"КӨГIЛДIР ОТЫН" ҮШIН КҮРЕС

"КӨГIЛДIР ОТЫН" ҮШIН КҮРЕС

"КӨГIЛДIР ОТЫН" ҮШIН КҮРЕС
ашық дереккөзі
489

Табиғи газдың мол қорына ие Иранда ондаған адам газ тапшылығының кесiрiнен үсiп өлдi. Өйткенi, Түркiменстан ирандықтарға жеткiзiлетiн "көгiлдiр отынды" тоқтатып тастаған: "техникалық себептерге байланысты". Ал шын мәнiсiнде көрiшiлес жатқан екi ел газ бағасына келiсе алмаған болатын. Осының салдарынан Иранмен бiрге Түркия, Грекия газсыз қалды. Гректер елiнiң Еуропалық Одаққа мүше екендiгiн ескерсек, кәрi құрлық тұрғындары тағы да "энергетикалық қауiпсiздiк" мәселесiмен бас қатыруға мәжбүр.

Әлемдiк сахнадағы "көгiлдiр отын" күресi осылайша жалғасын табуда. Ал Мәскеудiң Орталық Азиядан Таяу Шығысқа созылатын газ картелiн құрсақ деген арманы жуық арада орындалатын түрi бар. Өйткенi, OPEC сияқты үлкен ұйым құруға энергетикалық қорға ие елдер мүдделiлiк танытып отыр. Мұндай ұсыныс тиiмдi болса, энергетикалық қорларды тасымалдау жолдарын дербестендiруге мүдделi Қазақстанның да бас тартпасы белгiлi.

Осыдан екi жыл бұрын Вашингтондағы бiр кездесуде мен АҚШ Мемлекеттiк департаментi хатшысының орынбасары Дэниел Фрид мырзадан "Ресей әлемдiк саяси сахнаға энергоқорларының көмегiмен ықпал етуге күш салуда. Бұл Қазақстан, Өзбекстан, Түркiменстан мен Әзiрбайжан сияқты орталықазиялық аймақтағы табиғи ресурстарға бай елдердiң әлемдiк нарыққа шығуына кедергi келтiрiп отыр. Сөз жоқ, АҚШ пен Батыс "Газпром" мен Кремльдiң монополияны көздеген әрекетiне алаңдаулы. Бiрақ энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн балама жолдар әлi күнге неге табылмай отыр?" деп сұрағам. Сонда америкалық шенеунiк: "Бұл – "Үлкен сегiздiктiң" күн тәртiбiнде тұрған мәселесi. Бiз энергетикалық қауiпсiздiк жемқорлық пен саяси ойындардың емес, ашық режимнiң жариялылығының нәтижесi деп бiлемiз. Ресей кез келген жоба мен сценарийде қыруар пайданы энергоқорлардың арқасында тауып отыр. Бiрақ маңыздысы бұл емес. Маңыздысы – мұнай мен газды өндiруде Мәскеу қандай қағидаларға сүйенбек? Коммерциялық па, әлде стратегиялық па? Бiз коммерциялық қағидалар негiзге алынады деп сенемiз. Инвестиция құюдағы ашықтық пен жариялылық Ресейге, сiздiң Қазақстаныңызға, Өзбекстан мен Әзiрбайжанға да тиiмдi болады. Жүйенiң жабықтығы мен құпиялылығы орталықазиялық елдер және Грузия, Украина мен Батыс Еуропа үшiн өте қолайсыз. Менiңше, бұл тiптi, Ресей үшiн де қолайсыз. Мұнайдың әлемдiк нарықтағы бағасының шарықтап кетуi – жағымсыз фактор емес. Бiрақ "Газпром" энергетикалық қорлар бағасына келгенде, өнiмiн кейбiр елдерге әлемдiк бағаға сәйкес, ал кейбiр елдерге әлдеқайда арзанға сатуға болмайды" деп жауап бердi. Әлемдiк саяси және экономикалық сахнаға ықпал етуге ұмтылған алпауыт мемлекеттер энергетикалық қорды игеруге жанталасуда. Посткеңестiк кеңiстiктегi Жуырда Мәскеуде кездескен орыстардың Газпром, француздардың Total және норвегиялықтардың StatoilHydro компанияларының өкiлдерi бiрiгiп, Shtokman Development AG компаниясын құратынын мәлiмдедi. Компанияның барлық ресми құжаттары ендiгi қабылданды. Shtokman Development AG Арктикадағы әлемдегi ең үлкен кен орны саналатын Штокмандық газ кен орнын игеруге кiрiседi. Ресми деректерге сүйенсек, 4 триллион текше метр газ қоры бар. Орыстар 51 пайыз акцияға ие. Сондықтан игерiлетiн энергоқорды ондаған жылдар бойы Батысқа бағыттап қойып, пайдаға шаш-етектен кенелуге мүмкiндiк бар. Кезiнде КСРО құрамында болған мұнай мен газ, басқа да табиғи ресурстарға бай елдер қазiргi таңда тәуелсiз шешiм қабылдауға көшкен. Мысалы, Қазақстан тек Ресеймен шектелiп қалмай, басқа да балама жолдарды жүзеге асыруға ден қойды. Қазақ билiгi Қытай, Иран, Әзiрбайжан, Грузия, Түркия басқа да тасымалдық жолдар арқылы әлемдiк нарыққа шығуда көздейдi. Түркiменбашыдан кейiн таққа отырған Бердiмұхамедов те мемлекеттiк тұрғыда шешiм қабылдарда батыл қадамдарға барып жүр. Оның соңы тiптi, қайғылы жағдайға ұласты.

Былтыр желтоқсанның соңында газ бағасына байланысты келiсе алмай қалған Ашхабад Тегеранға бағытталған "көгiлдiр отын" ағынын тежеп тастаған. Түркiмендер "шөмiштен қысқан" ирандықтар Түркияға жiберетiн газды тоқтатты. Ал түрiктер гректердi энегоқордан қақты. Грекия – Еуропалық Одақтың мүшесi. Демек, кәрi құрлық осыдан үш жыл бұрынғы, анығында, 2005 жылдың соңындағы Еуропаға газ тасымалдаудағы тұрақсыздықпен тағы да бетпе-бет келдi. Ол кезде орыстар ресейлiк энергетикалық қордың жаңа бағасымен келiскiсi келмеген әрi Ресеймен арада саяси пiкiр қайшылығына жол берген украиндарды қыстың көзi қырауда жарықсыз, жылусыз қалдырған едi. Осының кесiрiнен 2006 жылдың қаңтарында еуропалық нарыққа шығарылатын газ көлемiн күрт төмендетiп тастаған ЕО-ға мүше 27 ел түгел алаңдады. Оның соңы РФ-ға тиесiлi энергетикалық қорға балама жолдарды iздеуге ұласқан. Содан берi "энергетикалық қауiпсiздiк" мәселесi Батыстағы мемлекеттердiң күн тәртiбiнен түспей келедi. Еуроодақтың басты үмiтi – Nabucco. Шығыс Түркия мен Австрияны жалғастыратын бұл құбыр желiсi iске қосылса, Еуропаға жыл сайын 31 млрд. текше метр газ тасымалдауға қауқарлы. Жалпы құны 7,4 млрд. долларға бағаланған құбырға шикiзат Әзiрбайжаннан, Қазақстан, Түркiменстан, Иран мен Египеттен тартылмақшы. Өткен аптада австриялық OMV AG, венгриялық Mol Nyrt, румындық Transgaz SA, болғарлық Bulgargaz Holding EAD және түрiктердiң мемлекеттiк Botas компаниясына немiстердiң RWE AG компаниясы қосылатыны белгiлi болды. RWE AG – Германиядағы көлемi жағынан алғанда, екiншi тұрған алпауыт кәсiпорын. Алайда, жоба құрылысына қатысуға мүдделiлер саны неғұрлым артқан сайын газды тасымалдау жолын диверсификациялау, энергетикалық қауiпсiздiк қамтамасыз ету соғұрлым қиындай түседi. Nabucco жобасының үйлестiрушiсi Джозиас Йохансон ван Аартсен: "Газды тасымалдауда үкiметтер кедергi жасауы мүмкiн. Ондай қауiптердi жою, алдын алу қиынға түсуi мүмкiн" дедi. Оның үстiне, құбырды толтыратын "көгiлдiр отынның" мөлшерi аздық ететiнi айқын. ЕО бұған да бас қатырып отыр. Тегеран мен Ашхабад арасындағы келiспеушiлiктер Түркiменстанды сенiмдi серiктес ретiнде қарауға, Түркияны жалғастырушы мемлекет ретiнде қабылдауға күмән келтiредi. "Жау жағадан алғанда" демекшi, кәрi құрлықтың байырғы тұрғындарына түркiмендер жерiнен газ құбырын тартуға бiлек сыбана кiрiскен Қытайлардың белсендiлiгi де ұнамайды. Өйткенi, Ашхабад үшiн ең басты серiктес Пекин болуы әбден мүмкiн. PFC Energy консалтингтiк компаниясының сарапшыларының пiкiрiнше, Түркiменстанның Иранға сес көрсетуi оның энергоқорын сатуда, тасымалдауда өз-өзiне сенiмдi бола бастағанын байқатады.

Түркiменстан – табиғи газ қоры бойынша посткеңестiк елдер арасында Ресейден кейiнгi екiншi орында. Бiрiншi орында – Ресей тұр. Алайда, КСРО-ның өзге елдерi секiлдi түркiмендер жерi де ұзақ уақыт бойы Ресейдiң құбырларына, тасымал жолдарына тәуелдi боп келген. Қазақстаннан – Қытайға, Түркiменстаннан – Қытайға газ құбырын тартуды қолға алған Қытай бұрын КСРО-ға мүше болған елдердiң өз-өзiне деген сенiмдiлiгiн оятуда. Былтыр Газпром мың текше метр газды 100 доллардан – 130 долларға, кейiнiрек 150 долларға дейiн өсiруге келiстi. Сiрә, Ашхабадтың алған бетiнен қайтапайтынына көзi жетсе керек. Түркiменстанның қытайларға қойған талабы тiптi, қатаң. 2010 жылдан бастап пекин Ашхабадқа әр мың текше метр энергоқор үшiн 195 доллар төлейдi. Ол аз десеңiз, түркiмендер Иранға қысым жасай бастады. Былтыр ирандықтарға жеткiзiлетiн газдың әрбiр мың текше метрiнiң бағасын екi есеге, яғни, 140 долларға көтеретiнi туралы хабарлаған болатын. Алайда, Тегеран бұл қадамға үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытты. Желтоқсанда түркiмендер техникалық себептердi көлденең тарта отырып, Иранға берiлетiн газды тоқтатып тастады. Осының салдарынан Иранды күтпеген жерден аяз қысып, ондаған адам үсiп өлдi. 300 мыңға жуық шаруашылық "көгiлдiр отыннан" қағылды. Негiзi, Иранға Түркiменстаннан тасымалданатын газдың жалпы көлемi 5 пайыздан аспайды. Бiрақ сол түркiмендер газына тәуелдi солтүстiк және батыс аймақ саяси және коммерциялық керiстiң зардабын әбден тартты. Тегеран, "Ашхабадтың бұл қадамы адамгершiлiкке жатпайды" деп ренжiдi. Иран – газ қорының көлемi жағынан Ресейден кейiнгi екiншi мемлекет. Алайда, Америка тарапынан салынған санкцияның кесiрiнен газға бай кен орындарын игере алмай отырған ирандық билiк iшкi нарықтағы сұранысты қанағаттандыру үшiн өзгелерге тәуелдi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары