70 МИЛЛИОН КӘРIСТIҢ БАСЫ БIРIГЕ МЕ?
70 МИЛЛИОН КӘРIСТIҢ БАСЫ БIРIГЕ МЕ?
Дүйсенбi күнi Оңтүстiк Корея халқы президентiн ұлықтады. Салтанатты шараға ҚР Президентiнiң сенiмдi өкiлi ретiнде ҚР Премьер-министрiнiң орынбасары Өмiрзақ Шөкеев бастаған қазақстандық делегация қатысып қайтты. Жаңа президенттiң алдында бiрнеше мiндет тұр. Ең бастысы — 70 млн. кәрiстiң басын қосу. Солтүстiк Корея мен Оңтүстiк Корея арасындағы тоңды жiбiту, өзге елдермен серiктестiк қатынасты дамыту.
Оңтүстiк Кореяның жаңа президентi — Ли Мен Бак апта басында халқының алдында адал қызмет етуге ант бердi. Экономикаға басымдық беретiнiн жеткiзген ол АҚШ-пен ынтымақтастықты арттыратынын, Жапония, Ресей, Қытаймен арақатынасты жақсартатынын жеткiздi. "Екi Кореяны бiрiктiру — 70 млн. кәрiстiң ежелгi арманы" деп мәлiмдеген жаңа президент Солтүстiк Кореяға қатысты саясатты қатайта түсетiнiн жасырмады. Сондықтан идеологиялық бағытпен шектелуден гөрi прагматикалық саясатқа көшу қажеттiгiн көлденең тартты: "Екi Кореяның көсемдерi бiрiге отырып, 70 млн. кәрiстiң өмiрiн бақытты етуге күш салуы тиiс. Әрi екi тарап та бiрiн бiрi сыйлауға мiндеттi. Ол үшiн алдымен бiрiгудiң барлық жолдарын iске асыру керек". Былтыр солтүстiк тарапта 2-3 қазанда өткiзген конференцияда Сеул мен Пхенян арасындағы экономикалық қатынасты жақсартуға байланысты 10 бөлiмнен тұратын Деклорацияға қол қойған. Бак бұл құжатты iске асырмай отырып қаржылық және әкiмшiлiк ұйымдастыру қауқарын сынға салу қажеттiгiн айтады.
Кәрiстердiң астанасы – Сеул қаласындағы орталық алаңда өткiзiлген ұлықтау шарасына 50 мыңға жуық адам ат салысқан. Салтанатты шараға Қазақстан тарапынан вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев, орыстардан — премьер Виктор Зубков, америкалықтардан — Мемлекеттiк хатшы Кондолиза Райс, жапондардан — премьер Ясуо Фукуда қатысты. Бүгiнгi таңда Қазақстан мен Оңтүстiк Корея арасындағы саяси, дипломатиялық қарым-қатынас кең ауқымда әрi серпiндi дамып келедi. Кәрiстердiң қазақтар экономикасына салған инвестициясы 2,5 млрд. АҚШ долларының көлемiнде. Былтыр екiжақты сауда айналымы 843,3 млн. долларға жеткен.
Hyundai компаниясында жетекшi қызметте болған Ли Мен Бак — Ұлы ұлттық партияның көсемi. Кәрiстер арасында мемлекет басшылығына отырған алғашқы кәсiпкер. Жуырда оған "жемқорлық пен алаяқтыққа ұрынды" деген айып тағылған едi. Алайда ұлықтау шарасының қарсаңында сот ол айыпты Бактан алып тастады. "Hyundai кәсiпорнында қызмет етiп жүргенде 42 млн. долларды жымқырды" деген айып та өз күшiн жойды. Ли Мен Бак бұған дейiн егер айып заңды түрде дәлелденсе, президенттiк тақтан өз еркiмен бас тартатындығын мәлiмдеген болатын.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ