ДАҒДАРЫС-2007: АЗИЯЛЫҚ АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ

ДАҒДАРЫС-2007: АЗИЯЛЫҚ АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ

ДАҒДАРЫС-2007: АЗИЯЛЫҚ АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ
ашық дереккөзі
251

Давостағы басқосуда америкалық экономиканың күйреуiне қатысты айтылған қауiптердi халықаралық сарапшылардың көпшiлiгi "әлемдiк экономиканы дамушы елдер құтқарады" деп тойтаруға тырысқан едi. Шын мәнiсiнде солай ма? Дәл қазiргi азиялық нарықтағы ахуалдың шиеленiсуiне не себеп? Экспорт көлемiнiң қысқаруы неге әкеп соғады?

Дүниежүзiн алаңдатқан қаржылық дағдарыстың әлегi әлi бiткен жоқ. Бұған дейiн халықаралық сарапшылар америкалық экономика рецессияға ұшыраған күннiң өзiнде, әлемдiк экономиканы дамушы елдердiң, әсiресе, азиялық экономиканың құтқаратынына кәдiмгiдей сенетiн. Бiрақ бiрнеше күннен берi халықаралық қор нарығындағы тынымсыз құлдыраулар мен төмендеулер көңiлдерге күдiк ұялата бастады. Өйткенi, күйреулердiң кесiрi экспорттың қысқаруына, ал мұның соңы кiрiс пен пайданың азюына әкеп соғары белгiлi. Сарапшылардың кейбiрi экспортқа келген кедергi Жапонияда рецессияның қайталануына ықпал етуi мүмкiн екендiгiн айтады.

Америкалық субстандартты құнды қағаздарға салған салымдарын өз күштерiмен сақтап қалуына қатысты есеп жарияланысымен, халықаралық нарықтағы қытайлық банктердiң акциялары күрт құлдырай бастады. Егер халықаралық инвесторлар тәуекелдi активтерден ақшаларын ала қашуын тоқтатпаса, азиялық аймақтағы iскерлiк және тұтынушылық белсендiлiк төмендеп, сенiмге селкеу түседi. Оның үстiне, Сингапур, Гонконг, Малайзия сияқты экономикасы әлсiз аймақтарда экспорттың үлесi 20 пайызға тең. Былтыр Сингапурдың АҚШ-қа экспорты 11%-ға, Малайзиянiкi 16%-ға төмендеген. Есесiне, өзге дамушы елдер мен Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттерге тасымалданатын тауарлар мөлшерiнiң артуының нәтижесiнде ғана экспорт көлемi 6%-ға көтерiлген. Әрине, бұл көрсеткiш 2007 жылдың басымен салыстырғанда, кәдiмгiдей аз. Бiрақ "барымен базар" демеске шара тағы жоқ. Еуропадағы сұраныстың көлемi төмендесе де, америкалық қоғамға жөнелтiлетiн экспорт небары 1 пайыз юаньға азайған.

Айтпақшы, өткен аптада 2008 жылдың қаңтар айына сараптама жасаған халықаралық Standart&Poor’s рейтингтiк агенттiгi халықаралық қор нарығының 5,2 трлн. долларға зиян шеккенiн анықтады. Дамушы елдер нарығының шығыны – 12,44%, ал дамыған елдер нарығы – 7,83%. Соның iшiнде Жапонияның қор нарығы – 4,7 пайыз, Нью-Йоркте – 6,07 пайыз, Лондондық биржа – 8,85 пайыз, Париждiк биржа – 12,27 пайыз. Әлемнiң 52 биржасының iшiндегi тек екеуi ғана құлдыраудан аман қалған.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары