Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Уәлихан ҚАЛИЖАН: ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫ ҚАЗАҚСТАНҒА ӘКЕЛУДI САЯСАТЫМЫЗДЫҢ НЕГIЗГI БӨЛIГI САНАЙМЫН
Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Уәлихан ҚАЛИЖАН: ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫ ҚАЗАҚСТАНҒА ӘКЕЛУДI САЯСАТЫМЫЗДЫҢ НЕГIЗГI БӨЛIГI САНАЙМЫН
Өткен жылдың маңызды оқиғалары, елiмiздiң қазiргi саяси курсы, оралмандар проблемасы мен iшкi-сыртқы көшi-қон мәселелерi, оны шешудiң жолдары туралы Мәжiлiс депутаты Уәлихан Қалижан мырзамен сұхбат өткiзген едiк. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
— Уәлихан Қалижанұлы, тарих парағы тағы бiр жылды артқа тастады. Доңыз жылымен қоштасып, Тышқан жылы есiк қақты. Сiздiңше, өткен жылдың ең есте қалар саяси оқиғасы не?
— Қазақстанның 16 жылдық тәуелсiздiк жылдарының әрбiр жылы ғасырға бергiсiз. Былтырғы жылдың ең басты жаңалығы дегенде, еске түсетiндерi: Қазақстан экономикалық жағынан нығайған iрi мемлекеттер қатарынан орын алып, Конституциямызға өзгерiстер ендi. Сол арқылы сайлау туралы конституциялық заңымыз өзгердi. Парламенттiң мәртебесi өстi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында Президентiмiз: «Әуелi экономикамызды нығайтып алайық, азаматтық қоғам құру, демократиямызды дамыту мәселесiн сосын қолға аламыз» деген. Кезiнде "Қазақстан — 2030" стратегиялық бағдарламасы қабылданғанда, "ойбу, оған дейiн қанша жыл?" деп кейiген болатынбыз. Бiрақ, уақыттың өзi осындай даму бағдарламасы қажет екендiгiн дәлелдедi. Бүгiнгi таңдағы елiмiздiң даму бағыттары осы бағдарламаның негiзгi-негiзгi тұжырымдамаларымен сәйкес келiп отыр. Демек, өткен жылдың ең маңызды оқиғасы — елiмiздiң саяси сахнасындағы өзгерiстер дер едiм. Кезiнде Қазақстанда демократияны орнықтыру жөнiнде мемлекеттiк комиссия құрылды. Оған Елбасының өзi бастамашыл болып, түрлi саяси күштер, қоғамдық ұйымдар мен партиялардың өкiлдерiн шақырды. Сөйтiп, оларға өз ұсыныстарын енгiзiп, оны қорғауға мүмкiндiк жасады. Өкiнiшке қарай, олардың көпшiлiгi мемлекет тарапынан жасалған қадамға оң қабақ танытпады. Бiрақ, оған қарамастан Қазақстан халқы негiзгi-негiзгi параметрлер бойынша, өзгерiстердiң барлығын қолдады.
Испанияның Мадрид қаласында өткен жиында 56 мемлекет Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылы төраға болуын бiрауыздан мақұлдағанын да өткен жылдың саяси оқиғаларының бiрi дер едiм. Яғни, Қазақстанда партиялық тiзiммен депутат сайлау, конституциялық өзгерiстердiң барлығы да өркениеттi мемлекеттердiң тарапынан қолдау тапты. Әрине, кез келген қоғамның кемшiлiктерi мен жетiспейтiн тұстары болады. 2010 жылға дейiн сол кемшiлiктердi түзетуге тырысамыз. Жақында Парла-ментке "Конституциялық кеңес туралы" Заңның жобасы келiп түстi. Яғни, Конституциялық кеңестiң құзыретi өспек. Сайып келгенде, бұның барлығы Қазақстанның өркениеттi елу елдiң қатарына қосылуы үшiн жасалып жатқан игi қадамдары.
— Конституцияға енгiзiлген өзгертулер мен Мәжiлiстiң кезектен тыс сайлауы өткен жылдың саяси оқиғасы десек, бұл оқиғалар өзiн-өзi ақтай алды ма? Бiр партиядан жасақталған Мәжiлiс жұмысына қалай баға берер едiңiз? Әрiптестерiңiзбен пiкiрлерiңiздiң тек бiр жерден шығуы жалықтырып жiберген жоқ па?
— Осы сайлаудың нәтижесiнде "Нұр Отан" партиясы жеңiске жеттi. Барлық депутаттық мандат "Нұр Отан" партиясы өкiлдерiне тидi. Бiр партиялы Мәжiлiс қалай жұмыс iстейдi, оның деңгейi қандай болмақ?" деген әртүрлi мәселелер естiлiп жатыр. Бұл мәселелер жөнiнде "Хабар" және "Қазақстан" телеарналарының эфирiнен өз көзқарасымды бiлдiргенмiн. Бұдан үрейленудiң еш қажетi жоқ. Жеңген партияның платформасы белгiлi бiр партияның ғана мақсат-мүддесiн көздемейдi. Яғни, "Нұр Отан" партиясы бүкiл Қазақстан халқының мақсат-мүддесiн қорғайтын тұжырымдамалар ұсынып отыр. Демек, бiздiң партиямыз – iстiң партиясы. Қазiргi қоғамымызда орын алып отырған негiзгi мәселелер: ауыз су проблемасын шешу, ауылды жандандыру, жолдар, медицина, бала-бақша сияқты бүгiнгi күннiң өзектi мәселелерi қаралып отыр. Қазақстан халқының тең жарымы ауылды жерлерде тұратын болса, солардың әлеуметтiк мәселесiн "Нұр Отан" партиясы шешуге атсалысып жатыр. Президентiмiз осы мәселеге орай 100 мектеп, 100 аурухана салу секiлдi нақты-нақты бағдарламалар ұсынған. Осының барлығы алдағы уақытта қабылданатын бюджетiмiздiң негiзгi бағдарламасы болмақ.
Менiң ойымша, сайлау жөнiндегi заңға өзгерiстер енгзiлетiн шығар. Партиялар жөнiндегi заңға өзгерiстер қажет. Әрбiр партияның мақсаты билiкке жету болса, ол партияның әрбiр мүшесi бағдарламасын қолдауы керек. Өткен сайлау көрсеткенiндей, бiздiң өзге партия мүшелерiнiң көпшiлiгi өз партияларының бағдарламасын емес, "Нұр Отан" партиясы бағдарламасын қолдап дауыс бердi. Бұл ненi көрсетедi? Яғни, болашақта партиялардың барлығы iрiленiп, Қазақстанда екi-үш партия қалады деген сөз. Болашақтағы сайлауларда Парламентте басқа да партиялардың өкiлдерi болғаны дұрыс болар едi. Бiрақ, басқа партияларға орын беремiз деп, оларға қолдан дауыс жинап беруге тағы болмайды. Сайлау тағдырын халықтың дауысы шешедi. Алдымен сайлау жөнiнде заңға өзгерiстер енгiзiп, болашақта, 7 пайыздық кедергiден 5 пайыздық кедергiге дейiн төмендету керек. Бұл басқа да партия өкiлдерiнiң Парламент мiнберiнен орын алуына мүмкiндiк туғызар едi. Саяси күштердiң ара-жiгiн сараптайтын болсақ, партиялар өздерiнiң ортақ мүдделерiнiң негiзiнде бiр iрi күшке жұмылып сайлауға түскенiнде, менiң ойымша, Парламенттен орын ала алар едi. Керiсiнше, олар ұсақ партияларға бөлiнiп, дауыстың бөлiнуiне мүмкiндiк жасады. Нәтижесiнде, бiрде-бiр партия Мәжiлiстен орын ала алмады. Өзге партия мүшелерiнiң Парламентке өте алмауын билiктiң жасаған кедергiсiнен емес, өз жұмыстарынан, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығара алмауынан iздеуi керек.
— Сайлаудың әдiл өтпеуi себептi, «"Нұр Отан" партиясынан өзгелерi тиiстi дауыс жинай алмады» деген пiкiрлер бар.
— Бүкiл халықаралық қауымдастық сайлаудың әдiл өткендiгiн мойындап отырғанда, қалай ондай ойларға ерiк беремiз. Түрлi халықаралық ұйымдардан, ЕҚЫҰ-дан, ТМД мемлекеттерiнен бақылаушылар келдi. Олар iшiнара кемшiлiктiң болғанын айтқанымен, негiзiнен сайлаудың демократиялық үрдiстерге сай өткендiгi туралы ресми есеп бердi.
— Сарапшылар Мәжiлiс депутаттарының бiлiктiлiгi жыл өткен сайын төмендеп барады дегендi айтады. Бұған келiсер ме едiңiз?
— Бұрын бiр мандатты округтан сайланған кезде жеке депутаттардың қоғамда алатын орнына көп мән берiлдi. Сондықтан да, ол кездегi депутаттардың әрқайсысының мақсаты өзiнiң жеке округының мақсат-мүддесiн қорғау болды. Мысалы, мен Талғар, Еңбекшiқазақ, Қапшағай өңiрiнiң атынан депутаттыққа сайланып жүргенiмде, барлық күш-жiгерiмдi осы өңiрдiң проблемаларын шешуге арнадым. Талғар ауданында республикалық бюджеттен 3 мектеп салынды, жол салынды, ауызсу мәселесi шешiлдi дегендей. Ендi бiз партиялық тiзiммен өткеннен кейiн, Қазақстандағы барлық халықтың проблемаларымен айналысып жатырмыз. Егер, кез келген проблеманы сөз етер болсақ, оған тыйым салып жатқан ешкiм жоқ. Ұлттық проблемалар бола ма, оралмандар тағдырына қатысты бола ма, өзiмнiң азаматтық көзқарасымды партияның бағдарламасына ұштастыра отырып, көрсетiп келе жатырмын. Депутаттардың қай-қайсысы да негiзгi проблемаларды көтере бiлуде. Бюджеттi қабылдау кезiнде "Нұр Отан" партиясының фракциясы осыған байланысты 2-3 сағаттық мәжiлiс өткiздi. Сонда Үкiмет мүшелерiне бюджеттiң параметрлерi жайында көптеген сауалдар қойылды. Және қандай жағынан қолдаймыз, не үшiн қолдамаймыз? Қосымша қандай қаражат талап етемiз? Мемлекеттiк аппараттың шығындарын көбейту арқылы әлеуметтiк бюджеттi қалай көбейтемiз? Осының барлығын талқылап, мәмiлеге келiп алғаннан кейiн, Мәжiлiстiң сессиясында жалпы дауысқа салынады. Кез-келген демократияның өз тәртiптерi бар. Фракциялық талқылауда бiр тоқтамға келетiн болса, партиялық этикетке байланысты бiрауыздан дауыс берiлуге тиiс. Соған қарамастан, Парламент Мәжiлiсiнде жеке көзқарасын бiлдiргiсi келген депутаттарға тағы да мүмкiндiк берiледi. Өз ойларын ортаға салуға рұқсат етiледi. Партиялық тiзiммен келген депутаттар партияның бағдарламасы үшiн, партияның позициясы үшiн кез-келген мәселе "Нұр Отан" партиясының тұғырнамасының негiзiнде дауысқа салынады. Демек, бұл проблемалардың барлығы тек "Нұр Отан" партиясының ғана емес, Қазақстан халқының мүддесiнен туындап отыр.
Мәжiлiс депутаттарының қауқары бұрынғыдан төмендеп кеттi дегенге мен өз басым келiспеймiн. Мәселен, жаңа Мәжiлiс жұмыс бастасымен-ақ, елiмiзде күнделiктi тұтынатын тауарлардың бағасы күрт өсiп кеттi ғой. Депутаттар үнсiз қалды ма? Қала алмады. Мен Үкiметке арнайы сауал жолдадым. Менiң сауалыма байланысты Ауылшаруашылығы министрi мен Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi келiп жауап бердi. Соның нәтижесiнде, министрлер Қазақстанды аралап, халықтың пiкiрiн алып, астық компанияларымен облыс әкiмдерiн кездестiрiп, бағаны қалыптасқан деңгейден асырмау жөнiнде меморандумға қол қойды. Жақында ғана Ауылшаруашылығы министрiнiң есебiне қатыстым. Келесi жылдың егiн науқаны басталғанша, астықтың бағасын қалыпты ұстау жайында астық компанияларымен тағы да келiсiмге келген екен. Мен "Нұр Отан" партиясы фракциясының мүшесiмiн. Бiрақ, маған ешкiм "Сен неге "Нұр Отан" партиясының атынан мұндай сауалдар жолдадың?" деген жоқ.
— Парламент билiктiң қолбаласы деген сөздер де бар.
— Парламент билiктiң қалай қолбаласы болады, егер жеңген партия билiктi өзi жасақтап отырса. Сондықтан да, Парламент депутаттары Үкiметпен түсiнiстiкпен жұмыс iстеуге тырысамыз. Бiрақ, принциптi мәселелерге келгенде тиiстi шара қолдануға мәжбүр боламыз. Кез келген министрдiң есебiн тыңдап, оның жұмыстан кетуiн талап етуге дейiн мүмкiндiгiмiз бар. Депутаттар Қазақстан қоғамында болып жатқан мәселелерден тысқары қалып отырған жоқ.
— Дегенмен, елдiң сөзiн сөйлер, мұңын мұңдар депутаттар қарасы азайып кеткен жоқ па? Партияластарыңыздың iшiнде ұлттық мүдденi ту ететiндердiң аз болуы не себептен?
— Қазақстанның 70-80 жыл бойына құлдық психологияда өмiр сүргенiн бiлесiздер. Бiз кезiнде орыстың тiлiн бiлсек болды, басқасының керегi жоқ, өмiр сүрiп кетемiз деп ойладық. Сондықтан да, қазақ интеллегенциясы балаларын орысша оқытты. "Қазақ тiлi қыл үстiнде тұр" деп дабыл қағып жүрген қазақ зиялыларының көбiнiң балалары орысша оқыған. Сол себептi де бiз алды-артымызды әлi де бажайлауымыз керек. Қазiр, Құдайға шүкiр, елiмiзде байырғы ұлт — қазақтың саны 60 пайыздан асты. Бұл сан 80-90 пайызға жеткен кезде бұл мәселенiң негiзгi-негiзгi параметрлерi шешiледi. Бiрақ, Қазақстанда 130 ұлттың өкiлi тұратын болса, 4 миллион қазақ ойлай да, жаза да алмайтын болса, онда бұл мәселенi бүгiн-ертең шешудiң қандай мүмкiндiгi бар. Бiзге өзбек немесе орыс, ұйғыр қазақша сөйлеуге бөгет болып отыр ма? Олардың барлығы өз тiлiн бiледi, сөйлейдi. Ұлтты сүю әрқайсымызға байланысты. Оны ұрандатып шешудiң орнына, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар өз алдына, әрбiр қазақ "қазақ" болуы керек. Әрбiр қазақтың сана сезiмi оянуы керек. Әрбiр қазақ баласын орыс, ағылшын және қазақ тiлдерiне үйретуi керек. Бұның ақырынан қорқудың қажетi жоқ. Қалай десек те, жаһандану үрдiсi келе жатыр. Одан бiз тыс қала алмаймыз. Әлемдiк өркениетке қалай да барамыз. Қазақстан тауарлары мен бизнесi сыртқа шығатын болады. Бұның барлығы бiр тiлдi бiлумен шектелмеуiмiз қажеттiгiн көрсетiп отыр.
— Тiлдi бiлмесiн деп отырған ешкiм жоқ. Бiрақ мемлекеттiк тiлдi бiлудi мiндеттеудiң механизмдерi болмай отыр ғой.
— "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл — қазақ тiлi" деген бап Конституциямызда жазылған. Оның екiншi жағы бар, сол кездегi қоғамдық-саяси кезеңге сай, орыс тiлi ресми тiл ретiнде бекiтiлдi. Ал, қазақ тiлiн төрге оздырмай отырған кiм? Президент пе? Президент керiсiнше, мемлекеттiк тiлдiң көсегесiн көгерту шараларын қарастырып жатыр. 2009 жылдан Қазақстанның iс қағаздары түгелiмен мемлекеттiк тiлге көшпек.
— Бiз бұған дайынбыз ба?
— Дайынбыз әрине. Психологиялық дайындық жүрiлiп жатыр. Қазiрдiң өзiнде тiлдерi қазақшаға келмейтiн министрлерiңiз қазақша сөйлей бастады. Мысалы, Ермұхан Ертiсбаев қазақша әжептәуiр сөйлейтiн болды. Ойын ашық жеткiзетiн дәрежеге жеттi. Премьер-министрiмiз қазақ тiлiн қорғайтын арнайы комиссия құрып, оған өзi бағыт-бағдар берiп отыр. Осында мемлекеттiк қызмет жөнiнде жиын өттi. Сол кезде Президент "Мемлекеттiк қызметке мемлекеттiк тiлдi бiлетiн қызметкер тағайындалуы керек" дедi. Бұдан артық қандай талап керек. "Дипломатиялық қызмет туралы" Заңға менiң ұсынысыммен 2009 жылдан бастап, дипломатиялық қызметкер мемлекеттiк тiлдi бiлуi мiндеттi деген бап енгiздiк. Дипломатиялық корпустың барлық деңгейдегi қызметкерлерi мемлекеттiк тiлде еркiн сөйлейтiн, еркiн жазатын болады. Осының барлығы мемлекеттiк тiлiмiздiң мәртебесiн бiрте-бiрте орнықтырудың алғышарттары. Қазақстанда қазақ тiлi өлмейдi, керiсiнше, алға жылжымақ, оған мен кәмiл сенемiн.
— Қазақ тiлi шын мәнiсiнде мемлекеттiк тiл болуы үшiн ендi қанша жыл қажет?
— Өз тiлiн бiлмейтiн 4 миллион қазақ қазақ тiлiн толық меңгерген кезде қазақ тiлiн мемлекеттiк тұғырға көтерiлгенiн көретiн боламыз. Шамамен, 2030-2040 жылдары қоғамның барлық саласында қолданысқа ие болады деген ойдамын. Кеңес одағы кезiнде орыс тiлiн үйрету үшiн мемлекет тарапынан қаржы бөлiнген жоқ, оқулықтар жарық көрмедi. Ертеңгi күнiмiз баянды болуы үшiн өзiмiз тырысып үйрендiк.
— Яғни, бiз ол кездегiдей қажеттiлiк тудыра алмай отырмыз ғой?
— Талап бар, мәселе ақырын-ақырын шешiлiп келедi. Сәл сабыр сақтайық. 2009 жылы iс-қағаздар мемлекеттiк тiлде жүргiзiле бастады деген сөз, бiртiндеп-бiртiндеп аударманы ығыстырып, мемлекеттiк тiл төрге озатын болады.
— Уәлихан аға, Сiз Парламенттiң үш сайланымында да депутат болдыңыз. Депутаттар арасынан оралмандар мәселесiмен дәйектi түрде айналысқан депутат – тағы өзiңiз. Бiздiң бiлуiмiзше, Сiз Парламентаралық көшi-қон комиссиясын басқардыңыз. Қазiр Парламентте көшi-қон мәселелерiмен кiм айналысады?
— Жақында ғана "Көшi-қон саясаты және отандастармен байланыс жөнiндегi Кеңес" құрылды. Оған 7 депутат, 6 басқа да ұйымдардың өкiлдерi ендi. Бас прокурордың орынбасары Асхат Дауылбаев, Жоғары сот судьясы Зейнолла Мақашев, Дүниежүзi қазақтары Қауымдастығы төралқа төрағасының I орынбасары Талғат Мамашев, "Асар" республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Қайрат Бодаухан, Еуразия университетiнiң бiр профессоры бар. Бұл Кеңес Көшi-қон саясатын реттеу, болып жатқан келеңсiздiктердiң алдын алу мәселелерiмен айналысады.
Маған қазiр зар жылаған оралмандардың хаттары келiп түседi. Жерiн ала алмаған, үйiн жекешелендiре алмаған. Мiне, жақында тағы бiр хат келiптi. Соны сiзге толығымен оқып берейiн деп отырмын. Алматы қаласы, Мақатаев көшесi, 196 үй, 1 пәтерде тұратын, екiншi топтағы мүгедек, Уатхан Құлмұхамед деген азаматтан. Қытайдан келген бауырымыз екен. "Қадiрлi, Уәлихан iнiм, осы хат арқылы алыстан қолыңызды қатты қысып, есендiк сұраймын. Ардақты депутат бауырым, қазақта "күштiнiң қарғысынан, әлсiздiң алғысы артық" деген қанатты сөз бар. Мен 2007 жылы Қытайдан келген мүгедек қазақ ретiнде Көшi-қон басқармасы тарапынан берiлген баспанамды өз атыма жекешелендiрiп алуыма ықпал етуiңiздi өтiнiп, көмек сұрап, хат жазғанмын. Сiздiң халық қалаулысы ретiнде зор жауапкершiлiкпен бел шеше кiрiсуiңiздiң нәтижесiнде Үкiмет қамқорлығымен берiлген үйiмдi өз атыма жекешелендiрiп алдым. Мiне, осы үлкен еңбегiңiзге шексiз ризалықпен, ақедiл алғысымды жолдаймын. Мен өзiңiздi ұлтжанды азамат ретiнде шетелде жүрiп, шер көкiрек болған қазақтардың жанашыры ретiнде, айрықша бағалаймын. Мен телеарналардан өзiңiздiң қазақ мүддесiне айтқан әр сөзiңiздi сүйсiнiп тыңдаймын. Көбiрек берсе деп тiлеймiн" деген екен. Бұдан артық депутаттық мәртебе бар ма? Мұндай хаттар маған жиi келедi. Мен өз басым оралмандар проблемасын, ұлттық саясатымыздың, қазақтың ұлттық менталитетiнiң, қазақ болашағының бағыт-бағдары деп қараймын. Жоғарыдағы кеңес оралмандарға қатысты мәселелердiң жетiлуiн, орын алып жатқан кемшiлiктердi түзету үшiн құрылып отыр. Бас прокуратураға, Үкiметке арнайы депутаттық сауалдар жолдайтын боламыз. Халықаралық көшi-қон ұйымымен бiрлесе отырып, дөңгелек үстел өткiзбекпiз. Үкiметке арнайы ұсыныстар әзiрлейдi.
Кезiнде оралмандар Қазақстан азаматтығын алғаннан кейiн, "оралман" мәртебесiнен айрылып қалды. Сөйттi де тиiстi мемлекеттiк жәрдемақысын ала алмады. Осы мәселенi қоғамдық пiкiрдiң талқысына салып, тиiстi өзгертулер енгiзуге күш салдық. Оралмандар азаматтығын алса да, үш жылға дейiн "оралман мәртебесi" сақталмақ.
Шеттегi қандастарымызды Қазақстанға әкелудi ұлттық, мемлекеттiк саясатымыздың негiзгi бөлiгi санаймыз. Мысалы, 2007 жылғы 1 шiлдеге дейiн Қазақстанға 605-608 мың адамнан тұратын 155 мың оралман отбасы келiп отыр. Бұл ресми есеп. Ресми емес деректерге сүйенсек, бiр миллионға жуық оралман келдi дейдi. Оның үстiне өсiмi бар. Ал, алдағы бес-алты жылдың iшiнде 2-3 миллионға жуық қандастарымыз келетiн болса, жоғарыдағы ұлттық проблемалардың көптеген мәселелерiн шешудiң мүмкiндiгi туады. Жақында "Хабар" арнасындағы "Төртеу түгел болса" деген бағдарламаға қатысып, сәттi пайдаланып, зиялы қауым өкiлдерiне, отандастарыма арнайы мәлiмдеме жасадым. Өйткенi, соңғы кездерi зиялы қауым өкiлдерi арасында "оралмандар елiмiзге масыл болды" деген пiкiрлер айтылып қалып жүр. Бұл мүлдем қате түсiнiк. Олар қалай масыл болуы мүмкiн? Келген адамдардың — 50-i ғылым докторы, 2500-i ғылым кандидаты. 13 мыңнан астамының арнайы және жоғары бiлiмi бар. Жаңағы миллионға жуық қандастарымыздың арасында 21 мыңы ғана зейнет жасында екен. Яғни, қалғандарының барлығы жұмыс күшi бола алатын, демографиялық жағдайымызды шешуге мүмкiндiк жасай алатын жастағы адамдар. Егер, ұмытпасам келiп жатқан қандастарымыздың еркектерi — 16-60 жас аралығында, әйелдерi — 15-60 жастың аралығында екен. Демек, бiздiң демографиямыздың оң шешiлуiне де ықпалды әсер ете алады. Бiздiң территориямыз секiлдi iрi аумақта оралмандар келмегенде, демографиямыздың күйi не болар едi? Табиғи өсiм елiмiзде ендi қалыптасып келедi. Сондықтан да, оралмандарға ұлттық саясатымыздың бiр бөлiгi ретiнде қарайтын кез жеттi. 2007 жылдың 28-шi тамызында Қазақстан Республикасының Көшi-қон саясатына арналған 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекiтiлдi. Мұнда, бiрiншi, Қазақстан Республикасындағы көшi-қон процестерiнiң қазiргi жай-күйi мен даму перспективалары сараланды. Көшi-қон саясатының негiзгi принциптерi бекiтiлдi. Көшi-қон саясатын жетiлдiрудiң мақсаты мен негiзгi мiндеттерi айқындалды. Төртiншi, көшi-қон саясатының негiзгi бағыттары көрсетiлдi. Эмиграция, иммиграция саласындағы көшi-қон саясаты қалай болуы керек, жалпы көшi-қон және оны iске асырудың тетiктерi. Оны құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету. 2001 жылы 34 мың адам келсе, 2002 жылы – 58 мың, 2003 жылы – 65 мың, 2004 жылы – 68 мың, 2005 жылы – 74 мың, 2006 жылы 67 мың оралман келген. Осыған орай қаржы да жылдан жылға ұлғайып келедi. Биылғы жылға 12 миллиард теңге бұл салаға бөлiнiп отыр.
Қазiр Қытайдан келiп жатқан қандастарымыздың отанына оралуының проблемалары шашетектен. Олар орыс тiлiн үйренуi, кириллицамен жаза бiлуге төселуi қажет. Моңғолиядан келетiн қандастарымызда мұндай проблемалар кездесе қоймайды. Қазiр Баян-Өлгийде Шығыс Қазақстан университетiнiң гуманитарлық факультетiнiң филиалы ашылған. Онда 50 бала оқиды. Сосын бiрден үшiншi курстан келiп оқитын болады. Олар әрi Қазақстанның бағдарламасымен бiлiм алып жатыр. Әрi қарай олардың дипломы бiздiң елде мойындалатын болады. Демек, 50 маманды Баян-Өлгий аймағында даярлап жатырмыз деген сөз. Олар ендi осы университеттiң техникалық факультетiнiң филиалының ашылуын қалайды. Бұл өте оңды талап. Мен бұл жайында депутаттық сауал жолдадым. Әзiрге шешiле қойған жоқ.
— Сенат спикерi Қасымжомарт Тоқаевтың Қытайға сапарлап кеткенi белгiлi. Кейбiр деректерге қарағанда, оның бұл жолғы сапары ондағы қазақтарды атамекенге көшiру мақсатында болып отыр дейдi. Сiз осы сапардың мақсатынан хабардарсыз ба?
— Ол кiсi бiр ғана мәселемен кеткен жоқ. Жан-жақты бағдарламамен кеттi. Бағдарламасының бiр саласы – әрине, этникалық қазақтардың жай-күйi. Ондағы қазақтарды көшiрiп алу мәселесi — 14 жылдың көлемiнде Қытай тарапымен келiссөз жүргiзiлiп келедi. Менiң пайымдауымша, Қытай үкiметi қазақтарды топтап Қазақстанға жiберуге мүдделi емес. Қазақтар мал өсiрумен айналысады. Әр он қойдың өсiмiн оларға бередi. Яғни, экономикалық жағынан ынталандыру бағыты жүрiлiп жатыр. Iшкi Қытайдан шекараға 2 миллионға жуық адам келдi. Iрi инвестиция тартылып, жұмыс орындары ашылуда, қалалар салынуда. Бұл да халықты ұстап қалудың амалдары. Бiрақ, соған қарамастан, дипломатиялық жолдармен, оқуға келу арқылы, ағайыншылап, туысшылап келу арқылы қазақтар келiп жатыр. Бiрақ, олардың үлес салмағы өте аз.
Жалпы, Қытай мен Өзбекстан қазақ диаспорасы өте көп шоғырланған мемлекеттер. Жылдағы квотаны Өзбекстандағы қазақтарға көбiрек бөлiп жатырмыз. Өйткенi, олар он жылдың көлемiнде латын әлiпбиiне көштi. Өзбектiң тiлi – мемлекеттiк тiл, жоғары оқу орындары бiр тiлде, өзбек тiлiнде сабақ бередi. Қазақ мектептерi жыл сайын жабылып жатыр. Ташкент қаласында Низами атындағы университетте қазақ факультетi бар. Оған жылына 25 студент қабылдайды. Сондықтан да қазақ мектебiн бiтiрген бiздiң бауырларымыздың барар жер, басар тауы жоқ. Қытайда да осындай жағдай орын алып отыр. Ол жақтағы қазақты көшiрiп алу үшiн дипломатиялық жұмыстар атқарылып жатқанын бiлемiн.
— Айналадағы көршiлерiмiз соңғы жылдары келiмсектермен күрестi күшейтуге кiрiстi. Бiз керiсiнше, олардың келуiне жайлы климат жасап отырмыз. Жақында қабылданған сырттан еңбек күшiн шақыру жайлы заңда олардың елiмiзге келiп жұмыс iстеуi оңайлатылды. Сондай-ақ, бiз 2006 жылы 1 миллион заңсыз мигранттарды заңдастырдық. Өткен жылғы статистикалық мәлiмет бойынша, Алматының өзiне 250 мың, Шығыс Қазақстан облысына 100 мың шетелдiк жұмысшы келiптi. Демек, байтақ Қазақстан бойынша, келiмсектердiң саны бiр жылда 1 миллионды құрап отыр деген сөз. Бұның барлығы ұлттық қауiпсiздiгiмiзге сына қағып жүрмей ме? Олармен қалай күресуге болады?
— Бұл жөнiндегi заң жобасымен мен жұмыс iстегенмiн. Егер Қазақстанның заңдарын сыйлау қажет болатын болса, қазiр Қазақстанда 1 миллионға жуық заңсыз мигранттарды арнайы заң арқылы рәсiмдедiк. Бұрын Қазақстанда Ресейден, Өзбекстаннан және басқа да жақын шетелдерден қанша адам барын бiлмей келдiк. Қазiр бiз оларды заңдастыру арқылы әлеуметтiк жағынан қорғау мәселесiн шештiк. Кезiнде заңсыз мигранттардың қолға түскендерiн республикалық бюджеттiң есебiнен елiне қайтаратынбыз. Қолға түспегендерi ақшасын берiп қалып қоятын. Ал, жаңа заң бойынша, заңсыз мигранттарға жұмыс берушi адам жауап бередi. Яғни, жұмыс берушi ол адаммен еңбек шартын жасасып, сол бойынша, оның әлеуметтiк мәселелерiн шешуге атсалысады. Қысқартып айтқанда, олар үш жылға Қазақстан аумағында еркiн жүрiп тұра алады, үш жылдан кейiн, Қазақстан шекарасы оларға жабылады. Осы үш жылдың iшiнде елiмiзде кәсiптiк техникалық училищелер ашылуы керек, өзiмiзге қажеттi мамандар даярлану қажет. Осы заңның бiр тармағына кезiнде Трошихин екеумiз бап ұсынып едiк, ол өттi. Еңбек ақысы жоғары мамандарды талап ететiн салаларға, атап айтсақ, мұнай, газ өндiретiн iрi компаниялар өздерiне қажет мамандарды жергiлiктi халықтың есебiнен даярлауы мiндет деген бап енгiзiлдi. Яғни, бұл бап арқылы да елiмiзге қажеттi мамандарды жергiлiктi халықтан тарту мәселесi де күн тәртiбiне қойылды.
Ресей осы көшi-қонға байланысты жақында бiр заң қабылдады. Олардың көшi-қоны үш бағытта өрбiп отыр. Бiрiншi, келген отандастарын шекара маңына топтастыру, екiншi, мамандарды шақыру, оларды iрi өндiрiс орындарына топтастыру, үшiншiсi, жасы келген адамдарды қара топырақты өңiрлерге орналастыру. Яғни, көшi-қон саясатын жүргiзу дегенiмiз, шеттегi қандастарын топырлатып әкелу ғана емес, оларды орналастыру, жұмыс тауып беру және экономикалық демографиялық мәселелердi шешуге пайдалану керек. Қазақстанның көшi-қон концепциясында да осы бағыттар жүзеге асырылатын болады. Еңбек көшi-қонына байланысты, iшкi көшi-қонына байланысты, жаңа қабылданған тұжырымдамада заңдық жағынан реттеу қажеттiлiгi туындап отыр.
Оралмандар проблемасына байланысты Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев келiп, депутаттардың сауалына жауап бердi. Өзбек ұлтының атынан сайланған Розақұл Халмұрадов та оралмандар мәселесiн егжей-тегжейлi көтердi. Бердiбек Сапарбаев мырза "Iрi технологияны, био және нанотехнологияны қажет ететiн ақпараттану саласына келiп жатқан шетелдiк жұмысшылардың арасына қандастарымызды да қосу керек" деп мәлiмдедi. Өте дұрыс көтерiлiп отырған мәселе. Бұл шешiлетiн шығар деген ойдамыз. Мысалы, шетелден келетiн ғылым докторы мұнда еден сыпырушы болуы үшiн келмейдi ғой. Өкiнiшке қарай, бiз оларға осындай қызметтер ұсынып отырмыз. Оралмандар келген елiнде iстеп тұрған жұмысының деңгейiнде болмаса да мамандығына орай жұмыс беруге ұмтылуымыз керек.
— Ауыл халқы қала мен ауыл арасында босқынға айналды. Үкiмет жақында iшкi көшi-қонды реттеудi қолға алды. Бұл мәселенi қалай шешсек оңды болар едi?
— Iшкi көшi-қонды реттейтiн заң керек дегенiме 15 жылдың жүзi болды. Бүгiнде сол сең қозғалған секiлдi. Жақында iшкi көшi-қонды реттейтiн заң жобасы қолға алынды. Осыған орай, жұмыс тобы құрылды. Депутаттар арасынан бұл жұмыс тобына Сабильянов екеумiз ендiк. Яғни, оған депутат ретiнде ғана емес, жалпы дайындалу барысына араласпақпыз. Бiз қалаймыз ба, қаламаймыз ба, қазiр ауылдағы жастар қалаға қарай ағылып жатыр. Ауылда баяғыдай колхоз-совхоз жоқ. Олар өздерiнiң көңiлдерi қалаған мамандықтарын алу үшiн, қалаға келiп еңбек етiп, тұрақтану үшiн, қаланы бетке алады. Демек, бұл процесс ешқашан тоқтамайды. Өткен күзде Алматы облысының Iле ауданында бiр кездесу өткiздiм. Сонда мен: "Қазақстанда ендi үш жылдан кейiн заңсыз еңбек мигранттары болмайды. Бұдан былай бәрi заңмен реттеледi. Сондықтан да бiз өзiмiз қалақшы да, сылақшы да, отыншы да болуымыз керек" деп едiм, бiр дәрiгер: "Сонда бiздiң үйiмiздi кiм салады? Бау-бақшамызды кiм өсiредi?" деп сұрады. Неге бiз бұл жұмыстарды өзiмiз атқармаймыз? Неге мұндай жұмыстарды шетелдiктер iстеуi қажет. Яғни, бiз жұмысшылардың мәртебесiн қайта көтеруiмiз қажет.
— "Шаңырақтағы" жұрттың мұң-мұқтажын кiм елейдi? Бұл мәселенi ушықтырмас үшiн қалай шешуге болады?
— Кезiнде Бақай, Шаңырақ проблемаларына қатысты мен Бас прокурорға депутаттық сауал жолдағанмын. Оның проблемаларына байланысты комиссия құрылған. Олардың арасында заңсыз басып алғандары бары да рас. Осыған байланысты депутаттық сауалдарымызға Үкiметтен жауап келдi. Бұл проблеманы реттеуге де үкiмет бейжай отырған жоқ. Жұмысшы күшiнiң аумақтық ұтқырлығын арттыру үшiн экономикалық жағдай жасауға тұрғын үй нарығы мен еңбек нарығын тең жағдайда қамтамасыз ету ескерiлетiн болады.
— Қазiргi пiкiрлерге құлақ ассақ, ауылдан қалаға ағылған әрi баспана таба алмай сандалған халықтың саны 2 миллионға жетедi екен. Әрi 500 елдi мекен елсiз иен қалды. Бұның барлығы бiздiң ұлттық қауiпсiздiгiмiзге нұқсан келтiрмей ме? Қазақты қалаға енгiзу үшiн, ауылды, әсiресе шекара аймақтарды иен қалдырмас үшiн не iстеу керек?
— Мәжiлiстiң екi апта бұрынғы отырысында осы проблема бойынша мәселе көтердiк. Мысалы, шекара ауданы болып табылатын Нарынқол селосында кезiнде 13 мың адам тұрған болса, қазiр 3 мың адам ғана қалған. Олардың көбi зейнеткерлер. Осыған байланысты Үкiметке территориялық аумақтық реформалар бойынша ұсыныс енгiздiк. Бiрiншiден, шекаралық аумақтарды iрiлендiру қажет. Өйткенi, шекара неғұрлым алыстаған сайын проблема да соғұрлым көбейе бермек. Онда неғұрлым халық тығыз болатын болса, шекарамыздың тыныштығы да, бiздiң аумағымызға көз алартушылық та азаятын болады. Ауыл жастарының қалаға ағылуы заңды құбылыс. Оған жасанды кедергi жасаймыз деу бекер. Бүгiнгi есеп бойынша, бiр жылдың iшiнде Алматы қаласына 21 959 адам, Астана қаласына 17938 адам келген. Бұл әлемде болып жатқан құбылыс.
Бiз жақында ғана бiр хаттамаға қол қойдық. "Шекараға жақын жердегi еңбеккер деп кiмдердi атауға болады және оның құқықтық имиджi" деген. Ол хаттама қол қоюшы мемлекеттер арасында Қазақстан мен Ресей ғана еңбек мигранттарын қабылдайтын iрi мемлекеттер. Осы хаттаманың негiзiнде бұл проблеманы шешудi де ойластырып отырмыз. Қазақстанның 12 облысы шекара маңында орналасқан. Осы өңiрлерде 74 аудан шекараға жақын елдi мекендердiң қатарына жатады. Сондықтан да, алыс-берiс, кiрiп шығу үздiксiз жалғаса беретiн болады. Ең бастысы "шекара маңындағы еңбеккер" деген ұғымды қалыптастырып алдық. Күнде немесе аптасына бiр рет оралып отыратын өзi дербес мемлекет аумағындағы тұрғылықты жердi сақтайтын еңбекшi мигрант деген ұғым. Көшi-қон саясатында ақырын-ақырын iрi мәселелер шешiлiп келедi. Өйткенi, бiр мәселенiң соңынан екiншi мәселе туындайды.
— Бiрақ, қала ауыл халқын қабылдауға қабiлетсiз болып отырған жоқ па?
— Бiз жақында қабылдаған Көшi-қон тұжырымдамасында осы мәселеге де арнайы көңiл бөлдiк. Ауылдан келiп жатқан халық немен айналысуы керек? Кримогендiк қатынастарды көбейте беруi керек пе, жоқ әлде, бұрынғыдай зауыт-фабрикалар ашып, қасынан жатақханалар салып, екi қолға бiр жұмыс тауып беру мәселесiн шешуiмiз керек қой.
— Әңгiмеңiзге рахмет!
Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ