ҚЫТАЙДАН ТЕМIРЖОЛ ТАРТЫЛМАҚ

ҚЫТАЙДАН ТЕМIРЖОЛ ТАРТЫЛМАҚ

ҚЫТАЙДАН ТЕМIРЖОЛ ТАРТЫЛМАҚ
ашық дереккөзі
289

Аспанасты елi солтүстiк-батыс аймағын Орталық Азиямен шектестiретiн темiржол құрылысын қолға алмақ. Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттықтың көрiгiн қыздырған қытайлар тауар тасымалдайтын жолдарды көбейтуге мүдделi.

Пекиннiң мұндай қадамы Батыс пен Шығыстың қызғанышын тудырды. Әсiресе, орталықазиялық аймақтағы энергетикалық қорларға қызығатын АҚШ пен Үндiстан қытайлардың дербестiкке қатысты әрекетiн құптай қоймасы анық. Оның үстiне, энергетикалық қорларды теңiз жолдары арқылы таситын аспанасты елi Американың ықпалындағы таяушығыстық мұнай мен газдан бөлек баламалы жолдарды табуға талпынуда. Қазақстан мен Қытайдың темiржол тармақтары әзiрге 460 шақырымдық Үрiмшi-Алатаумен шектеледi. Былтыр 2006 жылмен салыстырғанда, жүк айналымы 60 пайызға дейiн өсiптi. Демек, темiржолдың қауқары мен қарымына көңiл онша толмайды. Сондықтан Пекин биыл Қорғас шекаралық бөлiмiн Сарыөзектегi iшкi темiр жолдармен байланыстыратын тағы бiр жобаның құрылысын салуға бекiнiп отыр. 200 шақырымға созылатын жобаның құны 861 млн. доллар. Сондай-ақ, қытайлардың Қашғар қаласынан Қырғызстанға, одан ары Өзбекстанға қарай созылатын темiржол да салына бастайды. Бұл жоба 2010 жылы қолдануға берiледi деп жоспарлануда. Әзiрге Батыс Қазақстан – Батыс Қытай мұнай құбырының құрылысы басталып кеттi. Орталықазиялық көмiрсутегiлер үшiн күресте өзгелерге есе жiберiп алмас үшiн қытайлар барын салуда.

"ҚАРА АЛТЫННЫҢ" ТАРТЫСЫ

Саяси билiк арасындағы "экономикалық күрестiң" кесiрiнен АҚШ венесуэлалық мұнайдан қағылуы мүмкiн. Апта басында ағылшындардың соты Exxson компаниясының Венесуэланың мемлекеттiк Petroleos de Venezuela S.A. (PDVSA) компаниясының үстiнен айтқан 12 миллиард долларлық активiн тоқтату туралы шағымын қанағаттандырды.

Британдықтарға тiсiн қайраған президент Уго Чавес АҚШ-қа тасымалданатын "қара алтынның" ағынын тежеп тастаймын деп қорқытты: "Егер бiзге шығын келтiруге тырысатын болсаңдар, Құрама Штаттарға бiр тамшы да мұнай таттырмаймыз". Ағылшындық кәсiпорынның сотқа шағымдануына Венесуэладағы мұнай өндiрушi шетелдiк компанияларға қойылатын талаптарды жаңалауы түрткi болған. Былтыр Уго Чавес Ориноко өзенiндегi кен орындарын мемлекеттiк меншiкке өткiзу туралы құжатқа қол қойған едi. Аталған құжатқа сәйкес, Венесуэладағы мұнай саласында еңбек ететiн шетелдiк кәсiпорындардың барлығы да 2007 жылдың 1 мамырына дейiн үлестерiнiң 60 пайызын мемлекеттiк PDVSA компаниясына өз ерiктерiмен өткiзуi тиiс болатын. Мұндай талаппен BP PLC, Chevron Corp., Total S.A., Statoil ASA кәсiпорындары бiрауыздан келiскен. Келiсiмшарттарды қайта қарастырғаннан кейiн Оринокодағы кен орындарын игеруге қатысты жобалардағы PDVSA-ға тиесiлi 40 пайыз үлес 60-қа дейiн өстi. Exxson Mobil Corp. Мен ConocoPhillips бастапқыда келiсiмiн бергенмен, кейiн Венесуэладағы мұнай өндiруге қатысты келiсiмшартты жасаспайтындықтарын мәлiмдедi. Сарапшылар қауымы мұның себебiн Чавестiң саясатының кесiрiнен iрi шетелдiк компаниялар шығынға белшеден батуымен түсiндiредi.

УКРАИНА ДСҰ-ҒА ҚАБЫЛДАНА МА?

"Жалқынсары төңкерiстер" толастамаған Украина Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшелiкке қабылдануға бiрнеше жылдан берi талпынып келедi. Егер елдегi саяси тартыс тоқтамаса, ресми Киевтiң ДСҰ-ға қабылданбауы бек мүмкiн. Жоғарғы раданың ашылу салтанатында президент Ющенко халыққа Жолдауын жеткiзуi тиiс болатын.

Бiрақ екi шенеунiктiң төбелесiнен кейiн Ющенко елге сөз арнамақ тұрмақ, дауыс беру құқығынан айырылып қалды. Өйткенi, Киевтiң әкiмi iшкi iстер министрiн "менi бопсалады, пара талап еттi" деп айыптаймын деп жүрiп министрден шапалақ жеп қалуының соңы билiктегi онсыз да ширығып тұрған ахуалды ушықтырып жiбердi. Лученко мен Черновецки төбелесiне қатысты тексеру жұмыстарының қорытындысын жарияламайынша, Жоғары рада президенттi дауыс беру құқығын қайтармаймыз деп қорқытты. Бiрақ оған Ющенконың басы ауырмайтын тәрiздi. Өйткенi, парламентте өзара қырқысып жатқанда, ол ДСҰ-ға мүшелiкке өтуге қатысты құжаттарға қол қойдыру мақсатында Швейцарияға ұшып кеткен. Кейбiр сарапшылар Украина халықаралық ұйымға қабылданған күннiң өзiнде оның ұтары шамалы дейдi. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан мен Украина арасындағы сауда-саттық жылдан жылға өсiп келедi. Соңғы 4 жылда екi ел арасындағы сауда айналымы 3,4 есеге өскен. ҚР Индустрия және сауда министрi Ғалым Оразбақовтың мәлiмдеуiнше, Қазақстан Украинадан көлiктiк құрал-жабдықтарды тасымалдауға ден қойған.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары