«ҰСТАЗ», «ТАҚ МҰРАГЕРI» ЖӘНЕ КРЕМЛЬ
«ҰСТАЗ», «ТАҚ МҰРАГЕРI» ЖӘНЕ КРЕМЛЬ
Сарапшылардың болжамы дөп келдi. Ресейдегi сайлауда Путиннiң "мұрагерi" айқын басымдықпен жеңiске жеттi. Негiзi бұл о бастан ешкiмге құпия да, жасырын да емес болатын. Бiрақ Кремльге қожайындық ету "тақ мұрагерiне" бұйырғаннан кiм не ұтатынын ешкiм дөп басып айта алмайды. Жаңа президент соңғы 8 жылдағы саясаттың одан ары дамытылатынын ескерттi. Демек, РФ саясаты ВВП бағытынан таймайды. Путиннiң қоғамдағы, саяси және бизнес элитадағы ықпалы мен беделi әлi әлсiреген жоқ. Бұл әлемдiк саяси сахнадағы текетiрес жалғаса бередi деген сөз.
Сейсенбi күнi РФ Орталық сайлау комиссиясы 2 наурыздағы президенттiк сайлаудың шартты түрдегi соңғы нәтижесiн жариялады. Дауыс беру бюллетендерiнiң 99,75 пайызы саналғанын ескерсек, қорытындының түбегейлi өзгермесi анық. Сонымен Д.Медведевте — 70,2%, Г.Зюгановта — 17,8%, В.Жириновскийде — 9,3%, А.Богдановта — 1,3%. Ескеретiн жайт, 2004 жылғы сайлауда Путин Медведевтен 1 пайыз артық дауыс жинаған едi. "Саяси додаға азаматтардың бәрiнiң қатысуына құқығы бар екенiн дәлелдеу үшiн қатысып едiм" деп ақталған Богдановты Голландиядағы отандастары көбiрек қолдайды екен — 5 пайыз. Бұл бүкiл Ресей бойынша жинаған дауыстан 5 есеге артық. Президенттi ұлықтау рәсiмi 5 мамырда өтедi. Бiрақ оған дейiн жергiлiктi билiк құрылымын даярлауға және Мемлекеттiк кеңестiң президиумын шақыруға дайындық жасауға кiрiспек. Путин осылайша, ресми шараларды күтпестен, президенттiк лауазым иесiне тиесiлi жұмыстарды "мұрагерiнiң" мойнына артып қойды. Жеңiсiмен ең бiрiншi боп құттықтаған Путинге шексiз алғыс бiлдiрiп, "сiз тапсырған мәселелермен айналысуға әзiрмiн" дедi.
Сонымен орыстар жерiндегi кезектi саяси науқан аяқталды. Ресейдегi президенттiк сайлауда Путиннiң "мұрагерi" Медведевтiң жеңетiнiне дүниежүзiлiк қауымдастық еш күмәнданбаған. Бiрақ бұл жеңiстiң кiмге не беретiнiне қатысты ешкiм кесiмдi пiкiр айта алмайды. Кезiнде қауiпсiздiк қызметiнде еңбек еткен ВВП талайды шатастырып отыр. Кремль саясатының құпиялылығы соншалық, халықаралық және орыс сарапшылары құмалаққа қарап бал ашумен шектелуге мәжбүр. Бiреулер "Путин "мұрагерiн" бекер таңдаған жоқ. Зубковты емес, Медведевке бүйрегi бұруы да тегiн емес. Көңiлшек "мұрагер" тiл алмай, бұра тартуға тырысса, оны тезге салу оңай. Сондықтан Ресейдiң билiгi шартты түрде өзгеге өткенмен, iс жүзiнде Путинде қалды" десе, ендi бiреулер "Владимир Владимирұлы мемлекеттiк қызметтен шаршады. Ендi қарапайым азамат ретiнде өмiр сүргiсi келедi. Қалталыларды тәртiпке салғансып жүрiп жиған 45 миллиард доллары бар. Қалған ғұмырын қызықты өткiзуге қаржысы жетедi" дейдi. Былтыр "Единая Россия" партиясының атынан думалық сайлауға түскендер тiзiмiн өзi бастаған Путин президенттiк лауазымды Медведевке лайық көретiнiн, оның 2 наурыздағы сайлауда жеңгенiн қалайтынын жеткiзген. Путиндi жақтайтын, жақсы көретiн және "Ресейдi ұлы империялық биiкке көтердi" деп сенетiн орыстардың басым бөлiгi кешегi сайлауда өздерi сенетiн жеке тұлғаға немесе өздерiне етене таныс саясаткерге емес, "Путин ұнататын адамға" дауыс бердi. Айтпақшы, миллиардтаған доллардың мәселесiн жуырда Путинмен кездескен журналистер де көтерген. Сонда РФ басшысы: "Иә, мен Ресейдегi ең бай адаммын. Менiң бар байлығым — 2 рет президенттiкке сайлануға мүмкiндiк берген халқымның қалауы мен сенiмi. Ал заңсыз миллиардтаған долларларға келсек, "қағазсымақтағылардың" мұрындарын шұқып-шұқып, ақыры мұрындарынан тауып алғандарын сол "қағазсымақтарына" айқұш-ұйқыш жаға салғандары" деген. Залда отырғандардың кекесiнiн тудырған мұндай сөз Путиннiң шымшыма сөз бен келекеге шеберлiгiн көрсетсе керек. КГБ-да жүргендегi қитұрқылық пен арандатушылығын әлемдiк саяси сахнада қолданудан тартынбайтындығы және бар. Осыдан екi жыл бұрын Батыс пен АҚШ, Азия мен посткеңестiк елдер өкiлдерi қатысқан Санкт-Петербургтегi халықаралық басқосуда дауыс күшейткiштi қосып қойып, Буш пен Блэрдi жарты әлемге масқара еткен. Сонда түскi үзiлiсте бутербродын қомағайлана асап қойып, шайнаңдаған Ақ үйдiң қожайыны Таяу Шығыстағы шиеленiскен ахуалға өзiнiң араласуға құлқы жоқтығын, басқосуға жиылғандардың көп сөйлейтiндiгiн, үйiне қайтқысы келiп отырғанын және Блэрдiң таяушығыстық дауды шешуге көмектесу туралы айтқан өтiнiшiне Конидi, яғни, Кондолиза Райсты жiберетiнiн айтқан. Америкалық және ағылшын шенеунiгi өздерiнiң "екеуара әңгiмесiн" бүкiл әлемнiң дауыс зорайтқыш арқылы естiп тұрғанын сезбедi де. Бiрнеше минутқа созылған сол әңгiме Бушты әлемдiк саясаттың иiсi мұрнына бармайтын ақымақ, ал Ирактағы соғысты қос қолын көтере қолдаған Блэрдi Ақ Үйдiң қолындағы қуыршақ етiп көрсеткен.
Путиннiң одан басқа да "ерлiктерi" жетедi. Әсiресе, энергетикалық қорларының көмегiмен әлемдiк саясатқа ықпал етуге ұмтылысы. Медведевтiң "8 жылдық еңбектi одан ары жалғастыруға мүдделi екендiгiн" ескерсек, АҚШ пен Батыс орыстардың көңiлiн жуық арада таба алмайтыны анық. Энергоқордың қомақты үлесiн Газпромның алақанына салып берген Путин Ресейдi Жапония, Индонезия, Оңтүстiк Корея мен Қытай сияқты авторитарлық модернизацияны таңдаған елге айналдырды. Табиғи ресурстарды мемлекеттiк компаниялардың иелiгiне беруi — осының айғағы. Мәскеудiң серiктестiктi сылтаурата отырып, Таяу Шығыс, Африка елдерi мен Орталық Азияның мұнайы мен газын әлемдiк нарыққа шығаруда пайда табуға ұмтылуы да "энергетикалық қауiпсiздiк" пен тасымалдаудағы қатерлердi ширықтыра түседi.
Халықаралық БАҚ "Кремльдiң қожайыны өзгерсе де, АҚШ пен Ресей арасындағы салқынқабақтық өзгермейдi" деп тұжырымдап қойды. Ал Буш орыстардың жаңа басшысымен серiктестiк, ынтымақтастық қатынаста болуға мүдделi екендiгiн мәлiмдедi. Медведев Путинмен арадағы қатынасты жолдастық және серiктестiк ретiнде сипаттаса да, ВВП-ның Ресейдегi ықпалы мен беделi әлi әлсiреген жоқ. 2 наурыздан 3 наурызға қараған түнi Қызыл алаңда өздерiнiң қуаныштарын жасыра алмай, тойлауға кiрiскен шенеунiктер мен кәсiпкерлер — Путиннiң жақтастары. Демек, олардың сонша еркiн әрi сенiмдi жүруi тегiн емес. Батыстық сарапшылардың кейбiрi "тақ мұрагерiнiң" келешекте "ұстазының" шекпенiнен шыға алмайтынын, ВВП-дан асып ешқайда кетпейтiнiн айтады: "Егер Медведев Батысқа немесе АҚШ-қа жылы қабақ танытатын болса, Путиннiң қаһарына ұшырайды".
Әрине, жексенбi күнгi сайлауға орыс оппозициясы разы емес. Олар дүйсенбi және сейсенбi күндерi билiкке деген наразылықтарын бiлдiру мақсатында көшеге шыққанда бейбiт шеруге қатысушылардың кейбiрi тұтқынға алынған. Тiптi, дауыс беру процесiнiң кезiнде де халықаралық тәуелсiз бақылаушыларға: "Англияларыңа кетiңдер! Сұрақтарыңды сондағы Березовский мен Гарри ханзадаға қоясыңдар. Бiз сендерсiз-ақ күнiмiздi көремiз" деп айқайлаған көрiнедi ("The economist"). Ал Италияның Corriere della Sera басылымына сұхбат берген оппозиция өкiлi — Мария Гайдар дауыс беру процесiне сайлаушылардың 60 пайыздан астамы емес, небары 30 пайызға жуығы келгенiн, осының нәтижесiнде Медведевке "тиесiлi" пайыздық көрсеткiштiң оңай өзгертiлгенiн айтады. Сонымен қатар адамдарды сайлауға күштеп апарған жайттар да кездескен. Осыған қатысты қойылған сауалға РФ Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Владимир Чуров көпшiлiктi: "Заңды бұзғандар тиiстi жазаларын алады" деп сендiрдi. Халықаралық бақылаушыларға келсек, Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының өкiлдерi ақпан айында-ақ бақылау жасауға белгiленген уақыттың тығыздығынан және Мәскеу тарапынан қойылып отырған талаптың қатаңдығынан 2 наурыздағы саяси оқиғаға қатысудан бас тартатындықтарын мәлiмдеген. Алғашқыда кесiмдi жауабын айтуға асықпаған Еуропалық Кеңес Парламенттiк Ассамблеясы (ЕК ПА) Ресейге 25 бақылаушысын аттандырыпты. ТМД елдерi мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының өкiлдерi дауыс беру процесiне көңiлдерi толғандықтарын мәлiмдедi. ШЫҰ делегациясының басшысы Болат Нұрғалиев орыстар жерiндегi дауыс беру процесiне разылығын бiлдiрдi: "РФ президенттiгiне сайлау заңды, еркiн, ашық және жария түрде өттi. Тұтастай алғанда, РФ ұлттық заңы мен жалпы сайлау стандарттарына сай болды". Есесiне, ЕК ПА бақылаушылары керiсiнше, сынға алды. Батыстықтардың пiкiрiнше, наурыздағы сайлау былтыр желтоқсандағы сайлаудан ешқандай ерекшеленбеген көрiнедi. ЕК ПА делегациясының жетекшiсi Андреас Гросс: "Бұл сайлау елдiң соңғы 8 жылдық өмiрiнен хабар бередi. Ресей халқы қазiргi президентпен астасатын тұрақтылықты таңдады. Сайлау қорытындысы сайлаушылардың еркiн бiлдiредi, бiрақ демократиялық таңдау толығымен жүзеге асырылған жоқ. Бұл сайлау да Мемлекеттiк Дума сайлауындағы кемшiлiктердi қайталады" дедi. Батыстықтар саяси науқанда бақ сынасқан үмiткерлердiң бәрiнiң бiрдей БАҚ-қа қолы жетпегенiн көлденең тартады. Сонымен қатар дауыс беру қағаздарын санауға қатысты да ескертулер жасаған. ЕК ПА өкiлдерiнiң мәлiмдемесiне бұлқан-талқан болған РФ Орталық сайлау комиссиясының басшысы Владимир Чуров ашуға ерiк бердi: "РФ-да дауыстарды санау процесi толығымен ашық әрi жария. Мен қосымша 4 процедура бiрге жүргiзiлетiнiн түсiндiргем. Жария болу үшiн сайлау комиссияларының мүшелерiн жалаңаш отырғызуым керек пе? ЕК ПА тарапынан айтылған сын мүмкiн осыны меңзеген шығар?".
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ