“БОЛАШАҚТЫҢ” КЕЛЕШЕГI ҚАНДАЙ?

“БОЛАШАҚТЫҢ” КЕЛЕШЕГI ҚАНДАЙ?

“БОЛАШАҚТЫҢ” КЕЛЕШЕГI ҚАНДАЙ?
ашық дереккөзі
488

"Болашақ" бағдарламасы 1993 жылдан берi жұмыс iстеп жатыр. Басқаша айтқанда, аталмыш бағдарламаға 15 жыл толып отыр.

Он бес жылдың iшiнде "Болашақтың" алғашқы түлектерi алды – 45-ке, соңы – 35-ке келiп қалды. Жалпы саны 3626-ға жеттi. Қазiр олар әлемнiң 32 елiнде бiлiм алып жатыр. Бастапқы жылдары "болашақтықтар" 13 елге жiберiлетiн.

Осы уақыт iшiнде "болашақтықтар" мемлекетке аса қажеттi кадрлiк қор ретiнде өзiн көрсете алды ма? Жоқ. Неге? Мұның объективтi де, субъективтi де себептерi бар. Олардың бiрнешеуiн санамалап көрейiк:

Бiрiншiден, бұған дейiн талай рет жазылған мәселе – алғашқы жылдары мемлекеттiк бағдарлама болашақ кадр дайындайтын институт ретiнде емес, жеке бастың мәселесiн шешетiн тетiк ретiнде қарастырылып, сыбайластықтың, тамыр-таныстықтың құрбаны болды.

Екiншiден, "Болашақтың" идеологиялық жүгi, мемлекеттiк саясаттың тетiгi ретiндегi ролi туралы насихат жетiмсiз болды. Аталмыш бағдарлама бойынша шет мемлекеттердегi беделдi оқу орындарына аттанған жастардың кейбiрi туған елiнiң алдындағы патриоттық парызын ескермедi, әлем-жәлем шетелдiк өмiрдiң қызығына түсiп, оқуды тастап, басқа мемлекетте тұрақтап қалған оқиғалар болған.

Үшiншiден, 2005 жылға дейiн "Болашақ" қазақтың "айдағаның бес ешкi, ысқырығың жер жарады" деген метафоралық мәтелiн еске түсiрдi. Өйткенi, мемлекеттiк деңгейдегi кадр дайындайтын бағдарлама жылына шетелдiк ЖОО-ларға бар-жоғы 40-50 адам ғана жiберiп отырды. Үш жыл бұрын Президент өзiнiң халыққа кезектi Жолдауында "болашақтықтардың" санын 3000-ға күрт өсiрдi. Осы жылдан бастап "Болашақтың" есiгi бiлiмдi жастар үшiн айқара ашылды. Өйткенi, бұрын тамыр-таныс арқылы санаулы орынды тез "толтыра" қоятын жүйенiң күнi өттi. Қазiрдiң өзiнде мемлекеттiк комиссия "межелi" барлық 3000 орынның иесiн толық таба алмай отыр.

Төртiншiден, алғашқы лекте мемлекет атынан шетелдерге он екiде бiр гүлi ашылмаған жастар, өмiр танымаған өрiмдер, қазақша айтқанда, сарыауыз балапандар жiберiлдi. Олар батыстық мәдениет құрсауына түсiп, ұлттық менталитетiнен айрылғаны да, бiлiм қумай, қызық қуып, сайран салып кеткенi де сондықтан. Көп қыздарымыз сол елдерде күйеу тауып, бөтен елде түтiн түтеттi. Олардың арасында елiмiзге белгiлi кiсiлердiң қыздары да бар.

Осыдан келiп шығатын алғашқы қорытынды, шетелге Қазақстанда бiлiм алған, кемi төрт-бес жыл жұмыс iстеген жас мамандарды жiберуi керек. Өз отанында нәпақа тауып жүрген жас туған елге кәсiби бiлiктiлiгiн өсiрiп қайтып келуге мүдделi. Өйткенi, Отанында оған бұрынғысынан да жақсы жұмыс дайын тұрғанына сенiмдi. Отызына дейiн оң-солын танып үлгерген жас бөтен елдiң қызылды-жасылды жасанды өмiрiне елти қоймайды.

Президент статистикалық мәлiмет келтiрдi: қазiргi таңда шетелде 20 000 жас бiлiм алып жатыр, оған қоса Ресейде 15 000 студентiмiз бар. Олар – "Болашақ" мемлекеттiк бағдарламасынан тыс бiлiм алып жатқандар.

Бұл ненiң белгiсi? Шын мәнiнде, бiз қаласақ та, қаламасақ та шетелде бiлiм алу – бүгiнгi қоғамымыздың рухани сұранысы, ал кадр дайындаудағы мемлекеттiк тапсырыс бұл сұранысты толық қанағаттандыра алмай отыр деген сөз.

Бiр жағынан, ол сұраныс қоғамның шын қажеттiлiгi ме? Мұндай қажеттiлiк бiр ғана жағдайда туындайды: жергiлiктi республикалық жоғарғы оқу орындары халықаралық стандартқа сай бiлiм бере алмайтындай дәрежеде болғанда. Қазақстан ЖОО-ларындағы бiлiм беру сапасы басқа мақаланың жүгi, дегенмен де осы бiлiм ордаларын бiтiрген түлектер республика дамуына үлес қосқан жоқ деп те ешкiм айта алмас.

Екiншi жағынан, баласын шетелде оқытуға деген сұраныс қолдан жасалған ақпараттық саясаттың жемiсi болуы мүмкiн. Өйткенi, Қазақстан тәуелсiздiк алып, шетелдiк университеттер мен институттар есiктерiн айқара ашқанда, баласын шетелде оқыту "жаңа қазақ" үшiн намыс болды. "Жаңа қазақ" деген атауды қазiр ұмыта бастадық, бiрақ тоқсаныншы жылдардың ортасында шетелде демалу, шетелде бiлiм алу тап осы әлеуметтiк топқа тән қылық болғаны есiмiзден шыға қоймаған шығар. Ал шетелдiк ЖОО-ға ұмтылыстың әлi саябырламау үрдiсiн жас мемлекеттiң амбициясымен ғана салыстыруға болар. Кейбiреулер әлi күнге дейiн баласын шетелге "сән қуып" жiберсе, кейбiреулер баласы шетелде қызметке тұрып, Қазақстаннан әлдеқайда жақсы өмiр сүредi деген үмiтпен жiбередi.

Дамыған мемлекеттер өзiнiң ұлттық байлығының 75 пайызын интеллектуалдық капиталдың арқасында қалыптастырады екен. Президент "Болашақ" түлектерiмен кездесуде осындай мысал келтiрдi. Қазiргi бiздiң ұлттық байлығымыз не? Мұнай, бидай, шикiзат қоры – әйтеуiр, бiлiм-ғылым емес немесе сол бiлiм-ғылымды игерген адамдар емес.

Елбасы осы кездесуде соны ұсыныс бiлдiрдi. Қазiрден бастап жастардың арасынан 200-300 адамды iрiктеп алып, оларды болашақ мемлекеттiк қызметке дайындау жөнiнде. Осы кездесуге жиналған 400-ге жуық "болашақтықтың" әрқайсысының сол сәтте жүрегi лүпiлдегенiне күмәнiм жоқ, өйткенi шың басына кiм шыққысы келмейдi дейсiз? Бiрақ республика халқының қырық пайызын құрайтын жастардың, оның iшiнде студент-жастардың және шетелде бiлiм алып жатқан басқа да жастардың көкейiнде күдiк туындауы да мүмкiн ғой? Өйткенi, ел басқаратын "игi жақсылардың" есiмi күнi бұрын белгiлi болса, бәсекелестiк қайда қалмақ? Басқа жастар үшiн қызметтiк өсу алға сүйреушi күш ретiнде маңызын жоғалтпай ма?

Шын мәнiнде, мемлекеттiк кадр қорын белгiлi бiр топпен шектемей, жалпыұлттық деңгейде үздiксiз жүргiзу керек. Бұл, ең әуелi, ұрпақ тәрбиесiне қатысты.

Ұрпақ тәрбиесi солқылдақ шыбық сияқты майысқақ. Абайламаса, сынып кетуi мүмкiн. Ал кадр дайындау мәселесi ұрпақ тәрбиесiнен, әуелi бала бақшалардан басталуы керек.

Өкiнiштiсi сол, жат елден жақсы өнер үйренiп, туған жерге қайтып келген соң, Отанына қызмет ету – шетелге аттанған әрбiр жастың ойындағы мақсат емес. Ендiгi жерде мемлекеттiк саясат осындай ойды жастар арасында насихаттауға құрылуы керек.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары