ГҮЛЖАМАЛ

ГҮЛЖАМАЛ

ГҮЛЖАМАЛ
ашық дереккөзі
328

Гүлжамал көзiн ашқанда, үй қараңғы болатын. Қабырғада iлулi тұрған электронды сағатқа көз салды. Он бiр болып қалыпты. Ол терезенi ешкiмнiң ашпағанын түсiнген. Көп әрi қатты ұйқыдан солқылдаған басын қолымен қысып, сыртқа беттедi. Далада жаңбыр жауып тұр екен. Су-су Ақтөс әлденеге мәз болып, арсалаңдайды. Ол иттi аяғымен теуiп жiбердi.

— Кет!

Үйдiң маңында да ешкiм жоқ тәрiздi. Тым-тырыс. Кенет бақша жақтан әлдебiр дыбыс естiгендей болды. Жақындай келе Майраның дауысын таныған.

Балабақшадан тағы қалып қалған болу керек. Жылап отыр. Ол адуыңды адымдап, дауыс шыққан жаққа беттедi. Тұла бойын кернеген күштi дәл қазiр әсiресе айқын сезiнген. Жасы он төртке толмаған одан мектепте өзiнен екi-үш жас үлкен ұлдар да жасқанатын. Түсiнiксiз мiнезiнен бе, әлде кескен томардай кесек жартылысынан ба, ешқашан жақын құрбысы да болған емес. Шындап келгенде ол қыздарды ұнатпайды. Әлжуаз, не болса соған көз жастарын көл қылып отырғандары. Сонысына қарамай олардың өзi туралы "еркекшора" деп сыпсыңдайтындарын қайтесiң. Ақымақтар. Қазiр де мына қыздың ботасынан айырылған iнгенше боздаған дауысы ызасын келтiрген.

— Не болды?

Жылап-жылап қарлыққан үнмен әлдененi былдырлай бастаған Майраның бiрде-бiр сөзiн түсiнген жоқ.

— Не болды деймiн саған?

— Есi-iктi аша алмай отырмын…

— Саған дәретханаға отыруға болмайды деп айтылды ғой. Неге кiрдiң?!

Майраның жылаған дауысы зарлы шықты.

— Ендi отыр осылай. Ашпаймын. Әке-шешең көрсiн мына түрiңдi.

Гүлжамал жаңбырдың суық тамшыларынан қорғанатын жер iздеп жан-жағына қарады. Көзiне еш нәрсе iлiне қоймаған соң, назарын қайта дәретханаға аударған:

— Ауызыңды жап!

— Гүлжамал, аш-ш-шы…

— Саған айтылды ғой дәретханаға кiрме, iшiне түсiп кетесiң деп, неге тыңдамайсың?

— Мен i-iшi-iне түспеймi-iн…

— Сен бе? Түскенде қалай түсесiң!

— Түспеймi-iн!..

Ол есiктi жұлқып тартып қалғанда, ескi ағаш дәретхана солқ ете түскен. Бүрiсiп бұрышқа тығылған Майраны қолынан тартып орнынан тұрғызды.

— Мiне, мына тесiкке түсiп кетесiң. Алдымен былай аяғың кiредi. Содан кейiн белiң кiредi.

Жанұшыра тырмысқан кiшкентай қыздың қобыраған ұзын шашы аузына кiрдi. Әсiресе шырқыраған ащы үнi ашуын қоздырған. Басын оңай тықты. Содан кейiн былш еткен жағымсыз дыбыс, Майраның әлсiз құмыққан үнi естiлдi. Ол кеудесiнен ауыр жүк түскендей жеңiлдегенiн сезiнген. Үйге кiрiп, теледидарды қосты. Мультфильм көрсетiп жатыр екен. Ол төсегiне қайта құлады.

СҰЛУЛЫҚ

Ол әдемi болатын. Ол айнаға қарап тұрып, өзiнiң бұл өмiрге келу себебi туралы ойлайтын. Егер Жаратушы бұған осыншама сұлулық берген болса, оның жөн-жосықсыз, мақсатсыз болуы мүмкiн бе? Мүмкiн емес тәрiздi. Бұл қазынаның әлдебiр, дәретке отырып, жуынбаса кiрлеп, настанып кететiн еркекке, мейлi, ол әлемдегi ең көркем, ең ақылды еркек болсын, кәдiмгi пенде еркектiң несiбесiне берiлуi мүмкiн емес. Ол айнаға қарап осылай ойлайтын. "Мақұл, — дейтiн содан кейiн, — тiптi солай-ақ болсын. Бiрақ, қалай?" Мүмкiн емес тәрiздi. Ол сондай-ақ өзiнiң, осы мiнсiз, сұлу денесiнiң ажалды екендiгiн бiлетiн. Сондықтан барынша абайлап жүруге тырысатын. Көшеден өткенде, көлiкке мiнгенде жаны мұрнының ұшына келетiн. Ешқашан, еш жерде түнге қалып көрген емес. Ол адамдардың түрлi хайуандыққа баратынын, аяусыз екендiгiн бiлетiн. Ол осылайша ұзақ өмiр сүрдi. Әдемi қартайды. Содан кейiн күндердiң бiр күнiнде әдемi өлдi. Оның табиғат шебердiң қолынан шыққан мүлтiксiз денесiне сызат түскен жоқ.

ТҮҢIЛIС

Мен өзiмнiң бұл оқиғаға қалай тап болғанымды бiлмеймiн. Барлығы әдеттегiдей басталған. Сенбi күнi түс ауа Сәкен телефон шалды. "Тауға барайық" деген ол. Даусынан бiр нәрсенiң болғанын түсiндiм. Тегiн емес. "Қазiр тауға барайықшы" дедi ол қайталап. Мен: «Кеш болып кеткен жоқ па?» деп сұрадым. Ол телефон тұтқасын қоя салды. Жүрегiм қобалжып қалған. Үйiне қайтара звондағанымда, ешкiм жауап бермедi. Не деген адам деп ойладым. Не деген адам? Уайымдайды-ау деп неге ойламайды. Бiрақ мен уайымдаған жоқпын. Себебi аш болатынмын. Түскi ас қамына кiрiсiп кеттiм. Ұзын кеспенi суға пiсiрiп, үстiне бұрыш сеуiп отыра бергенiм сол едi, телефон қайта шырылдады. Сәкен екен. "Не болды?" деп сұрадым бiрден. "Еш нәрсе. Қолың бос па?" "Бос". "Сөйлесе аласың ба?" "Иә". Өзiме-өзiм таң қалдым. Дауысым бiртүрлi, салқын шықты. Бейнебiр әдейi қырсығып отырғандаймын. Шындығыңда маған бәрiбiр болатын. Тiптi тауға да баруға дайын едiм. Ол үнсiз қалды. "Сәкен, не болды? Айтсаңшы!". Дауысым тiптi қатқыл шыққан сияқты. Аздап ызалана бастағанмын. Мүмкiн түскi тамақ уақыты өтiп бара жатқандықтан болар. Бiлмеймiн. Байланыс үзiлiп кеттi. Телефон тұтқасын қойып, дастарқан басына отырдым. Ендi Сәкен ойымнан шықпай қойған. Не болып қалды екен? Ол өзi қызық жiгiт. Түсiнiксiз деуге бола қоймас. Түсiнiктi. Тiптi аздап қарабайырлау. Бойы ортадан төмен, толық. Денесi бос, дөңгеленiп жүредi. Еш нәрсеге икемi жоқ. Еш жерде орнығып кызмет те iстей алмайды. Шатып-бұтып, тиiп-қашып қоңырқай тiрлiкке жететiн табыс табады. Үстiндегi лыпасы да көнетоз, күнде көрiп жүрсең де, не киiм киiп жүргенiн былай шыға бере түстеп айта алмайсың. Адамдармен араласа алмайды. Ақыл-есi дұрыс, сөзi түзу. Бiрақ танысып, сөйлесе бастаған кезде жылпылдап, ұнауға барынша тырысып, бейтаныс кiсiнi үркiтiп алады. Басында маған да күдiктi көрiнген. Ол кезде екеуiмiз бiр мекемеде қызмет еттiк. Үйiрiлiп, жөн-жосықсыз ананы бiр, мынаны бiр сөз етiп, қалт ете қалса қасыңнан табылатын жiгiт маған өте ұнамайтын. Тiптi, онымен амаңдасудың өзi азап болатын. Бiрақ бiрте-бiрте бойым үйренiп кеттi. Еш зияндығының жоқ екенiн, жалғызсырап жүрген бiр бейбақ екенiн түсiнгенмiн. Содан кейiн көп ұзамай ол жұмыстан шығып кеттi. Дегенмен екеумiз хабарласып тұратынбыз. Бiрге футболға барамыз, кейде тауға шығамыз. Етене араласып кетпесек те, таныстығымызды жалғастырып жүрдiк. Оның үстiне өзi де тым аралас-құралас болып кетуге ниеттене қоймады. Жақындықтан менен бұрын өзi қорқатындай көрiндi маған. Ал бүгiнгiсi мынау. Таң қалдым. Екiншi жағынан, ызам келдi. Тыныштығымды осынша дөрекi бұзуға оның қандай қақы бар? Жағдайын неге дұрыстап айтпайды? Неге мен оны ойлауға, алаңдауға тиiспiн? Қолыма кiтабымды алып, төсекке жайғастым. Сол-ақ екен, телефон қайта шырылдады. Тұтқаны бұл жолы шынымен ашуланып көтердiм. "Алло?" "Бұл мен ғой". "Сәкен, не болды? Жөнiңдi айтсаңшы, не керек саған?". Ол тағы үнсiз қалды. "Не болды?!" Жалғыз бөлмелi үйдi басыма көтердiм. Бұлай ашуланбағаныма талай уақыт болған шығар. Менiң өзiм де адамдармен аса араласа бермеймiн. Тiптi адамдарды ұната да бермеймiн. Олардың бiтпейтiн сыздауық әңгiмелерi, өкiнiштерi, арзан күлкiлерi мен көз жастары жүрегiмдi айнытады. Әлемде жалғыз адаммен байланысып едiм, оның өзiнiң iстеп тұрғаны мынау. Қалай ашуланбассың? Ол телефон тұтқасын қайта қоя салды. Шырылдауық аппаратты жерге бiр ұрып быт-шытын шығарғанмын. Жетедi, бiттi! Неге бүкiл дүние өртенiп кетпейдi екен, осы?

МЫСЫҚ

Ертең ауылға барамын. Ауылда тiршiлiк тоқтап қалған. Күнделiктi күйбеңнен өзге ауылдағы адамдарды еш нәрсе толғандырмайды. Ол жердегi махаббаттың өзi жайбарақат. Ешкiмнiң есi кетiп, дүниенi талақ етпейдi. Барлығы бiрқалыпты, өзiнiң шарықтау шегiне енжар жетiп, сырғып түседi де тәмамдалады. Қаладағы арпалыс, ағылған машиналар қаныңды қыздырып, жүрегiңнiң соғысын жылдамдатады. Сондықтан тезiрек ауылға кету керек. Бiр нәрсе бүлiнбей тұрғанда, өзiңнен де, өмiрден де жиiркенiп безiп кетпей тұрғанда ауылға жетiп алу керек.

Оның мысығы бар. Ересек тарта бастаған, ұйпа-тұйпа, ұрғашы мысық. Балалығы қалмағандықтан, ара-тұра жүгiрiп ойнап алады. Бiрақ көбiнесе маңғазданып, сен жаққа менсiнбей көз тастап жатады. Ол маған басында ұнайтын. Төсекке қисая қалсаң, қасыңа жетiп келiп ыңғайланып жайғаса бастайды. Содан кейiн тұрып кету мүмкiн емес. Көңiлiн қимай жатасың.

Ол мысығын жақсы көредi..

Күз аяқтала бастаған кезде, мысық түлеуге кiрiстi. Жер дүниенiң барлығы жүн, талшық. Шай iшiп отырып, тамағыңа кептелiп қалғанын сезесiң. Жүрегiң айниды. Бөлмеге күн түскен кезде шаңмен араласып, қалқып жүрген аппақ талшықтарды көресiң. Мен: "Мысықты апарып таста!" дедiм. Ол басында қарсы болған. Бiрақ менiң шынымен де қиналып жүргенiмдi көргеннен кейiн келiстi. Жануардың кiнәсi жоқ екенiн бiлiп тұрсам да, кеудемде орнығып алған жиiркенiш жан-дүниемдi жегiдей жеп бiттi. Содан кейiн Оның мысыққа деген ерекше мейiрiмi де жынымды келтiре бастады. Бiрде жұмысынан телефон шалып, мысықтың хал-жағдайын сұраған.

— Қазiр ғана оқтаумен басынан бiр ұрдым, — дедiм мен қалжыңдап.

— Неге?

Дауысы өзгерiп кеттi..

— Дастарқанға шыққан соң… Уайымдамай-ақ қой. Кiшкене қимылсыз жатты да, тұрып кеттi. Тек басын сiлки бередi.

— Мен сенi өлтiремiн.

— Немене?

— Өлтiремiн. Өлтiремiн, — дедi ол қайталап. Дауысында ызғар бар. Денем тiтiркенiп кеткен.

Шыдамым таусылып бiттi. Үйде тамақ iшуден қалдым. Ақыры ол мысығын алып кеттi. Досының үйiне. Содан кейiн үйге кеш келетiндi шығарды. Бара-бара бұнысы тiптi жиiлеп кеттi. Бар айтатын уәжi "Мысықты барып көрiп жүрмiн". Шынымен де ол да бiр тiршiлiк иесi емес пе. Аты-жөнi жоқ далаға лақтырып тастауға болмайды.

— Қайта алып келемiн десең, алып кел,— дедiм мен оған бiр күнi,— түлеп бiткен шығар.

Ол мысықтың әрi-берi жүргеннен қатты қорқатынын, сондықтан жануарды бұлай қинай бергеннiң обал екенiн айтты. Сонымен, барлығы орнына келген сияқты едi. Бiрақ бүгiн төртiншi күн, ол жоқ.

Досының үйiне хабарласқанымда олар оның мысықты алып кеткенiн айтты. «Қайда екенiн бiлмеймiз» дедi. Еш жерде жоқ..

Мен ауылға кетемiн деп шешiм қабылдадым. Бiрақ ешқайда барған жоқпын. Оны күтiп жүрмiн. Бiреулер оның мысық жетектеп жүргенiн саябақтан көрiптi. Сол жерге бардым. Бiр күнi кездестiрдiм де. Ол ұзын бойлы, денелi жiгiт ағасы. Түрi де салиқалы, салмақты. Қарбығау тағып, жiппен мысық жетектеп жүргенi алыстан күлкiлi көрiнедi екен. Қастарына жақындап, мысықты қолыма алдым.

— Қайда жүрсiң?

— Осында пәтер жалдап тұрып жатырмын.

— Үйге жүрмейсiңдер ме?

Ол маған сынай қарады.

— Сен мысықпен бiрге тұра алмайсың ғой.

— Тұра аламын.

Ол басын шайқады.

Мен үйге жалғыз оралдым. Мысық көп дегенде жиырма жыл өмiр сүредi. Содан кейiн оның жағдайы не болады? Бiлмеймiн.

Мәдина ОМАРОВА

Серіктес жаңалықтары