КӨШI-ҚОН – МЕМЛЕКЕТТIК САЯСАТТЫҢ НЕГIЗI БОЛУЫ ТИIС
КӨШI-ҚОН – МЕМЛЕКЕТТIК САЯСАТТЫҢ НЕГIЗI БОЛУЫ ТИIС
Құрметтi оқырман!
Араға 13 жыл салып сiздермен қайта қауышқалы отырған "Қоныс" қосымшасы елiмiздегi ең толғақты мәселе – көшi-қон проблемасын қозғайтын болады. Көшi-қон – сырттағы 5 миллион қазақтың атамекенiне оралуы ғана емес, сондай-ақ, күнi бүгiнге дейiн шешiмiн таппаған, қала мен ауыл арасында босқынға айналған жаутаңкөздер, сырттан ағылып келiп жатқан заңсыз миграция, еңбек күшiн желеу етiп, Қазақстанға туын тiккiсi келетiн шетелдiк жұмысшылар және босқындар мәселесi.<br>
Елiмiз тәуелсiздiк алған 16 жыл iшiнде Қазақстанға 1 миллионға жуық қандасымыз оралған екен. Ресми дерек бұл санды 670 мыңның айналасында деп есептейдi. Бiрақ, бұл мемлекеттiк жәрдемақыға қол жеткiзген қандастарымыздың ғана саны. Оның сыртында квотадан тыс келiп орналасып жатқандардың да, 15 жылдағы оралмандардың өсiмi де есепке алынбай отыр. Демек, 16 жылда елiмiзге демографиялық тасқын келiп қосылды десек те болады. Бұл Қазақстанда басты капитал болып есептелетiн — адам ресурсы ғана емес, сондай-ақ, рухани және тiлдiк тұрғыдан қосылып жатқан қисапсыз үлес, тiлмен айтып жеткiзгiсiз өсiм. Бiрiншiден, оралмандардың оралуы — елiмiзде ақсап тұрған тiлдiк мәселенiң шешiлуiне өз септiгiн тигiзерi анық. Бұның жарқын мысалы, елiмiздiң солтүстiк қақпасы болып саналатын Қостанай облысында бiрнеше қазақ мектебi оралмандар шоғырлана орналасқан мекендерде ашылған екен. Өйткенi, Отанына оралғаннан кейiн олар балаларының жат тiлде бiлiм алуына түбегейлi қарсы болыпты. Екiншiден, қазақы мәдениеттiң қалыптасуына зор үлес қосады. Жасыратыны жоқ, қазiр Қазақстан халқы жат мәдениет — орыс мәдениетiнiң айналасында топтасып жатыр. Бұл сеңдi бүгiн ертең бұзу мүмкiн болмай тұр. Ал, оралмандардың оралуы осы сеңдi бұзар мұз жарғыш болары анық.
Дүниежүзi қазақтарының II құрылтайында сөйлеген сөзiнде Елбасы; "Елiмiздегi байырғы ұлт — қазақтардың үлес салмағы 70-80 пайызға жеткен кезде, тiл, рух, дiн мәселелерi өзiнен өзi шешiлетiн болады" деген едi. Құдайға шүкiр, бүгiн қазақтардың саны 60 пайызға жеттi. Бiрақ, бұл дерек бiздiң бойды босқа салуымызға жол бермеуi керек.
Еңбек рыногындағы қатынастардың өзгеруi — жылдам қарқынмен дамып келе жатқан елiмiзге жаңа проблемаларды көлденең тартты. Жыл сайын ресми дерек бойынша, 50-60 мың, ресми емес дерек бойынша, 100 мың еңбек күшiн бiздiң рынок талап ететiн көрiнедi. Осыған орай, шетелдiк еңбек күшiне бөлiнетiн квота да есептелiп жатыр. Бiрақ, бiр нәрсе айқын — елiмiзге келген оралмандардың интеллектуальдық күшiн пайдалану жағының кемшiн түсiп жатқаны. Шеттен келген қазақтардың көбi жұмыссыздардың армиясын толтырып жатыр немесе қара базар жағалап, сауда жасап, алыпсатарлықпен айналысып кеттi. Қазiр қалтасында екi-үш дипломы бар азаматтардың көбiн қара базардан табасыз. Ал, бiз еңбек күшiн шетелден iздеп сабылудамыз. 2015 жылы елiмiзге 1 миллион еңбек күшi қажет болады екен. Өйткенi, ұланғайыр территорияны игеру үшiн жұмыс қолы қажет. Алайда, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi бұл адамдарды шеттегi қазақ ағайындардың арасынан iздеуге құлықсыз. Бiрiншiден, Қазақстанға оралып жатқан қазақтарға деген көзқарас — баяғы қиын-қыстау кезеңде шекара асып кетiп, ел тәуелсiздiгiн алғанда қайта оралып жатқан, мемлекетке алақан жайған қазақ деген пiкiрден аса алмай отыр. Екiншiден, оралманның қолынан бизнес те, экономика да, ғылым да, ел басқару iсi де келедi дегенге сенетiндер аз. Сол себептi де оларға ұсынылар жұмыс өте төменгi деңгейде болады. Көшi-қон комитетiнiң шенеунiктерi оралмандар туралы ақпарат беруде тек статистикалық мәлiметтерге жүгiнедi. Алайда, олардың интеллектуальдық қуатын есепке алмайды.
1992 жылы С. Терещенко үкiмет басшысы болып тұрған кезiнде атышулы №791 Қаулы қабылданған едi. Бұл Қаулы бойынша шетелден келген қазақтар Қазақстан аумағында төлемдердi Қазақстан азаматымен бiрдей деңгейде төлейтiн жеңiлдiкке ие болатын. Қазiр сол Қаулының күшi жойылған. Одан берi дәл осы Қаулы сай келер жаңа құжат қабылданған жоқ. Дүниежүзi қазақтарының III құрылтайынан кейiн, биiк мiнбер оралман мәселесiн жылы жауып қойған едi. 2007 жылғы Президенттiң халыққа Жолдауында да iргелi көш жайында ештеңе айтылмаған едi. Бiз бұл жайында кезiнде мақалаларымызда сөз еткенбiз. Бәлкiм жоғары жақтың құлағына бұл мәселе жеткен болуы керек, Тәуелсiздiктiң 16 жылдығы қарсаңындағы салтанатты жиында сөйлеген сөзiнде Елбасы; "Қазақстан оралмандарды қолдау саясатын жалғастыра бередi" дедi ресми түрде. Ал, биылғы Жолдауында Президент келесi жылғы мемлекеттiк көшi-қон квотасы 20 мың отбасына жететiндiгiн мәлiм еттi.
Қазiр қолда бар ресми дерек бойынша, Қазақстанға оралған 1 миллионнан астам оралманның 7%-ы ғана мемлекеттiк квота бойынша оралған екен. Елбасының Тәуелсiздiктiң 16 жылдығы қарсаңындағы салтанатты жиында сөйлеген сөзiнде Отанымызға оралған 1 миллионнан астам қандасымыздың 650 мыңы мемлекеттiк көшi-қон квотасы бойынша келгендiгi айтылған. Мәжiлiс депутаты Розақұл Халмұрадов қазiр Қазақстанда 30 мыңнан астам отбасы, барлығы 140 мыңға жуық адамның квота ала алмай қиналып жүргендiгiн айтады. Демек, алдағы жылы тағы 5 мың отбасыға көбейiп отырған көшi-қон квотасын жүйелейтiн уақыт жеткен сынды. Үкiмет осы мәселенi шешу үшiн, жаңа Қаулы қабылдады. Ол Қаулы биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асты. Яғни, квотаға енгiзудiң жаңа жүйесi бойынша, ендi балдық жүйеге иек артатын боламыз.
Бұған дейiн мемлекеттiк көшi-қон квотасы талай тақырыптың өзегi болғаны белгiлi. Сарапшылардың көбi мемлекеттiк көшi-қон квотасын басқа бiр жүйемен алмастыру қажеттiгiн көлденең тартады. Алайда, заңгерлер квотаның көшi-қонға бөлiнер қаржының заңдық негiзi болатындығын айтады. Онсыз оралмандарды қолдауға арналған 11 миллиард теңгенiң көзiн табу қиын секiлдi. Мiне, осы мәселелердiң шешiмiн табуды қолға алу керек. Онсыз қордаланған проблемаларды шешудiң мүмкiндiгi жоқ.
Есенгүл Кәпқызы