БҰЛ САНАҚ КIМНIҢ САНАҒЫ?

БҰЛ САНАҚ КIМНIҢ САНАҒЫ?

БҰЛ САНАҚ КIМНIҢ САНАҒЫ?
ашық дереккөзі
191

Осыдан тура он жыл бұрынғы Тәуелсiз Қазақстанның тұңғыш санағы жүрiлгенде, оған бөлiнген қаржы да, көңiл де дәл бүгiнгiдей болмаған едi. Қазiргi санақтың маңызы неде?

Ең әуелi елдегi басым ұлт қазақтардың толық санын шығарып, олардың пайыздық үлес салмағын анықтау және күнi бүгiнге дейiн “130 ұлт өкiлi тұрады” деп жағымыз талмай қақсап келген жалған мифтен айығу, сол арқылы қазақ тiлiнiң мерейiн үстем етiп, ұлттық құндылықтарды әспеттеп, Қазақстандағы түрлi ұлт өкiлдерiн қазақ мәдениетiнiң маңайында топтастыру. Әрине, урбанизация қатты белең алған соңғы 15 жылда халықтың басым бөлiгiнiң қайда барып тұрақ тапқандығын, олардың әлеуметтiк жай-күйiн анықтаудың да аса маңызды екендiгi анық. Дегенмен, екiншi жағынан оның астарында осындай саяси мән де жатыр.

Кеше менiң үйiме санақшы келдi. Көк бөкебайын тағынып, көк сөмкесiн арқалап, құжатын көрсеттi. Iлтипатпен енгiзiп, ол кiсi сұраған ақпараттарды ежiктеп айта бастадым. Менiң ол кiсiнiң сөз ләмiнен бiлгенiм бiр санақшыға 24 мың теңге төленедi екен. Демек, бұл жұмысқа да қалтасы тесiк мұғалiм мен дәрiгерлер жегiлетiндiгi анық. Өйткенi, айына алатын 25-30 мыңына сәл де болса тамызық болсын дейдi де.

Қош, сонымен санақшы менiң аузымнан шыққан мәлiметтердi қағазына түсiре бастады. Бiр байқағаным, ол кiсiнiң қолындағы бланкiдегi сауалдардың барлығы тек орыс тiлiнде. Кейбiр сөздердi қазақша аудармақ болып қиналып едi, өзiм көмекке келдiм. Әрине, мен қарапайым санақшыны бұл ретте кiнәлағым келмейдi. Кiнә, жоғарыда отырған шенеунiктерде болып отырғанын жақсы түсiнемiн. Ол кiсi аты-жөнiмiздiң тек орыс әрiптерiмен жазылуын қадағалады. Жарайды, бiздiң төлқұжаттағы аты-жөнiмiз орыс әрiптерiмен толтырылған. Отарлау саясатының бұл да бiр өшпес таңбасы. Ал, жас нәрестемiздiң атын тек қазақ тiлiнде жазғызып алған едiк. Алайда, санақшы баламның атындағы қазақ әрiптерiн бұрмалап, қағазға орысша нұсқасын түсiрiп әлек болды. Мен оның қазақша жазылуын талап еттiм.

— Жоқ бiздiң штабта бiр айдай санаққа дайындық iсi жүргiзiлдi. Құжаттар тек орысша толтырылуы керек деген, — дейдi ол мiз бақпай.

Ертесiнде жұмысқа келiсiмен “Халық санағының” Алмалы ауданына қарасты бөлiмшесiне хабарласып едiм, трубканы алған бiр әйел:

— Бiз бұл мәселенi анықтаймыз. Жалпы, санақ парақшалары екi тiлде толтырылған. Бiр бетi орысша, екiншi бетi қазақша. Ол кiсi сiзге орысша толтырылған беттегi сауалдарды қойған шығар. Ал, қазақша жазбаңдар деген нұсқау жоқ. Адамдардың аты-жөнiн құжат бойынша тiркеңдер дегемiз. Мәлiметтер екi тiлде жиналады. Ол кiсiлерге дұрыс түсiндiрмеген ғой, — дедi менiң әзiрге баспасөзге жазбауымды қиыла өтiнiп.

Бұл жерде, менiңше, мәселе санақшыда да, санақ штабындағы қызметкерлерде де емес, жоғарыдағы шенеунiктерде болып отыр. Ол кiсiлердiң нұсқауы солай болғанда. Сонда бүкiл iс-қағаздары мемлекеттiк тiлге көшедi деген 2009 жылы өтiп отырған маңызды ауқымды шара халық санағындағы мәлiметтердiң барлығы орыс тiлiнде жиналып, хаттамалар орысша жазылатын болса, “қазақ тiлiне көшiп жатырмыз” деген жалған ұранның кiмге қажетi болғаны. Бұл санақ бiздiң ұлттық құрамымызды тағы да бiр айқындап, ұлт болып, ел болып ұйысуға бастайтын болады деген арманымыздың әдiрә қалғаны ма? Демек, бүгiн-ертең бiздiң қоғамда қазақшылықтың ауылы алыс көрiнедi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары