ДЕРНОВОЙ "АСТАНА-ФИНАНСТЫ" СОТҚА БЕРДI

ДЕРНОВОЙ "АСТАНА-ФИНАНСТЫ" СОТҚА БЕРДI

ДЕРНОВОЙ "АСТАНА-ФИНАНСТЫ" СОТҚА БЕРДI
ашық дереккөзі
279

Қытайлық вагондар денсаулыққа қауiптi ме?

"Қазақстан темiр жолы" ұлттық компаниясы қытайлық вагондарды сатып алып, бiраз әбiгерге тап болған-ды. Өйткенi, Денсаулық сақтау министрлiгiнiң "Қазақстан темiр жолы" кәдеге жаратып жүрген қытай вагондарының адам денсаулығына зиян әрi қауiптi екендiгiн айтып дабыл қаққанына да бiраз уақыт. Қысқасы, осыдан бiр жарым жыл бұрын елiмiзге Қытайдан жеткiзiлген вагондардың маңайындағы дау-дамай әлi тыйылмай отыр. Кезiнде Ерлан Атамқұлов сатып алған қытайлық вагондардың "зардабын" Жақсыбек Құлекеев тартып отырғаны белгiлi.

Осыған қатысты Темiржол көлiгiндегi санитарлық-эпидемиологиялық қадағалаудың аймақтағы басқармаларының басшылары баспасөз мәслихатын өткiздi. Вагондар 2006 жылдың қарашасында мемлекеттiк сатып алу бойынша Қытай Халық Республикасынан жеткiзiлген. "Астана-Финанс" лизинг компаниясы" АҚ дилер ретiнде шықты. Аталмыш АҚ мүддесiн қорғап отырған "Ғылыми-сараптамалық орталығы" ЖШС бұқаралық ақпарат құралдарына вагондарда химиялық заттардың бар екенiн жоққа шығарып, мәлiмет таратқанымен, республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансасы улы заттардың вагондар ауасында (фенол және формальдегид) барлығын хаттамамен растап отыр. "Астана-финанс" лизингтiк компаниясының директорлар кеңесiнiң төрайымы Эльмира Ибатуллина: "Үш темiр жол құрамы төңiрегiндегi ауасын бiрлесiп өткiзген зерттеулерi кезiнде стирол, ксилол, фенол және формальдегид сияқты зиянды заттар табылмады", дедi.

Оның сөздерiне қарағанда, бұдан бұрын СЭС өкiлдерiнiң вагондардағы зиянды химиялық заттардың нормадан 8-135 есе асатыны жөнiнде жариялаған деректерi шындыққа жанаспады. Мамандардың айтуынша, сараптамалық нәтижелердiң қорытындысын ешқандай коммерциялық құрылым бере алмайды. Ол құқық тек Денсаулық сақтау министрлiгiнде бар. Ал денсаулық сақтау министрi Анатолий Дерновой: "Қытайдан жеткiзiлiп отырған тауар, жолаушылардың вагондары адамдардың денсаулығына зиян келтiретiн қауiптi заттардан жасалған. Оның құрамында фенол және формальдегидтер бар. Бiз вагондарды қаптаған материалдардың ауыстырылуын және қайта сараптама өткiзудi талап етемiз, өйткенi, вагондарда денсаулыққа зиян улы заттар әлi бар. Бүгiнге дейiн барлығы 250 сараптама өткiздiк, осының бәрiнен залалды заттар бары дәлелденiп отыр" дейдi.

Алматыда Қытайдан келген алты вагонға кезектi сараптама жасалды. Сот шешiмi бойынша, оны Ғылыми-сараптама орталығының лабораториясы жүргiзiптi. Алайда, бұл тексеру барысына санитарлық дәрiгерлер қатысудан бас тартса да, олар вагон құрамында "ксилол, фенол, стирол, формальдегид" сынды адам ағзасына зиянды қоспа жоқ деп қорытынды жасаған. Темiржол көлiгiндегi мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалаудың батыс аймақтық басқармасының бастығы Жақсыгелдi Өтесейiтовтың айтуынша, "Астана-Финанс" және "Қазақстан Темiр жолы" АҚ ауданаралық экономикалық соттың және облыстық соттың вагондарды уақытша тоқтату мен қайта тексерiстен өткiзу туралы шешiмдерiн орындамай отыр. "Сараптамадан тек 9 вагон өттi және онымен күнделiктi жолға шығатын 500 жол-серiк болашақ мүгедектiң қатарын көбейтедi", – дейдi мамандар. Олардың айтуынша, халықтың мүддесiн қорғау мақсатында Денсаулық сақтау министрлiгi "Астана-Финансты" сотқа бердi, ал ҚТЖ түсiнiксiз себептермен олардың мүддесiн қорғап отыр. Оның үстiне аталмыш вагондардың республика аумағына жалған, заңсыз құжаттармен жеткiзiлгенi анықталды. Бұл iспен қазiр Бас прокуратура айналысып жатқан көрiнедi. Бүгiнгi кезде ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнiң санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлерi, "Ғылыми сараптау орталығы", "Жолаушылар тасымалы" АҚ, "Астана-Финанс"лизингтiк компаниясы" АҚ және ҚХР Тянь-Шань вагон құрылысының зауыты өкiлдерiнен құралған бiрлескен комиссия өз жұмыстарын жалғастыруда.

Негiзi мемлекеттiк сатып алу бойынша Қытайдан барлығы 152 вагон сатып алынса,"Астана-финанс" лизингтiк компаниясы барлық вагонның сегiз құрамасын ҚР территориясында қалдырды. Оның қолданыстағы саны – 95. Бүгiн "Жолаушы тасымалы" АҚ Ақтөбедегi 32, Алматыдағы 57 вагонменжолаушыларды тасымалдап жүр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары