ПАРИЖДЕ ӘУЕЛЕДI ҚАЗАҚ ӘНI

ПАРИЖДЕ ӘУЕЛЕДI ҚАЗАҚ ӘНI

ПАРИЖДЕ ӘУЕЛЕДI ҚАЗАҚ ӘНI
ашық дереккөзі

Осыдан 80 жыл бұрын Парижде Әмiре Қашаубаев қазақ әнiн әуелетiп, француздықтардың алдында қазақ мерейi мен мәртебесiн бiр арттырғаны есiмiзде. 1925 жылдан кейiн қазақ ән-күйiне және дәстүрлi айтысына қайтадан есiгiн айқара ашқан Париж театры тыңдаушысын қазақтың ән-жырына елiтiп, айтысына тәнтi еттi.

Жалпы, шетелде бұған дейiн "Қазақтың кiшi құрылтайлары" өткiзiлiп келгенi белгiлi. Бiрақ, осы бағдарламаның аясынан қазақтың дәстүрлi айтысы тыс қалушы едi. Шетелде қазақ айтысы осыдан екi-үш жыл бұрын алғаш Мәскеу төрiнде өткiзiлген болатын. Ресейлiк қандастарымыз төл өнерiмiздiң бұрынғы метрополияның аспанында қалықтап, бас театрында өткенiне қуанып қол соқты. Айтыс жанашыры, оның сахналық үлгiсiнiң қайта жаңғыруына үлес қосып келе жатқан, бүгiнде Қазақ радиосының бас директоры Жүрсiн Ерман айтыс өнерiнiң таралу өрiсiн тек Қазақстан аумағында ғана қалдырып қоймай, шетелге де жеткiзудi басты мұрат тұтқан екен.

Сөйтiп, Париж аспанында теңдесi жоқ төл өнерiмiз еуропалық тыңдаушысын тапты. Әрине, бұл шараның бәрi шетте жүрген, тағдырдың тәлкегiмен атамекенiнен жырақта қалған қазақ диаспорасы өкiлдерiне арналып өткiзiлiп жатыр.

— Қазiр жалпақ есеп бойынша, Еуропада 10 мыңдай қазақ тұрады. Оның 500-дей отбасы Францияда тiрлiк етедi. Концертке Еуропаның 10 елiндегi қазақтардың барлығы келдi. "Еуропа қазақтарының үйлестiру кеңесi" мәдени орталығының төрағасы М. Зенгиннiң оны ұйымдастыруға сiңiрген еңбегi мол болды, — дейдi Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының I орынбасары Т. Мамашев.

Демограф ғалымдарымыз Еуропадағы қазақтардың бүгiнгi буынының өз ана тiлi мен мәдениетiнен жырақтап бара жатқанын айтып, дабыл қаққанына да бiрталай уақыт болған едi. Аталған шараны өткiзiп қайтқандардың айтуына қарағанда төл өнерiмiзге сусындап отырған қазақтың қаракөздерi онда аз болмапты. Париж қаласының Елисей алқабындағы "Хош" концерт залында ине шаншар жер болмаған екен. Жасы келген үлкендер қазақ әншiлерiнiң концертiн жылап отырып тыңдап, айтысты аса бiр тебiренiспен қолпаштаса, қазақ жастарының да дәстүрлi өнерiмiзге деген ынта-ықыласы ерекше болғандығы көрiнiп тұрды.

Сонымен бұл жолғы айтысқа шашасына шаң жұқтырмаған айтыс ақындары Аян Сейiтов, Жандарбек Бұлғақов, Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Бекарыс Шойбеков, Нұрмат Мансұров, Ринат Зайытовтар қатысып қайтты. Париж төрiнен ерекше әсермен оралған Бекарыс Шойбеков Ринатпен айтысында бұл айтыс өнерiнiң француздарда да, шумерлерде де, басқа да көптеген халықтарда да болғандығын, бiрақ, оның бүгiнге жетпей жойылып кеткендiгiн айтып, қазақтың артықшылығының өзi осы айтыс өнерiн сақтап қала алғандығында екендiгiн мақтанышпен жырлағанын айтады.

— Айтыс соңында француздың бiр өнер зерттеушiсi маған келiп, "сiз француздарда айтыстың болғандығы туралы айттыңыз. Бұны немен дәлелдей аласыз?" деп сұрады. Мен көптеген өнер зерттеушiлерiнiң осындай байлам айтқандығын жеткiздiм де, өзiнен "сiздiңше, бұл ақпарат шындыққа сая ма?" деп қайыра сұрадым. Сөйтiп ем, ол "қазiргi ариялардағы диалогтар осының айғағы сияқты көрiнедi де тұрады. Бiрақ, бұл өнердi қайта жаңғырту үшiн не iстеуге болады?" дегенi. Мен оған "Ол үшiн ең алдымен ғылыми тұрғыдан нақты зерттеу қажет, екiншiден, француздың Жүрсiн Ерманы болуы қажет" дедiм, — дейдi Бекарыс Шойбеков.

Сондай-ақ, бұл өнер мейрамында Бекболат Тiлеухан, Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейiсова, Көпен Әмiр-Бек, Рүстем Күлшебаев, Мейiржан Ермегияев, Еркiн Шүкiманов, Ардақ Исатаева, Елмұра Жаңабергенова, Талғат Мұқышев, Қазыбек Әдiкеев, Айгүл Батырқайырова, Сабира Бибатырова, Айгүл Елшiбаева, Мөлдiр Бақытжанқызы секiлдi майталман өнер иелерi де өнер көрсеттi.

Айтысты тiкелей ұйымдастырушы Жүрсiн Ерманның айтуына қарағанда негiзгi идеяның авторы Ақпарат және мәдениет министрi Ермұхамет Ертiсбаев болған екен. Ал оған демеушiлiк жасаған кәнiгi меценаттар Амангелдi Ермегияев, Өмiрзақ Сәрсенов, Дәулет Тұрлыханов, Ерлан Атамқұлов, Қызылорда облысының әкiмi Мұхтар Құл-Мұхаммед, Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетовтер. Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов олардың Парижге ұшып барып келуiне жағдай жасап, арнайы ұшақ жасақтаған екен. Ал, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының I орынбасары Талғат Мамашев Еуропадағы қазақтардың басын қосуға қол ұшын созып, ұйымдастыруға көмек көрсетiптi.

Дүниежүзi қазақтарының биылғы дәстүрлi Кiшi құрылтайы алдағы мамыр айында Норвегия астанасы Осло қаласында өткiзiлiмек. Айтыскерлерiмiз бұл мерейтойдың да көрiгiн қыздыра түсетiн болады.

Есенгүл Кәпқызы