"Кінә — пышақ ұстаған қолда": Шымкентте қаза тапқан бойжеткеннің құрбысы әділдік талап етті

/
"Кінә — пышақ ұстаған қолда": Шымкентте қаза тапқан бойжеткеннің құрбысы әділдік талап етті

Әлеуметтік желілердің бірінде кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серіктің сыныптасы әрі құрбысы Аружан Ибралиева әділдік талап еткен жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Қайтыс болған қыз — менің бала кезден бергі құрбым, Серікбай Нұрай. Ол 2004 жылы туған, небәрі 21 жаста еді. Өмірі енді ғана басталып жатқан, арманы, жоспарлары бар, болашағы алда тұрған жас қыз кісі қолынан қаза тапты. Алдын ала мәліметтер бойынша, оның денесіне 8 жерден пышақ сұғылған. Мұны қалайша «оқыс жағдай» немесе «жай жанжал» деп атауға болады? Бұл — айуандық, бұл — қатыгездік. Қатты күйдіріп тұрғаны — бүгін кейбір адамдардың Нұрайды кінәлап, «өзі себеп болды», «өзі сондай болған» деп айтуы. Ақиқатын толық білмей жатып, өмірден өткен адамның артынан осындай ауыр сөз айту — үлкен күнә. Қазақ «екі бәленің бірі — тілден» дейді. Сол тілмен адамды тірісінде де, өлгеннен кейін де жаралауға болатынын ұмытпаңыздар", - деп жазды ол.

Сондай-ақ ол Нұрайды бала кезінен білетінін және оның мектепті үздік бітіргені атап өткен. 

"Ешқашан жаман әдеттерге, зиянды ортаға әуес болған емес. Ол өте жуас, ұяң, тәрбиелі қыз еді. Қолынан келсе, біреуге көмектескісі келіп тұратын, жүрегі таза, ниеті түзу қыз болатын. Ең ауыр жері — Нұрайды мүлде танымайтын, онымен бір рет те сөйлесіп көрмеген адамдардың оны бірден «жігітпен жүрген», «өзі сондай» деп қаралап шығуы. Бұл — шындық емес. Бұл — арсыздық. Қаза тапқан қызды кінәлау — қылмыскерді ақтаумен тең. Ал кейбір деректерге қарағанда, ол сол адамға «жоқ» деп, қарым-қатынастан бас тартқан. Яғни, өз шекарасын қорғаған. Бірақ дәл сол «жоқ» деген жауабы үшін ол қысымға, қудалауға, соңында зорлыққа ұшыраған болуы мүмкін. Егер бұл расталса, онда бұл — өзіне «тиесілі» деп санаған, бас тартуды. қабылдай алмаған адамның қылмысы. Бірақ бір нәрсе анық: ешқандай «жоқ» деген сөз зорлыққа, ал кісі өлтіруге ешқашан себеп бола алмайды. Қылмыстың жалғыз кінәлісі — сол қылмысты жасаған адам. Нұрай емес. Оның мінезі емес. Оның таңдауы емес. Кінә — пышақ ұстаған қолда. Нұрай — құрбан.  Ол бұл тағдырға лайық емес еді. Оның атына, абыройына, рухына тіл тигізбеңіздер. Өлген адам өзін қорғай алмайды, бірақ біз — оны танығандар, оның шындығын айтуға міндеттіміз", - деп жазды Аружан Ибралиева.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары