ҚЫЗЫЛ АРМИЯ ЕЛЕСI

ҚЫЗЫЛ АРМИЯ ЕЛЕСI

ҚЫЗЫЛ АРМИЯ ЕЛЕСI
ашық дереккөзі

Қызыл империяның идеологиялық тоқпағының күштi болғандығы сондай, оның сарқыншақтары тәуелсiздiк алғанына 20 жылдай уақыт болса да, бүгiнгi буынның санасына мықтап орнығып алыпты. Кешегi буын өз алдына, тәуелсiздiкпен бiрге ержеткен бүгiнгi ұрпақ та осы идеямен қаруланып, осы идеямен өсiп-жетiлiп келедi.

Кеңестер Одағының дүрiлдеп тұрған заманында оның армиясы да бүкiл әлемдi дүр сiлкiндiрдi. Кеңес империясының бүкiл тарихын алып қарасаңыз, қарулану ғана болған секiлдi көрiнедi. Олай болмаса да, осы салаға аса көңiл бөлiндi. Ал, бүкiл одақтық Қарулы күштердiң мейрамы саналатын 23-ақпанның өзге мейрамдармен салыстырғанда, орын да тұрпаты да ерек болды. Бүгiнде бұл күндi Кеңестер одағының заңды мұрагерi саналатын Ресей Федерациясы Қарулы күштер күнi ретiнде мерекелейдi. Сондай-ақ, ТМД елдерiнiң iшiнде Тәжiкстан Республикасының Отан қорғаушылар күнi осы датамен орайлас келедi. Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнi 1992 жылдан берi 7-мамырға ауысқанымен, бұл датадан гөрi, қоғам 23-ақпанды көбiрек дәрiптеуге тырысады. — Қалай дегемен де, бiз Қызыл Армия құрамында отан қорғадық қой, — десiп бiрiн-бiрi құттықтап, қол алысып жатқан орта жастың адамдары бұл күндерi кездесiп қалады. Ал, Республика күнi, Тәуелсiздiк мейрамын жай күннiң бiрi ретiнде өткiзе салуға әуес коммерциялық телеарналар мен радиолар бұл күндi кәдiмгi бiр шоуға айналдырып жiберуге тырысады. Мысалы, әлi күнге дейiн Қазақстан заңдарына бағынбайтын, мемлекеттiк тiлдегi бағдарламалары жоқтың қасында болып келген “Радио Ретро”, “Радио НС”, “Радио 31” сияқты коммерциялық радиолардан тiптi бiлдей мемлекеттiк шенеунiктердiң өзi тарих қойнауына кеткен, тiптi, сол Қызыл Армияның жұрнағы да жоқ болғанына қарамастан, осы бiр датаны аса қимастық сезiммен, ерекше көңiл күймен еске алады. Ал, 20% акциясы Ресейдiң СТС телекомпаниясының иелiгiне өткелi берi тек қана орыстың ойын-сауық бағдарламаларына көп көңiл бөлiп, қазақтiлдi бағдарламалары түгiлi орыс тiлiндегi салиқалы-сарабдал хабарларды екiншi кезекке ысырған 31-телеарна 23-ақпанды жоғалған жоғымыздай, тiрiлiп келген өлiмiздей насихаттады. Дәл осы күнгi сайтына “23 февраля — живучий праздник!” деген тақырыппен осы датаны насихаттау мақсатында дайындалған материалды да қойды. Телеарна тiлшiсi Астанадағы әскери бөлiмiнiң бiрiне барып, дәл осы күнгi солдаттардың көңiл күйiмен бөлiседi. Олардың 23-ақпан жайында қаншалықты бiлетiндiгi жайында сұрап бiледi. Тәуелсiз Қазақстанның тумасы Берiк Бодықовтың бұл мейрамға қанық екендiгiн жеткiзедi. Әрине қанық болмағанда, егер тәуелсiз елдiң төл мейрамдарынан гөрi, империядан қалған сарқынды құлағына күнде құйып отырса. Дәл осы күнi “Posit.su” интернет сайтында “23 февраля — наше общее прошлое” атты Әдiлет Бостановтың мақаласы жарияланды. Мақала авторы бұл күннiң келмеске кеткенiн айта отырып, оның шығу тарихы мен мерекелену салтанаты жайынан сөз қозғайды. Бұл күннiң Қазақстан Республикасында аталып өтiлмейтiндiгiн айта отырып, бiздiң ортақ өткенiмiз деп шегелейдi. “Көбi сол кезде бәрi жақсы болып едi ғой деген көңiлмен КСРО-ны аңсайды. Жоқ, жақсы ештеңе де болған жоқ. Адамдар қолмен жасаған өмiр сүрудiң элементтерi болмаса, жүйе тудырған ештеңе болған жоқ. КСРО өлдi, тоталитаризм мен казармалық социализм идеясы банкротқа ұшырады. Сондықтан, 23-ақпан — бiр кездерi адамдардың құқығын жерге таптаған, өмiрiне балта шапқан режимнiң болғанын еске түсретiн iлiк немесе себеп қана. Бұл бiздiң ортақ тарихымыздың бiр бөлiгi. Тарихты тас-талқан ете алмайсың, күдiктi өткенiңе қарап, аңсаудың қажетi жоқ. Тек қана алға жылжу керек” делiнген онда. “ИА REGNUM” сайтының 2003 жылғы таратқан мәлiметiне қарағанда, депутаттар өз-өз кабинеттерiне кiрiп алып, осы 23-ақпанды думандатып тойлатқан көрiнедi. Содан берi 4-5 жылдың жүзi болса да, сол үрдiстiң өзгере қоймағанына мен кепiл. Өйткенi, содан берi де қоғам санасын сiлкiнтiп, елдiң рухани мұраттарын ұлықтау үшiн iстелген шараны әлi көре қойған жоқпыз. Бәрi керiсiнше айналып барады. Қазақ өз қағынан жерiп, өзгенiң қаңсығын таңсық көруге құмар жұрт қой. Әйтпесе, Қазақ мемлекеттiгiнiң негiзiн салып берген Қазақ хандығы мен оның негiзiн салушы Керей мен Жәнiбектi ұлықтауға келгенде, неге үнiмiз шықпайды. Бүкiл елдiң пассионар тұлғаларына айналған Алаш көсемдерiнiң 90 жылдығы неге республикалық көлемде аталып өтiлмейдi? Ал, бөтен, отарлаушы елге бодан болғандығымызды әйгiлейтiн 23 ақпан секiлдi мейрамдар неге халық жүрегiнен ойып тұрып орын алады? Ол ол ма, Алматыда Алаш қайраткерi — Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновтың мұражай үйiне де көзалартып, қоңсы қонушылар пайда болыпты. “Азаттық” радиосының 24 ақпан күнгi таратқан мәлiметiне қарағанда, қазақтың Ахметiнiң мұражай үйiн “Көпес Зубов” салдырған деген мақсатпен, тартып алуды көздеушi мүдделiлер бар боп шықты. Отарлау мақсатында қазақ жерiне алшаңдап енген зубовтардың аты қазақ үшiн жанын шүберекке түйген Ахаңдардан артық болып шыға келген бүгiнгi түлкi заманда шенеунiктерiмiздiң өз ұлтының өткенге асқақ көз тастап, басқыншы елдiң күшпен енгiзген саясатын тықпалап, оны хан көтеруiн немен түсiндiруге болады?

Есенгүл Кәпқызы