АБЫЗ

АБЫЗ

АБЫЗ
ашық дереккөзі
383

Көрнектi дiн қайраткерi Халифа Алтайдың туғанына 90 жыл

Қазақ жүзi жылы адамды "иманжүздi жан" дейдi ғой, атағы алты алашқа мәшһүр болған Халифа Алтай атаны тұңғыш көргенiмде, мен де осындай ойда болдым. Ол кезде жасы сексендi алқымдаған, ислам дiнiнiң бiлгiрi Халифа атаның жанына жақындау былай тұрсын, атағынан ат үркетiн. Әртүрлi жиын тойларда, құрылтай, мәслихаттарда сыртынан көрiп сүйсiнiп жүргенiмде, ол кiсiмен жақынырақ танысудың мүмкiндiгi туды…

1998 жылдың көктемi. Сол жылдардағы Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының I орынбасары, жазушы Қалдарбек Найманбаев марқұм бiр күнi кеңсесiне шақырды. Келсем Халифа Алтай атамызбен бiрге отыр екен.

— Есенгүл, айналайын, — деп бастады Қалдарбек аға жылы үнмен, — сенi шақыртқан себебiм, Құран Кәрiмдi тұңғыш қазақ тiлiне тәржiмалаған Халифа атаңды бiлесiң, осы кiсiнiң "Атажұрттан Анадолыға дейiн" деген кiтабын оқыған боларсың? Ендi сол кiтапты толықтырып, қайта жазып шығу қажет. Әрi бүгiнге дейiн қағаз бетiне түспеген естелiктерi, саяхаттары, сапарлары бар көрiнедi. Соны саған тапсырсам деп отырмын, — дедi.

Қапелiмде не дерiмдi бiлмей қалдым. Ең әуелi Қалдарбек аға секiлдi үлкен адамнан мұндай сенiмдi күтпеппiн, екiншiден, әлем қазағына аты мәшһүр Халифа атаның кiтабына қолғабысым тиедi деп ойламап едiм. Қуана келiсiмiмдi берiп, сенiм артқандарына рақметiмдi жаудырдым.

Сол күннен бастап "Самал-2" шағын ауданындағы Халифа атаның үйiне жиi жолым түсетiн болды.

Ең алдымен "Атажұрттан Анадолыға дейiн" кiтабына толықтырулар мен өзгертулер енгiздiк. Содан кейiн 50 жылдан соң Тәңiр қайта қауыштыруға жазған туған жерiне барғандағы сапары жайында жаздық. Халифа ата маған айтып отырады, мен қағазға түсiремiн немесе диктофонға жазамын. Сосын мен ол кiсiнiң айтқандарын өңдеп жазып әкелемiн де, қайтадан оқып беремiн. Жарықтық осыдан 50-60 жыл бұрынғы Шың Сы Сайдың зұлымдық саясатының салдарынан туған жерiнен қуғынға ұшырап, Гансу Шыңхайға ауып, Тибеттi сағалап, Кашемирге жетiп, Пәкiстанды паналаған жылдары жайында тебiренбей сөйлей алмаушы едi. Әлгi оқиғаларды өзiне қайта оқып бергенiмде, жылап отырып тыңдайтын. Осы сәтте Бибәтiш әжемiз келiп қалатын.

— Ажымды шаршатып алатын болдық қой, неге жылайсыз? Жылауға да болмайды, — деп басу айтатын. Ол кiсiнiң алаң көңiлi атамыздың денсаулығы үшiн шыр-пыр болып жүр де баяғы.

Халифа атаның үйi қонақтан арылмайтын. Бiрi – амандасып кетуге, бiрi – мұңын шағуға, үшiншiсi–танысуға келiп жататын. Қонаққа қабақ шыту деген жоқ бұл үйде. Кiм келсе де, құшақ жая қарсы алып, iлтипатпен шығарып жатқандарын көрiп, құдайы қонақты есiгiнен қаратпайтын Еуропа төрiнде қырық-елу жыл өмiр сүрiп келген қазақтың емес, сары даланың төсiнен кеше келген қазақтың үйiнде отырғандай сезiнушi едiм.

Бiздiң шығармашылық бiрлестiгiмiз бiр жылға жуық созылды. Қағазға, құжатқа мұқият Халифа ата мен келгенше, бүгiн не жазатынымызды, қандай оқиға жайында айтатынымызды алдын ала ыңғайлап, жоспарлап отыратын. Менi бiр таңқалдырғаны жасы 80-нен асып кетсе де, бала кезiндегi оқиғалардың бiрде бiрiн ұмытпай, қаз қазлпында баяндап отыратындығы едi. Өзiнiң туып-өскен мекенiне қайта қауышқандағы айтып жеткiзгiсiз сәттi баяндағанын көрсеңiз. Туған елiнiң түйiр тасына дейiн тәмпiштеп, жатқа айтатынды.

1917 жылы дүниеге келген Халифа Ғақыпұлы 16 жасқа дейiн қамсыз-мұңсыз қазақтың қараша үйiнде, ат құлағында ойнап өседi. 1933 жылы зұлым Шың Сы Сайдың қазаққа қарсы әрекетiнiң салдарынан ел ауа көшкенде, Халекең небәрi 16 жаста болады. Сол күннен бастап, өмiрiнiң 30 жылы қуғын-сүргiнмен өтедi. 18 мың адаммен босқан көштен, Үндiстан өлкесiне барғанда не бәрi 1300 адам қалады. Жол бойы қарусыз, панасыз босқындардың соңынан Қытай, Моңғолия және Кеңестiң мұздай қаруланған әскерлерi түседi. Жазықсыз жұртты бомбалап, Гансу, Шаңхай өлкесiне тоқтатпай, Тибетке дейiн қуғындайды. Тибеттiктер де бейбiт жұрттың пиғылын түсiнбей, құшағын ашып, пейiлiн бермейдi. Қызыл Қытайдың қолына түсiп қалмау үшiн панасыз қазақ босқындары Гималай жоталары арқылы Үндiстандағы Кашмир өлкесiне табан тiрейдi. Тiл бiлмейтiн жадау босқындарды Үндiстан шекарасындағылар да қуана қарсы алмайды. Арып-ашып, суықта тоңып, ыстыққа күйiп, климаты сай келмегендiктен ыс тиiп, аурудан, аштықтан, шаршап-шалдығудан, мұздай темiр құрсанған жандай шаптардың оғынан көбi қырылып қалған азғана босқынның күйi не болар едi, егер, шекара маңындағы тiнту кезiнде олардың бiреуiнiң қалтасынан қасиеттi Құранның бiр аяты табылмағанда. Мұсылманша хатты көргенде, шекарадағы жауынгерлер тiлдерiн бiлмесе де, дiндес бауырларымен қауышып түрғанын сезiнiп, оларды қамқорлығына алады. Үндiстанның да, Пәкiстанның да азаматтығын алмай, қазақ босқындары ретiнде күн көрiп жүрген олар, 1947 жылы ағылшындар Үндiстаннан кетiп, Пәкiстан жеке ел болғанда, Пәкiстан жағында қалады. Ал, 1954 жылы Пәкiстандағы Түркия елшiлiгiнiң қолдауымен Түрiк елiн паналайды. Пәкiстаннан Түркияға беталған көшке мұрындық болған да, оны ұйымдастырып, тиiстi орындарға хат жолдап, себепшi болған да Халифа Алтай болатын.

Халифа ата өз естелiгiнде Үндiстан өлкесiндегi 6 жылда аман қалған азғана түтiннiң бiрде бiрiнiң үйiнде шiлдехана болмағанын айтады. Жантүршiгерлiк дерек қой! Бiрақ, қызыл сойқанның салдарынан осыншама қиындық көрiп, Түркияға келiп табан тiреген осы бiр қазақ көшi туралы естелiктер жарық көргенiмен, оны арқау еткен көркем туынды, болмаса деректi фильм әлi қолға алынған жоқ. Бұл қазақтың өз аумағынан тыс қалған бауырларының тағдырына қатысты тарихының ашылмай жатқан қыры әлi де мол екенiн байқатады.

Түркияға жетiп беймарал тiрлiкке араласқан Халифа Алтай атамыздың мақсаты тек күн көру ғана болмайды. Басынан өткендерiн жырлап "Естелiктерiм" деген атпен латын харпiмен жыр кiтабын бастырып шығарса, түрiк тiлiнде "Атажұрттан Анадолыға дейiн" атты кiтап жазады. Дiни iстермен шұғылданады.

Қасиеттi дiнiмiзден 70 жыл бойы жырақ қалған бауырларының дiни сауатын ашып, жүрегiне имандылық орнату мақсатында көп еңбектендi. Қасиеттi Құранды қазақ тiлiне тұңғыш тәржiмалап, Аравияда бастырып, Қазақстанға әкелiп тегiн таратты. Түрлi дiни ағымдармен күрестi. "Алтайдан ауған ел" кiтабында Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына сапары жайлы жазылады. Сонда партия сарайында Лениннiң қоладан құйылған бас мүсiнiн алып тастап, тұңғыш рет Қызыл сарайда Құран оқығандығы айтылады.

Мен әркез үйiне барғанымда, Бибәтiш әжемiз:

— Осы кiтап жазылып бiтiп, ажым оның жарыққа шыққанын көрсе екен деп армандаймын, — деп отыратын.

Кiтап Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының "Атажұрт" баспасынан 2000 жылы жарық көрдi. Халифа Алтай атамыз одан кейiн де үш-төрт жыл ғұмыр сүрдi. Сөйтiп, ойға алған iсiн ойдағыдай тәмамдады. Жақында ол кiсiнiң туғанына 90 жыл толуына байланысты Қазақстан Жазушылар одағында салтанатты кеш болып өттi. Кештiң өтуiне Жазушылар одағы мен Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы, Халифа Алтай атындағы қор мұрындық болды. Дегенмен, шетте жүрген қазақтың iшiнде тұңғыш халықаралық "Алаш" сыйлығына ие болған

Х. Алтайдың торқалы мерейтойы ескерусiз қалғандай көрiндi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары