ҚАЗАҚ БОКСЫ ЖЕРГЕ ҚАРАТПАС

ҚАЗАҚ БОКСЫ ЖЕРГЕ ҚАРАТПАС

ҚАЗАҚ БОКСЫ ЖЕРГЕ ҚАРАТПАС
ашық дереккөзі
301

Дәл қазiр жұмыр жердiң кеудесi жарысқа толы. Спорттың барлық түрiнен Олимпиада жолдамасы үшiн жанталасқан айқас өтiп жатыр. Әр спортшының жүрек төрiнде, қиял көгiнде — Олимп шыңы!

Қазақ боксы жанкүйерiн жерге қаратып көрген жоқ. Пекин олимпиадасының бiр алтынын қазақ боксшысы әкелсiн деп тiлейiк. Көңiл — қазы, көз — таразы. Шоқпар жұдырық бауырлар аман болсын!

Жақында Қазақстан құрамасының алты бокcшысы Тайландтағы "Король кубогы" атты беделдi халықаралық турнирге аттанған болатын. Олимпиада жолдамасы үшiн айқасқан алты жiгiттiң қай-қайсыcынан да үмiт күткенiмiз анық. Бiрақ боксқа сәуегейлiк жүрмейдi. Қазақтың бiр үмiтi – Мират Сәрсенбаевты моңғол боксшысы бiрiншi кездесуде-ақ тобықтан қақты. Екiншi кездесуде 54 келiдегi Мұхит Амантаев сүрiндi. Оның жолын кескен — үндi боксшысы Акхил Кумар.

Қазақтың талантты бiр ұлы – Серiк Елеуов. Жастар арасындағы әлем чемпионы, Олимпиаданың қола жүлдегерi. Осы жiгiттiң соңғы Олимпиададан кейiнгi айқастарына жанкүйер қауымның көңiлi толмағаны рас. Неге? Менiң ойымша, бар қателiк – Серiк Елеуовте тұрақты бiр бапкердiң болмағандығында. Жастайынан баптаған, жеңiс тұғырына шығарған бапкерi кемтар болып қалды. Одан кейiн Серiктi кiм жаттықтырмады?! Төрт-бес бапкер ауысты содан берi. Әрқайсысы өз бiлгенiн үйретедi. Талантты боксшыны әркiм жұлмалай берген соң спортшының жүйкесi де бұзылады, жаттығу жүйесi де оңбайды. Бұл жағдай Қарағанды облысының спортын басқарып отырған басшыларды да, Қазақстан әуесқой бокс федерациясының басшыларын да ойландыруы керек.Тайландта осы Серiктiң жолын қиған – қытайлық боксшы Ху Кунг. Тепе-тең жағдайда тұрып бағын асыра алмады. Серiк алғашқы кездесуiнде Ажит Гурунды (Непал) бет қаратпай сабаған едi. 91 келiдегi Хамзат Гелисхановты парсы Әли Мазаһериден ширек финалдан өткiзбедi.

Жанкүйер қауым ақтық айқасқа ұмтылған Галиб Жафаров (57келi) пен Бiржан Жақыповтың (48келi) тiлеуiн тiледi. Бiрақ тосын жағдай Галибтiң үмiтiн үздi. Жапон Ситоши Шимицуды есеңгiрете сабап жүрген Жафаровтың қабағы жарылып кеттi. Жапон боксшысының қолайсыз бiр соққысы Галибтiң тағдырын шештi. Жапондардың көктен тiлегенiн – жерден бердi. Төрешi жарысты тоқтатып, жеңiстi жапонның пайдасына шештi. Өзектi өртеген өкiнiш… Алақанда тұрған жолдама қас-қағымда жоқ болды. Бақ терiс айналды…

Аса жеңiл салмақтағы Бiржан болса жартылай ақтық айқаста әлем чемпионатының қола жүлдегерi тәжiк – Шерәлi Достиевтi тұқыртты. Жалғыз жолдама – Бiржанның қолында! Ақтық айқаста өзбек боксшысы Рафикжан Сұлтановтан бағын асырып, алтын тұғырға көтерiлдi.

Байқап қарасаңыз, бiр кездерi қазақ боксшылары назар да салмайтын елдiң спортшылары қазiр қатты тайталасып жүр. Үндiстан, Қытай, Моңғолия боксшыларының қарқыны жақсы. «Ақша» деген қызылкөз пәленiң құдiретi жүрiп тұр. Үндiстанның "бишi жiгiттерi" бокс қолғабын кидi. Үндiстан құрамасын қазiр Куба бапкерлерi жаттықтырады. Несiбесiн жат жұрттан iздеген кешегi Кеңес Одағының бапкерлерi Қытайда жүр. Қазақстан құрама командасының бас бапкерi – Дәмiр Буданбеков те бiр кезде осы елде тер төккен. Қайбiр жетiскеннен дейсiз?! "Арқада жаз жайлы болса, арқар ауып несi бар". Ал топты жарған қазақ боксшыларының айқастары түсiрiлген жазбалар дәл қазiр талай елде зерттелiп, талданып та жатыр. Ол – даусыз! Талай бокс мамандарының Серiк Сәпиевтiң әлсiз жерiн iздеп, зерттеп, ұйқылары қашып жүргендерi анық. Тiл-көзден сақтасын.

Сонымен бокста бес жолдамаға қол жеткiздiк. Тайландқа аттанар алдында құраманың бас бапкерi Дәмiр Буданбеков: "Бiр-екi жолдама алсақ жетедi, қалғанын Астанада көремiз", – деген едi. Бас бапкер жетi-сегiз жолдаманы межелеп отыр. Шындықтан аттап өте алмайсыз. Кейбiр салмақтағы боксшылардың шеберлiк деңгейiне көңiлi толмай тұр. Оны бiз де байқадық. Алдымызда – Астанада өтетiн халықаралық турнир. Бұл жолы жолдама ала алмаған салмақтарда басқа боксшылардың шығуы да мүмкiн. Оны бапкерлер кеңесi шешедi. Бәрiн де кезi жеткенде көрермiз. Ал өзбектер өлермендiк жасады. Олар Тайланд топырағында 4 жолдамаға қол жеткiздi. Iргедегi тәжiктердiң бағы жанды. Қанжығаларына қос жолдама байлады. Тайландтағы 19 жолдамаға қол жеткiзгендер қуанышы өзгеше. Төрт жылда ғана бiр келетiн Олимпиада емес пе?!

Қазақ құрамасы жақында Мәскеуге аттанады. Сол жерде Ресей құрамасымен бiрге жаттығу жиынын өткiзедi. Ресей құрамасымен өткiзетiн жаттығу жиынының пайдалы болары сөзсiз. Iргелi ел боксшыларының жұдырығы да қуатты. Украина боксшылары да Қазақстанға келiп жаттығу жиынын бiрге өткiзуге ықылас бiлдiрiп отыр. Ең бастысы – Астанада өтетiн турнир. Қазақ боксшыларының туған топырағында бақтары жанары даусыз.

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары