ҚОЛЫНАН КЕЛГЕН ҚОНЫШЫНАН БАСА БЕРЕ МЕ?

ҚОЛЫНАН КЕЛГЕН ҚОНЫШЫНАН БАСА БЕРЕ МЕ?

ҚОЛЫНАН КЕЛГЕН ҚОНЫШЫНАН БАСА БЕРЕ МЕ?
ашық дереккөзі
Cыбайластық пен жемқорлықтың өрiсi тарылмай, өркениетке жету қиын
 

“Түркiстан” газетiнiң 5-шi номерiндегi “Қолынан келген қонышынан баса бере ме?” атты мақалада қоғамның коррупциялану деңгейi талданды. Бiрақ коррупция дегенiмiз тек сандық көрсеткiштер емес, ол – алдымен, қоғамдағы белең алған пиғылды анықтайтын күрделi психологиялық категория. Өйткенi, ол сандардың артында қоғамдық-психологиялық зор мәселе тұр. Алғашқы мақалада “қоғам экологиясы қандай?” деген риторикалық сұрақ қойдық. Ендi соған жауап iздеймiз.

Өте күрделi және қатпарлы құбылыс ретiнде сыбайластықтың тарихы тереңге кетедi. Ол алғашқы мемлекеттер пайда бола бастағаннан-ақ қоғамда көрiнiс таба бастаған. Ежелгi латынның белгiлi нақылы “Do ut facies”, яғни, “iстету үшiн беремiн” деген нақылы осыны айтады. Бұл мысалдан сыбайластықтың астары әлеуметтiк мәселеге келiп тiрелетiнiн байқаймыз. Себебi, сыбайласу дегенiмiз лауазымды басшылар мен оларға қажет адамдардың қоғам мен мемлекет мүддесi үшiн емес, жеке бас пайдасы үшiн қолдағы мемлекеттiк, әлеуметтiк, қоғамдық ресурстарды пайдалануын бiлдiредi. Бiздiң жағдайда “сыбайластық” пен оны қоректендiрушi “жемқорлық” экономика, мәдениет, құқық, әкiмшiлiк және т.б басқару салаларына етене енiп, өз бетiнше өмiр сүрушi әлеуметтiк институтқа айналды. Оның әлеуметтiк институт ретiндегi айрықша белгiлерiне мыналарды жатқызамыз: – сыбайласқан жемқорлық, мысалы, әкiмшiлiкпен байланысты жеңiлдету, шешiм қабылдауды жеделдету (сыбайластық талап бойынша), кәсiпкерлерге бюрократиялық кедергiлердi аттап өтуге көмектесу және т.б. мүмкiншiлiктерi арқылы бiрқатар әлеуметтiк институттардың функциясын бiр өзi атқаруда; – сыбайлас жемқорлық қатынастарында жеке айқындалған субъектiлердiң, мысалы, министрлiк қызметкерi мен шаруасы соған тiрелген кәсiпкер, сот пен сотталушы, полиция мен құқық бұзушы, оларды байланыстырушы делдалдар (адвокаттар) және т.б. болуы; – сыбайластық пен жемқорлық әрекеттерiнiң қалыптасқан ойын ережесi мен тәртiбi, өзiндiк нормаларының болуы. (Мысалы, жер алу үшiн 5000-10000 доллар пара, немесе, студент сессиясын “жабу” үшiн 1000-2000 доллар пара деген сияқты). Бұл нормалардың қалыптаса келе орындалуы мiндеттi шараға айналу мүмкiншiлiгi бар. Ең қауiптiсi де – сол. – сыбайластықтың қалыптасқан “өз тiлi” мен “рәмiздерi” болады. Бiздiң қоғамда ондай “тiл” де, “рәмiздер” де толық қалыптасқан. Мысалы, орысша көбiрек сөйлейтiн қазақ ұйқыдан шошып оянса “ставка”, “такса” деген сөздi жаңылмай айтатын жағдайға жеттi. Ақылдан кенде емес қазекең ендi өздерiн “италяндық мафиямен”, “жаңа орыстармен” салыстыруға жарап қалды. Еңбегi еш болып, көштен қалып жатқан жоқ – жағдайлары оларға қарағанда әлдеқайда жақсы. Себебi, елiмiзде сыбайластықтың ұйымдасу дәрежесi жоғары. Оның үстiне жабайы нарықтық қатынастар ол қылмысты бүркемелеудiң таптырмас құралына айналып, билiк өкiлдерiне қосарлы әрекет етуге мүмкiншiлiк туғызып отыр. Қазiр коррупциямен күрес бiршама ашық жүргiзiле бастағаннан берi, ел-жұрт мүддесi деп ұрандатқан көптеген шенеунiктiң арты ашылып, шынайы iстерiнiң бет-пердесi ашылуы – осының дәлелi. Бiздегi сыбайлас жемқорлықтың рәмiздерi де қалыптасты. Олар – қаңқайып қалған құрылыс нысандары, алаңдағы үңiрейген шұңқыр, немесе, сыбайластық құрбандарының басына тұрғызылған кесенелер түрiнде көрiнiс табуда, болмаса, басқа да объектiлер арқылы бейнеленедi. – мүдделi адамдарға белгiлi және олардың арасында қалыптасып қалған таксаның болуы. Өткен мақалада бұл туралы бiрсыпыра айтылды да. Онда ең қарапайым мысал ретiнде мектепке мұғалiмдердi 500 доллар пара берсе ғана жұмысқа қабылдайтыны туралы сөз болған-ды. (Сол кездегi бағам бойынша, бұл мұғалiмнiң екi-үш айлық жалақысының мөлшерiн құрайды екен). Ал ендi, депутат болу үшiн, болмаса, министрлiкке қызметке тұру үшiн төленетiн пара ақы қарапайым адам үшiн құпия мәлiмет десе болады.(Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттiң негiздерi. Алматы, 2004, 7-б.) Коррупция “қоғам экологиясын” бұзуға мейлiнше атсалысады. Қазақта “елу жылда ел жаңа”, “уақытпен бiрге заман да өзгередi” деген даналық сөздер бар. Бiрақ ол сөздердiң сыбайластыққа, жемқорлыққа еш қатысы жоқ. Өйткенi, малмен күн көрген номадттар өздерiн-өздерi материалдық тұрғыдан қамтамасыз етiп отырғандықтан, олар бұл сөздерге заман ағымы мен шаруашылық әдiстерiнiң өзгерiстерi, соған байланысты таным-бiлiмнiң озуы турасындағы мағына берген. Себебi, әр заман өзiне тән қоғамдық қарым-қатынастар жүйесiнiң сипатымен анықталады. Ал ендi, бiз көтерiп отырған “қоғам экологиясының” аз уақытта осындай дерттi жағдайға жетуi – қоғамның табиғи дамуының емес, оның дамуына әсер етушi субъективтi себеп-салдарлардың әсерiнен пайда болған. Бiрде, Тараз қаласында аздап ауырып қалып, емханада жастау келген хирург дәрiгермен әңгiмелесiп қалғаным бар-ды. Сонда ол темекiсiнiң тұқылын таптап тұрып: “Аға, шыны керек, егер маған Отаныңды сат десе, ол сатылатын дүние болса, ойланбастан сатар едiм. Мардымсыз айлықпен балаларымды бақытты ете алмасыма көзiм жеттi. Кiм ненi сатпай жатыр?” – дедi. Осыған дейiн билiк “экономикамыз қарыштап даму үстiнде”, “экономикалық дамудың қазақстандық үлгiсi”, “аймақтық көшбасшы”, “алып елдермен тең дәрежелi (стратегиялық) әрiптес” және т.с.с. ұрандатуды бiр сәтке тиған емес едi. Оған құлағы үйренiп қалған адамға әлгi дәрiгердiң аузынан күрсiнiспен шыққан сөздi есту, әрине, өте ауыр тиедi. Бiрақ, амал нешiк, бұл да өмiрдiң бiр шындығы… Егер елiмiзде кедейлiктiң әр жақ-бер жағында өмiр сүрiп жатқан дәрiгерлер мен мұғалiмдер, ауыл тұрғындары мен жұмыссыздар осындай пиғылға бара бастаса, шынында да, онда бiздiң қоғам тұралай бастаған ба деген ойдың басы қылтиятыны рас…. Әрине, қарапайым халықтың шарасыздықтан ашынып айтқан сөзi ғой бұл. Болмаса, “Отанын сатқан – оңбас” деген сөз олардың санасында әлi де берiк сақталған. Әйтсе де, ашынған адамда “қайту” бар болса, құныққан адамда “қайту” жоқ. Оған халықтың шын бейнесiн сезе алмай отырған билiк, әсiресе, оның халықпен тығыз жұмыс iстейтiн өкiлдерiнiң әрекетi куә. Ең өкiнiштiсi сол, олар өздерi жасап жатқан “тамаша” iстер халықтың көз алдында өтiп жатқанын, ондай көзбояушылық елдiң еңсесiн ғана емес, психологиясына да әсер етiп, жүйкенi жұқарта бастағанын, кейiнгi жастар оны “өмiр сүрудiң үлгiсi” ретiнде қабылдай бастағанын сезiнбей келе жатқаны. Коррупцияның бұл түрi, сөйтiп, қазiргi қоғамды бүлдiрiп қана емес, жастарға болашақ мұра ретiнде берiлуге бет бұрғалы тұрғаны – айқайлап айтар шындыққа айналды. Жоғарыда аталған оқулықта сыбайлас жемқорлық туралы мынадай тағы бiр ой айтылады: “…ол экономикалық заңдардың еркiн жұмыс iстеуiн әжептәуiр шектейдi және әлемдiк қауымдастық алдында елдiң беделiн төмендетедi, ел үшiн пайдалы шетелдiк инвестициялардың жолындағы ең бiр басты бөгеттердiң бiрi болып табылады. Таза және әлеуметтiк бағыттағы бизнес нарықтан күшпен ығыстырылып шығарылады, өйткенi, бұндай бизнестi сыбайлас жемқорлық тиiмсiз кәсiпке айналдырған”(Сонда, 7-б.). Осы пiкiрден мынадай бiр сұрақ туындайды: “қазақ табиғатынан таза халық едi, ендi қалайша тез өзгерiп бара жатыр?” деген. Бұған жауап табу оңай емес, сұрақтың өзi көп қырлы болғандықтан, оған жауапты мәдениеттанушы – “мәдениеттiң төмендiгiнен”, технолог – “бiлiмнiң аздығынан”, саудагер – “саудаласа алмайтындығымыздан”, қойшы әйтеуiр, әркiм бiлгенiне қарай жауап берер едi. Ең қызығы сол, олардың барлығының жауабы шындыққа өте-мөте жақын. Ешқайсысын терiстей алмайсың. Сонда қалай болғаны?.. Бiздiң ойымызша, бiз өз ерекшелiгiмiздi әуел бастан дұрыс бағалай алмаған сияқтымыз. Көптеген мәселелерде асығыстық қадамдарға барып, үйреншiктi психологияны күрт бұзу – бiздi дұрыс жолға жетелеген жоқ. Қаншалықты қиын заман тап келсе де, одан өзiмiздiң ұлттық келбеттi сақтай отырып, елдiк бiрлiктi нығайта отырып, елмен ақылдаса отырып шыққанда – қазiргi жағдайдан әлдеқайда артық жағдайға ие болар едiк. Революциялық жолмен қазiргi коррупциялық күйге жеткеннен гөрi, эволюциялық жолмен одан таза қоғам құрғанымыз әлдеқайда жақсы емес пе едi?!. …Иә, бұл уыстан шығып кеткен мүмкiншiлiк. Оны айтып отырған себебiмiз – кезiнде ондай жол да бiздiң алдымызда болғанын өкiнiшпен ескерту ғана. Болмаса, құдайға шүкiр, есiмiздi жисақ алда әлi де алынатын талай асулар бар ғой… Сыбайлас жемқорлықтың бейiмделу қабiлетi керемет! Сондықтан болар, елiмiзге аттап басқан көптеген шетелдiк компаниялар бұл елдегi заң бостаңдығын байқаған соң, заңды белден басуға көштi. Басқасында шаруамыз жоқ, ал бiрақ, олардың бiздiң табиғатымызға деген қатынасы ешқандай сын көтермейтiнiн басып айтуға мәжбүрмiз. Экологиямыз өзiмiзге қажет болмай жатса, олар оны неғылсын! Сондықтан, сыбайлас жемқорлық ұлттық шекараның шеңберiнен шығып бара жатқан уақытта, заңдарымызды дер кезiнде қатайтып, оны орындауды бәрiне бiрдей мiндеттей алсақ – қазiргi коррупциялық ахуалға айтарлықтай тұсау салуға әбден болады. Жалған сөйлеу, өтiрiк ақпар беру – сыбайластықтың сыңары. Бiзде кеңестiк кезден қалған жалған ақпарат беру, “түймедейдi түйедей етiп көрсету” әлi де жалғасып келе жатқан сияқты. Мысалы, күнi кеше ғана Алматыда жастар елiмiзде жағымпаздық белең алып бара жатқаны туралы алаңдаушылық бiлдiрдi. Олар жағымпаздық сияқты жымысқы мiнез қоғам тәнiне енсе өтiрiк, жалған мақтан, құлдық қошамет, даңғазалық, оның жалғасы ретiнде сатқындық, құйтырқылық сияқты нағыз зәлiм мiнездердi өршiтiп, ата-бабадан қалған турашыл өжет қазақы мiнездi ығыстыратынын түбiрiнен түсiнiп отыр, сондықтан да көшеге шығып отыр, болмаса, құр жалаулатудан емес… Сонымен бiрге, бiздiң санамызға “орынтақ” деген пәлекет келiп ендi. Өйткенi, “орынтақты” маңайлағандар өздерiнше бiр әлеуметтiк топты құрып, бiр-бiрiмен ымдаса түсiнiсетiн халге жеттi. Себебi, ол – майлы жiлiк. Ал майлы жiлiктiң басын ұстауға қол жеткiзу үшiн талай мiнездер тұғырынан тайқып, талай тағдырлар тәлкекке түсiп, талай абыройлар айрандай төгiлуде. Бұл да коррупцияның зарлы желi. Өйткенi, шынайы елдiк мүдде жолында деп өмiр сүретiн адам ондайға ешқашан бара алмас едi. “Орынтақ” – коррупцияланған қоғамның төс белгiсi! Коррупцияланған қоғамда қағаз жүзiндегi өтiрiк ақпараттар жиынтығы қоғамның тамаша суретiн бередi. Ал шындық одан алшақ жатады. Мысалы, кез келген мемлекеттiң экономикалық негiзiн оның ауыл шаруашылығы, яғни, “азық-түлiк қауiпсiздiгi” құрайды. Бiздiң әкiм-қаралар елде ондай қауiп жоқ деп айтудан жаңылған емес. Ал ендi статистикалық деректердi алып қарасақ, мүлдем басқаша жағдайды көремiз. Жалпы, азық-түлiк қауiпсiздiгi деп – азық– түлiктiң барлық тұрғындар үшiн көлемi, сапасы мен түрлерi жағынан жеткiлiктi, әрi, қалыпты стандарттар мен нормаларға сай болуына кепiлдiк бола алатындай экономикалық ахуалды айтамыз. ТМД-ға қатысушы елдер бекiткен “Азық-түлiк қауiпсiздiгi туралы” модельдiк заңында” азық-түлiк тәуелсiздiгi қамтамасыз етiлмеген деп мемлекетте аса маңызды азық-түлiк өнiмдерiн өндiру жылдық тұтыну көлемiнiң 80%-нан төмендеп кеткен жағдай саналады. Ал жекелеген сарапшылардың есебi бойынша Қазақстанның азық-түлiкпен өзiн-өзi қамтамасыз етуi 65-75%-ды құрайды екен. Тағам өнiмдерiн тұтынудың 16%-ын сырттан таситын елдер азық-түлiк дағдарысына жиi ұшырайтынын ескерсек, бұл – елiмiзде азық-түлiк қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлмегендiгiн бiлдiредi. Ғылыми тұрғыда дәлелденген нормалар бойынша әр адам жылына 82 кг. ет жеуi тиiс. Қазiр әрбiр қазақстандық тұрғын шамамен 44 килограмм ет тұтынады. Салыстырмалы түрде алсақ: Белоруссияда – 60 кг., Ресейде – 56 кг., АҚШ – 115, Еуропа – 90кг. Қазақстандықтар наннан басқа барлық тағам түрлерi бойынша тойып iшiп-жей алмай отыр. Қазiр тұрғындардың азықтүлiкке қол жетiмдiлiгi алаңдатады. Азық-түлiк бағасының күрт өсуi оны тұтынудың мөлшерiн азайтты. Соған байланысты денсаулық та мәз емес. Мiнеки, бұдан жалған ақпар, соған сүйенген әрекетсiздiк, ал осының бәрiн туғызып отырған коррупция қандай трагедияларға жол аша алатынын көремiз. “Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ” деген Бұхар жыраудың өнегесi бүгiнгi ұрпағынан ажырап бара жатыр ма дерсiң… Бiз ауыл мәселесiн әдейi алға тарттық, себебi: бiрiншiден, елiмiздегi коррупциядан ең көп зардап шегiп отырғандар – ауыл тұрғындары. Екiншiден, олар халқымыздың 47%-ын құрайды. Үшiншiден, қоғамдағы ең консервативтi, яғни, жылдам өзгеруге, жаңалануға, серпiлуге аз бейiмделген де солар. Қиналса да “құдайдың басқа салғаны осы болар” деумен өмiрiн өткiзiп жатыр. Сондықтан, қазiр бiздiң қоғамға серпiлiс керек. “Нұр-Отан” партиясы жер жерден коррупцияға қарсы күрес комиссияларын құрғаны елге оң ықпалын тигiзуде. Ел-жұрт ояна бастады, бұрынғы кеткен қателiктерге заңдық тұрғыдан баға берiп, оның ақ-қарасын анықтау мүмкiн екендiгiне көздерi жетiп, күреске шыға бастады. Ендi осы шараны қоғам болып көтерiп әкете алсақ – қоғам аздаған уақыттардан кейiн жаңара бастайды, сыбайластықтың өрiсi тарыла бередi, сөйтiп, ел болып мына дағдарыстан шығамыз. Мысал: қазiр ел болып алтын жинаған қажет емес те шығар. Мәселе басқада, ел үшiн қолындағы сақинасы мен құлағындағы сырғасын шешiп беруге даяр қазақстандықтардың қатары молая түсуiнде екен ғой…  
Әбдiрашит БӘКIРҰЛЫ