ТҮРКIСТАНДАҒЫ БIЛIМ САЛАСЫНДАҒЫ БЫЛЫҚТАР

ТҮРКIСТАНДАҒЫ БIЛIМ САЛАСЫНДАҒЫ БЫЛЫҚТАР

ТҮРКIСТАНДАҒЫ БIЛIМ САЛАСЫНДАҒЫ БЫЛЫҚТАР
ашық дереккөзі
246

Түркiстандағы бiлiм саласындағы былықтар жайлы қалалық әкiмшiлiкке хат жолдағанымызда аудан әкiмнiң бұрынғы орынбасары, қазiр облыста лауазымды қызмет атқарып жатқан Жамболат Ибрагимов қала әкiмдiгi мен жұртшылық “Түркiстан” газетiнiң жанашырлары екендiгiн айта келiп, “…Сондықтан бұл сұранысты бiз қаланың бiлiм саласына деген қамқорлық, болашағына деген алаңдатушылық деп түсiнемiз. Сұраныста көрсетiлген кейбiр мәселелер тұрғысында тереңiрек зерттеп, толыққанды қорытынды шығаруға жұмыстар жүргiзiледi. Сiз елiмiзге танымал қаламы қарымды, сөзi өткiр журналист, әрi тұрақты көзқарастың азаматысыз… “ Жалпы жылы пiкiрге марқайсақта, бiздi ең алдымен болашақ ұрпақтың тағдыры алаңдатқаны ақиқат. Бiздiң ешкiмде бес бересiмiз, алты аласымыз жоқ. Тырнақ астынан кiр iздеп, қалалық бiлiм бөлiмiн мiнеп сынайын деген ойымыз жоқ. Дегенмен Түркiстан қаласындағы бiлiм саласындағы былықтарға көз жұмып қарай алмаймыз.

“Мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiнде… сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне қарсы тұруға; өзiнiң iске көзқарасымен және жеке мiнез-құлқымен ұжымда орнықты және жағымды моральдық-психологиялық жағдай туғызуға ықпал етуге…” заң шеңберiнде тиiс десек те, кейбiр лауазым иелерi бұл талапты орындауға құлықты емес. Сонда Президент Жарлығын, ҚР мемлекеттiк қызметшiлердiң ар-намыс кодексiн кiм орындауға тиiс деген заңды сұрақ туады. Бiзде кейде “молданың айтқанын iсте, iстегенiн iстеме” деген жағдай қалыптасқан. “Iшiп жеме, мемлекеттiң мүлкiн талан-таражға салма, сыбайлас жемқорлыққа жол берме” деп мiнбеге шығып, мораль оқығандардың шынайы бет-бейнесi де, тiрлiгi де басқаша. Заңсыздықты жасайтын да, сыбайлас жемқорлыққа жол беретiн де солар. Оған мысал келтiрсек, бiр түйеге жүк болар.

Бұл өмiр шындығына жақын жалпылама ойымызды жайдан-жай айтып жатпағанымыз шындық. Түркiстан қаласындағы бiлiм саласындағы былықтарға жауапты басшылардың көз жұмып қарайтыны таңдандырады.

“Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры” демекшi, “Қарашық” ауылындағы “Тұран” мектебiне “Дене шынықтыру және география” пәнiнiң мұғалiмi Ахметжан Ахмедов директор болып келгелi бiлiм ошағының айналасындағы жұмыстардың негiзгi тақырыбы – тексеру болған. Оған негiзгi себеп – мектеп директоры өзiне жақпайтын жеке педагог кадрлар мен орынбасарлары: М. Ахмедова, З. Ташниязова, А. Абдунабиева, Н. Юлдашева мен Ж. Дадановтарды қудалауға алып, олардың бiразын ешқандай негiзсiз жұмыстан босатcа, қалалық бiлiм бөлiмiнiң бастығы Кенжетай Құрманбайұлы бiраз жылдардан берi мұны байқамаған қалып танытады.

Азаматтық құқы бұзылған “Тұрандық” педагогтардың арызданбаған жерi қалмаған. Алғашқы ескерту-ұсыныс қаржы полициясы тарапынан 07. 08. 2007 жылы Түркiстан қалалық бiлiм бөлiмiнiң бастығы Кенжетай Құрманбайұлына ресми тапсырылған. Бiрақ, тиiстi арызға тиiстi мән бермеген бiлiм бөлiмiнiң мамандары iстi бiлiктi комиссия құрамымен тексере келе, мектеп директорына ескерту беретiн де негiз таппапты. Бiздiң бұлай деуiмiзге негiзгi себеп – қайта тексеру комиссиясының құрамында ОҚО Бiлiм департаментiнiң инспекторы А. Таштанов, қалалық бiлiм беру бөлiмiнiң инспекторы М. Ибраева, заңгер У. Умарбеков, психолог-маман З. Изатуллаева, “Темiр” мектебiнiң педагогы А. Мурабовалар болған тексерулерден соң мектептегi көптеген фактiлердiң расталғанын қалалық бiлiм беру бөлiмiнiң бастығы Кенжетай Құрманбайұлының көзiнше педагогикалық кеңесте ашық айтады.

Атап айтқанда, “қудалаушылық” пен оқушылардың сабаққа қатысу дәрежесiнiң төмендiгi, мектепке келмеген оқушылар Шахноз Мариянова мен Санобар Салиеваларды “Ташкент қаласы, Ұлықбек ауданына қарасты №35 мектебiнде оқыды” деген жалған анықтамаларды сонау Ташкенттен кiмнiң мектепке әкелгендiгi тексеру барысында анықталмаған. Анықтама бар, iске тiгiлген, бiрақ оны мектепке, қалалық бiлiм беру бөлiмiне кiмнiң кiм арқылы алып келгендiгi ашылмай қалған. “Қырқы жабылып қырқа аса алмаған” демекшi, бiлiктi мамандардың тексеру қорытындысы мен iс нәтижесi осы.

“Тұрандық” мұғалiмдердiң арызына қатысты Түркiстан қаласының прокуроры Б. Ержаппар мырза өзiнiң №106ш-06 ресми хатында: “Тексеру барысында, ҚР “Еңбек туралы” Заңы талаптарының бұзылғаны, сонымен қатар ҚР Президентiнiң “Азаматтардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы” Заң күшi бар Жарлығының 5 бабы бұзылып, мектеп директоры арызды тiркеуге алмай, қараусыз қалғаны анықталды…” деген нақты жауап берiп отыр. Билiк иелерiне ресми ұсыныс, хат иелерiне тиiстi жауап берiлген. Бiрақ қалалық бiлiм бөлiмiнiң бастығы Кенжетай Құрманбайұлы осындай өрескел фактiлерге көзiн жұмып, “Тұрандық” директорға шара көрместен, бiлiм саласындағы сыбайлас жемқорлыққа ыңғайлы жағдай туғызып отыр.

Ал Түркiстандық қаржы полициясының өкiлi, подполковник М. Жүнiсов “Тұран” мектебi жайлы өз тексеруiн былай қорытындылайды: “Оңтүстiк-жарық” ЖШС-нiң электригi М. Абдуллаев өзiнiң негiзi басқа қызметi болса да “Тұран” мектебiнде 26 ай жұмыс iстеп, 236 245 теңге айлық жалақы алған. Тура сол сияқты мектепке “еңбек сiңiру арқылы” Түркiстан қаласы “Терi-венерологиялық” диспансерiнiң медбикесi Р. Сыздықова 31412 теңге айлық жалақы алған. Сондықтан “Тұран” орта мектебiнiң директоры А. Ахметовтың iс-әрекетiнде ҚР “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заңының 12 бабы 1 бөлiмiнiң 4 тармағында қаралған “Шешiмдер әзiрлеу мен қабылдау кезiнде заңды және жеке тұлғаларға артықшылық көрсету фактiсi орын алғаны анықталып отырғанына байланысты” оған, мектеп директорына қатысты Кенжетай Құрманбайұлының тиiстi тәртiптiк шара көруiне ұсыныс жасаған. Кенжетай Құрманбайұлы бұл ұсынысқа құлақ аспастан, мектеп директорына шара көрместен қала мектептерiндегi сыбайластықтың өршуiн қалайтын кейiп танытып келедi.

Зерттеу барысында анықталғанындай, ресми тексеру қорытындысы бойынша “Тұран” орта мектебiнiң директоры А. Ахмедовтың тарапынан 2006-2007 оқу жылдарында бюджеттен бөлiнген қаржыларды игеруде едеуiр заң бұзушылықтарға жол берiлген. “Қос мезгiл” ЖШС-i және “Тоқсұлу” селолық өндiру кооперативi мектепке парта мен орындықтар сатып әкелу барысында ҚР 2005 жылы 5 ақпанда қабылданған “Мемлекеттiк сатып алу туралы” № 351 Заңының 12 бабын пайдалана отырып, тауарлар бағасын салыстыру бәсекесiне қатысатын сертификаттары болмаған. Сондай-ақ, “Қос мезгiл” ЖШС-i және “Тоқсұлу” селолық өндiру кооперативiнiң басшылары, бiр отбасының мүшелерi екендiгi ескерiлместен, жеке кәсiпкер Б.Ирисметовтың мектептiң жылу жүйесiн құны 41400 теңге тұратын 6 дана шойын радиаторлар берумен мезгiлiнен кешiктiрiп, 2007 жылдың наурыз айында ғана атқарылған жұмыс көлемiнiң кесiмi яғни акт жасалғаны анықталып отыр.

Осы аталған фактiлер мен айғақтардан соң Түркiстан қалалық бiлiм бөлiмiнiң бастығы Кенжетай Құрманбайұлы осы аталған заңсыздықтарға көз жұмып отыр немесе сыбайластыққа ықпал жасап отыр деуге толықтай негiз бар.

ОҚО прокуратурасы мен ОҚО Қаржы полициясының ұсыныстарына пысқырып қарамаған Кенжетай Құрманбайұлы “Тұран” орта мектебiнiң директорын бүркемелеп қызметте сақтау арқылы 2007-2008 оқу жылдарында оқушылардың санын жалған көбейту тәсiлiн ұстанып, бюджеттiң 840000 теңгесiн шығынға ұшыратқан. Бұл жәйт “Вахидова” орта мектебiнде де орын алып, 3 сыныпта бар-жоғы – 12 оқушы, 4 сыныпта – 16 оқушы, 10 сыныпта – 17 оқушы оқыса, 11 сыныптағы екi сыныпта бар-жоғы – 20 оқушы болған. Сыныптарды нормативке сай қамтуда көз жұмған К. Құрманбайұлы осындай олқылықтардың салдарынан жыл бойында атқарған “қызметi” арқылы бюджетке қыруар қаржы зиян келтiрген.

Бұған қосымша, қала мектептерiнде жалған аттестат жасау фактiлерi, артық алу мен жарамсыз деп сылтау айту арқылы аттестат саудалау фактiлерi тергеу орындарының назарында екендiгiн ескертемiз. Бұл турасында ОҚО Қаржы полициясы ауданаралық басқарма бастығы Н. Әбдезовтiң К. Құрманбайұлына жасаған ресми ұсынысынан байқауға болады.

Қалалық бiлiм бөлiмi 16.10.2008 жылы “Тұран” орта мектебiнде бiр күндiк тексеру жүргiзген. Тексеру барысында мектеп әкiмшiлiгi мектептегi оқу-тәрбие жұмысын осалдатқаны анықталды. Қалалық қаржы полициясы басқармасының 06.11.2008 жылы №16-18-3591 ұсынысында көрсетiлгендей биылғы жылы осы мектептi бiтiрген 38 оқушының 9-ның аттестатындағы бағалары өзгертiлiп қойылғандығы белгiлi болды. Осы фактiге байланысты Тұран орта мектебiнiң директоры А.Ахмедовке қалалық бiлiм бөлiмi “қатаң сөгiс” берген.

“Түркiстан қалалық бiлiм беру бөлiмi” мемлекеттiк мекемесiнде 2008 оқу жылында бюджетте қаралмаған “142 ерекшелiк” бойынша бiрталай қаражат мақсатсыз жұмсалғаны дәлелденiп, мекеме қызметкерлерi: М. Саитова, Д. Бекенов, Д. Кенжетаев, З. Смағулов, Ж. Нуржаеева, Ф. Ташметова мен Б. Сармановалар аталған соманы нақты төлеммен қайтарған. Осындай мемлекеттiк қызметкерге оқушылар мен мұғалiмдердiң тағдыры мен өмiрiн сенiп тапсыруға бола ма?

Қаладағы өзбек сыныптарының сабақ үлгерiмi сын көтермейдi. 2008 жылдың кешендi тест қорытындысы бойынша ҰБТ-ға 1139 оқушының 397-сi ғана қатысқан. Бұл барлық оқушылардың 34 пайызы. Олардың тағдыры кiмдi ойлантты екен? Ал ҰБТ-ға қатысқан оқушылардың алған балы 43 баллға зорға жеткен. Бұл жақсы оқимын, жоғарғы оқу орнына түсемiн деген талапкердiң бағасы. Кейбiр мектептерден ҰБТ-ға бiрде-бiр оқушы бармағаны белгiлi. ҰБТ-қорытындыларының нәтижесiн көтеремiн деген мақсатта басқа ұлт оқушыларының кешендi тесттегi бағаларын жалпықалалық қорытындысынан алып тастау фактiлерi де орын алды.

Мәселен қалаға қарасты 27 өзбек мектептерiнiң ҰБТ қорытындылары бойынша шыққан нәтижесi – 50 баллға жетпеген. Шерт, Иштиход, Әуезов, Югнаки, Шыпан, №16-шы мектеп, Молда Мұса, Айтжанов, Яссави мектептерiнiң орташа балы 50-ге де жетпеген. Мектептi “алтын белгiге” бiтiрген Рамазан Юлдашев кешендi тесттен өте алмаған. Осы оқиғаға орын берiп отырған қалалық, облыстық комиссия қайда қараған? Сонда “алтын белгiнiң” құны болмағаны ма?

Түркiстан қаласындағы бiлiм саласындағы былықтар жайлы басқа да басылымдар жан-жақты жазған. Аудандық мәслихаттың депутаты болған және Түркiстан қаласының “Құрметтi азаматы” атанған №18 Ж.Едiлбаев атындағы мектеп директоры Забира Құрманбаеваның атынан бiраз шу шықты. Бұл депутат қазiргi күнде мандатын тапсырған көрiнедi. “Дiл” газетiне айтқан пiкiрiне құлақ түрсек, Түркiстан қаласының бiлiм саласы сыбайлас жемқорлықтың ұясына айналған ба деп қаласың. Директор не дейдi: “Қаладағы барлық мектеп ұжымда неше мұғалiм болса, сонша мыңнан жинап, буып-түиiп отырады. Мәселен, өткенде облыстан бiр комиссия келiп, 7 миллионды сыпырып кеттi. Оның кiм екенiн де бiлмеймiз. Әне, сонша ақша жинап жатқанда, бiз бiр тиын бермедiк. Мүмкiн мына арызды сол ақша жинамағаным үшiн “бiреулер” қасақана ұйымдастырып отырған шығар?” – дедi.

Мiне, қызық, сонда жемқорлықпен күресiп, халықтың мүддесiн қорғайды деп сенiп отырған қалаулымыз, Түркiстанның “Құрметтi азаматы” (басқа атақ-даңқын санамаламай-ақ қояйық.) Забира Құрманбаева 7 теңге емес, бақандай 7 миллион теңгенi тапа-тал түсте түгiмен жұтып кеткен жемқорды, ашығын айтқанда “комиссиясымақты” “бiлмейдi” екен…” – деп басылым авторы осылай ой қорытады. Сонда қалалық бiлiм бөлiмiнiң бастығы Кенжетай Құрманбайұлы бұл жағдайға мән де бермейдi. Сонда ұстаздар мүддесiн кiм қорғайды?

Түркiстанда заң шеңберiнде жабылып, былай “iстеп” жатқан жаңа типтi бiлiм ошағы да бар. Ол туралы “Түркiстанда бiр мектеп жабылып қалды” деген мақала жазғанбыз. Осы мектептiң дауына тек мектеп директоры О.Әмiреев қана шырылдап жүрсе, қалалық бiлiм бөлiмiнiң бастығы К.Құрманбайұлының мiз бақпай жүргенi бiздi таң қалдырды.

Соңғы уақытта Оңтүстiк Қазақстан облысының қаржы полициясы Түркiстан қалалық бiлiм беру бөлiмi қызметкерлерiне қатысты қылмыстық iс қозғағаны жұртқа мәлiм болды. Сенiмдi дерек көздерiне қарағанда, қалалық бiлiм бөлiмi құны 18 миллион теңге тұратын балабақша ғимаратын 35 миллион теңгеге сатып алған. Қаржы полициясы бiлiм саласындағы былықтарға көз жұмып қарамай, нақты шаралар жасауға кiрiстi.

Осы мақаланы баспаға дайындап жатқанымызда Түркiстан қаласының мектептерiнде төбе шашты тiк тұрғызатын сұмдық оқиғалардың орын алып жатқанын есiтiп жағамызды ұстадық. Ол жөнiнде қолымызға нақты деректер де келiп түстi. Тек ғана бұл фактiнi жан-жақты зерттеп, оқырмандар назарына ұсынамыз деген ойдамыз. “Бiлiм саласындағы былықтар “ дегенiмiз бұл оқиғаның көлеңкесiнде қалып кетпесе болғаны.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары