ТАСТАНДЫ БАЛАНЫҢ ТАFДЫРЫН КIМ ОЙЛАЙДЫ?

ТАСТАНДЫ БАЛАНЫҢ ТАFДЫРЫН КIМ ОЙЛАЙДЫ?

ТАСТАНДЫ БАЛАНЫҢ ТАFДЫРЫН КIМ ОЙЛАЙДЫ?
ашық дереккөзі
205

Бауыр етi баласын көшеге тастаған бүгiнгi қоғам — қатыгез қоғам. Тiрлiкте ата-ананың ыстық ықыласына бөленiп, бақытты балалық шағын отбасы ошақ қасында өткiзгендi қаламайтын сәби бар ма? Жанарлары жәудiреп, қаншама нәресте балалар үйiнде тәрбиеленiп жатқанын Сiз бiлесiз бе?

Тастанды баланың жайы бiр бөлек. Ата анасы бола тұра, тiрi жетiм атанып жатқан сәбилердiң мұңын кiм мұңдайды? Бiздiң ұғымымызда балалар үйi ата-анасынан айрылған жетiм балалардың ғана мекенi сияқты көрiнетiн. Сөйтсек, жалғыз тас жетiмдер ғана емес, онда әке-шешесi бар балалар да өмiр кешедi екен. Оған көшелерде, қуыс-қуыстарда, ауруханаларда қалдырылып кеткен тастандыларды қосыңыз.

Өткен аптада ЮНИСЕФ-тiң Алматыдағы өкiлдiгiмен коммерциялық емес Seimar Cocial Fund өткiзген семинардың арқауы тастанды балалардың бүгiнгi тағдырына арналды. Әуелгi сөздi Алматы қалалық балалардың құқығын қорғау департаментi директорының орынбасары Владлена Ермолович алды. Владлена Ермоловичтiң берген мәлiметiне сүйенсек, бүгiнде республикамызда 5 миллионға жуық балалар өмiр сүрiп жатса, оның 1 млн. 619 мыңы мектепке дейiнгi жастағылар екен. 3 миллионға жуығы мектеп жасындағы балалар. 151 мыңдайы даму мүмкiндiгi шектеулi балалар көрiнедi. Осы балалардың iшiнде 17486 бала әртүрлi жағдайларда тәрбиеленiп жатқандар. Оның iшiнде тастандысы да, бас тартқандары да, тас жетiмдерi де, әке-шешесi ата-аналық құқықтан айрылғандары да, ата-анасы iздеуде жүргендерi де, ата-аналары науқас болған соң, тiрiлей жетiм болғандары да кездеседi.

Бiр ғана Алматыда 1047 жетiм бала бар. Оның 139-ы бас тартқандар, 219 тастанды болса, 38 баланың ата-анасы өз құқығынан айрылыпты. Қараңыз, жетiмi мен жесiрiн жылатпаған қазақтың мыңнан аса қаракөзi балалар үйiнде тәрбиеленiп жатыр. Бұған сiз қалай көз жұмып қарай аласыз?

Орбита ықшам ауданында орналасқан №1 балалар үйiне бiрнеше рет барудың жолы түстi. Бiрiнде, “жетiм көрсең, жебей жүр” деген тақырыпта мақала жаз” деген тапсырма берген соң, барғаным бар. Екiншiсiнде, Seimar Cocial Fund ұйымдастырған семинардың кезiнде, үшiншiсiнде құрбандық шалғанда. Әрдайым, мұнда келу маған қиын. Алдыңыздан құлдыраңдап, жүгiрiп шығатын балалардың көзiндегi мұңды көру ең ауырдың ауыры. Жаның шыдап, жүздерiне тура қарай алмайсың. Сол баланың сонда жүргенiне өзiңдi кiнәлiдей сезiнесiң. Сол баланың ата-анасынсыз өсiп жатқанының да кiнәсiн өзiңнен iздейсiң. Баласын кез келген қуысқа тастап кеткен қатыгез ана қалай жер басып жүр деп ойлайсың.

Аталмыш семинарды өткiзушiлер осындай тастанды балалардың күн өткен сайын көбеймегенiн, қатарының артқанын қаламайды. Есесiне, балалар үйiндегi жетiмдердi ата-ананың алақанына берсек, ыстық ықыласына бөлентсек, шуағын сездiрсек деген уайымды көбiрек айтады. Шешуi қиын проблеманың шешiмiн табуды қалайды.

“Ерiктiлердiң қайырымдылық қоғамы” директоры Аружан Сайн өз сөзiнде: “Бiз неге балаларын тастап кеткен аналарды заңмен қудаламаймыз?” дегендi айтады. Расында да, жоқтықтан, қиындықтан, бiреудiң қалта телефонын ерiксiз алған жандар да заң бойынша қудаланып жатады. Ал сәбиiн тастап кеткен ананы алты ай бойы ойланар деген үмiтпен күтiп жүремiз. Мұның дұрысы қайсы, бұрысы қайсы?! Қоғамның ең басты объектiсi де адам емес пе? Адам болмаса, бүгiнгi қоғам кiмге не үшiн қажет? Ал келешектi құрайтын балаларыңыздың көбi тастанды. Одан қалғаны шет елге сатылуда. Шет елге сатылатын балалардың денi ауру, мүгедек көрiнедi. Олардың бұл балаларды емдеуге мүмкiндiгi бар дегендi де айтады сарапшылар.

Аталмыш семинарға БАҚ өкiлдерiмен қатар, коммерциялық емес ұйымдардың да өкiлдерi қатысып, әлеуметтiк жетiмдердiң тағдырын, Қазақстандағы ерiктiлердiң қызметiн талқыға салды. Семинарға Оңтүстiк Қазақстан облысынан арнайы келген Райхан Әмзеева да оңтүстiктегi әлеуметтiк жетiмдердiң бүгiнгi проблемасын сөз еттi. Сарапшылардың көбi, тастанды балалардың саны артып келе жатқанына алаңдайды. Балаларды шетке сатып, бұл мәселенiң ұшығын таба алмайтынымыз тағы белгiлi. Ендеше, оның шешуi неде? Балалар үйiнен жылынан қаншама бала асырауға алынады екен. Бiрақ, бала асырап алушылардың көбiнiң жаңа туған сәбидi алғысы келетiнi белгiлi. Ал өзге балалар қайтедi? Тiптi, семинарға келген сарапшылардың бiрi, мүмкiн, Қазақстанда балалар үйiнiң санын кемiту қажет шығар, сонда балаларын тастайтындар да азаяр деген ой айтты. Бiр ғана бұл жолмен проблеманы шешу оңай емес. Адамдардың адами санасы өзгермесе, оның жолын табу қиын. Әлде, заңдық тұрғыдан қаталдық қажет пе екен. Қалай болған күнде бүгiнгiдей бейбiт заманда жетiмдердiң саны артпаса, кемiмей тұр. “ЮНИСЕФ” пен “Seimar Cocial Fund” ұйымдастырған семинарлар бұл проблеманы шешудiң жолын iздейдi.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары