ҚАЗАҚТЫҢ АЛМАТЫСЫ ДIН АМАН

ҚАЗАҚТЫҢ АЛМАТЫСЫ ДIН АМАН

ҚАЗАҚТЫҢ АЛМАТЫСЫ ДIН АМАН
ашық дереккөзі
169

Тасмағамбетов қала жұртшылығымен жүздестi

Естерiңiзде болса, ежелгi шайырлардың жырларынан, аңыз әңгiмелерiнен байырғы халифтердiң қала халқының тұрмыс-тiршiлiгiн, хал-ахуалын көру үшiн, түн кезiп, қала аралайтындығы туралы талай оқымап па едiк. Бүгiнгiнiң халифтерi қала, облыс әкiмдерi дейтiн болсақ, олардың түн жамылып, қала аралауларының бiр түрi – жұртшылықпен жылына бiр рет жүзбе-жүз кездесiп, есеп беруi шығар.

Биыл алматылықтар мен қала әкiмiнiң жүздесуi төртiншi рет өтiп отыр. Алатаудың төрiндегi кең сарайға жиналған қауымда өз әкiмiне мейiрi қанғанша сауалын қойып, әкiмiнен тұщымды жауап күтетiн де есептi күн. Әрине, қалаға әкiм болып келген төрт жыл iшiнде қала әкiмi Тасмағамбетовтiң iстеген әрбiр iсi қала жұртшылығының көз алдында өтiп жатыр. Алматыдай алып мегаполистiң қыз-қыз қайнаған дүбiрлi тiршiлiгiнiң күрделi проблемалары бiрден бiте қоюшы ма едi. Күнделiктi жаңарып отыратын әрбiр мәселеге мейлiнше, қолынан келгенiнше тiрлiк жасауға әрекеттенетiн әкiмнiң тыңғылықты iсiн де жұртшылық байқамайды емес. Сондықтан, күнделiктi көз алдында өтiп жатқан дүниеге жылына бiр рет есеп беру әкiмнiң басты парызы да. Осы орайда, әкiм тағы да бiр рет жұртшылықтың пiкiрiне құлақ асып, мұң-мұқтажын, өтiнiш, талап-тiлектерiн тыңдады.

Ә дегеннен-ақ, әңгiменi "Ағайын отырып ақылдасса, алынбайтын асу жоқ" деп бастаған әкiмнiң бұл сөзiнде де үлкен астар бар. Былтырғы жылы да дәл осы уақыттағы кездесуiнде алматылықтардың ой-пiкiрлерiн тыңдап, ақылдаса отырып, кейбiрiн дәл сәтiнде шешiп, кейбiрiн алдағы уақытқа шешуге уәде бергенiн де көпшiлiк жақсы бiледi. Нұрланған, түрленген Алматының басты мәселелерiн қала халқымен есептесе отырып, жүзеге асыру да әкiмнiң беделiн өсiрмесе, кемiтпейтiнi тағы белгiлi. Осы тұрғыдан келгенде, тыным таппайтын әкiмнiң ұтатын да тұсы осы.

Кездесуге қала тұрғындары және ҚР Президентi әкiмшiлiгi жетекшiсiнiң орынбасары Владимир Школьник, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев, Президент әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк инспекторы Мағзам Қасымов, Парламент Сенатының депутаттары Жұмабек Төрегелдинов, Ахан Бижанов, Ғани Қасымов пен Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Гүлмира Есiмбаева қатысты.

Өткен жыл Алматы үшiн аса маңызды жыл болғанын айта кеттi қала әкiмi.

– Өткен 2007 жыл ұлт пен ұлысымыз үшiн тың бастама, мемлекетiмiздiң болашақ басым бағыттары белгiленген, Ата Заңымызға толықтырулар енгiзiп, Парламент қайта сайланған жыл болды. Басқару және атқару жүйелерi жетiлдiрiле түстi. Ендi халқымыздың әл-ауқатын арттыру мемлекетiмiздiң басты мақсаты болып бекiдi. Оған Елбасымыздың биылғы Жолдауы дәлел. Кеше 56 мемлекет Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы Қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа тағайындалуын бiр ауыздан қолдады. Мұның бәрi бiз үшiн үлкен жеңiс, Елбасының үлкен еңбегiнiң жемiсi, – деп бастады Иманғали Тасмағамбетов.

Былтырғы жылы Алматыда 14 жаңа өндiрiс орындары ашылып, 800-ге жуық жұмыс қолы пайда болыпты. Қаланың бюджетi 2007 жылдың соңында 170 миллиардқа жетiптi. ал, қала бюджетi биылғы жылды 182 миллиард теңгемен бастапты. Қала жұртшылығы үшiн, ең басты бас ауруына айналған мәселенiң бiрi – көлiк кептелiсi екенi рас. Былтырғы жылы осыған орай, 10 жол айрығы iске қосылып, 630 шақырым жол жөнделген екен. Расында да, бұрындары айыр-айыр болып, тесiлiп жататын жолдардың реңi кiрiп, көлiк жүргiзушiлердiң де өңi жылып қалды.

Былтырғы жылы аулалардың көбi күрделi жөндеулерден өттi. Атап айтар болсақ, 2300 тұрғын үй аулалары жөндеуден өтiп, сәбилер үшiн жаңа ойын алаңдары салынды. Соңғы екi жылда жүзеге асырылған игiлiктi шаралардың бiрi – 25-мамыр күнi су бұрқақтардың мерекесiнiң басталуы. Күмiстей мөлдiреген су тамшыларының қала жұртшылығының қуанышына айналғанына да көп бола қойған жоқ. Соңғы үш жылдың iшiнде оңтүстiк астанадағы барлық бақтар мен саябақтар толық жөндеуден өткiзiлiптi. Қаланы қоқыстардан арылту үшiн 4,5 мың қоқыс жинайтын контейнер, 120 арнайы машина сатып алынған.

Алматының мәдениетi де қала әкiмiнiң назарынан тыс қалған жоқ. Былтырғы жылы Алматы қаласының тарихи-мәдени мұрасын сақтауға 2,4 млрд. теңге жұмсалыпты. Сондай-ақ, есептi кездесуде қаланың экологиясы да назардан тыс қалмады. Экологияны ластауда алдыңғы орында тұрғандардың бiрi – жеңiл көлiктер. Сырттан қаптап әкелiнiп жатқан көлiктердiң арасында жылы ескiргендерi де бар. Сондықтан, алдағы уақытта мерзiмi өткен көлiктерге тыйым салу қажеттiлiгi де ескерiлу керек сияқты. Ал, қаптаған көлiктер үшiн паркингтер салу басты назарда тұрған секiлдi. Өткен жылы 4 паркинг салынған екен, олар келешекте мемлекеттiктен жекеменшiкке өтуi де ғажап емес. Алдағы жылдары бұл паркингтердiң саны өсетiн сыңайлы.

Сонымен, әкiмнiң айтуынша, биыл Алматыда жаңадан 11 мектеп пен 7 балабақшаның, 8 денсаулық сақтау мекемесiнiң, 10 автотұрақ, 6 жол айрығы мен шығыс айналма жолының құрылысы басталады. Сондай-ақ, 16 көмекшi станса, 1 миллион 503 мың шаршы метр тұрғын үй, 700 аула және Есентай мен Үлкен Алматы өзендерiнде табиғат қорғау арналары жасалады.

Кездесу барысында тұрғындардың көптеген мәселелерi қаралып, көкейде жүрген көп сауалға жауап алынды. Қазақтың бiртуар азаматтарының бiрi, "қазақ вальсiнiң королi" атанған Шәмшi Қалдаяқовқа да ескерткiш орнату, оның қаладағы саябақтардың бiрiне есiмiн беру мәселесi де көтерiлген болатын. Бұл ұсынысты әкiм құп алды. Алдағы уақытта қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы мен Шәмшi Қалдаяқовтың мүсiнi қойылатын күн де алыс емес сияқты.

Баспасөз бiткендi шулатып жатқан мәселенiң бiрi – Тәуелсiздiк монументi қоныс тепкен Республика алаңындағы жарықшаққа байланысты өрбiп отыр. Дәл осыған орай, "Свобода слова" газетiнiң тiлшiсi сауал тастады. Бұған да әкiм өз жауабын қайырды.

"Жарықшақтың пайда болғаны сiздерге тiптi жаққан болуы керек. Әсiресе, аталмыш сауда кешенiнiң құрылысы басталмай жатып-ақ, бұл оқиғаға қарсы дау айтып жүргендерге жақсы бiр тамызық болды-ау, сiрә. Қазақ мұндайда, "тырнақ астынан кiр iздейдi" деп айтпай ма? Бiз осы жарықшақтың пайда бола бастағанынан-ақ, Төтенше жағдайлар төрағалығымен "Гидроарнайықұрылыс" ұйымының арнаулы өкiлдерiнен құралған арнайы комиссия құрғанбыз. Олардың жарықшаққа байланысты әзiрлеген қорытындысы да менiң алдымда тұр. Ол қорытындыда биылғы жылдың 9-ақпаны күнi таңғы 9.30-да Республика алаңында жарықшақтың пайда болғаны анықталып отыр. Аталмыш жарықшақтың, не себептi, қайдан пайда болғандығы, себеп-салдары түгелiмен анық жазылған. Онда тiптi, бұл жарықшақтың ешқандай да алаңға қауiп-қатер әкелмейтiндiгi айқын көрсетiлген. Тiптi, "Гидроарнайықұрылыс" ұйымы 7-10 күннiң iшiнде бұл жарықшақты қайта қалпына келтiру мәселелерiн де жолға қойып отыр. Қазiр бұл мәселенi шешумен жан-жақты айналысып жатырмыз. Кез келген құрылыста мұндай жағдайлардың кездесетiндiгi белгiлi. Оған бола соншама шу көтерудiң, Тәуелсiздiк монументiне, қалаға қауiп-қатер төндiрудiң өзi күлкiлi нәрсе емес пе?" – дедi әкiм.

Ал, жалпы көпшiлiк iрi мегаполистiң басшысымен болған жүздесуден қанағаттанғандық сезiммен оралса керек.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары