ОППОЗИЦИЯ МЕН ҰЛТШЫЛДАР БIРIН БIРI ҚОЛДАЙ МА?

ОППОЗИЦИЯ МЕН ҰЛТШЫЛДАР БIРIН БIРI ҚОЛДАЙ МА?

ОППОЗИЦИЯ МЕН ҰЛТШЫЛДАР БIРIН БIРI ҚОЛДАЙ МА?
ашық дереккөзі
301

11 ақпанда демократиялық күштердiң өкiлдерi белгiлi қоғам және мемлекет қайраткерi, оппозиционер Алтынбек Сәрсенбайұлының пәни жалғаннан қайтқанына 2 жыл толғанына орай, еске алу рәсiмiн өткiзiп, дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелге қатысушы әртүрлi партия және қоғамдық ұйымдар өкiлдерi Қазақстанда саяси жүйеге баға бере отырып, оппозицияның қоғамдағы орны жайында да пiкiр алмасты. Көпшiлiктiң аузынан бiрiгу керек. Iрi бiр күшке айналмайынша, көздеген нәтижеге жете алмаймыз дегендi жиi естiдiк. Бiрақ, бiрiгу жайлы көбiрек айтылғанымен, бiрiге алмайтындықтарын да аңғарып қалдық. Сонымен оппозицияның жұмылған жұдырықтай бiрге болуына не кедергi? Бiз осы сауалды оппозиция жетекшiлерiнiң бiразына қойған едiк.

Жармахан Тұяқбай, ЖСДП төрағасы:

– Оппозицияның бiрiгуi – саяси науқан кезiнде көрiнiс табады. Бiз де кез-келген саяси науқанда бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруға тырысып жатырмыз. Президент сайлауында бәрiмiз бiрiгiп "Әдiлеттi Қазақстан үшiн" блогын құрдық. Мәжiлiс сайлауында "Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға" "Нағыз Ақ жол" партиясы қосылды. Алда тағы да саяси науқан болатын болса, әрине, бiз нақты бiр нәтижеге жету бағытында жұмыс жасайтын боламыз.

Елдегi қордаланып қалған проблемалар бойынша, әр партия өз идеологиясына орай қызмет етiп жатыр. Алда тұрған ең басты мәселе – жалпы оппозициялық фронтта жүрген партиялар, бiз қызылмыз, ақпыз деместен, халықтың мұң-мұқтажы, халықты алаңдатып отырған проблемалар бойынша бiрiгiп жұмыс жасауы керек. Сондықтан да, мен барлық оппозициялық партиялардың басын қосып "Халықтық коалиция" құрайық деген ұсыныс жасағанда, қоғамдағы барлық проблемаларды жұмыла көтерсек жеңiл бола ма деген ойда болдым. Осы ұсыныс бойынша, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың арасында әртүрлi пiкiрталас жүрiп жатыр. Жақын арада менiң ұсынысым қаншалықты жүзеге асқаны жайында мәлiмдеме жасайтын болармыз. Бiздiң партияның ұстанған жолы – мен ана партиядамын, сен мына партиядасың деген амбицияны қойып, бәрiмiз бiрiгiп, елдегi проблемаларды шешуге ат салысу.

– Бiрақ, өкiнiшке қарай, сол амбициядан аттап кете алмай отырған жоқпыз ба?

– Дегенмен, түбi бiрiгуiмiз керек екенiн бәрi түсiнетiн болады.

– Сiздiң ұсынысыңызға қазiрден бастап, қарсы болып жатқан партиялар бар. Мәселен, "Нағыз Ақ жол" партиясы "Ақ жол", "Ауыл", "Руханият" партияларын президенттiк партиялар деп атап, олармен бiр майданда бола алмайтындығын айтты.

– Жалпы, мен партияларға айдар тағудан аулақ болғанды ұнатамын. Кез-келген партия өзiнiң мүмкiндiгiне, қаржыландыру көзiне қарай әртүрлi тактика ұстануы мүмкiн. Бiрақ, олардың қай-қайсысы да ерiккеннен партия құрып жүрмеген болар. Ол партиялар жетекшiлерiнiң айтып жүргенi, құлаққа қонымды. Бүгiнгi проблемаларды көтерiп отыр. Бiзде, ең бастысы, осы проблемаларды айтатын адамдардың аз болып отырғаны ғой. Бiз солар арқылы қатарымызды көбейте беруiмiз керек. Президенттiк партия бола отырып, бiздiң сөзiмiздi сөйлеп жатса, бiздiң немiз кетiп барады? Ол үшiн қуануымыз керек қой. Билiкке талас сайлау науқаны кезiнде болады. Қазiр сайлау жоқ. Сондықтан, бiз билiкке таласып жатқан жоқпыз, елдегi проблеманы шешудiң оңтайлы жолдарын iздеп жатырмыз. Билiкке ықпал етудiң жолын қарастырудамыз. Бүгiнгi "Халықтық коалицияны" құрудағы мақсат осыдан келiп туып отыр.

– Сiздiң ойыңызша, оппозиция мен ұлтшылдар бiрiн-бiрi қолдай ма?

– Бiз ұлтшылдарды жабайы етiп көрсетпеуiмiз керек. Менiңше, ұлтшыл дегенiмiз – ұлтжандылар. Мәселен, қазақ халқының бүгiнгi әлеуметтiк жағдайы, мемлекеттiк деңгейдегi рухы, халқымыздың мәдени-әлеуметтiк көзқарасы, тiлi – осының бәрiн алалап-құлаламай, жұмыс жасауымыз керек. Бiз алғашқы съезiмiзде "Қазақ ұлты тыныш болмай, басқа ұлт тыныш болмайды" деп айтқанбыз. Әлi де сол ұранмен келемiз.

Болат Әбiлов, "Нағыз Ақ жол" партиясының тең төрағасы:

– Бiр жағынан, оппозициялық майданда мықты бiр партияның болғаны дұрыс. Екiншi жағынан, оппозиция өзара бәсекелстiкте болуы үшiн, бiрнеше партияның болғаны жөн. Қазiр бiзде тағы да жаңа партиялар пайда болатын секiлдi. Мысалы, Ғалымжанның соттағы мерзiмi аяқталса, жаңа партия құрмақ ниетте, Әкежан Қажыгелдин қайта оралса, ол да партия құратын болады. Осындай бәсекелестiктiң негiзiнде, бiр партия, бiр лидер алға шығады. Сайлаудың алдында партиялар бiрiгедi.

Грузия мен Украинадағы оппозицияның жеңiстi болған себебi – оларда, бiрiншiден, масс-медиа, соның iшiнде теледидар қолдарында болды, екiншiден, Грузияда Шеварнадзе мен Украинадағы Кучма орнынан кетiп жатты. Бiзде де Назарбаев кеткенде, басқаша болады.

– Жақында Жармахан Тұяқбай 6 партияны бiрiгуге шақырды. Бiрақ, сiз ол ұсынысты қолдамайтындығыңызды бiлдiрдiңiз? Бұның себебi неде?

– Бiз кiммен бiрге боламыз? "Руханият", "Ауыл", "Ақ жол" – бұл партиялардың барлығы президенттiк партиялар, билiктiң сойылын соғады. Оппозиция билiктiң сөзiн сөйлейтiн партиялармен қалай бiрге болады?

Асылбек Қожахметов, "Шаңырақты қорғау" қоғамдық қорының жетекшiсi:

– Бiрiншiден, оппозицияның бiрiгуiне түсiнiспеушiлiк жетiспейдi. Әрқайсысы, не ұлтшыл-патриот, не демократ "менiң бағытым дұрыс" деген идеямен жүр. Екiншiден, өздерi жайында пiкiрлерi ұшқары: "мен нағыз патриотпын, мен нағыз демократпын" деген ойдың жетегiнде жүр. Демек, оппозицияның бiрiгiп үлкен күш болуына жеке басының амбициялары кедергi болып тұр. Бұл олардың бiрiн-бiрi түсiнуiне де жол бермей отыр. Яғни, бiздегi оппозиция өкiлдерi бiрге қимылдағанның құндылығын түсiне алмай отыр.

Бiрақ, менiң ойымша, бiрiкпей ешқандай нәтиже болмақ емес.

– Сiз өз сөзiңiзде "90-шы жылдардың басында ұлтшыл қозғалыстардың қарқыны мықты болды. Бiрақ, оларды демократтар қолдамады. 2000 жылдың басында деморкаттардың қарқұыны күшьтi болды, бiрақ, олар ұлтшылдардан қолдау таппады. Сол себептен де, бұлар жеңiлiске ұшырады" дедiңiз. Сiздiң ойыңызша, бұлардың бiрiн-бiрi қолдамау себебi неден?

– Менiңше, олардың деңгейлерi әртүрлi. Бiреуi – демократияны түсiну жағынан, ғылыми тұрғыдан талқылау жағынан өте жоғары тұр. Бiрақ, ұлттық мәселенi түсiнбейдi немесе түсiнгiсi келмейдi. Екiншiлерi – ұлттық мәселелердi терең түсiнгенiмен, демократиялық құндылықтарға мән бермейдi. Яғни, бiрiн-бiрi түсiнбегенiнiң салдарынан бүгiнгi деңгейге жетiп отыр. Кез-келген мемлекеттi құраушы ұлттың мұң-мұқтажына, әлеуметтiк мәселелерiне көз жұма қарай отырып, демократияны жүзеге асыруға болмайды. Бiрақ, бұл демократиялық құндылықтар арқылы жүзеге асуы тиiс. Мысалы, қазақтан басқа ұлттың бәрi көшiп кетсiн деген радикалдық көзқарас ұстануға тағы болмайды. Бұл саяси жүйенi өзгертпейдi. Ал, демократтар мемлекеттiк тiлдi саяси жүйеге енгiзiп жiберсек, демократия орнайтынына сенбейдi. Сол себептi де, олар бiрiн-бiрi қолдамай отыр. Бiрақ, мәселе олардың бiр-бiрiнiң деңгейiн көтерiп, ықпал етуiнде жатқанын да ұмытпау керек.

– Бiздiң оппозицияда лайықты лидер жоқ деген көзқарасқа қалай қарайсыз?

– Жоқ, лидер жоқ деуге болмайды. Бiрақ, олардың әрқайсысының өзiндiк амбициясы бар. Олар содан аса алмай отыр. Халық бiрiншi орында, амбиция екiншi орында болса, бiрiгiп кетуге болар едi. Қазiргiдей амбиция басты орында тұрғанда бiрiгу де мүмкiн емес. Ал бiрiкпей жеңiс те жоқ.

Берiк Әбдiғалиев, саясаттанушы:

– Қазiр оппозицияда қанша лидер бар, сонша көзқарас, сонша позиция бар. Бiзде негiзiнен дәстүрлi оппозиция болмады. Ол ендi қалыптасып келедi. Билiк пен оппозиция арасындағы қарама-қарсылық бiр жүйеге түскен жоқ. Жеке тұлғаларының саяси сана-сезiмi әлi қалыптасып бiткен жоқ. Мемлекетшiлдiк сананың өзi ендi қалыптаса бастады.

– Кейбiр әңгiмелерге құлақ түрсеңiз, бiзде оппозиция жоқ деген де пiкiрлер айтылады. Сiздiң ойыңызша, бiздегi оппозицияның қарым-қабiлетi қандай?

– Оппозиция бар. Бiрақ, ол жүйелi түрдегi оппозиция ма? Мәселе – оппозицияның сапасында. Олар халықтың мұң-мұқтажын қаншалықты дәрежеде көтере бiлуде? Халық пен билiк арасында жасырынбақ ойнап жүрген ойыншылар ма, жоқ шын мәнiсiндегi күрескер ме? Осы тұрғыдан баға беру керек сияқты. Халық дауысын оппозицияға не үшiн беруi керек, соған көзiн жеткiзу қажет. Қазiр оппозицияны қолдаса, соңы жақсылыққа апармайтынын жұрт бiледi. Сондықтан олардың арасында үрей бар. Яғни, оппозицияның елмен жұмыс iстеуi сылбыр. Оппозицияның өзiне де, өзге де сенiмi жоқ. Оппозиция әрқашан өзiнiң күш-қуатын дәлелдей бiлуi керек. Жұрт оппозицияға иек сүйеуге болатындығын түсiнгенi жөн.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары