РЕТТЕЙМIЗ, ТӘРТIПКЕ КЕЛТIРЕМIЗ!
РЕТТЕЙМIЗ, ТӘРТIПКЕ КЕЛТIРЕМIЗ!
Сенаттың экономика және өңiрлiк саясат комитетiнде "Қазақстан темiр жолы" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамымен кездесу болып өттi.
"ҚТЖ" ҰҚ" АҚ президентi Ж. Құлекеев мырзаға, сенатор Қуаныш Айтаханов мырза:
– Тарифтердiң өсе беру себебтерi неде? Арыс депосын мемлекетке қайта алып жатыр екен, неге? Бiр жаққа барайын деп темiр жол кассасына билет сұрасаң "жоқ" дейдi. Жол серiктерiмен келiсiп пойызға мiнсең вагонда бос орын көп. Осы келеңсiздiктi жою үшiн де инвестиция керек пе? – деген сауалдар қойды?
Министр, депутат, шенеунiк болғандардың "созылмалы ауруына" айналған; басында бiр-екi сөйлемiн қазақша, қалғанын өзге елдiң мемлекеттiк тiлiнде сайрай жөнелмекшi болған Құлекеевке сенатор Айтаханов: "Менiң қазақша сұрағыма қазақша жауап берiңiз!" деп талап қойды. Байқап отырсақ, комитетте отырған ұзын саны елуге тарта адамның бесеуi ғана өзге ұлт өкiлдерi болса, олардың екеуi қазақша бiлетiн түркiтiлдес ағайындар екен. Қазақ атқамiнерлерiнiң өзге елдiң тiлiнде сөйлеп, мұншалықты еңкейетiндей бастарына не күн туды? Бiр кiсiдей қазақша сөйлейтiн Құлекеевтiң ұзақ-сонар жауабынан, "Бiзде тариф мардымсыз көтерiлдi. Негiзiнен бес жыл бойы көтерiлген жоқ. Сондықтан темiр жолдар жөндеусiз, рельстер, вагондар ескi, жүк таситын, жолаушылар мiнетiн вагондар жетпейдi. Тарифты көтермесек, темiр жол тығырыққа тiреледi де, ел экономикасының дамуына үлкен нұқсан келтiредi… Кезiнде "Арыс" вагон жөндеу депосын бiр ЖШС жалдап алған едi, ендi жалдау уақыты бiттi, сондықтан қайтарып аламыз. Бiздiң қол астымызда бар-жоғы төрт-ақ депо бар, сондықтан өндiрiске керек болып отыр. Арыс вагон жөндеу базасында Қытаймен бiрiгiп, жолаушылар таситын вагондарды жөндейтiн боламыз… Жолаушыларға қызмет көрсету, билеттер сатудағы келеңсiздiктер бар екенiн мойындаймын. Өкiнiшке қарай, билет сатумен жеке агенттiктер айналысады. Темiр жол құзырына кiрмейдi. Әр облыс вокзалдарында бiр-бiр агенттiктер иеленiп алған. Мысалы, бүкiл Алматы облысы бойынша бiр-ақ адам өз агенттiгiн ашып билет сатып монополист болып отыр. Наурыз айында олармен де келiсiм-шарт уақыты бiтiп, жаңа шартқа отырғанда басқаша талап қоямыз. Тағы да алыпсатарлықпен айналысса шартты бұзып, вокзалдан қуып шығамыз. Бiр облыста бiр ғана агенттiк монополист болып билет сатпас үшiн бiр вокзалда билет сататын бiрнеше агенттiк ашамыз. Сонымен қатар бiзге қарайтын 22 вокзалда темiр жол кассаларын да қайта аштырамын. Қазiр аша алмай отырмыз. Өйткенi билет сататын агенттiктер конкурста жеңiп, келiсiм-шарт бойынша жалғыз соларға құқық берiлген. Бiз касса ашсақ, соттасуға даяр отыр. Тауып отырған ақшасын кiм бөлiскiсi келедi дейсiң. Алыпсатарлықпен билет сатып пайда тауып жүрген "пысықайлардың" жолын кесу үшiн, жаңа құрал-жабдықтар сатып алдық. Жаңа құрал арқылы әрбiр жолаушы қай күнге, қай пойызға қанша билет бар екенiн кассирсiз өздерi бiлiп алады. Ал, кассир өтiрiк айта алмас үшiн ол жердегi экранда жолаушыға көрiнiп тұрады. Және де жолаушылар вагондарындағы қызмет көрсету деңгейi жоғарылайтын болады" – деп бiр қуантып тастады.
Жыл сайынғы әкiмшiлiк шығындардың өсуi, қытай вагондарының дауы жөнiнде жауап берген "Самұрық" мемлекеттiк активтердi басқару жөнiндегi қазақстандық холдингi" АҚ көлiк активтерiн басқару жөнiндегi директоры Нұржан Байдәулетов: "Әкiмшiлiк шығындардың жыл сайын өсетiнi рас. Биылғы әкiмшiлiк шығындар 25 миллиардқа өстi. Ол негiзсiз емес… Қытай вагондарына келсем ол жерде үлкен компаниялардың мүддесi бар. Ресейдiң де компаниялары өз вагондарын өткiзгiсi келедi. Бiрақ, Ресейдiң вагондары өте қымбат, сапасы қытайдiкiнен артық емес. Басында Қытай вагондарын сатып алғанда, шекарада, кеденде тексеретiнiн тексерiп өткiзген. Одан бұрынғы Қытайдан сатып алған вагондар Атырау, Ақтауда халыққа толық қызмет көрсетiп отыр. Бұл дауға нүктенi сот қояды," – деп сөзiн қысқа қайырды.
Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ