«АНА КАПИТАЛЫ» ҚАЗАҚТЫҢ ТАҚИЯСЫНА ТАР КЕЛЕ МЕ?
«АНА КАПИТАЛЫ» ҚАЗАҚТЫҢ ТАҚИЯСЫНА ТАР КЕЛЕ МЕ?
Ресей президентi Д.Медведев Үкiметтiң бiрiншi вице-премьерi кезiнде-ақ: «2050 жылы Ресей тұрғындары 143-145 миллионға жетедi» деп нық сенiммен айтатын. Бұған дейiн де халық санын көбейтуге бағытталған шаруаларымен бөлiсе кететiн ол жақында Путинмен болған кездесуде де кейiнгi кезде сәбилер санының артқанын қуана жеткiздi.
Оның сөзiне қарағанда, былтырғы жылғы қаңтар мен шiлде айының өзiнде – 142 мың сәби өмiрге келiптi. "Мұндай көрсеткiш бұрын-соңды болмаған, тiптi КСРО құлағаннан кейiн орын алып отырған игi жаңалықтың нышаны осы" деген Медведев бүгiнде баланы 1,5 жасқа дейiн күту жөнiндегi жәрдемақыны 2 млн.-дай ананың алып отырғандығын жеткiздi. Бұл аз десеңiз, жақын арада "Ана капиталы" арқылы жәрдемақының көлемi артып, бұған дейiн жұмыс iстеп аталмыш жәрдемақыға iлiкпеген әйелдер де осы санатты толықтырып келедi екен.
Бәрiмiзге белгiлi, Ресей демографияға серпiлiс жасау үшiн "Ана капиталы" атты мемлекеттiк бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында iске кiрiсiп кеткен-дi. Әуелi ана мен баланың жағдайына үлкен сеп беретiн бұл бағдарлама қазiргi кезде жемiсiн берiп үлгерген. Зейнетақы қорының мәлiметi бойынша, 2007 жылдан бастап "Ана капиталын" алу үшiн 292 мың 381 мемлекеттiк сертификат берiлген. Бүгiнде бұл сертификатқа ие болғандардың саны бойынша алдыңғы қатарда 250 мың рубльге тең мемлекеттiк жәрдемақыны алуға лайық деп танылып, 70 мың 702 отбасы тiркелген Приволжье аймақтық өлкесi, екiншi орында 58 мың 231 сертификатқа ие Оңтүстiк өлке, үшiншi орында 54 мың 946 сертификаты бар Орталық аймақтық өлкесi кiредi. Бұдан өзге, Сiбiр, Орал, Солтүстiк-Батыс өлкесi тағы бар. РФ-ның "Балалары бар отбасыға қосымша мемлекеттiк көмек" Заңына сәйкес, 250 мың рубль көлемiндегi «Ана капиталы» 2007 жылдың 1 қаңтарынан кейiн екiншi және үшiншi, т.б. баласы өмiрге келген отбасыға берiледi. Сондай-ақ, бұл жәрдемақының қызығын бала асырап алғандар, яғни, үш жасқа дейiнгi бала немесе сәби асырап алғанына үш жыл толған отбасылар да көре алады. Айта кетерлiгi, бұл сома сол күйiнде қатып қалмайды, керiсiнше жыл сайын инфляцияның өсуiмен көбейiп отырмақ. Сөзiмiздi растау үшiн керек дерек, 2008 жылы ана капиталы 267,5 мың рубльге жетуi мүмкiн. Арнайы ереже мен заң талаптары бойынша, ана капиталын алу үшiн арызды бала туылғаннан кейiнгi алты ай iшiнде, тiптi, екi жылдың кез келген уақытында жазуға болады. Ал ағымдағы жылдың бiрiншi мамырына дейiн екiншi жарты жылдықтың арызы қабылданады. Сондықтан да ана капиталына 2010 жылдың бiрiншi жартысында толыққанды немесе жартылай ие болу үшiн арызды 2009 жылдың бiрiншi қазанына дейiн жiберiп үлгеру керек екендiгiн де жақтары талмай айтып жатыр. Тiптi, қазiр ресейлiк БАҚ-да "Орыс халқының саны өстi" немесе "Туу көрсеткiшi көбейдi!" деген сарында мәлiметтер көптеп жариялана бастады. Бұл бiр жағынан Ресейдiң өзi дұшпан санайтын елдердiң делебесiн қоздырады, екiншi жағынан, үгiт-насихаттың нәтижесiнде ел-жұртты елеңдетiп демографияны көтеруге бiрауыздан жұмылдыратыны сөзсiз.
Ал Белоруссия президентi А.Лукашенко да жергiлiктi тұрғындардың санын үш есеге көбейту керектiгiн айтып жүр. Осыған байланысты Лукашенконың: "Мемлекеттiң алдында тұрған маңызды мәселе — бiздiң кең ауқымды жерiмiзде бүгiнде бар-жоғы 10 млн. адам тұрады екен. Әрине, өзiмiзге тиесiлi ұлан-ғайыр жерiмiздi қорғайтын ел азаматтары туылмайынша, елдiң, жердiң қауiпсiздiгi жайында ауыз ашуға мүлдем болмас" деген сөзi де ел есiнде. Демек, оның пiкiрiнше, елдiң қауiпсiздiгi мәселесi алдымен өз халқының саны өскен шақта, нақтырақ айтсақ, бала туу көрсеткiшi арқылы шешiледi. "Әлбетте, мемлекет көпбалалы отбасыға деген көмегiн аяп қалмайды. Қысқасы, Белоруссияның әлi шамамен 30 млн. тұрғынды асырауға шамасы жетедi" дептi.
Қарап тұрсақ, қайсыбiр мемлекет болсын, өз халқының санын көбейту мақсатында қолдан келер амал-әрекеттердi жасап бағуда. Тiптi, демографияны саясаттың алдыңғы баспалдағына қойған олар қаражатты да аямай бөлiп жатыр. Өйткенi, мемлекет қашанда өз ұлтымен, өз отандасымен ғана мемлекет. Айталық, Ресей демографиялық саясатқа ерекше серпiн беру үшiн 2007 жылға 95 млрд. рубль бөлген болса, 2008-2010 жылдарға шамамен 500 млрд. рубль қарастырылу көзделiптi. "Ана капиталы" мемлекеттiк жәрдемақы бағдарламасы iске қосылғалы берi осы жұмысты өз қолына алған Д.Медведевтiң көңiлi тоқ. Неге десеңiз, "жағдай жасасаң, осылай жаса" деген аналар да бет қаратпай орыс халқының санын көбейтiп, мемлекеттiк саясаттың iлгерi басуына әжептәуiр септiгiн тигiзiп отыр. Ал бiзде ше? Осы уақытқа дейiн қазақты көбейту үшiн қандай да бiр мемлекеттiк бағдарлама, тым болмаса жоба қабылданды ма? Бұл саясатқа басқа мемлекет секiлдi жете тоқталдық па? Әлде Ресейдегiдей "Ана капиталы" секiлдi бағдарлама жасақтауға күш-қауқарымыз жетпей ме? Әйтеуiр бар болғаны "2015 жылы 20 миллионға жетемiз" деген құрғақ сөздi айтудан жалықпай-ақ келемiз. "Құрғақ қасық ауыз жыртады" деген атам қазақ. Айналайын-ау, қазақты 20 миллионға жеткiзетiн алтын құрсақты аналар ғой. Неге сөзден iске көшiп, арнайы бағдарлама жасақтап, ана мен сәбидiң жағдайын жасамаймыз?! Әлде, бұған елiмiздiң қал-қадiрi жетпей ме, әлде билiк мүдделi емес пе? Көрдiңiз бе, белорустiк билiктiң: "Жерiмiздiң 30 млн. халықты асырауға күшi жетедi" деп айта бастағаны бүгiн емес. Құдайға шүкiр, қазақтың табиғаты сұлу шұрайлы жерiндей, оларда жер жоқ. Бiздiң елiмiзге 30 миллионың не, одан екi есе көп халық еш қиналмай-ақ сияды. Егер Үкiмет әлдеқашан әрекет жасаған болса, қазақтың ана болуға лайық қыз-келiншектерi қарадомалақтың санын көбейтуге бел буа кiрiскен болар едi. Бiрақ, әзiрге аналар азын-аулақ жәрдемақының өзiн жарытып алып отырған жоқ. Үкiмет әрең дегенде, бала туғанда беретiн бiр реттiк жәрдемақыны 13 мыңнан 35 мың теңгеге көтердi. Кеше бiр жасқа толғанға дейiнгi балаларға төленетiн жәрдемақы 4 мың 914 теңге болса, ағымдағы жылдан бастап бұның мөлшерi 7 мың 592 теңгеге өседi дегендi де талай рет естiдiк. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаевтың жерден жетi қоян тапқандай аз қамтылған отбасыларға төленетiн жәрдемақыны арттыруға кiрiстiк дегенi, бұл бойынша 10 мың 92 теңге жәрдемақыға 1 мың 168 теңге қосылатын болады деп ауыз толтырып айтқаны езуге күлкi үйiредi. Ал: «Жүктiлiкке және босануға байланысты әлеуметтiк көмек 4 пайызға өсiп, 17 мың 40 теңгенi құрайды екен. Жұмыс iстейтiн әйелдерге жүктiлiк және бала тууға байланысты демалыс алған барлық күндерi үшiн орташа айлық жалақы көлемiнде, сонымен қатар бiр жылға дейiн бала қарау кезiнде орташа айлық жалақының 40 пайызы көлемiнде төлем төлеуге мүмкiндiк бередi", – дейдi министрлiктегiлер. Жыл басынан берi 1998 жылдың 1-қаңтарына дейiн зиянды және ауыр еңбек жағдайында өз еңбек өтiлiн орындаған адамдар үшiн 8 АЕК (9344 тенге) көлемiнде арнайы мемлекеттiк жәрдемақы енгiзiлген. Мұнымен қоса биыл ҚР "Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек туралы" Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы" заң жобасын парламентке енгiзуге дайындық жүрiп жатыр. Жалпы, ағымдағы жылы әлеуметтiк көмек саласына 3,5 млрд. теңге бөлiнiп отырғанға ұқсайды. Алайда, бұл қаржы әлеуметтiк саланың қай жыртығын жамауға жететiнi әзiрге беймәлiм.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ