377
«ҚАЗАҚ ШОВИНИЗМI» ДЕГЕНIМIЗ НЕ?
«ҚАЗАҚ ШОВИНИЗМI» ДЕГЕНIМIЗ НЕ?
Жақында "Pozit.kz" интернет сайтында Сәкен Жүнiсовтiң "Косово: геополитический смысл, уроки для Казахстана" атты мақаласы жарық көрдi. Мақалада тақырып бiршама сарапталған, автордың көрген-бiлгенi жеткiлiктi екенi көрiнiп тұр. Алайда, автор "Уроки для Казахстана" атты тақырыпшасына келгенде, кәдiмгiдей сүрiнедi.
Бiртұтас Сербияның әкiмшiл-әкiмгершiл күштердiң салдарынан қақ жарылып жатқанын сөз ете келе, оның себеп-салдарларын талқылайды. Тарихқа терең сүң¬гiген автор мәселенi Югославияның бөлшектенуiнен бастайды. Бiр кездерi федеративтiк мемлекет болған Югославия бүгiнде 6 тәуелсiз мемлекетке (әлем толық мойындап үлгермеген, соның салдарынан соғыс өртi тұтануы мүмкiн Косовоны қоспағанда) — Сербия, Хорватия, Босния және Герцеговина, Албания, Черногория, Словенияға бөлiнген. Сәкен Жүнiсов аталған мақаласында "Югославия решающим образом распалась из-за столкновения великодержавного сербского шовинизма с национализмом других народов. По этой же причине распался и СССР. В Казахстане уже развился, в силу целого ряда обстоятельств, казахский шовинизм и он уже проявился в ряде кровавых межнациональных столкновений. Правительство не способно грамотно решить национальный вопрос в Казахстане и, как правило, забалтывает эту жгучую, судьбоносную для нашей страны проблему. Возможная перспектива роста казахского шовинизма — распад страны. Вывод: нужно решать национальную проблему в Казахстане. Как, вопрос другой. Решим эту проблему, и это будет залогом территориальной целостности и независимости нашей страны. Таков первый урок, который нужно извлечь нашей стране из проблемы Косово" дейдi автор. Менiңше, автордың меңзеп отырғаны күрд пен қазақ, чешен мен қазақ, ұйғыр мен қазақ арасындағы қақтығыстар болса керек. Бiрақ, бұл жерде ұлыдержавалық шовинизмнiң белең алмағаны түсiнiктi. Оны кезiнде қазақ газеттерiнiң барлығы дерлiк талқылады. Бұған дейiн де, бұдан кейiн де айтыла беретiн, жауыр болса да, тiлiмiздiң ұшынан кетпейтiн әңгiмелердiң бiрi — осы. Бiздегi ұлттық проблеманың дұрыс жолға қойылмай отырғандығы. Бұл жерде қазақ бұлқынса, өз елiнде отырып, өгей баланың күйiн кешкенi үшiн бұлқынуда. Тiлiнiң төрге оза алмағаны үшiн, шұрайлы жердiң латифундистердiң қалтасына түскенi үшiн, ауылдан қалаға ағылған қазақтарды алдан жаңа әлеуметтiк проблеманың күтiп тұрғандығы, соңғы тиынына тұрғызып алған лашығын күшпен бұзып жатқандығы қазақтың ұлттық намысын оятуға себепкер болып отыр. Егер, осы мәселелердiң барлығы объективтi түрде шешiлетiн болса, қазақ өзгеге көзалартып неғылсын. Оның үстiне өзгелердiң өз елiнде отырған қазақты басынуы да жығылған үстiне жұдырық болмай қалған жоқ. Жалпы, Косовоның бiржақты тәуелсiздiк жариялауы, оның қолтығына АҚШ-тың су бүркуi талай iште жатқан армандардың оянуына түрткi болды. Бүгiнде халықаралық қауымдастықтан өз тәуелсiздiгiн мойындауын дәметiп жүрген 200-ге тарта ел бар екен. Олар Ресейдегi Чечня, Дағыстан, Татарстан, Грузиядағы Оңтүстiк Осетия мен Абхазия, Түркия мен Ирактағы күрдтер, Қытайдағы Тибет пен Тайвань (қазақ пен ұйғырды, моңғолдар мен манжiлердi айтпаған күннiң өзiнде), Әзiрбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабах… т.т. Бiр айқын мәселе — кез-келген мемлекеттiң тағдыры ұлы державалардың ойын картасына айналып кетуi. Егер, БҰҰ-ның тұрақты 5 мүшесiнiң қолайына жақпаса, теңдiк, халықаралық келiсiмдердi бұзу оп-оңай дүниеге айналды. Үлкен сегiздiк елдерiнiң мүддесiне қайсысы қайшы келмейдi, сонысы iске асатын болды. Демек, ғасырлар бойы азаттық аңсаған бұғаудағы елдердiң тағдырын әлемдiк алпауыттар ғана шеше алады. Әсiресе, бүгiнде Американың дегенi iске асырылып жатыр. Ирактың күл-талқанын шығарғаннан кейiн, Иранға көз алартқан оны тоқтатуға өзгелер дәрменсiз. Ресеймен қырғиқабақтығы күн санап артып бара жатқанымен, ондағы 15 республиканың қай-қайсысы да, тәуелсiздiкке ұмтыла алатындығын жақсы бiлiп отырған АҚШ бұл жағынан жұмған аузын ашпайды. Тiптi, Ресей Чечня сияқты бүкiл елдi қырып тастаса да, көрмегендей қалып танытуда. Сөйте тұра, алақандай Сербияны геосаяси мүдделерi үшiн екiге жарды. Бұл жағынан келгенде, Қазақстанды да көлденең тартып, солтүстiк облыстарда өзге ұлттардың шоғырланып отырғанын тiлге тиек ете кететiндер бар болғанымен, Қазақстан дәл осы проблемадан ада. Өйткенi, бүгiнде бүлiншiлiк ошағы маздап, сепаратистiк күштер бел алып тұрған мемлекеттердiң барлығы федеративтiк елдер. Ал, Қазақстан — унитарлы мемлекет. Ешқандай мәдени-саяси автономиясы жоқ. Әлемдегi 200-ге тарта мемлекеттiң барлығы, оның территориялық тұтастығын мойындаған және бiрауыздан бекiткен. Оның үстiне айналасындағы көз алартқан көршiлерiмен тату әрi өз мүддесiн жiберiп алды десек те, шекараны бекемдеп алған алғашқы ТМД-ылық мемлекет. Демек, өзгелердiң аузына сөз салып бере бергенше, негiзгi ұлттың проблемасын шешуге ұмтылған абзал болар. Ол үшiн "Қазақстан халықтары Ассамблеясы" деген конституциялық ұйымның болмауы үшiн атсалысып, Ассамблея атынан депутат сайлауды қате деп тапқан жөн болар. Ассамблеялық депутаттарға "Лад" қоғамдық ұйымы "қазақ ұлтшылдығын" ауыздықтау туралы шағым түсiрген. "Русские в Казахстане" атты сайтта "Ладинформның" таратқан мәлiметi бойынша, 20 ақпанда Көкшетау қаласына Ассамблея атынан сайланған депутаттар болып қайтқан. "Лад" қозғалысының жетекшiсi Иван Климошенко оларға қазiр Қазақстанда "ұлтшылдық" өршiп тұрғанын жеткiзiп, оны ауыздықтау үшiн, Парламентте бiр iс-шара қолдану қажеттiгiн айтқан. "Уроки для" Казахстана" атты тақырыпшада автор, сондай-ақ, "Нужно правильно выбирать союзников равного достоинства. Равного ли достоинства Сербия как союзник России? Нет. Почему? Потому что Россия рассматривала Сербию, Югославию как колониальный форпост Российской империи на Балканах. Но чтобы иметь союзников равного достоинства, нужно, по крайней мере, обладать этим достоинством. Поэтому, нам, казахам, нужно воспитать в себе это чувство национального достоинства, а затем на его основе выбирать себе союзников" дей келе, Ресейдiң бiзге әлi күнге дейiн ұлыдержавалық көзқарас ұстанатындығын айтады. Әрi Қазақстанның Ресейдiң ықпалынан шыға алмай отырғанын сөз етедi. "Қазақстан Косовоның тәуелсiздiгiн мойындамағанда, өзiнiң геосаяси мүддесiн қорғаған жоқ, керiсiнше, Ресейден қорыққанынан осындай қадамдарға барды" дейдi автор. Расында да, Сыртқы iстер министрлiгi таратқан ақпараттарда, Косовоның тәуелсiздiгiн не үшiн мойындамай отырғандығы айтылмайды. Тек қана "сол" деген жауап ала аласың. Демек, әлемдiк саясаттың бағытын 180 градусқа керi бұрғалы отырған Косово мәселесi әр мемлекеттiң өз iшiндегi проблемаларды сараптауына түрткi болып отыр. Геосаяси ойындардың әлi де қалай құбылатындығы беймәлiм. Сол себептi де, метрополияның ыңғайына бейiмделе бермей, өзiнiң көзқарасын нақты бiлдiре алатын деңгейге жеткенi дұрыс болар едi.Есенгүл Кәпқызы