайып жүрген келiншектер көп.

Динара Мыңжасарқызы: Апа, сiз 24 жылда 20 баланы өмiрге әкелдiңiз. Үкiметтен қандай көмек көрдiңiз?

Қамаш апа: Бiздiң өмiрiмiздi ешкiмнiң басына бермесiн. Балалар бiрiнiң ескiсiн бiрi киiп өстi ғой. Бiз Қостанай облысы Амангелдi ауданына қарасты 150 шақырым жердегi “Родник” совхозында тұрдық. Қатынайтын көлiк те жоқ. Тiптi жағатын отын да жоқ. Шөп жақтық, тек 60-жылдан кейiн ғана көмiр, жарық келiп жарылқап қалдық. Өзiм сатушы боп жұмыс iстедiм. Таңертең 8-ден кешкi 9-ға дейiн тырбаңдайсың. Балаларымның арасы бiр жастан ғана. Не енем жоқ. Әйтеуiр балаларым бiр жасқа толғанша жарты сағат ерте жiберетiн едi. Мiне, сөйтiп жеттiк қой осы күнге. “Өлмегенге өлi балық” демекшi, жүре берсең көре бередi екенсiң. Қазiр заман басқа. Бiреулер сол кезде “Ойбуй, коммунизм өтiп кеттi, бiз құр қалдық” деп айтып жүрдi. Өзiм коммунизмнiң болғанын да, өткенiн де көрген жоқпын. Бiр совхозға жететiн затты сатамыз, бiрақ, содан өз балаңа бiрдеңе алып берейiн десең еш жетпейдi. Ал сонда коммунизм деген сол ма? Жұмысыңды да iстейсiң, баланы да табасың, үйiңе де қарайсың. Негiзi адам баласында тек қана талап болу керек. “Талаптыға нұр жауар” дегендей, ынта мен талап болса, бәрiне де жетедi. Қазiр мына жұмыссыздықтың белең алғаны болмаса басқа мәселе жоқ қой. Жастар аман болсын, елге, жерге тыныштық берсiн. Қыз-келiншектер бала туудан шаршамасын!

Ардақ Мұхамеджанқызы: Керемет батыр ұлды да өмiрге ана әкеледi. Ақымақты да өмiрге келтiретiн – ана. Мiне, осы гендерлiк саясатта батыстық жолды таңдап, аз бала тууды ғана үйрену емес, оның бiр үлкен нүктесi – ер азаматты құрметтеу. Ер азаматын құрметтемеген отбасында кiрiс те жоқ, баланың санының да, сапасының да артуы неғайбыл. Гендерлiк теңдiк – әйелдi қорламау, оған бар жағдайды жасап беру. Қазiргi халықаралық ұйымдармен және өзiмiздiң қоғамдық жұмыстарымызда осы жағына көңiл бөлемiз.

Жадыра Нармаханова: Гендерлiк саясат айтылмай тұрған кездiң өзiнде де әйелдi қазақтан артық ешкiм қадiрлемеген. “Жұмақ ананың табанының астында” дейдi.

Ардақ Мұхамеджанқызы: Бұл тек сөз жүзiнде ғана айтылады, iс жүзiнде бұрмаланады.

Жадыра Нармаханова: Iс жүзiнде де қадiрлеген. Осының бәрiн кеңестiң кезеңнiң сарқыншақтары әкелдi. Әйел мен еркектiң арасына қарама-қайшылық тудырып қойды.

Ардақ Мұхамеджанқызы: Ол заманның бетiн әрi қылсын. Шалға да жап-жас қызды бердi ғой төртiншi, бесiншi тоқалы етiп. Теңсiздiк емей немене? Өзiм тарихшымын. Тарихтың әрбiр парағын оқыған сайын, қыздар мұндай жағдайда болмаса екен деп ойлаймын. Тек қана “аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесiн” деп байлардың қыздарына ғана жағдай жасап, сауық-сайран жасап беру дұрыс емес.

Жадыра Нармаханова: Мұны да әкелген кеңестiк кезең. Жазушылар мен тарихшылар көп тарихты, шығарманы қолдан жасады. Оның себебi, сол кездегi саясат бойынша жоғарыға жағымпаздану қажет болды.

Ардақ Мұхамеджанқызы: Сiз өзiңiздiң ыңғайыңызға қарай айтып жатырсыз. Мына жерде мен тұрғанда әңгiменi бұрып әкету қолыңыздан келмейдi. Орыстандыру саясатының ойрандары қазақ тарихының бiр парағы ғана. Орыстар бiздiң тарихымызды жасай алмайды. Бiз оларға ондай мүмкiндiк бере алмаймыз. Берген жоқпыз. Бiздiң қазiргi кезде қоғам орнында тұрған жоқ, iлгерi басып келедi. Мысалы, жаңа жапондықтарды ауызға алып жатырсыздар, айталық ол жақта әйел 6 сағат, еркек 8 сағат жұмыс iстейдi. Бiрақ әйел адамның жалақысы еркектiкiмен тең, бiрдей. Себебi, олардың қоғамында әйелдiң орны ерекше болуы керек, оған қамқорлық жасалу керек. Ал осындай заңды бiзде қабылдау үшiн әйелдер туралы айтатын ерлер емес, солардың намысын қорғайтын, сондай заңның қабылдануына жағдай жасайтын қыз-келiншектердiң өзi болуы керек.

Есенгүл Кәпқызы: Менiңше, Сiз айтқан билiктегi 13 пайыз әйелдiң iшiнде өз сөзiн жеткiзе алатын әйелдер жүр. Қоғамда әйел мен еркектi бiр-бiрiмен тайталастыру арқылы, қоғамды арандатып жiбермеймiз бе?

Ардақ Мұхамеджанқызы: Ауылдағы әйелдер сол сөздi де естiмей отыр. Сiздер қалада жүрiп естiп алып, шошып отырсыздар. Қаланың әйелi жоқ дегенде 5 баладан тапса, саясат жақсы болады.

Есенгүл Кәпқызы: Мысалы, жанымда жүрген құрбыларым “Маған екi бала жетедi, басқа таппаймын” деп, Құдай берген баланы алдырып жатады. Тiптi, төрт баласы болса, ертең қалай асыраймын деп қорқатындар да бар.

Ардақ Мұхамеджанқызы: Мiне, қараңыз бiзге жағдай жасамай, демеу бермей отырған кiм? Соны салмаққа салып көрiңiзшi. Мысалы, Қамаш апа қазiр жаяу жүрмеуi керек. Уақыттың қиын кезiнде де талай тауқыметтi тарта жүрiп, 20 баланы өмiрге әкелiп, бағып-қақты. Бұл кiсi тек халық қаһарманы емес, елiмiздiң қаһарманы. Тiптi, он бала тапқан өз анама да: “Мемлекет көңiл бөлмедi деп өкпелеп қайтесiң, Алла Тағала берген бала-шағаңды аман қылсын” деймiн. Мiне, гендерлiк теңдiктi сақтау арқасында анамызды осылай көтерiп отырмыз. Әрине, әкемнiң тапқан табысын анам таппас та едi, оны табуға анам мiндеттi де емес едi. Бiр анығы, әкем анамның балалы болып ана атануына жағдай жасады. Екеуара сыйластықпен бала-шағаның қызықшылығын да, қиыншылығын да бiрге көрдi. Осындай отбасынан шыққан соң бұл үлгiнi ендi келiндерiмнiң құлағына құйып жүрмiн. Ал ендi мұны батыстан ала салып, тура соның терiсiн қаптап қою деген әңгiме жоқ.

Ардақ Мұхамеджанқызы: Сыйлау мен бағынудың арасы жер мен көктей. Сiз терезеңiз тең, бiлiмiңiз бар болсаңыз да, “бала таппаймын, жұмыс iстеймiн” деп айтпайсыз. Бұлай болмас үшiн сiзге сондай көңiл-күй туғызу керек.

Динара Мыңжасарқызы: Қазiр қызбалаға тәрбие беретiн ананың өзi: “Өзiңнiң теңiңдi таппасаң, тұрмысқа шықпа. Ал шығатын болсаң, ақшасы көп, қалтасы қалың болсын” деп айтып жатқанын естiп жүрмiз. Бұл баяғы “Отырған қыз орнын табар”, “Тесiк моншақ жерде қалмас” деген ескiнiң сөзiне иек арта салса да, бұл қоғамда кәрi қыздардың көбеюiне әкелмей ме?

Қамаш апа: Бұл дұрыс емес. “Тұрымтай тұсына, балапан басына” дегендей, әжептәуiр қызметiн тастап, базарға кеткен заманда бала түгiл бас қайғы боп кеттi. Содан отырып қалған қыздар ғой олар. Ендi бұлардың жолын жастарға бермесiн.

Есенгүл Кәпқызы: Қазiр де сол тенденция бар ғой.

Динара Мыңжасарқызы: Шын мәнiнде де, қазiр балалы болмай тұрып, әуелi баспана, сосын көлiк алып алайық дейтiн жастар баршылық.

Есенгүл Кәпқызы: Бiр танысым бойына бiткен үшiншi баласын алдырып тастады. “Үшiншi баланы көп көрiп тұрсың ба, Құдай берген баланы туып алмадың ба? Қазақ үш баланы бiр бала деп есептеген” деп едiм, “маған керек емес” деп жауап бердi.

Қамаш апа: Ол деген адам өлтiрдi, қанiшер. Жалпы, қазақта “Бiр қозы туса бiр жусанның басы артық жаратылады” деген мақал бар. Барлық қыз-келiншектiң құлағына алтын сырға – бала табудан қашпаңдар! Азғантай ғана қиыншылықты бастан өткiзген соң, ертең рахатын көресiңдер. Жасымда көрген бейнетiмнiң қызығын қазiр көрiп отырмын. “Көп көтерген жүк жеңiл” демекшi, балаларым не мәселе болсын, ұйымшылдықпен шешiп тастайды. Ең құрығанда, қазiргi кезде келiншектер 5 баладан туса, соның өзiне рахмет айтар едiм.

Есенгүл Кәпқызы: Апа, қазiр “Үкiмет бiзге жағдай жасаса, бiз бала тууға дайынбыз” дейтiндер көп. Ал сарапшылар “Бұрын Қазақ әйелi жағдайға қарамай-ақ бала туа берген. Яғни, бұл әлеуметтiк жағдаймен байланысты емес” дейдi.

Қамаш апа: Әлеуметтiк мәселеге тiрелiп тұрған ештеңе жоқ. Қазақ өз малын өзi бақты, өз күнiн өзi көрдi. Үкiметке қарағаны қарады, қарамағаны өз бетiнше өмiр сүрдi. Қазiр мiне, Үкiметке қарап отыр ғой. Ендi арасында қолы аузына жеткендер бар шығар. Ал қалғандары үкiметке қарамағанда кiмге ауыз ашады? Кенже ұлымның көзi көрмей көп қиыншылық тарттық. Оны оқытамыз деп анда-мында жүгiрдiк. Қалған балаларым жас едi. Көмектесетiн адам жоқ. Үкiметке жағдайыңды айтсаң, сылтауын айтып шығады. Қазiр “жарылқаймыз” деп жатыр ғой, қарқ болып жатқан ешкiмдi көрген жоқпын. Қайта Жапония жарылқап, оқуы мен жол пұлын өздерi төлеп алып кеттi.

Динара Мыңжасарқызы: Естерiңiзде болса, Парламентте тоқал алуға байланысты мәселе көтерiлдi ғой. Жалпы, осыны мемлекеттiк дәрежеде көтерiп, мәселе деп қарастыруға бола ма?

Ардақ Мұхамеджанқызы. Әне жерде, мына жерде көрiнген қызбен тығылып жүргенше, тып-тыныш тоқалын алып отырғаны дұрыс.

Қамаш апа: Алдымен ол еркек өз әйелiмен дұрыс болмаса, екiншi әйел алуын кiм жақтырады? Бiр әйелдi асырай алмай жүрген еркек тоқалды қалай асырайды? Қараңдаршы, қазiр тоқалды кiм алып жатыр? Әрине, ақшасы бар байлар ғана.

Есенгүл Кәпқызы: Бұл бұл ма, жақында жезөкшелiктi заңдастырамыз деушiлер де болды ғой.

Ардақ Мұхамеджанқызы: Оған бiз қарсымыз. Бұл бәрiмiзге жағылып отырған күйе сияқты. Шын мәнiнде, әйел затын қорлаумен тең. Сондықтан қызбалаға тәрбие берерде әуелi өзiн құрметтеуден бастауымыз керек. Аз қамтылған әлеуметтiк топтардың iшiнде көп тауқымет тартатыны да – ана мен бала.

Қамаш апа: Үкiмет көпбалалы аналарға көмектессе, қазiргi зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлықтар азаяр едi. Олар қайдан шығады? Әрине, жоқшылықтан. Бәрi де сол жұмыссыздықтың салдарынан ғой.

Есенгүл Кәпқызы: Ауылдан келдiңiз ғой, жалпы халықтың көңiл-күйi қалай?

Ардақ Мұхамеджанқызы: Ауылдағы жастардың көбi қалаға барып жұмыс iстейдi. Ал қазiр жұмыс орындарының қысқаруына байланысты жастар қайтадан ауылға келiп жатыр. Бұрын атамекеннен қол үзбегенде, ауылдан да екi қолға бiр күрек табылар едi. Қала бәрiн жарылқайтындай ағылды кеп. Несиенi үйiп-төгiп алды. Астына Еуропаның шiрiген көлiгiн мiнгенiне мәз болды. Дәл қазiр ауылдың жағдайы қиындап кеттi. Қандай қиыншылық уақыт болса да, ана өз баласы үшiн өмiр сүру керек, күресу қажет. Тiптi, сол тығырықтан шығу үшiн баланы да табу керек. Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. Қызды да, ұлды да бөлмей, екеуiне бiрдей бiлiм, тәрбие беруге болады. Мiне, гендерлiк теңдiктiң сақталғаны осы. Қазақ – әрқашан қызбаласын құрметтеген халық. Тiптi, кешегi қыз, бүгiнгi ақ шашты ана 60-70 жасқа келсе де, өз төркiнiне барғанда төрге шығарады. Бiз осы жағдайға жетуiмiз керек. Өзiм гендерлiк саясаттың қазақи үлгiсiн осылай түсiнемiн.

Жадыра Нармаханова: Қазiр ауылда не қалада болсын, қыздарға “Сен болашақ анасың” деп тәрбие бермейдi. Керiсiнше, “Күйеуге шыққаннан жетiсiп жатқан қыздарды көрiп жатырсың ба? Одан да оқы, жұмыс iсте, ақша тап, өзiңе өзiң келiп ал” деп айтады. Мен болашақ анамын. Бiрақ тұрмысқа шығайын десем, осы сөздер санамда қалып қойған.

Қамаш апа: Күйеуге тимей, жеке басың көгере алмайсың. “Бас екеу болмай, мал екеу болмайды”. Тұрмыс құрмай тұрып, өз жағдайымды жасап аламын деу қате пiкiр. Одан да теңiңдi тауып алу қажет. “Жақсы әйел жаман еркектi адам қылады” дейдi. Қажет болса, жақсы әйел өзi-ақ тәрбиелеп алады.

Есенгүл Кәпқызы: 90-жылдардың басында “қазаққа ауылдың қажетi жоқ” деген саясатты енгiздi. Бiрақ қала ауыл халқын қабылдауға дайын болмады. Соның салдарынан “Шаңырақ”, “Бақай” сияқты проблемасы көп ауылдар пайда болды. Қалай ойлайсыздар, қазақтың ауылды тастап қалаға үдере көшуi дұрыс па?

Ардақ Мұхамеджанқызы. Мына шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау дәл осы ауыл халқына арналған. “Туған жерге туың тiк” демекшi, ауылдан қалаға кеткен көкелерге айтар едiм, туып-өскен жерiне бiр барып қайтып, ауылдың мәселесiне көңiл бөл деп. Қазiргi дағдарыс кезiнде ауылды аман сақтап қалу керек. Қалада не бар? Одан да ата кәсiбiмiз мал ұстап-ақ күн көруге болады. Тым құрығанда отбасының бiр баласы жан-жақта, қалада өмiр сүрiп жатқан бауырлары үшiн мал бағуы тиiс. Жас отбасы шаңырақ көтергенде тұрмысқа қажеттi заттарды емес, құлынды бие сияқты мал болатын iрi қара беруi керек-ау деймiн.

Неге бүгiнгi жастар гендерлiк саясатты теңсiздiк деп түсiнедi? Жаныңда ер азаматың болмаса, сен терезеңдi кiммен теңестiресiң? Жалғыз жүрiп, гендердi орнату мүмкiн емес. Егер күйеуiңнiң деңгейi өзiңнен төмен болса, соны өзiңмен теңестiруiң керек. Гендерлiк саясат – бiреудi кемсiтiп, төмен түсiру емес, терезесi тең дәрежеде өмiр сүру. Демек, бiз жастарға отбасы құру үшiн бар жағдайды туғызуымыз қажет. Бiрiншiден, жағдайы, екiншiден, мүмкiндiгi, үшiншi жағынан отбасы құрмаса қоғамда атқаратын орны шектеулi болуы керек.

Динара Мыңжасарқызы:

– Ал ендi 8-наурыз халықаралық әйелдер күнi мерекесi қарсаңында газетiмiздiң оқырмандарына, әйел қауымына айтар тiлектерiңiз болса…

Қамаш апа: Жастар, әйелдер отбасында бақытты болып, өсе берсiн, өркендей берсiн. Бақытты болыңдар! Дендерiң сау болсын! Аллаһ Тағала не берсе де, қайырымын берсiн!

Ардақ Мұхамеджанқызы: Бұл күнi бүкiл әлем гүлденетiн, қуанатын мереке ғой. Қамаш апаның жолын бiзге, бiздiң жолымызды жастарға берсiн! Қыздарға, аналарға ана бақытын тiлеймiн. Аллаһ Тағала оларға – шыдамдылық, төзiмдiлiк, қажыр-қайрат берсiн!

Дайындаған Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары