ОРАЛМАН ТАҒДЫРЫ — ҚАЗАҚ ТАҒДЫРЫ

ОРАЛМАН ТАҒДЫРЫ — ҚАЗАҚ ТАҒДЫРЫ

ОРАЛМАН ТАҒДЫРЫ — ҚАЗАҚ ТАҒДЫРЫ
ашық дереккөзі
265

Жақында "Темiрқазық" пiкiрсайыс клубында "Қазақстанда оралмандар қашанғы "өгей бала" кейпiн кимек?" атты тақырыпта дөңгелек үстел өттi. Негiзгi баяндаманы "Жерұйық" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Болатбек Төлепберген жасады.

Жиынға қатысушылардың сөз ләмiнен ұққанымыз – күнi бүгiнге дейiн Қазақстан қоғамында оралмандарға деген көзқарастың дұрыс қалыптаспай отырғандығы және олардың қоғамда өзге топтармен араласпай, жеке-дара жүргенi. Бұған кiм кiнәлi? Оралмандар Қазақстанға орала бастаған 17 жылда оларды өзiндей қабылдай алмай отырған қоғам ба, жоқ, өзегiнен теуiп отырған билiк пе? Дәл осы жерге келгенде, ешкiм де жауап таппай тосылып қалғаны рас.

Ал, "Ұлт тағдыры" қоғамдық ұйымының төрағасы Дос Көшiм оралмандарды жеке бiр қоғамдық яки саяси ұйым құруға шақырды. Дос мырза Қазақстанда оралмандардың проблемаларын шешуге ат салысып жүрген бiрнеше қоғамдық ұйымның барлығынан хабардар екенiн, бiрақ, ешқайсысының iстеп жатқан жұмысын бiлмейтiндiгiн айтты. Былтыр "Сеймар групп" меценаттар тобынан 100 мың долларды қанжығасына байлап, iзiм-қайым жоғалған өзбекстандық оралман Артықбай Үкiбаев бастаған Қазақстан Оралмандар одағы республикалық бiрлестiгiн ғана атай алды. Дос Көшiм қазiр ұлттық ұйымдардың алдында негiзгi үш мәселе – жер, тiл және оралмандар мәселесi тұр дегендi айтты. Сөйте тұра, оралмандарды жеке саяси партия құруға үндедi.

Қазiр Қазақстан бiртұтас ұлттық идея төңiрегiнде жұмыла алмай отырғаны әркiмге аян. Бүгiнде екi түрлi идеология, екi түрлi мәдени ортаның өзара күресiнiң куәсi болып жүргенiмiз анық. Орыстiлдiлер мен қазақтiлдiлердiң өзара тартысына үшiншi топ – оралмандардың келiп қосылуы қа¬лай болар екен? Егер, "оралман" проблемасын қазақ мәселесiнен бөлiп қарай алмайтын болсақ, ендеше неге оларды жеке партия құруға шақыруымыз керек? Осы жағы бiздi ойлантып тастады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар "Оралмандар – қоғамның өгей баласы ма?" деген сауал төңiрегiнде жауап iздеп отыр. Бiздiңше, тек оралмандар ғана емес, тәуелсiз Қазақстанда мемлекеттiң иесi қазақтың өзi "өгей бала" кейпiн киiп жүр. Егер, оралман мәселесi шешiлмесе, оны өзгеден емес, осы қазақ мәселесiнен iздеген жөн секiлдi. Айталық, қазақ құндылықтары әспеттелмей отырған, тiлi есiгiнен сығалап, халқы қала маңынан салып алған қара күркесiнен айрылып отырған бүгiнгi қоғамда қазақтың ұпайы түгел деп айта аламыз ба? Ал, қазақ мәселесiнiң былай ушыға түскенi кiм-кiмдi де бейжай қалдыра алмайды. Елiн, жерiн, Отанын көркейту үшiн, өзi тiрлiк етiп отырған жылы ұясын суытып, ат арытып келiп жатқан оралманның қазақ мәселесiне қабырғасы қайыспайды деп кiм айта алады? Бұл – бiрiншiден. Екiншiден, ауыз толтырып айтарлық жұмыс iстеп жатқан оралман ұйымдары жоқ делiк, олар өзара ауызбiрлiкте емес делiк, ал, ұлттық ұйымдардың көз көрiп, көңiл толар қандай iсiн айтуға болады? Ұлттық ұйымдар дегенде, ауызға iлiгетiн қандай қоғамдық бiрлестiк бар? Бұл да ойлантады. Үшiншiден, ұлттық мәселенiң шешiмiн таппай отырғаны – оралман мәселесi болса, ол неге ұлттық ұйымдардың iс-шараларынан тыс қалуы керек. Ол үшiн неге оралман партиясын құру қажеттiгi туады? Төртiншiден, "оралман" деген атаудың өзi өзiмiздi өзегiмiзден тепкендей әсер қалдырады екен. Бұл атау – шеттен келiп жатқан қандастарымызға белгiлi деңгейде көмек көрсету мақсатында, олардың заңдық құқығын анықтау үшiн қолданылған термин делiк. Қазақстан Республикасын азаматтығын алған күннен "оралман" деген ат ұмытылуы қажет. Бiзден өзге өркениеттi қоғам болатын болса, бұл солай болар да едi. Ал, бiз келгенiне алдына 50, соңына 10 жыл болса да, "оралман" атауын телiп, басқа ауылдың малындай, үйiрiмiзге қосудан ат тонымызды ала қашамыз. Сол себептi де, "оралмандар" қоғамда жеке-дара бiр топ ретiнде қалыптасып келедi. Демек, қоғамда идеологиялық үгiт-насихаттың солғындығынан, оларға деген көзқарастың өзгешелiгiнен бүгiнде осындай көзқарас қалыптасты.

"Жерұйық" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Болатбек Төлепберген кейбiр ауылдардағы жергiлiктi қазақтар мен оралмандар арасында өзара қақтығыстардың орын алғандығын сөз етедi. Бұндай деректерден бiз де хабардармыз. Бiрақ, бұл да халықтың әлеуметтiк деңгейiнiң төмендiгiнен туындап отырғандығын ескеруiмiз керек. Мәселен, ауылда тұрмысы төмен қазақ шеттен келiп азын-аулақ мемлекеттiң көмегiне қол жеткiзiп жатқан қандасына көз алартуы да мүмкiн. Қызғаныштың қызыл итi оларды өзара қақтығыстырып қойып отыр. Сол себептi де, "мемлекеттiк көшi-қон квотасын" өзгертетiн мезгiл жеттi. Қазақстанға келушiлердi қолдаудың басқа бiр жүйесiн ойлап табу қажет секiлдi. Мысалы, 10 сотық жер телiмiн тегiн берiп, үй-жай салып алуына мүмкiндiк жасау қажет пе? Немесе, өсiмсiз несие ұсынған жөн бе? Әйтеуiр, бүгiнгiдей нарығы қызып тұрған заманда олардың қоғам өмiрiне бейiмделiп кетуiне қандай да бiр ықпал ету қажет сияқты. Ал, оларды бүкiл-бүтiн қоғам тынысынан бөлiп алып, жаңа бiр саяси топ жасақтаудың, бiздiңше, еш қажетi бола қоймас.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары