БАНКТЕР ДАҒДАРЫС ҚҰРЫҒЫНДА МА?

БАНКТЕР ДАҒДАРЫС ҚҰРЫҒЫНДА МА?

БАНКТЕР ДАҒДАРЫС  ҚҰРЫҒЫНДА  МА?
ашық дереккөзі
409

Былтырғы жыл Үкiмет үшiн, қарапайым халық үшiн батпандап кiрген қымбатшылықпен есте қалды. Әуелгi кезде Үкiмет бұл жағдайды әдеттегiдей жылда қайталанатын құбылыс ретiнде қабылдағандай едi, бiрақ жер-жердегi халықтың жан-айқайы жайбарақат отыра беруге мүмкiндiк бермедi. Дәлiрегiнде, ел экономикасын өркендетуге кесапатын тигiзген дағдарыс салдары кiм-кiмдi болса да селт еткiзбей қоймағаны анық.

Сонымен, экономист-сарапшылардың пiкiрiнше, сонау Америкадан басталған әлемдiк дағдарыстың әсерi Қазақстан экономикасына да айтарлықтай зиян келтiрдi. Зиянын тигiздi деген тым қарабайырлау болар, дұрысы Қазақстан экономикасын әлемге әйгiлi етiп отырған астық пен мұнай, одан қала бердi соңғы кезде тамырына қан жүгiрген құрылыс саласының жандануына едәуiр тосқауыл қойғандығы белгiлi. "Ауырып ем iздегенше, ауырмаудың жолын iзде" демекшi, К.Мәсiмов бастаған Үкiмет құрамы жағадан алған әлемдiк қаржы дағдарысынан бiраз тәжiрибе жинақтап қалған сияқты. Әу баста қымбатшылықтың алғашқы лебi бiлiне басталған кезде-ақ мәселенiң алдын алып, оны қадағалауға барынша күш жұмылдырып, өз тарапынан министрлiктерге арнайы тапсырма беру арқылы инфляцияны ауыздықтау үшiн жанталасып бақты. Алайда, азық-түлiк бағасы күннен-күнге қымбаттамаса, арзандайтын түрi жоқ. Бұл аздай, отандық азық-түлiк нарығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселесi көзделсе де, күнделiктi тұтынатын тауар бағасы күрт қымбаттап, тiптi кей аймақта нан бағасының өскенiмен қоймай, дүкен сөрелерiнен таппай қалатын жағдай да кездесiп жатты. Яғни, осыдан-ақ отандық өнiм халықтың сұранысын толыққанды қанағаттандыра алмайтындығын әрi iшкi рыноктың қабiлеттiлiгiне сай еместiгiн мойындаудың өзi ерлiк емес пе?! Жақында мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлiгi мен "ҚазАгро" холдингiне елiмiздегi азық-түлiк базасын нығайтуды тапсырды. "Бiз дәл осыған қарап Ауыл шаруашылығы министрлiгi мен "ҚазАгро" холдингiнiң жұмысына баға беретiн боламыз. Мүмкiндiк те, қаржы да жетерлiк. Бiз ауыл шаруашылығы мен ауылшаруашылық өнiмдерiн өңдеудiң сапасы мен көлемiн жақсартып, оны бәсекеге қабiлеттi тауарға айналдыратындай етiп дамытуымыз керек", — дедi Н. Назарбаев. Осы нақты тапсырмадан кейiн экономиканың етегiн ұстаған министрлердiң iштерi қылп ете қалғандығын аңғару қиынға соқпады. Ал банк секторы болса, өзiнiң несиелiк үстемелерiн өсiрiп әлек. Әшейiнде жарнамасы жер жаратын банктердiң бүгiнде жағдайы әрi-сәрi күй кешуде. Бетiн ары қылсын, егер әлемдiк дағдарыс көлеңкесiн ел экономикасына тағы да түсiретiн болса, оған бiздiң билiк қарсы тұра ала ма? Мәселенiң мәнiсi де сонда.

Премьер-министр К.Мәсiмов өткенге салауат айтып, Үкiмет мүшелерiнiң соңынан өзi де 2007 жылға қорытынды жасады. Ол былтырғы жыл елiмiздiң әлеуметтiк-саяси, мәдени өмiрiнде игi жаңалықтарымен есте қалды десе де, алайда қаржы дағдарысы экономикамыздың әлсiз тұстарын көрсетiп қалғанын мойындағысы келедi. Сондай-ақ ол соңғы төрт-бес жыл көлемiнде жылына 9-10 пайыз деңгейiнде дамып отырған экономиканың өсiм қарқыны әлемдiк қаржы дағдарысынан кейiн едәуiр бәсеңдегенiн де тiлге тиек еттi. Естерiңiзде болса, Елбасы биылғы кезектi жолдауында экономиканың өсу қарқынын осы қалыпта ұстап тұру үшiн Үкiметке бiраз мiндеттер жүктедi. Оның iшiне тағы да қайталануы ықтимал әлемдiк қаржы дағдарысына жан-жақтан қарсы тұру шарасы мен жедел түрде жоспар құру жұмысы кiрмек. Мұнымен қоса, К.Мәсiмов үкiметi ұлттық банкпен, Қаржы нарығын қадағалау агенттiгiмен бiрлесiп, банктердiң қаржылық әл-ауқатына кең ауқымда әрi қатаң жүйеде мониторинг жасауға шешiм қабылдайтынын да жеткiздi. Өйткенi, биыл Қазақстан банктерi сырттан алған 13 млрд. АҚШ долларына жуық қарызын қайтарумен бастарын қатырып, әлектiң үстiне түсiп жатқандығын ескерсек, бұл өте ұтымды тексеру болар едi. "Қаржы саласындағы тәуекел" форумында банк саласы жөнiнде мәселе көтерген ҚР Қаржы нарығы мен ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттiгi төрағасының орынбасары М. Байсыновтың айтуынша, былтыр да отандық банктер осыншама қарыз алған. "Сол себептен де жақсы болжам жасауға болады екен. Былтыр Iшкi жалпы өнiм (IЖӨ) өсiп, банк активтерi азайған жоқ. Сыртқы қарыздың әсерiнен банктiң төлем қабiлетi нашарлай қойған жоқ. Банк және осы тектес қаржы ұйымдары өз мiндетiн адал атқарды" деп ағынан жарылды. Дегенмен, бұның астарында қаншалықты шындықтың жатқаны бiзге беймәлiм.

Бiр анығы, елiмiздiң банк саласына түбегейлi мониторинг жүргiзу қажет. Егер де банктiң алпауыт қожайындары мен қаржы ұйымдары бұл мониторингтi Үкiметпен бiрлесе отырып, алдын-алуға ишара бiлдiрмесе заңнамаға байланысты олардың орнына жаңа басшылар, тiптi қажет болса, жаңа инвесторлар тартылуы ғажап емес. Неге десеңiз, былтырғы жылы дүниежүзi экономикасына жаппай түрде әсер еткен қаржы дағдарысынан соң екiншi деңгейлi банктердiң көпшiлiгi дерлiгi сырттан алған қарыздарын өтеумен бас қатырып, құрылыс саласын қаржыландыруды iс жүзiнде тоқтатуға мәжбүр болғандығын қалайша ұмытпақпыз. Соның салдарынан iрi мегаполиске жататын қалаларда экономиканың қарқын алып жатқан секторы — құрылыс саласы уақытша тоқтап, бәсеңдеушiлiк байқалып қалды. Оның үстiне арнайы қатаң бақылаудың болмағандығынан сырттан қарызды бей-берекет алып, сондай-ақ, несие беру барысында халықтың төлем қабiлетiн елеп-екшеместен оңды-солды қарыз беруге машықтанған банктер ендi келiп бюджетке кәдiмгiдей күш салып отырған жоқ па? Бұдан өзге Елбасы қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттiгiн бiлiктi (оның iшiнде шетелдiк) кадрмен, тиiстi еңбекақымен қамтамасыз етудi тапсырды. Бұл жерде басымдық түсiре айтқаны тек отандық қана емес, шетелдiк мамандар да қаржы жүйесiнiң мониторингiне бiр кiсiдей қатысып әрi ортақ ұсыныс қабылдау кезiнде мiндеттi түрде тартылуы керектiгi.

Ал Тышқан жылы көршi Ресей экономикасы үшiн жайлы басталыпты. Өйткенi, жергiлiктi мамандар Жаңа жыл басталғалы нарықтық экономикада қандай да бiр кереғар жағдайлар орын ала қойған жоқ дейдi. Атап айтсақ, бiрiншiден, әзiрге инфляцияның деңгейi бiрқалыпты. Екiншiден, ауа-райының әзiрге жылына қоймағандығына байланысты жылу-энергетикалық сала да iшкi және сыртқы нарыққа тоқтаусыз бiрдей қызмет жасауда. Үшiншiден, қаржы нарығында iшкiэкономикалық конъюнктура сақталды. Төртiншiден, халықтың табыс көзi көбейiп, яғни, ақпан айынан бастап жалақының өсуi сұранысты қанағаттандырып, тұтынушы көңiл-күйiн көтердi. Ал бесiншiден, кез келген кәсiпорынның қаржылық жағдайының бiрқалыпқа түсуi үмiт пен инвестициялық серпiндi кәдiмгiдей бiр арнада ұстауға түрткi болды. Мұның бәрi экономиканы дамытуға, яғни, 2008 жылы IЖӨ-дi 6,4 пайыздан 6,6 пайызға өсiру мүмкiндiгiне қол жеткiзуге бастайтын жол деп түсiндiредi мамандар. Айта кету керек, Ресей үкiметi үшiн 2008 жылғы экономиканың күн тәртiбiнде тұрған басты мәселе — инфляциямен күрес. Өйткенi, 2007 жылдың қорытынды есебi бойынша, тұтынушы баға индексiнiң 11,9 пайызға өскенiнiң өзi мемлекеттiң инфляцияға алдын ала жасаған жобасын бiрден өзгертiп жiбердi. Бұған себеп, былтырғы жылдың соңында өнiм өндiрушiлер тауарының бағасын кенеттен бiрнеше есеге өсiрiп жiбергендiгi. Осыған қарай, сарапшылардың пiкiрi 2008 жылдың бiрiншi жартысында инфляция бұдан әрi өспесе, төмендемейдi дегенге сайып отыр.

Десек те, былтырғы жылы басталған әлемдiк қаржы дағдарысы кез келген мемлекетке экономикалық керi әсерiн тигiзбей қоймады. Болар iс болды. Ендiгi қауiп — аталмыш дағдарыстың тағы да қайталанбауында жатыр. Қазiр қайсыбiр ел Үкiметi инфляцияның өсуiн ауыздықтауға бар күшiн салып әлек.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары