“МОҢҒОЛ” ҚАЗАҚСТАНДЫ ӘЛЕМГЕ ЖАРНАМАЛАЙДЫ

“МОҢҒОЛ” ҚАЗАҚСТАНДЫ ӘЛЕМГЕ ЖАРНАМАЛАЙДЫ

“МОҢҒОЛ” ҚАЗАҚСТАНДЫ ӘЛЕМГЕ ЖАРНАМАЛАЙДЫ
ашық дереккөзі
224

Лос-Анжелесте 80-рет өткiзiлген байқауда үздiк туындылар қатарынан көрiнген "Моңғол" фильмi "Оскарды" жеңе алмады. Есесiне, Шыңғысхан кезеңiн бейнелеген көркем туынды қазақ даласына турситердiң ағылуына, Қазақстанға жарнама жасауға игi ықпал еттi. Бұл пiкiрдi сайыс басталмай тұрып, анығында, 4 күн бұрын америкалық кино-сыншы Джейн Е. Нокс-Воина айтқан болатын.

Өткен жексенбiде Лос-Анжелестегi "Кодак" театрында Америкалық кино академияның байқауында ағайынды Коэндердiң "Қарттарға мұнда орын жоқ" атты фильмi "Үздiк көркем фильм" номинациясы бойынша "Оскарды" жеңiп алды. Академияның 5829 мүшесiнiң басым бөлiгi үздiк режиссура мен үздiк бейiмделген сценарийде де Коэндердiң еңбегiн жоғары бағалаған. Сонымен қатар екiншi пландағы ерлер рөлiн сомдаған актерлер арасынан осы фильмдегi Хавьер Бардем "Оскарды" қанжығаға байлады. Былтыр түсiрiлген көркем туындылар арасынан "Қарттарға мұнда орын жоқ" фильмi мен "Джуно" комедиясы байқаудың фавориттерi саналған. Айтқандай, Коэндер "Оскарға" тиесiлi номинанттар арасынан ең көп сыйлықтарды ұтса, "Джуно" кинопрокатта ең көп пайда түсiрдi.

Әйгiлi сайқымазақ Джон Стюарт жүргiзген бұл жолғы байқауда 306 фильм сұрыпталып алынған. "Ең үздiк әйел" рөлiн сомдаушы француздық актриса Мэрион Котийярға бұйырды ("Қызғылт түстегi өмiр"). Котийяр Кейт Бланш ("Елизавета: Алтын ғасыр"), Джули Кристи ("Одан алыста"), Лори Лини ("Жабайылар") мен Эллен Пейдж ("Джуно") арасында өрбiген бәсекелестiкте басым түстi. Ал ерлер арасында "Қан болады" фильмiндегi басты рөлдi ойнаған Дэниел Дэй-Льюис жеңiмпаз атанды. Ол Джордж Клуни ("Майкл Клейтон"), Джонни Деп ("Суинни Тодд – қанiшер-шаштараз"), Вигго Мортенсенмен ("Эл жазығында") сайысты.

"Шет тiлiндегi үздiк фильм" номинациясы бойынша 63 туындының арасынан австриялық режиссер Стефан Рузовитцкидiң "Жалған ақша жасаушылар" туындысы "Оскарды" жеңiп алды. Осы номинация бойынша орыс режиссерi Никита Михалковтың "12", формальдық тұрғыда Қазақстан тарапынан ұсынылған Сергей Бодровтың "Моңғол" фильмi, поляк Анджей Вайданың "Катынь" және израильдiк Джозеф Седардың "Бофор" фильмдерi сайысқа түскен. Байқау басталмай тұрып Америка Құрама Штаттардың Қазақстандағы елшiлiгi кино мен әдебиет саласын терең зерттеп жүрген америкалық ғалым Джейн Е. Нокс-Воина ханыммен тiкелей байланысып, қазақстандық журналистермен кездесу өткiзген едi. Сұрақ-жауап күйiнде ұйымдастырылған кездесуде Джейн "Моңғолдың" "Оскарды" жеңiп алмаса да, Қазақстанды әлемге жарнамалауға ықпал ететiн және шетелдiк туристердiң қызығушылығын оятатынын айтқан. Нокс-Воина ханым Мэн штатына қарасты Брансуик қаласындағы Боудэн колледжiнiң профессоры, философия ғылымдарының докторы. Қазақстанға арнайы келген ол кино саласына мамандануды армандаған бiрнеше қазақ жасының Америкада бiлiм алуына жағдай жасаған. Жас режиссерлердiң Құрама Штаттарда тәжiрибе алмасуына қол ұшын берген. "Оскарға" талас басталмай тұрып Джейн киносыншылар арасында шет тiлiндегi фильмдердiң қайсысының жұлдызы жанатынын бiлуге асығыпты. "Олар поляктың фильмiн ұнатып отыр. "Моңғолды" да жақсы дедi. Бiрақ жеңiске жете алмайтын шығар. Мен Қазақстанды қатты жақсы көретiндiктен, "Моңғолды" таңдағанын қалар едiм. Бiрақ бәрiн сарапшылар шешетiнi айқын" деп ағынан жарылған Джейн қазақ елiне деген ықыласының ерекшелiгiн де жасырмады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары