ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСIПКЕРЛIК НЕМЕСЕ УАҚЫТША МОРАТОРИЙ ТУРАЛЫ

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСIПКЕРЛIК НЕМЕСЕ УАҚЫТША МОРАТОРИЙ ТУРАЛЫ

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСIПКЕРЛIК НЕМЕСЕ УАҚЫТША МОРАТОРИЙ ТУРАЛЫ
ашық дереккөзі
259

Кейбiр сарапшылар қоғамды алға сүйрейтiн басты күштердiң бiрi – орташа топтың қалыптасуына ықпал ететiн шағын және орта кәсiпкерлiктiң кенжелеп қалуына Үкiметтiң салғырттығын кiнәлайды. 2003 жылы кәсiпкерлер форумында Президент Н.Назарбаев шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеретiн мемлекеттiк органдардың санын қысқартуға пәрмен берген болатын. Ол кезде жалпы саны 56-ға жетiп жығылатын тексеру органдары Президенттiң сөзiнен кейiн күтпеген жерден 57-ге көбейдi.

Ал қазiр тiптi, 60… Өткен аптада Президент кәсiпкерлердi тексеруге уақытша мораторий жариялады. Дайындалып жатқан жаңа Салық кодексiнде кәсiпкерлерге салынатын салық көлемiн қысқартуға нұсқау бердi. Бүгiнгi сараптама отандық кәсiпкерлiктiң күнгейi мен көлеңкесi туралы.

МЕМЛЕКЕТТIК БАҒДАРЛАМА – ҚАҒАЗ ЖҮЗIНДЕ

Әлемдегi дамыған елу елдiң қатарынан көрiнуге ұмтылатын Қазақстан жақын арада Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiрудi мақсат етедi. Мұндайда мемлекет экономикасының қозғаушы күшi – кәсiпкерлiк жайлы сөз қозғамау ағаттық болар едi. Шыны керек, қазақстандық шағын және орта кәсiпкерлiктiң дәл бүгiнгi ахуалы сын көтермейдi. Әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен банктердiң шағын және орта кәсiпкерлiктi несиелеудегi белсендiлiгiнiң төмендеуi, берiлетiн қарыздардың пайыздық көрсеткiшiнiң тым жоғарылығы отандық өнiм өндiрушiлердiң жұмысына керi әсер еттi. Салынатын салық мөлшерiнiң тым көптiгi де "жығылғанға – жұдырық" болатын. Алайда, тиiстi органдар тарапынан өткiзiлетiн тексерiстер мен кедергiлердi қысқарту, салық салмағын жеңiлдету туралы ұсыныстарын Үкiметке естiрте алмай шаршаған отандық кәсiпкерлердiң арманы орындалды. Елбасының жарлығымен, үстiмiздегi жылдың 21 ақпанынан бастап 31 желтоқсанға дейiн қазақстандық кәсiпкерлердi тексеруге тыйым салынды. Әрине, бұл жеңiлдiк адам өмiрiне тiкелей қатысты дәрi-дәрмек пен азық-түлiк саласына қатысты емес. Былтыр желтоқсан айындағы қазақстандық бизнестiң ахуалы сөз болған Алматыдағы "дөңгелек үстелде" кәсiпкерлер қауымы премьер-министр Мәсiмовке сұрақты қарша боратып, бiраз "терлеткен". Сан сауал тығырыққа тiреген премьер кәсiпкерлердi Астанадағы үкiметтiк отырысқа қатысуға шақырды. Құқайды мемлекеттiк органдардан көрiп жүрген кәсiпкерлер iркiлiп қалмады. Iштегi қыжылдарын Министрлер кабинетiнiң алдына ақтарып салды. Өз салаларындағы кемшiлiктер мен олқылықтарды кәсiпкерлер өткен аптада көпшiлiк талқысына тағы да салды. Қазақстандық кәсiпкерлер форумының (ҚКФ) төрағасы Райымбек Баталов 2004-2006 және 2005-2007 жылдарды қамтитын кәсiпкерлiктi дамытуға арналған мемлекеттiк бағдарламаның қағаз жүзiнде қалғанын ескерттi: "Бұл бағдарламалар өте сапалы дайындалған едi. Әп дегеннен мемлекеттiк органдардың бақылаушылық-қадағалаушылық қызметтерiн жүйелеуге қатысты мiндеттер айқын көрсетiлген болатын. Алайда, iс жүзiнде ештеңе өзгерген жоқ". Негiзi 2004-2006 жж. арналған мемлекеттiк бағдарламада 2006 жылы iшкi жалпы өнiмдегi шағын және орта кәсiпкерлiктiң үлесi 27 пайызға тең болуы тиiс едi. Керiсiнше, бұл көрсеткiш 15,7 пайызға күрт төмендеп кеттi. Қазақстандық кәсiпкерлер форумының жетекшiсi Мәсiмовтен кәсiпкерлiктi дамытуға арналған бағдарламалардың қалай iске асырылып жатқаны туралы есеп берудi және шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдауға бөлiнген қаражаттың қайда, қалай жұмсалып жатқанын ашық көрсету керектiгiн ескерттi. "Атамекен" Одағы" экономикалық палатасының президентi Азамат Перуашев кәсiпкерлер құқығының аяққа жиi тапталатынын, мемлекеттiк органдардың 90 пайызға жуығы жыл сайынғы тексерулердi қаперге iлмейтiнiн, есесiне, өздерiнiң көңiлдерi қалаған уақытқа белгiлеп, кәсiпкер бiткендi сергелдеңге салатынын айтты. Негiзi заң бойынша, тексерушi органдардың әрқайсысы бiр жылда бiр рет тексеру өткiзуге құқылы. Өкiнiшке қарай, заңды қонышынан басатындар кәсiпкер бiткендi жылына бiрнеше рет тергеп, тексерiп, қала бердi, ұзақ уақыт (немесе қалағанынша) әбiгерге салуды әдетке айналдырған.

"СУҒА КЕТКЕН ТАЛ ҚАРМАЙДЫ"…

Он айға созылатын мораторийден Үкiмет үлкен үмiт күтсе, салық қызметiнiң өкiлдерiнiң кейбiрi керiсiнше, салық төлеуден жалтаратындардың, "көлеңкелi бизнестi" гүлдендiретiндердiң құдайлары бердi дейдi: "Бақылау мен қадағалаудан тыс қалған кәсiпкерлер пайданы көптеп табуға құнығып, салықты өтеуден бас тартады". Алайда, бұл пiкiрге Азамат Перуашев қарсы: "Қазiргi таңда шағын және орта кәсiпкерлiк көзбояушылықпен айналысуға мүдделi емес. Былтыр дер уақытында өткiзiлген мүлiктi заңдастыру шарасының кезiнде кәсiпкерлер барлық мүлiктерiн заңдастырып алды. Яғни, көлеңкелi бизнеспен айналысуға деген қажеттiлiк жоқ". Отандық сарапшылар қауымы болса, дамыған елдерде кәсiпкерлiкке мораторийдiң жарты ғасырда бiр рет жарияланатынын, мұндай шараның ел экономикасына тигiзетiн пайдасы көптiгiн көлденең тартады. Қазақстандық шағын және орта кәсiпкерлiк негiзiнен тауарлар мен қызмет көрсету саласына басымдық бередi. Ал өнiм өндiру жоқтың қасы. Өкiнiшке қарай, әрине. Билiктiң мораторий жариялаудағы басты мақсаттарының бiрi – бизнестi диверсификациялау. Басқаша айтқанда, шикiзаттан бастап, өнiм өндiруге ден қоятын кәсiпорындардың ашылуына жағдай жасау. Кластерлiк жүйе туралы айта, айта, жақ талды. Бiрақ оны қолға алып, жүйелi түрде жүзеге асырмайынша, экономика саласын диверсификациялау әсте мүмкiн емес. Шикiзаттық саладан бас тартып, отандық өнiм өндiрудi дамыту – аса маңызды қадам. Былтыр астықтың мол өндiрiлгенiне қарамастан, нан өнiмдерiнiң бағасы шарықтап кеттi. Ас атасымен бiрге қант, сұйық май күрт қымбаттады. 1 литр майдың құны 1 келi етпен тең болғаны есте. Өйткенi, сұйық май сырттан тасымалданады. Үкiмет сол кезде құны тым жоғарылап кеткен азық-түлiктiң кейбiр түрiн немен алмастыратынын бiлмей сасқан. Саспай қайтсiн, егер халықтың күнделiктi тұтынатын өнiмдерiн өндiретiн отандық кәсiпорындар саусақпен санарлықтай болса. Iшкi нарықтағы тапшылықты өздерiнiң бас пайдасына жаратып қалуға жанталасқан алыпсатарлар мен "пысықайлар" баға тағайындау мәселесiнде бiлгендерiн iстедi. Елдегi инфляцияны ауыздықтай алмай терлеген Мәсiмовтiң командасы жергiлiктi билiкпен және кәсiпорындармен арнайы меморандумға қол қою арқылы отставкадан әупiрiммен аман қалды. Қант пен сұйық майды сатып алуға мемлекеттiк тапсырыс бердi. Яғни, дүкендер мен базарлардағы бағаны осылайша қатаң қадағалап отыруға мүдделi болды. Үкiмет тiптi, бағаны тұрақтандыруға кедергi келтiретiн ашкөз алыпсатарларды сотқа тартуға дейiн барды. Бiрақ шенеунiктердiң қаһарынан ыққан саудагерлердi көрмедiк. Дүкен сөрелерiндегi бағалар екi күнде бiр өзгерiп, сатушы қыздар заттың бағасын айтуда жаңа баға жазылған қағаздарына жиi жүгiнетiн болды. Жалпы шағын және орта кәсiпкерлiк өте сезiмтал, iшкi жағдайларда тез сыр бередi. Сондықтан мемлекет азық-түлiк өнеркәсiбi мен ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң өндiрiсiне баса назар аударуы тиiс. Оның үстiне, мораторийдiң арқасында iшкi нарықты жедел дамытып, жаңа кәсiпорындар ашуға, жұмыссыздардың екi қолына бiр жұмыс тауып беруге ден қою керек.

ТЕКСЕРУ ОРГАНДАРЫ – 60…

Президент халыққа Жолдауында республикамыздағы iскерлiк қабiлеттi ұштауға, кәсiпкерлiк белсендiлiктi арттыруға, шикiзаттық емес салада тер төгiп жүрген кәсiпкерлерге салынатын салық салмағын жеңiлдетуге байланысты бастама көтергенi белгiлi. Осыған орай, жаңа Салық кодексiнде шағын және орта кәсiпкерлiкке салынатын салық мөлшерi айтарлықтай азайтылмақ. Өнiм өндiрушiлер үшiн аса маңыздысы да – осы. Былтыр банктерден алатын арзан қарыздан қағылғандар жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған. Осының салдарынан қазақстандық тауарлар дүкендер сөрелерiнен ығысып, олардың орнын шетелдiк бәсекелестердiң өнiмдерi басты. 2007 жылдың күзiне дейiн республикамызға импортталатын тауарлар көлемi 20 пайызбен шектелсе, биыл ол көрсеткiш 30 пайызға бiр-ақ көтерiлiптi. Сарапшылар пiкiрiнше, оның екi себебi бар. Бiрiншiсi, салынатын салықтың тым көптiгi, екiншiсi, шенеунiктер тарапынан келетiн кедергiлер. Осы себептi, Үкiмет кәсiпкерлерге, әсiресе, жұмысын жаңадан бастаған қандастарға салық салуда үлкен жеңiлдiктер қарастыруы тиiс. Айтпақшы, салыққа қатысты заң жобасында корпоративтiк кiрiс салығы мен қосымша құн салығының көрсеткiшi қайта қаралғалы жатыр. Дамыған елдердiң тәжiрибесiне сүйенсек, бұл да әбден құптарлық қадам. Өйткенi, қытайлық кәсiпкерлiк құрылымдар аяқтарынан тiк тұрып кеткенше, яғни, 5 жыл бойы корпоративтiк салықтан босатылады. Ал АҚШ пен Батыста бұл мерзiм 3 жылға тең. Тағы бiр маңызды жайт, тексеру барысында кәсiпкерлердiң заңды қатаң сақтағаны дәлелденсе, тексеру жұмыстары бiр жылдан кейiн емес, 3-5 жылдан кейiн өткiзiлетiн болады. Жасыратыны жоқ, алаңсыз жұмыс жасауға кедергi келтiретiн сансыз тексерулер жүйкелерiн жұқартқан кәсiпкерлер мүмкiндiгi болса, тиiстi орган қызметкерлерiне пара беру арқылы тексерулерден құтылуға асығады. Бұл қоғамды iштен iрiтiп жатқан жемқорлықтың терең тамыр жаюына жағдай жасайтыны сөзсiз. Демек, Президент Назарбаевтың шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеруге мораторий жариялауының көлеңкелi тұсынан күнгейi басым. Тек мораторийдiң мерзiмi бiтiсiмен, қасапшыдай жалаңдап тұрған тиiстi орган қызметкерлерiнiң сансыз тексерулердi қайта жаңғыртатыны өкiнiштi. Келеңсiздiктi қайталамас үшiн Үкiмет 2004-2006 және 2005-2007 жылдарды қамтитын кәсiпкерлiктi дамытуға арналған мемлекеттiк бағдарламалардың маңызды бөлiктерiн жүзеге асыруға мiндеттi. Мамандардың кейбiрi кәсiпкерлiктi қолдау мақсатында арнайы мемлекеттiк агенттiк құруға ұсыныс жасап отыр. Мысалы, ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жанынан құрылған Экономика институтының директоры Оразалы Сәбден: "Кәсiпкерлiктi дамыту iсiмен сауда министрлiгi де, экономика министрлiгi де емес, арнайы орган айналысуы қажет" дейдi. Сарапшылар қауымының пiкiрiнше, отандық кәсiпкерлiктiң кедергiлер мен тексерулерден көз ашпауына Үкiмет кiнәлi. 2003 жылы кәсiпкерлер форумына қатысқан Президент Н.Назарбаев шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеретiн мемлекеттiк органдардың санын қысқартуға нұсқау берген болатын. Ол кезде тексерумен айналыстаын органдардың жалпы саны 56 едi. Президенттiң сөзiнен кейiн олардың саны қысқарған жоқ, керiсiнше, бiр ұйымға артып, 57-ге жеттi. Қазiргi кезде олардың ұзын-саны — 60. Алпысы алпыс жақтан алқымнан алса, отандық кәсiпкерлiк тұншықпағанда, қайтсiн?! "Жығылған үстiне жұдырық", қазақстандық кәсiпкерлер инвестиция салуды жаңартқысы келсе немесе тозған құрал-жабдықты ауыстырғысы келсе, 40 пайыздық салықты өтеуге мiндеттi: 30 пайызы — корпоративтiк, 10 — қосымша құн салығы. Мамандар мұндай талаптың кәсiпкерлiктi өсiрудiң орнына өшiретiнiн айтады. Өйткенi, қытайлықтар жаңа құрал-жабдықты, оның қосымша бөлшектерi мен қажеттi шикiзатты нөл пайыздық көрсеткiшпен әкеледi. Ешқандай салықсыз. Ал бiздегi шикiзатқа салынатын салық дайын өнiм бағасынан да қымбатқа түседi екен. Ендеше шикiзат әкелiп, өнiм өндiрiп әуре болғанша, шетелдiк дайын өнiмдi елге әкелу әлдеқайда арзан әрi оңай емес пе?! Ол аз десеңiз, қазақ нарығын жаулап алуға көшкен қытайларда әлеуметтiк салық 1,5 пайыз, ал бiзде 13 пайыз… Мұндайда бәсекелестiк пен өнiмнiң сапасы жайлы сөз қозғаудың өзi артық. Демек, Қазақстандағы салықтық және кедендiк талаптар елiмiздегi кәсiпкерлiктiң дамуына үлкен кедергi келтiрiп отыр. Ал кәсiпкерлер қауымы заңды сақтай отырып, шаруаларын дөңгелетуге дәрменсiз. Ендi тек 10 айға созылатын мораторий мен жүзеге асырылуы тиiс мемлекеттiк бағдарламалардың қауқарын сынға салу ғана қалды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары