“ИМПОРТТЫҚ КIТАП" ТӨРДЕ ТҰР...

“ИМПОРТТЫҚ КIТАП" ТӨРДЕ ТҰР...

“ИМПОРТТЫҚ КIТАП" ТӨРДЕ ТҰР...
ашық дереккөзі
137

Бiр заманда жастанып жатып, жарысып та, таласып-тармасып жүрiп те, жұмыс, бала-шағамен жағаласып жүрiп-ақ кiтап оқитын халық едiк-ау. "Кеңес халқының" тоқсан бес пайызы сауатты, көзi ашық болып есептелген кез едi ол. Ақын-жазушылардың кiтаптары алды — жүз мың, арты — он мың тиражбен жарық көретiн, Алматыдағы баспадан шыққан кiтап қиындағы ауылдағы кiтап дүкенiне апта аралатып түсiп жататын мамыражай уақыт едi-ау.

Ностальгияға бой алдырып отырғанымыз емес, өткен күннiң шындығы бұл. Әрине, ол кезде жарық көрген кiтаптардың саны сапасынан алысқа шарықтап кеттi, ақындардың жинағы "Күн көсемдi", Партияны мадақтаған өлеңнен басталмаса, кiтабы жарыққа шықпайтынын ұмытқан жоқпыз. Өткенге салауат.

Кешегi күннен де үйренерiмiз көп.

АЗҒАНА ШЕГIНIС… ҚАЗАҚША КIТАП НЕГЕ АЗ?

Тоқсаныншы жылдардың ортасында "Кiтап өлдi" деп жар салғандар болды. Абыройымыз бар екен, кiтап та, кiтап өндiрiсi де, оқырман да өле қойған жоқ. Қиындыққа кезiктi, дағдарысқа ұшырады, бiр жығылды, сүрiндi, адасты… Бiрақ "iлдалдалап" болса да, елiмiздегi кiтап өндiрiсi алға жылжып келедi. Ендiгi мәселе — оның қалай дамып жатқанында.

Мақаланы жазуға ой салған жайт — байырғы интеллигенция шоғырланған орталық — Алматыдағы кiтап дүкендерiнен төр алған шетелдiк кiтаптар. Бiр қызығы, "қазiр кiтап оқылмайды" деп байбалам салатындардiкi көзiң көрiп тұрған жағдайға қарағанда, құр сөз, бос сөз. Өйткенi, соңғы үш-төрт айдың өзiнде Алматыда бiр емес, бiрнеше iрi кiтап дүкендерi ашылды. Оның бiрi — "Кiтап қалашығы" деп, ендi бiрi "booking" (қазақша мағынасы — кiтап оқушы) деп аталады. Бұл кiтап дүкендерi бұрынғы "Академкiтаптың" шеңберiнен шығып, кiтапсүйер қауымға неғұрлым жақсы қызмет көрсету жағынан алға озады. Жайлы әуен, тақырыпқа бөлiнген кiтап сөрелерiн құмары қанғанша аралаған оқырман өзi ұнатқан кiтапты парақтап, бiр тарауын оқып шығуына да болады. Ол үшiн сөрелердiң арасына жайлы сәкiлер, жұмсақ орындықтар қойылған. Яғни, бұрынғыдай сатушыға жалтақтап немесе кезек күтiп сарылатын әуре-сарсаң келмеске кеткен.

Мұндай кiтап дүкендерiне барғанда сауда орнынан гөрi рухани әлемнiң есiгiн ашқандай боласың-ау… әттеген-ай, бiрақ ол өзге тiлдi, өзге менталитеттi әлем… Бұл дүкендерде қазақша кiтаптар жоқ демеймiз, баршылық, "booking" дүкенiн аралап жүрiп, екiншi қабаттағы бiр-екi сөреден қазақ тiлiнде шыққан сапалы, мазмұнды кiтаптарды көзiмiз шалды. Бiрақ олар теңiзге тамшы тамызғандай өте аз.

Мұндай дүкендерде саудалануы үшiн кiтап сапалы, оқырманға тартымды етiп безендiрiлген, ең бастысы, сұранысқа ие өнiм болуы керек. Кiтап дүкендерi қазақша кiтаптарды саудаламайды деп дау шығармай-ақ қоялық, өйткенi онда бiршама қазақ кiтаптарының тұрғанына көзiмiз жеттi. Мәселенiң мәнiсi — айдың арғы бетi, яғни, кiтап шығарушы саланың қалай жұмыс iстеп жатқанында болса керек. Осындай оймен, бiз кiтап сатушыларды былай қойып, кiтап шығарушыларды жағаладық.

"Үздiк кiтап" неге өтiмдi кiтап болмайды?

Өткен аптада Алматыда кiтап шығарушы қауым кәсiби мерекеге бара-бар шара "Үздiк кiтап" байқауының жеңiмпазын анықтады. 2007 жыл бойы жарыққа шыққан кiтаптарды сараптаудан өткiзген комиссия "Мақал-мәтелдер" кiтабын үздiк деп таныды. Кiтаптың безендiрiлу сапасына, көркемдiк құнына, құрастырылу өзгешелiгiне мән берiлген байқауға республикалық 25 баспа 250-дей кiтап өнiмдерiн ұсынған. Жеңiмпаздан бөлек "Безендiрiлуi үшiн", "Үздiк суретшi", "Үздiк көркемдеушi" деген көптеген аталымдар бойынша оншақты баспагерлер дипломдармен марапатталып жатты. Бiздi ойландырған басқа мәлесе — бұл шара Қазақстан кiтап өндiрiсiнiң бүгiнгi жағдайына қаншалықты оң ықпал етедi және оның бүгiнгi ахуалынан нендей хабар бередi?

Шеберге — шабыт, баспа қожайынына — бәсекелестiк рух, ал оқырманға — жақсы кiтап сыйлайды. Алғашқы екеуi дұрыс болса да, үшiншiсiнiң жүзеге асуы қиын-ау. Өйткенi, қазақ кiтаптарын шығаратын баспалардың барлығы дерлiк Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң мемлекеттiк тапсырысымен күн көрiп отыр. Жыл сайын қаңтар-наурыз айларында баспаларда жұмыс тоқтап, аспаннан қашан "шұға жауады" деп күтiп отырады. Наурыз айының басында тендер өткiзiлiп, әр баспа өз саласына, шамасына орай биыл шығаратын кiтаптарының тiзiмiн алады. Осыдан кейiн желтоқсанға дейiн қауырт жұмыс басталады: қолжазбаны дайындау, өңдеу, компьютерде теру, қаттау, безендiру, қатесiн тексеру, дайын өнiмдi типографиядан басып шығару, түптеу… Ал осы жұмыстардың бәрiн атқаратын терiмшi-оператор, беттеушi-безендiрушi, автордың, корректор мен редактордың айлығы, типографиялық шығынның бәрi министрлiк бекiткен ақшаға жасалуы керек. Одан тағы баспаға да пайда түсуi керек. Сондықтан министрлiктiң ақшасын сағыздай созған баспалар жұмыскерлердiң айлығынан үнемдейдi немесе типографиядан типография ауыстырып, арзанын iздеп, әуреге түседi, ең сорақысы — мұның бәрi кiтаптың сапасына әсер етедi. Әйтеуiр жыл соңында министрлiк тапсырысын орындап, қағаздарын өткiзiп барып, есiн әрең жинайды. Жылдағысы — осы.

Баспалардың бiр құпиясын ашайын: көп баспаларда қазiр адам саны шектеулi. Бiреулер штатта редактор ұстағаннан гөрi сырттан адам жалдап жұмсағанды арзанырақ көредi, есесiне оның ақшасын азырақ төлейдi де, қағазға көбейтiп жазады. Ал кейбiр баспалар министрлiк бекiткен 2000 тираждың үстiне тағы бiршама кiтап шығарады. 2000-ды өткiзген соң, қалған тиражды өз күшiмен сатып, аздап пайда табады. Әрине, бұл заңсыз. Бiрақ мұндай заңсыздықтар жасамаса, баспалар өз шығынын ақтай алмайды.

Мемлекеттiк тапсырыспен шыққан кiтаптарды кейде базарлардан кездестiрiп қалатынымыз сондықтан шығар. Бiрақ мектептер мен кiтапханаларға таратылуы тиiс кiтаптардың қалайша қара базар сөресiне тап болатындығын кейбiр баспагерлер сол кiтапты таратушылардан көредi. Өзiңiз ойлаңызшы, жыл сайын әр сала бойынша жүздеген кiтапқа тапсырыс беретiн министрлiк оларды республика аумағындағы мектеп кiтапханалары мен облыс, қала, аудан кiтапханаларына жеткiзудi мойнына алған. Бiрақ соңғы кезде оқырмандары күрт азайған кiтапханалар жаңа өнiмдердi қоймасына сыйдыра алмай, "есептен шығарып", сосын базарға сатуға жiберетiн көрiнедi. Мұның бәрiн тексерiп, ақ-қарасын анықтап жатқан ешкiм жоқ.

ҚАЙДА БАРСАҢ ДА, ЖАТ ТIЛДЕГI КIТАПТАР

Қазақ дүкендерiн орыс кiтаптары жаулап алды. Бiр бүгiн айтылып жүрген мәселе емес. Талай айтылған. Жазылған. Жоғарғы деңгейдегi жиналыстарда талқыланған. Обалы не керек, одан "кiтап импорты" бәсеңдеген жоқ. Ай өттi, жыл өттi, шетелдiк кiтаптардың қарасы көбейiп жатыр.

Ресейде жаңа саяси кiтап шықты ма — апта өтпей жатып Алматыдағы кiтап дүкенiнде тұр. Осыдан оншақты жыл бұрын менiң ағам Қызылордадан өзiне керек философиялық, саяси әдебиеттерiн сонау Мәскеуден жаздырып, арнайы тапсырыспен сатып алатын. Қазiр ондай әуренiң қажетi жоқ. Кiтап дүкендерiн аралап шықсаң болғаны. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бiздiң дүкендерде негiзiнен Ресейдiң арзанқол детектив өнiмдерi, сосын классикалық әдеби жинақтары көп болатын. Қазiр Ресей полиграфиясының барлық өнiмi сан түрiмен бiздiң аулада: саяси, философиялық, тарихи шығармалар, әдеби жинақтар, жеңiл романдар, детектив, криминал сериялары, фотоөнер, живописьтiк альбомдар т.с.с.

Бұларды былай қойғанда салалық әдебиеттер: информатикалық, техникалық ғылымдар бойынша, медициналық, бала күтiмi жайлы әдебиеттер, табиғат тылсымдары, психологиялық әдебиет дейсiз бе — жаныңызға керектiң бәрi бар.

Кейде барша Ресей полиграфиясы күндiз-түнi бiздiң сауатымызды ашу үшiн жұмыс iстеп жатқандай көрiнедi. Немесе ресейлiк полиграфия бiзге көшiп келгендей әсерде қаласыз, бiрақ бiзде самсап тұрған кiтаптар тек Ресейден ғана әкелiнiп жатқан жоқ. Украина баспалары да олардан қалысар емес. Кiтап дүкендерiн аралап жүрiп, украиндықтардың, әсiресе, балаларға арналған кiтаптардың сапасына, безендiрiлуiне қатты көңiл бөлетiнiн байқадық.

Түрiк баспалары ислам дүниесiне байланысты шығарған кiтаптарын аз мөлшерде болса да (салыстырмалы түрде) бiзге әкелiп таратып жатыр.

Сонда бiзге ендi қалғаны көршi Қытай мен Қырғызстан, Өзбекстаннан "кiтап импортын" күту ме?

Тоқетерiн айтқанда, кiтап шығару iсi жолға қойылғанымен, кiтапты насихаттау мен оны тарату iсi ақсап жатыр. Бұл ретте көршi елдерден үйренер өнерiмiз әлi ұшан-теңiз. Егер тез арада ес жиып, кiтап саудасын қолымызға алмасақ, кiтап дүкендерi ғана емес, санамызға да дендеп кiрген шетелдiк баспа өнiмдерiнен көз аша алмай қаламыз. Кiтап — бiр елдiң тарихы мен мәдениетiнiң, тiлi мен әдебиетiнiң бойтұмары, жаршысы емес пе? Бәлкiм, мемлекеттiк тiлдiң мәртебесi Кiтап абыройына қарап тұрған шығар?

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары