БҰЛАҚ БАСЫНАН ТҰНАР НЕМЕСЕ АРАЛАС МЕКТЕП БАҒЫМЫЗ БА, СОРЫМЫЗ БА? (Жалғасы)

БҰЛАҚ БАСЫНАН ТҰНАР НЕМЕСЕ АРАЛАС МЕКТЕП БАҒЫМЫЗ БА, СОРЫМЫЗ БА? (Жалғасы)

БҰЛАҚ БАСЫНАН ТҰНАР НЕМЕСЕ АРАЛАС МЕКТЕП БАҒЫМЫЗ БА, СОРЫМЫЗ БА? (Жалғасы)
ашық дереккөзі
297

2. Ал, ару қала, бұрынғы астана болған Алматының жағдайы да бұл тұрғыдан қарағанда, жарыста оза шауып бәйге алудың орнына Республикада ең артта қалуда. Мысалға алар болсақ, Алматыда 243 мектеп болса, соның 44-i ғана қазақша мектеп, яғни 20% ғана. 80 % -ын орыс мектебi мен аралас мектептен тұрады екен. Алматыдағы 66 жоғары оқу орнындарында оқитын студенттердiң 39 % -ы ғана қазақ бөлiмiнде оқиды екен. Ал, мұнда бала-бақша жағы да жетiсiп тұрған жоқ. Қаладағы 154 бала-бақшаның 24-i ғана қазақша яғни бар болғаны 16 % ғана. Қазақтың ең зиялы тобы мол деген Алматымыздың жағдайы да жер бауырлап тұр.

3. Қазағы мол, ұлт дәстүрi мықты деген әрi облыс бойынша iс-қағаздары мен сөйлеу тiлi мемлекеттiк тiлге көшкен Жамбыл облысының да аралас мектеп мәселесiне келгенде ақын Сара апамыз айтқандай: "Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнiм" болып тұр. Жамбыл облыстық Бiлiм беру департаментiнiң басшысы Дүйсенбек Әбдiраймовтың мәлiметi бойынша, облыста 463 мектептiң 311-i – қазақша мектеп, 14-i – таза орысша мектеп, ал, 137 мектеп аралас мектеп. Ал, 97 мемлекеттiк бала-бақшаның 63-i – қазақтiлдi, 3-еуi – орыстiлдi, 31-i аралас тiлдi. Облыс бойынша оқитын 188204 баланың 71%-ы қазақ тiлiнде бiлiм алады. Астана мен Алматыға қарағанда тәуба десек те болғандай.

4. Ең қиналатын жерiмiз қазағы мол деген Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданындағы 34 орта аралас мектептiң 3-еуi ғана қазақ мектебi екен. Осы мектептерде барлығы 8312 бала оқыса, соның 2312-сi ғана мемлекеттiк тiлде бiлiм алуы ненi көрсетедi? Аралас мектепте оқитындардың көпшiлiгi қазақ баласы, негiзiнен, орыс тiлiнде бiлiм алуда. Саны жыл өткен сайын молыға түсуде. Бiр қуантарлық жағдай – қазақ тiлiнде оқитын оқушылар саны жыл өткен сайын бiртiндеп молығып, көбейiп келедi екен. Мысалы 2005 жылы аудан бойынша 956 бала ғана қазақша оқыса, бiр жыл өтпей жатып-ақ олардың саны 2006 жылы бiрден 2550-ге өсiп кетуi – ана тiлiнде оқуға деген ұмтылысты көрсетiп, көңiлге қуаныш ұялатады. Қазақ тiлiнде оқитын бала саны көбейсе де, олар оқитын қазақша мектептiң болмауы аяққа тұсау салып тежеп отыр. Бұл – бар мүмкiндiктi шындыққа айналдыра алмаған жергiлiктi билiктiң дәрменсiздiгi мен ұлттық рухтың ұйқыға қарай қалғып кетуi демеске амалың жоқ. Бұдан ұлттық сананың жер бауырлап қалуынан басқа себеп көрiнiп тұрған жоқ. Баласын қазақ мектебiне оқытуға ынталы ата-ана баршылық. Бiрақ қазақ мектебiнiң есiгiн айқара ашуға мүмкiндiгi болмай дiңкесiн құртып отыр!

Аралас мектеп мәселесi – Қазақстан тәуелсiздiк алып, өз алдына түтiнiн түтетiп отырған бүгiнгi заманда азаюдың орнына молығып үдiре даму жолына тұруы бiздi таңғалдырады. «Өшудiң орнына өрши түсуiне не себеп болды?» деген сұрақ көлденең қойылып отыр. Неге? 1991 жылы егемендiк алған Қазақстанда 8881 бала-бақша болса, соның 2233-i – қазақша. 3501-i аралас бала-бақша. Яғни қазақ тiлдiсi 25%-ға әрең iлiгiп тұр. Қазiр де осы көрсеткiштен аса алмай тұрмыз.

Ал, Қазақстанда аралас мектептiң саны 2007 жылдың өзiнде азаюдың орнына 2068 мектепке жетiп көбейiп отыруы – осының айғағы десе болғандай. Патша миссионерлерiнiң армандап қиялына оралмаған аралас мектептiң мұншалықты көбею саны бiздiң тәуелсiз елiмiзде шындыққа асып отыруы- түсiнiксiз жағдай. Бұл жағдайды кiмдер орнықтырып сақтап отыр?

Менiң пiкiрiмше, аралас мектеп мәселесi қазақ тiлiнiң мемлекет тiлi деп статус алуына байланысты баспасөз бетiнде жиi сөз бола бастауында заңдылық бар. Өйткенi аралас мектеп пен аралас бала-бақша атаулының бәрiнде де тiлдiк сөйлеу ортасы, яғни орыс тiлi үстемдiк етiп отырғаны күмән тудырмайды. Оны ешкiм де терiстей алмайды. Коммунистiк партияның өзi қол жеткiзе алмаған мұншалықты қаптаған аралас мектепке тәуелсiз Қазақстан мемлекетi кезiнде қол жеткiзуiнiң сыры қайда жатыр? Таза орыс мектептерiнiң өзiнде қазақ балаларының құрамы мол. Ал, аралас мектептерде қазақша, орысша оқитын балалардың бәрi де сөйлеу ортасы орыстiлдi болған соң, әрине орыс тiлiнде сөйлемей тұра алмайды. Одан арылудың орнына Ресей отаршылдары мен коммунистердiң бүркемеленген орыстандыру, бiр тiлде сөйлету саясатын өзiмiз бiлек сыбана жүзеге асырып жатқанымыз қай заңдылыққа сияды?

Дана халқымыздың "Су басынан тұнады" дейтiн өмiр тәжiрибесiнен түйген ғажап сөзi бар. Осы тұрғыдан қарасақ, заманның кертiмен ерiксiз лайланған ана тiлiмiздi бастапқы табиғи мөлдiр судай қалпына түсiру үшiн, шешушi әрекеттi бала-бақша мен мектептердегi тiл мәселесiнен бастау, яғни сөйлеу ортасын қазақыландырудан бастау – ең басты шешушi мәселеге айналып отырғанын саналы түрде ұғынатын, ұғына отырып батыл әрекет ететiн уақыт жеттi емес пе? Оған кiм қолбайлау жасай алады? Ешкiм де!

Бiздер қазiргi кезеңде тiлi жағынан тұнығы лайланған ересектер мен егде адамдарды, сүйегi қатып кеткен қызметкерлердi мемлекет тiлiн меңгертемiз деп арпалысып жатуымыз дұрыс емес. Мұны бейнелеп айтқанда суды ортасынан, аяғынан тұндыруға күш салып арамтер болып жатудың жөнi бар ма? Қашан олар мемлекет тiлiн меңгерiп, еркiн түрде сөйлегенше, олардың өздерi де жасы ұлғайып, зейнеткерлiкке шығып кетедi. Яғни сөйлеу тiлi лайланған қауымға ерiксiз тiл үйретiп күшiмiз бен қаражатымызды бостан босқа суға ағызып, мемлекет қаражатын шашып жатырмыз. Аралас бала-бақша мен аралас мектепке қарсы күрестi 1992 жылы бiрден бастап жiбергенiмiзде қазiргi 16 жасқа толған бозбалалар мен бойжеткендер – бәрi де бүгiнде қазақша сөйлеп, сайрап тұрған болар едi. Амал қанша, олар аралас мектептi бiтiрiп, қызметке араласқан шала қазақтар мен ада қазақтардың санын тағы да молықтыра түсетiн күшке айналып отыр. Оларды тағы да мемлекет тiлiн меңгертуге қаржы мен уақытымызды қоса жұмсауға мәжбүрмiз. Бұлардың алдыңғы легiне әрең дегенде ана тiлiн үйретсек, ертең олардың артынан келетiн жаңа толқыны легi тағы да лықсып келе бередi. Судағы лайланған толқынға ұқсап, алдыңғы толқын кетсе, артқы толыны да осылайша лайланып үзiлiссiз қайталанып, қосылған үстiне қосыла бермек.

Бұдан құтылудың төте жолы – мәселенi су басынан тұндыруда жатыр. Яғни, аралас мектептердегi қазақ, орыс сыныптарын бөлiп, қазағын – қазақ мектебiне, орысын – орыс мектебiне жiберу. Бұған ешкiм де дау айта алмаса керек. Бәрiне өз тiлiнде мектеп берiлсе, не деп дауласады. Ресейде жасайтын миллионнан астам қазақтарға олар ана тiлiнде бiр де бiр мектеп ашпай отыр ғой. Бұл мәселеде дау шығаратын монотiлдi азаматтар бiр кез бiздiң орнымызға өздерiн қойып көрсiн. Ұяты болса, саналы түрде ұғынса сонда бәрi де орнына түсер едi..

Бұл кеселдi құбылысты қолдан қоздырып, тежеу салмай отырған жасанды сылтаудан құтылудың жолы бар ма? Әрине, бар! Бар болғанда бiржолата құтылудың шешушi жолы да бар! Ол жол – лайланған бұлақ суын тек басынан бастап тұндырғанда, бүкiл бұлақ суы тазаланып табиғи қалпына келмей ме? Осы себептi де халқымыз: "Су басынан тұнады" деп бекер айтпағанына көзiмiз жете түседi. Аралас мектептер де осы ботана боп ағатын лайланған бұлақ суы тәрiздi. Оны орта тұсынан тосып тұндыруға қаншалықты күресiп, әрекет етсең де, тұнып тазаруы мүмкiн емес. Осы себептi кешегi ашық, бүгiнгi жасырын миссионер атаулының бәрi де аралас мектептерге шешушi буын ретiнде мән берiп, ресми орындарды нандырып, тiптi саяси идеологиялық сыпат берiп сескендiруге ұмтылып келедi.

Олар аралас мектеп жайында шындықты айтып шырылдағандарды жасқау үшiн, бесаспап идеологиялық құрал болған КПСС ОК 1986 жылғы қаулысында айтылған "Қазақ ұлтшылдығы" деген айыптаудан қол үзер емес. Тiптi, аңғал қазақтарды жасқау үшiн ұлтшылдықтың жаңа түрлерiн ойлап тауып, қоздатуға тырысуда. Мысал үшiн айтар болсақ, "радикальный национализм", "неонационализм", "здаровый национализм", "политический национализм" деген т.б. "жаңа" терминдердi үстi-үстiне тоғытып үркiтпек қамында жүр. Мұндай талапты көп ұлтты Ресейге қойса жарастықты болар едi. Халықтар достығы десе тұрып төсек, жатса жастық болатын жалпақ шешей Қазақстанға мұны не бетiңмен ұялмай айтасыңдар? Егер Ресейдегi аралас мектептерде басқа бiр ұлттың тiлi сөйлеу ортасын қалыптастырып, басым болып бара жатса, көрер едiк жаңағы көкезулердiң әуселесiн.

Кеңес үкiметi кезiнде ұлттық санасы оянғандарды "буржуазиялық ұлтшылдар", "пантүркистер," "панисламистер" деп зәремiздi зәр түбiне түсiрушi едi. «Ұлтшыл» деген сөзден қорыққан рухы сынған қазақтар ол ұғымды жұмсартпақ болып "ұлтжанды" деген жасанды терминдi қалқан етiп бойтасалауға бет бұрғаны да рас. Ендi тағы да сескендiре түсу үшiн ұлтшылдықтың жаңадан бес-алты түрiн ойлап тауып, ресми терминдiк сөзге ендiрiп жiберген сабаздар бүгiнгi мәңгүрттенген қазақ байқұстарды "бұтаға паналаған торғайдай" пана iздеп ығысқан қазақты ығысқан үстiне ығыстыра түспек. Ұлт мүддесiн орынды сөз еткен сайын, орыстiлдi баспасөздер, әсiресе, оппозициялық баспасөздер шуылдап шыға келедi. Егер де ол сабаздар ғасырлар бойы ұлттық езуге түскен қазақтардың орнына өздерiн қойып ойланса, шындыққа көзi жетiп ұяты барлары ойланар едi. Әдiлетсiздiктерiн сезiнер едi. Немесе Прибалтикаға бiрер айға барып келсе, шел басқан көкiрек көзi ашылар едi. Не Ресей сияқты орыс тiлiн 5 жылда меңгермесе, азаматтығын бермейтiнi сияқты, Қазақстан да 5 жылда мемлекет тiлiн бiлмесе, азаматтығын бермейтiн болсақ не етер едi. Қысқасы бiздегi монотiлдiлер "тәуба" дегендi бiлмей-ақ кететiн түрi бар. Тоңмойындықты кешегi заман көтерсе де, бүгiнгi заман талабы көтере алмайтынын сезiну керек шығар.

Қазақстандағы мектептердiң үштен екiсiн, яғни iшiнде таза орыс мектептерi мен аралас мектептер құрайды. Бұлардағы сөйлеу тiлi – орыс тiлi, яғни бұл мектептерде орыс тiлi – сөйлеу ортасын қалыптастырып отыр. Аралас мектеп мемлекеттiк тiлдiң табиғи орнын алуға кесiрiн тигiзуде. Аралас мектеп бұлақтың басында тұрып алып су ағысын басынан бастап лайлап, ботана суға айналдыруда. Осы керiтартпа құбылыстан арылу үшiн аралас мектептердi жағдайға, уақытқа, орналасу орнына қарай жыл өткен сайын қазақ кластарын қазақ мектебiне, орыс кластарын таза орыс мектептерiне қосу арқылы аспай-саспай бiртiндеп ыңғайластыра беру керек. Бұл арада аралас мектептердегi сыныптарды оқу тiлiне қарай жүйелеп үйлестiрiп жүзеге асыру – Бiлiм, ғылым министрлiгi мен жергiлiктi оқу орындары департаментiнiң ең басты мiндеттерi болып қала бермек.

Аралас мектептi қазан төңкерiсiне дейiн Ресей империясы ұсақ ұлттарды орыстандырып шоқындырудың, саяси бiр организмге айналдырып жiберудiң шешушi кiлтi ретiнде жүзеге асыруға қызу атсалысып, белгiлi нәтижелерге де қолдары жеттi. Бұл империялық миссионерлiк саясатты компартия бастаған қызыл империя аралас мектептi интернационалдық тәрбиенiң бесiгi ретiнде дәстүр ретiнде қарап, өздерi ұстанған миссионерлiк жасырын саясатын бүркемелеп өткiзiп, ұлт мектептерiн бiртiндеп бiлдiрмей жоюдың бiртiлдi совет халқын қалыптастырудың бесаспап құралы ретiнде жүзеге асырып отырды. Патшалық замандағы аралас мектеп пен қызыл империя тұсындағы аралас мектеп арасындағы орыстандыру арқылы ұлтсыздандыру мақсатында айырма болмады. Аралас мектеп миссионерлiк саясатты жүргiзудiң дәстүрi ретiнде қабылданды.

Ал, ендi бүгiнгi тәуелсiз Қазақстанда аралас мектептiң дамуына атсалысып, оны орнымен таратып жiберуге қарсы астыртын күресетiн күш – ұлы державалық санадан арылмаған монотiлдiлер мен солар жүргiзген саясаттың "жемiсi" болған билiктiң барлық сатыларында отырған өзiмiздiң ұлтсызданып космополиттенген ада қазақтар мен шала қазақтардың ұрпақтары екенiн неге жасырамыз. «Таң атпайын десе де күн қоймайды» дегендей мемлекеттiк тiл күн өткен сайын баяу түрде болса да, өз орнын ала бастауымен қоғамның рухани ұйтқысына айналарына сенiм нық.

Су басында тұрып, мемлекеттiк тiлдi лайландырып жатқан аралас бала-бақшалар мен қаптаған аралас мектептердi жағдайға, уақытқа, орнына қарай отырып бiртiндеп үйлесiмiн тауып таратпайынша, яғни су басынан тұнбаған соң мемлекеттiк тiлдiң орнығуы мен басымдық етуiнiң ауылы алыс екенiн ойланатын және шешушi әрекет етуге кiрiсетiн уақыт жеткенiн Бiлiм, ғылым министрлiгi назарда ұстар деп, нәтижесiн күтемiз!

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары