"ҚАЗАҚМЫС" ЖАЛАҚЫНЫ КӨБЕЙТТI

"ҚАЗАҚМЫС" ЖАЛАҚЫНЫ КӨБЕЙТТI

"ҚАЗАҚМЫС" ЖАЛАҚЫНЫ КӨБЕЙТТI
ашық дереккөзі
190

Өткен аптада Жезқазған қаласында "Қазақмыс" корпорациясының кеншiлерi ереуiлге шықты. Мыңға жуық адам жиналған алаңда кеншiлер, жерасты жұмысшыларының аналары, әйелдерi мен балалары асыраушысының жалақысы мардымсыз екендiгiн және кен орнында еңбек қауiпсiздiк шаралары толық қамтамасыз етiлмегенiн жеткiздi. Осы талап-тiлектi тез арада қабыл етудi көздеген 600-ге жуық кеншi шахтадан жер үстiне шықпаған.

Ереуiлдiң ертесiне "Қазақмыс" корпорациясының Жезқазғандағы бас кеңсесiнде корпорация жетекшiлерi мен "Жезқазғанцветмет" өндiрiстiк бiрлестiгiнiң жұмысшы тобының қатысуымен баспасөз мәслихаты болды. Онда кеншiлердiң басты талап-тiлегi – жалақы мен еңбек қауiпсiздiгi шараларының жақсаруы бiрауыздан қанағаттандырылды. Нәтижесiнде корпорация қарамағындағы кеншiлердiң жалақысы көбейтiлiп, елiмiздегi жоғары жалақы алатын қызметкерлердiң қатарына қосатындығын жеткiздi.

Әрине, қашан да жұмысшы күшiнiң шағымдануы заңды құбылыс. Алайда, бұдан былай жұмысшы топ еңбек шартына қатысты мәселеден туатын наразылықтарды ереуiл секiлдi заңсыз iс-әрекеттер негiзiнде емес, арнайы келiсiмшарт арқылы жеткiзетiн жағдайға келедi. Бұл туралы баспасөз мәслихатында "Қазақмыс" корпорациясы ЖШС бар директорының мiндетiн атқарушы Талғат Аханов, "Жезқазғанцветмет" өндiрiстiк бiрлестiгiнiң жұмысшы өкiлдерi Қанат Ақшалов, Сұлтанбек Мырзақанұров, Болат Дәрiпбаев және "Қазақмыс" корпорациясының Жұртшылықпен байланыс бөлiмi департаментiнiң директоры Нұрлан Махмудов айтып, БАҚ өкiлдерi тарапынан туған сұрақтарға жауап бердi.

"Қазақмыс" корпорациясының жаңадан тағайындалған бас директорының мiндетiн атқарушы Талғат Ахановтың айтуынша, осы мәселеге қарай құрылған комиссия отырысы "Жезқазғанцветмет" өндiрiстiк бiрлестiгi кеншiлерiнiң талаптары бойынша хаттама қабылдады. Бұл хаттама негiзiнде мынадай шешiм қарастырылды: жер асты шахтасында ауыр жұмыс iстейтiн бiрiншi разрядтағы кеншiлер жалақысының базалық тарифтiк бағасы өсiп, 55 мың теңгеге көтерiлдi. Ал аталмыш мекеменiң әр түрлi мамандық бойынша жұмыс iстейтiн қызметкерлерi, айталық, бұрғылау тобы (бұрғышы, машинист, қопарушы) тәулiгiне жоспар бойынша 2500 тоннаға дейiн кен өндiрсе 250 мың теңге, 2700 тонна өндiрсе – 270 мың теңге, 3000 тоннаға – 300 мың теңге жалақы төлейтiн болады. Сол сияқты бекiтушiлерге – 112500 теңге, конвейер машинистiне – 97 500 теңге, электровоз машинистiне – 110 000 теңге, слесарьға – 110 000 теңге жалақы қарастырылмақ. Мұнымен қоса, хаттама бойынша жоспарды орындамағандар үшiн де жағдай жасалды. Жерасты механигi, ауысым шеберiнiң жалақысы – 80 мың теңгеге өстi. Ал жұмыс өндiрiсi кезiнде жұмысшы оқыстан қаза тапса, жұмысшы отбасына 10 жылдық жалақы есебiнде өтемақы берiледi. Талғат Аханов: "Бұрын-соңды осы мақсатқа 3 млн. теңге көлемiнде қаржы жұмсалса, қазiр бұл көрсеткiш 5-6 миллионға дейiн артпақ" дейдi. Ал еңбек өтiлi кезiнде бiрiншi, екiншi топ мүгедегi болып қалған жұмысшыға 5 жылдық жалақы, егер үшiншi топ мүгедегi болса, 2 жылдық жалақы шамасында өтемақы төленедi. Бұған жұмыс берушiнiң әр жұмысшы отбасының әлеуметтiк, моральдық шығындарын өтеуге қосқан өтемақысын қосыңыз.

Тау-кен кәсiпорнында еңбек ететiндердiң жұмыс тәртiбi ауысым бойынша 7,12 сағаттан аспауы керек. Жұмыс берушiнiң кiнәсынан жұмыс тоқтап қалған жағдайда жұмысшыға төленетiн ақы мөлшерi оның еңбекақысының 50 пайызынан кем болмауға тиiс.

"Бiз осылайша жұмыс берушiмен ортақ мәмiлеге келдiк. Бiздiң талаптарымыз толығымен қанағаттандырылды. Ендi жұмысқа белсене кiрiсемiз. Екi тараптың да ұйғарымы бойынша болашақта мұндай кикiлжiң орын алмауға тиiс" – дедi "Жезқазғанцветмет" өндiрiстiк бiрлестiгi жұмысшыларының өкiлi Сұлтанбек Мырзақанұров.

Журналистер қауымын толғандырған көптеген сұрақтардың алдын алған "Қазақмыс" корпорациясы бас директорының мiндетiн атқарушы: "Бiз соңғы кезде бригадирлермен кездесiп жүрдiк. Мұндай ақылдасу отырысы 23 қаңтарда Оңтүстiк-Жезқазған кен орнында өткен-тұғын. Оған бастамашыл топ өкiлдерiнiң бiрi, бригадир Саят Әжiбаев та қатысты. Алайда, ол отырыста жұмысшылардың талап-тiлегi туралы бiрауыз сөз айтпады. Сондықтан да бригадирлермен кездесу ешқандай да мәселенi шешуге түрткi бола алмайды екен. Өйткенi, шахтаның, кеншiлердiң директоры мен бригадирi өзiнiң қол астындағы қара жұмысшылардың сауалдарын жауапсыз қалдырғаны өкiнiштi. Мiне, еңбек күшiнiң шағымдарын дер кезiнде қанағаттандырмаудың салдары осындай жағдайға әкеп соқты" дейдi.

Корпорация басшылығының айтуынша, бұл ереуiл орын алмай тұрғанда-ақ жалақы мен еңбек қауiпсiздiгi мәселесi күн тәртiбiнен түспеген. Осы жобаны жүзеге асырмақ ниет танытып отырғанда, мынадай кикiлжiң орын алды. Бiз кiшкене кешiгiп қалыппыз" дегендi бiлдiрдi.

Ендi бұндайға жол бермес үшiн бiрлестiк, өндiрiс мекеме басшыларына әрдайым еңбек ұжымы мүшелерiмен кездесiп, мұң-мұқтаждарын ескерiп жүруiне тапсырма берiлдi. Сондай-ақ, оларға еңбек ұжымы кеңесiн құрып, ай сайын жұмысшылар жиналысын өткiзудiң артық етпейтiндiгiн тiлге тиек еттi. "Қазақмыс" корпорациясының басқарма төрағасы Эдуард Огай айтпақшы, "бұдан кейiн еңбек ұжымындағы моральдық ахуалы бiздiң өндiрiстiк мекеменiң, ауысымның, бригадирдiң көрсеткiшi болып есептеледi" дейдi оны қоштаған кейiнгi басшылар. Себебi, "Қазақмыс" өзiнiң өндiрiстiк мекемесi орналасқан жердiң инфрақұрылымдық, әлеуметтiк салаларының дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Айталық, Қарағанды әкiмiмен бiрлесiп қол қойған меморандум арқылы корпорация 100 км жолды салуға, 200 км жолды қайта жөндеуге, сондай-ақ, Жезқазған және Сәтпаев қаласы арасындағы тас жолға асфальт төсеуге келiскен.

Корпорация өз жұмысшылары мен оның отбасыларына медициналық, спорт, мәдени нысандарда тегiн және арнайы жеңiлдiктермен дем алуды өз мойнына алды. Бүгiнде "Қазақмыс" корпорациясының Қырымда "Лучезарный", Железноводскiде "Лесной", Алматыда "Ақбұлақ" шипажайы бар десек, онда былтырғы жылы 6,5 мың адам демалған. Әсiресе, денешынықтыру мен спорт саласын дамытуға аса көңiл бөлiнiп келедi. Қазiр сегiз спорт кешенiнде шамамен жарты миллион халық спортпен айналысады. Мұнда корпоративтi спартакиада мен республикалық көлемдегi жарыстар өтедi. Бiр айта кетерлiгi сол, корпорацияның демеушiлiгiмен Сатпаев қаласында ТМД елдерiнде жоқ жаңа заманауи спорт-сауықтыру кешенi бой көтердi. Ал Жезқазғанда зәулiм Спорт сарайы жақында қолданысқа берiлмек. Қысқасы, тек былтырғы жылдың өзiне әлеуметтiк салаға 100 млн. АҚШ доллары бөлiнiптi. Содан да болар, Жезқазған қаласы жақында кәсiптiк-әлеуметтiк жауапкершiлiгi бойынша өткен республикалық форумда бiрiншi орынды иемдендi.

"Қазақмыс" корпорациясы жетекшiлерiнiң бiрi Талғат Аханов сенiмдi түрде: "Әлеуметтiк жағдайдың жақсаруы 70 мың еңбек күшi бар ұжымның еш уайымсыз жұмыс iстеуiне, ешқандай түсiнiспеушiлiктердiң орын алмауына жағдай жасайды" дейдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары