"КРЕСТ ШЕРУI" ҚАЗАҚСТАНҒА ДА КЕЛМЕКШI

"КРЕСТ ШЕРУI" ҚАЗАҚСТАНҒА ДА КЕЛМЕКШI

"КРЕСТ ШЕРУI" ҚАЗАҚСТАНҒА ДА КЕЛМЕКШI
ашық дереккөзі
244

Бұған мұсылмандар бей-жай қарай ала ма?

Абай атамыздың "Алланың өзi де рас, сөзi де рас" дегенiн қағидат етудi қанағат тұтумен шектелетiн қазақтардың бойкүйездiгi және енжарлығы шығар, әйтеуiр соңғы жылдары елiмiзде өз дiндерiнiң кең өрiстеуiн шұғыл қолға алмаған конфессиялар кемде-кем. Мамандардың айтуына қарағанда, қазiр Қазақстанда 40-тан астам конфессияны құрайтын 3992 бiрлестiк жұмыс iстейтiн көрiнедi. Олардың 2334-i – мұсылман бiрлестiгi, 282-сi – православие, 98-i – католик, 28-i иудей дiни бiрлестiгi. Оған қоса 1000-ға жуық протестанттық, буддизм мен индуизмнен тамыр алатын қауым бар. Дiндарларға 2128 мешiт, 254 храм, 88 католик костелi, 5 синагога және 500-ге жуық намаз үйi тиесiлi.

Елiмiздiң Конституциясында Қазақстанның зайырлы, құқықты мемлекет екендiгi, мемлекет – дiн iсiне, ал дiн – мемлекеттiк шаруаға тiкелей араласпайтындығы нақты көрсетiлген. Қоғам дiни бостандықты айқын сезiне бастаған сайын әртүрлi жаңа ағымдар пайда бола бастауымен қатар, дәстүрлi дiндердiң де бiрсыпырасы өз уағыздарын үдете түсуде. Әсiресе, орыс Прасовлавие шiркеуi (РПЦ) кейiнгi жылдары бұқара арасындағы үгiт-насихат жұмысын жанталаса өрiстетiп, өз жақтаушыларының санын неғұрлым көбейтуге тоқтаусыз ұмтылып жатқаны белгiлi.

Христиан дiнiнiң беделiн биiктету жолында түрлi сипаттағы iс-шаралар өткiзiп, дiндәрлар арасындағы уағыздарын Ресейде ғана емес, шетелдерде, әсiресе, посткеңестiк Тәуелсiз мемлекеттер iшiнде неғұрлым күшейте түсуге мүдделi Православие шiркеуi бұл мақсаттарын жүзеге асыру жолында түрлi әрекеттердi жүзеге асырып жатыр және ешбiр қаржылай шығындардан аянып қалмақ емес. Және мұндай iс-шараларды жылдан жылға ұлғайтып келе жатқаны көрер көзге айқын аңғарылады.

Өткен жылдың наурыз айында Мәскеу және бүкiл Русьтiң қасиеттi патриархы II Алексий "Құдай-Ана жұлдызы" ("Богородица жұлдызы") атты халықаралық бағдарламасын өткiзуге батасын берiп, тұсауын кескен болатын және 20 мамырда Владивостокта крестi шеру басталған.

Аталмыш бағдарламаның негiзiнде Ресейдiң алты қаласы — Владивосток, Якутск, Барнаул, Архангельск, Дондағы Ростов, Санкт-Петербург, сондай-ақ тағдыры таласқа түсiп жатқан Таяу Шығыстағы Иерусалим мен Афоннан тәу етушiлердiң шеруi басталып, биылғы жылдың маусым айында барлығы Мәскеуде бас қосады. Зиярат етуге болатын қасиеттi орындары санаулы ғана Мәскеуде шерудiң соңы салтанатпен өткiзiлмек болып жоспарлануының өзiнен-ақ бұл шараға Ресей билiгi айтарлықтай көңiл бөлiп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетiп отырғанын аңғартса керек. "Крест жорығына" қатысушылар сапар барысында ғибадатханалар мен шiркеулерге бас сұғып, дiни жоралғыларды атқарып, түрлi қасиеттi жерлерге зиярат жасамақ, жол-жөнекей православие крестерi мен түрлi арнайы белгiлердi орнатуды жоспарлауда. Яғни, осы сегiз маршруттың әрбiр тармағы "Құдай-Ана жұлдызының" сәулелерiн сипаттайды. Бiр сөзбен айтқанда, православие дiнi әлемнiң төрт тарабы, сегiз қиырын жаулауы керек, соған жаппай нұрын шашуға тиiс дегендi меңземекшi, Бiрақ, тұрғындарының басым бөлiгi — 80 пайызға жуығы мұсылмандар болып табылатын Қазақстанның крестшiлер шеруiне қандай қатысы бар деген сауал туындауы ықтимал.

Өкiнiшке қарай, ырықты түрде ме, әлде ырықсыз ба, әйтеуiр тiкелей қатысы болып отыр. Орыс Православие шiркеуi (РПЦ) өткiзiп отырған бұл крест жорығы Ресей территориясын ғана емес, қасиеттi қазақ даласын да басып өтпекшi. "Үшiншi сәуле" 27 ақпанда Алтайдағы Барнаулда басталып, одан әрi Қазақстан жерiнде өткiзiлмек. Тiптi әу баста крестшiлер шеруiн Астанада да өткiзбек болып жоспарлаған көрiнедi, Құдай таупық бергенде, кейiнiрек бұл жоспардың орынсыздығы, мұсылмандардың наразылығын тудыруы мүмкiн екендiгi ескерiлсе керек. Астана және Алматы митрополитi Мефодийдiң кеңесiмен крестшiлдер өз шеруiн тек Павлодар қаласында, Кереку жерiнде ғана өткiзудi ұйғарыпты. Қазақтың небiр марқасқа зиялылары — әйгiлi Мәшһүр-Жүсiп Көпеев, қыршын Сұлтанмахмұт Торайғыров, әйгiлi әншi Майра, даусын бұлбұл үнiне қосқан Естай, академик Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, тағы басқа жайсаңдар дүниеге келген өңiр крестшiлер жорығына қатысушылардың, өздерiнiң дүнияуи күнәларын түрлi икона көтерумен ақтап алуға тырысушылардың табанына тапталғалы отыр. Одан әрi олар Ресейдiң Орск қаласына аттанбақшы.

Шеруге қатысушылар мiнген пойыз Павлодарға 5 наурыз күнi келiп, дiни рәсiмге қатысушылар Ертiс жағасындағы қалада үш күн аялдайды. Осы мерзiм iшiнде — 5 және 8 наурыз күндерi бұл шараға қатысатындар кресттердi, крест салынған тулар мен түрлi қасиеттi иконаларды көтерiп, қаланы екi мәрте аралап шығады.

Сонымен, крестшiлердiң кезектi жорығы Қазақстанға да тұмсық тiрегелi отыр. Және елiмiздiң мұсылман мерекелерiн көрсетуге және жазуға онша құлықсыз телеарналар мен орыстiлдi газет-журналдар бұл жолы "крест шеруiн" кеңiнен насихаттауға жанталасуы ықтимал деушiлердiң күдiгi орынды да. Бiр ғажабы, Ислам дiнiн насихаттауға енжарлық танытатын бiрқатар БАҚ-тарымыз өзге дiндердi насихаттауда құлшынып тұратыны дағдылы жағдай. Ең қызығы, әлгiндей БАҚ-тардың көбiсi елiмiздегi жалпы салық төлеушiлердiң қалтасынан шығарылатыны да белгiлi. Бұл ретте салық төлеушiлер өз ақшаларының қалай және қандай мақсатта жұмсалып жатқанын бiлуге құқылы екендiгiне дау жоқ. Онсыз да елiмiздегi түрлi дiни бiрлестiктер мен ағымдардың шектен тыс көбеюi әбден дiңкелетiп бiткен жұртшылықты өзге ел шiркеуi ұйымдастырып отырған бұл шараның Қазақстан жерiнде өткiзiлуi бей-жай қалдыра ма? Қабылдағанына бiрталай жыл болған, әрi елiмiздегi дiни қарым-қатынасты реттеуде өзiнiң қауқарсыздығын жиi танытып отырған "Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiгi туралы" Заңды заманауи талап-тiлектерге сай қайта қараудың уақыты жеткен жоқ па?

Өзге дiндегiлер өздерiнiң осындай iс-шараларын Қазақстанда жиi өткiзуге құмарлығы бекер емес. Елiмiз iргесiн түрiп, есiгiн ашып тастауды мәртебе санайды. Ал "Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететiнi" ежелден қалыптасқан жағдай. Осыған дейiн Ресей билiгi Қазақстанды өз ықпалынан шығармау үшiн түрлi әрекеттерге барса, ендi православие дiнiндегiлердi де осындай мақсатқа жұмылдыруды көздеген сияқты. Оған елiмiздегi орыстар да кетәрi емес. "Лад", "Русская община" ұйымдарының Қазақстан билiгiнен бөлек Ресей президентi В.Путинге арнайы хат жазып, елiмiзде жоқ "орыс мәселесiн" көтергендерi де осының айғағы. Өздерiнiң туған Отандарының үстiнен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бөтен елдiң басшысына шағым айтуы астамшылық, нағыз көргенсiздiк емес пе?! Әлгi атышулы хатта: "Орыстардың Отанына кеткенi кеттi. Қалғаны Қазақстан билiгiнiң қазақыландыру саясатына амалсыздан көндiгiп отыр. Бұл жерде тек Ресейдiң iшкi әскери-саяси саясаты ғана Қазақстандағы орыстардың құқығы мен талабын орындай алады," — делiнген.

Шынымен орыстар "амалсыздан көндiгiп отыр" ма? Қайта күн өткен сайын күш алып, қазақы момындықтың нәтижесiнде өктемсiп бара жатқан жоқ па? Әйтпесе, бiртұтас, бөлiнбейтiн мемлекетте өзге мемлекет дiндарларының дiни шеру өткiзуiн қалай бағаламақшымыз? Сонымен қатар "Ресейдiң iшкi әскери-саяси саясаты ғана… орындай алады" деуiнiң астарында қаншама зiл, қорқыту жатыр. Жәй ғана саяси, экономикалық саясат емес, "әскери саясатты" нығыздап айтудың өзi бекер емес.

Бiр сөзбен айтқанда, әлгi "әскери-саяси" саясатқа бұдан былай дiни саясат та астасып, көршi алпауыт елдiң жуан сойылын бұрынғыдан да зiлдi, қорқынышты ете түспекшi. Қазақстан қашанғыдай көмпiс қалпында құлағын салбыратып жүре беретiн шығар…

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары