БАНКТЕРДIҢ ҚАРЖЫСЫ МЕН ҚАЖЫРЫ БИЫЛ ТАҒЫ ДА СЫНҒА ТҮСЕДI

БАНКТЕРДIҢ ҚАРЖЫСЫ МЕН ҚАЖЫРЫ БИЫЛ ТАҒЫ ДА СЫНҒА ТҮСЕДI

БАНКТЕРДIҢ ҚАРЖЫСЫ МЕН ҚАЖЫРЫ БИЫЛ ТАҒЫ ДА СЫНҒА ТҮСЕДI
ашық дереккөзі
191

Америкадан басталған қаржылық дағдарыс қазақстандық қаржы нарығының қауқарын сынға салды. Көптеген келеңсiздiктердiң бетi ашылды, қордаланып қалған мәселелер күн тәртiбiне қойылды, қаржы нарығындағы атқарылуы тиiс бiраз шаруаны билiк есiне алды. Үстiмiздегi жылы Мәсiмов пен оның командасы экономикалық, қаржылық тұрақтылықты сақтауға барын салады. Халықаралық қаржы құрылымдарының есiгi тарс жабылған қазақстандық банктерге ендi билiк көмектеспек. Оларға қойылатын басты талап: өндiрiске, шағын және орта кәсiпкерлiк саласына несиенi көптеп беру. Тағы бiр жаңалық, қаңтардан бастап Министрлер кабинетi отандық банктердi жаппай тексеруден өткiзбек.

БОЛЖАМ МЕН БАҒА

Ерекше қарқынмен және орасан кiрiспен басталған 2007 жылды ешкiм әлемдiк деңгейдегi қаржылық дағдарыспен аяқталады деп әсте күтпеген. Былтыр тамыз айынан басталған америкалық ипотекалық дағдарыс дүниежүзiлiк нарықты шатқаяқтатып жiбердi. Standard and Poor’s 1200-дiң индексi 7,74 пайызға көтерiлдi. Бұл көрсеткiш 2006 жылы 19 пайызға теңгерiлген едi. Доу-Джонстың индексiнiң өсiмi 6,43 пайыз болса, Еуропадағы Франкфурттық биржадан (+22,29%) басқа негiзгi биржаларда өсiм байқалмады. Мамандар 2008 жылғы экономикалық ахуалға болжам жасауға қиналады. Олар үшiн ең маңыздысы: «АҚШ экономикасы құлдырай ма?» деген сұраққа жауап табу. АҚШ Федералдық қор жүйесiнiң (ФҚЖ) басшысы Бен Бернанке америкалық экономиканың 2008 жылғы ахуалына қатысты жасаған болжамдары көңiл көншiтпейтiнiн мәлiмдедi. Алайда экономикадағы тұрақтылықты сақтаудың барлық шаралары қабылданады. Жаңа жылдың алғашқы аптасында әлемдегi ең iрi инвестициялық банктердiң бiрi – Merrill Lynch банкiнiң мамандары көпшiлiк қауiп еткен америкалық экономиканың төмендеуi басталғаны туралы баяндама әзiрледi. Әрине, бұған егжей-тегжейлi тексеруге АҚШ-тың Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы қауқарлы. Бiрақ ол үшiн кем дегенде 2 жылдай мерзiм керек. Өйткенi, экономиканың барлық саласындағы белсендiлiк деңгейiнiң төмендеуiне бiрнеше ай бойы ықпал еткен дағдарыстың салдары айналдырған бiрнеше күннiң iшiнде анықталмасы анық. Қорытынды шешiм елдегi жұмыссыздық деңгейi, халықтың кiрiсi, индустриалдық кәсiпорындардың өнiм өндiру көлемi мен өндiрiстiк және бөлшек сауда саласындағы пайданы негiзге ала отырып жасалынады. Merrill Lynch банкiнiң пiкiрiнше, әлемдiк нарықтағы акциялардың арзандауының салдарынан жұмыссыздар санының артуы (5%) экономиканың құлдырауына әкеп соққан. Алайда, мұндай мәлiмдемемен халықаралық сарапшылардың барлығы бiрдей келiседi деу – ағаттық. Мысалы, немiстердiң Deutsche Bank банкiнiң бас маманы Давид Ходэ 2008 жылға жасаған экономикалық болжамында «америкалық экономика өте баяу дамығанмен, өсiм көрсеткiштерi жағымды болады, экономиканы тұралатып тастайтын қаржылық дағдарыс қайталанбайды» деген пiкiрге сүйенедi. Ходэнiң сөзiн әлемдiк деңгейдегi мамандардың басым бөлiгi құптайды.

АМЕРИКАНЫ ҚЫТАЙ ҚҰТҚАРДЫ

Жер шарындағы экономика саласының мамандары 2007 жылғы дағдарысты 1987 жылғы, 1994-1995 және 1998-1999 жылдардағы дағдарыстардан бiрнеше есе күштi болды деп бағалады. Шын мәнiсiнде не болғанын, тоқыраудың неден бастау алғанын тап басып бiлген ешкiм жоқ. Дағдарыстың алдағы уақытта әлемдiк экономикаға қаншалықты әсер ететiнi де белгiсiз. Әлем қаржылық нарыққа жариялылықтың жетiспейтiндiгiн және күрделi қаржылық қимылдарға қатысты қатерлердiң бүге-шiгесiн бiлмейтiндiгiн мойындады. Қаржылық тоқыраудан әсiресе, банктер қатты жапа шектi. Несиелiк жүйедегi қаржы тапшылығы банктердiң бiр-бiрiне беретiн қарыз көлемiн күрт төмендетiп жiберген. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы инвестициялық банктердiң былтырғы қаржылық дағдарыстан шеккен зияны 300 миллард долларға жуықтауы мүмкiн дейдi. Өкiнiшке қарай, дағдарыс әлi толық аяқталмады, қаржылық нарықтағы ахуал әлi де тұрақсыз. Көрсеткiштердiң мың құбылуы сондықтан. Экономистер америкалық ең iрi банк банкротқа ұшырайды деп қауiптенедi. Давид Ходэнiң пiкiрiнше, дағдарысқа қатысты ахуал бiр-бiрiне қарама-қайшы. Мәселен, қаржы саласы тұралағанмен, экономиканың қалған бөлiгi бәз-баяғы қалпында (кейбiр жекелеген қаржылық құрылымдардың дербес пiкiрлерi болмаса). АҚШ-та тұрақты өсiм сақталған, Еуропада көрсеткiштер жоғары. Оның үстiне, кәсiпорындар жақсы жұмыс iстеуде, қарызға белшеден батқан жоқ, керiсiнше, пайда түсiруде. Яғни, қаржы әлемiндегi ахуал 2001 жылғы дағдарыстан мүлде басқа. Халықаралық биржалардағы тұрақтылықтың бiр себебi – осы. Қазiргi кезде экономистердiң басым бөлiгi АҚШ-тағы қаржылық күйзелiс қайталанбайды, экономикалық деңгейi өте баяу да болса, өсе бередi» деген ұстанымда. Орталық банктер дағдарыстың кеңiнен етек алып кетпеуi үшiн барлық қадамдарға барады. Олар тiптi, инфляцияның өсiп кететiнiнен де қорықпайды. Америкалық Федералдық қор жүйесi 2008 жылы пайыздық көрсеткiштерiн екi есеге дейiн (0,25%) төмендетуi тиiс. Еуропадағы Орталық банк батыстықтарға ортақ валюта – еуроның қолданыс аймағы кеңейгендiктен, ФҚЖ тарапынан қабылданған шараны қайталауға мәжбүр. Сонымен қатар еуроның күштi болуы кәрi құрлықтағы кәсiпорындарды қиын жағдайда қалдырмақ. Орталық банктердiң араласуы 2008 жылдың ортасына қарай қаржылық нарықтағы дағдарыс пен берекетсiздiктi жүйеге келтiредi. Бұдан былай әлемдiк экономикалық даму қарқыны экономикасы ендi дамып келе жатқан елдерге тәуелдi. «Үлкен жетiлiкке» мүше мемлекеттердiң экономикалық өсiмi баяулайды, есесiне, Үндiстан мен Қытайға дағдарыс керi әсер етпейдi. 2007 жылдың желтоқсанында қытайлардың мемлекеттiк China Investment Corp. қоры ипотекалық дағдарыстан қатты зиян шеккен Америкадағы ең iрi банктердiң бiрi – Morgan Stanley банкiне қаржылық тұрғыда көмек бердi. Дүниежүзiлiк экономиканы құрдымға кетуден сақтап қалудың тағы бiр жолы – дамушы елдер тарапынан келетiн көмек.

«АЛАҒАН ҚОЛЫМ…»

Қазақстандық банк жүйесi ТМД елдерi арасында үздiк жүйе деп саналады. Бiрақ олардың көпшiлiгi республикалық, яғни, аймақтық деңгейде қызмет көрсетедi. Қазақстандағы 34 банктiң жартысына жуығы шетелдiктердiң еншiсiнде (жалпы саны 16). Былтыр бiздiң екi банктi шетелдiктер сатып алды. Қазақстандық қаржы нарығына ықпал етуге батыстықтармен бiрге орыстар да белсендiлiк танытуда. Бұрынғыдай «батпан құйрықтан» қағылған банктер ендi Үкiметтiң көмегiне зәру. Қазақстан бүгiнде елдегi алтын қорының есебiнен жыл сайын сыртқы қарыздың тек 60 пайызын ғана өтеп отыр. Ал Қазақстанның сыртқы қарызының 50 пайызы екiншi деңгейдегi банктердiң үлесiнде. Кезiнде сырттан төмен пайыздық көрсеткiшпен қарыз алып, оны отандастарына бiрнеше есе пайыздық көрсеткiшпен несие ретiнде таратқан қазақстандық банктер шетелдiк қаржылық құрылымдар алдындағы өтемiн қайтаруда кәдiмгiдей қиналды. 2007 жылдың күзiнде қаржылық ахуалға болжам жасаған халықаралық рейтингтiк агенттiктер қазақстандық банктердiң көрсеткiшiн «тұрақтыдан» «жағымсызға» түсiрдi. Бұл бiздiң банктердiң халықаралық банктерден қарыз алуын кәдiмгiдей қиындатып жiбердi. Сарапшылар банктердiң бұрынғыдай ешқандай кедергiсiз несие алудан қағылғанын, ендi олардың сенiмi мен беделi таразыға тартылатынын, сыннан сүрiнбеген банктердiң ғана жеке-дара қарыз ала алатынын айтады. Әрине, Қазақ билiгi халықаралық рейтингтiк агенттiктердiң әрекетiне онша алаңдап отырған жоқ. Себебi, мұның астарында алыпсатарлықтың арқасында пайда табуды көздеген шетелдiктердiң қитұрқы саясаты жатыр. Абырой болғанда, төменгi пайыздық көрсеткiшпен ипотекаға қымбат үй алып, банкке берешегiн қайтарудан бас тартқан америкалықтардың әрекетiн қазақтар қайталамады. Оның үстiне, былтыр Үкiмет қаржылық дағдарыстың алдын алу мақсатында мемлекеттiк бюджеттен 4 миллиард доллар көлемiнде қаражат бөлуге шешiм қабылдағаны белгiлi. Жоспар бойынша, ақша банк саласы, үлескерлiк құрылыс компаниялары мен шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдауға бағытталмақ. Алайда, тәуелсiз сарапшылардың кейбiрi халық қазынасынан төленетiн ақша «ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында» кете ме деп қауiптенедi. Себебi, 1994-1995 жылдардағы дағдарысты сылтауратқан билiк халық қазынасынан көп мөлшерде қаражат бөлсе де, қаржылай көмектен қарапайым халық қағыс қалған болатын. Өткен аптадағы үкiметтiк сағатта Мәсiмов: «Қаржыландыру көлемiнiң қысқартылуы қазақстандық банктердiң несиелiк қызметiнiң төмендеуiне әсер еттi. Бұл негiзiнен үлескерлiк құрылыс саласына тiкелей қатысты. Құрылыс компаниялары банктiк несиенi қаржы көзi ретiнде пайдаланған. Былтыр олардың көпшiлiгi қаржы тапшылығының кесiрiнен жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Үлескерлер құқығын сақтау, сондай-ақ, қосымша жұмыс орындарын құру мақсатында ҚР Үкiметi құрылыс компанияларын даму құрылымдары арқылы қаржыландыруды қамтамасыз еттi» деген. Мемлекеттiк көмек құрылыс саласымен бiрге шағын және орта кәсiпкерлiктi де қамтиды. Үкiмет басшысы банктердiң басшыларына қысқа мерзiмде орасан зор табысқа кенелтетiн құрылыс саласынан гөрi өндiрiске көптеп несие бөлудi тапсырды. Мамандардың кейбiрi ауыл шаруашылығына тиесiлi банк құру туралы мәселе көтерiп жүр. Себебi, екiншi деңгейдегi банктер машақаты көп ауыл шаруашылығы саласына емес, тұрмысы түзу қалалықтарға несие бергендi құп көредi. Онда да бiрнеше есе пайыздық көрсеткiшпен. Батыс елдерiнде ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiретiн, өңдейтiн кәсiпорындарға қорықпай қарыз беретiн банктер жеткiлiктi. Тiптi, көршiлес орыстар елiндегi «Россельхозбанк» егiншiлер мен бағбандарға қызмет етедi. Министрлер кабинетi Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және бақылау агенттiгiнiң көмегiмен елдегi экономикалық ахуалды тұрақтандыруға мүдделi. Осы мақсатта қаңтар айында барлық банктерге үкiметтiк деңгейде тексеру жүргiзiледi. Айтпақшы, Қазақстанның сыртқы қарызының тым көбейiп кетуiне кiнәлi – екiншi деңгейдегi банктер. Олардың барлығы дерлiк жекеменшiк. Сырттан қарыз алуға құнығып кетудiң кесiрiнен сазға отыра жаздаған банктердiң бетiмен кетуiне Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттiгi кiнәлi. Агенттiк жетекшiсi Арман Дунаев қаңтардан бастап банктерге бақылау мен қадағалаудың күшейтiлетiнiн жеткiздi. Тағы бiр маңызды жайт, жекеменшiк банктердiң тәуекелдi басқару жұмысына бұдан былай Үкiмет араласуға құқылы. Бүгiнгi таңда агенттiкте кәсiби деңгейi жоғары кадр тапшылығы байқалады. Өйткенi, өз iсiнiң шеберлерi тиiмдi ұсыныстарға сәйкес жекеменшiк банктерге ауысыпты. Дунаев мырза банк басшыларымен бетпе-бет сөйлескенiн, агенттiктегi өзге кәсiби мамандардың ендi жекеменшiк салаға ауыспайтындығын айтып отыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта агенттiктегi банк жұмыстарын тексеретiн инспекторлар саны көбейтiлмек. Сырттай қарағанда, бiздiң билiк барлық шараны қолға алған сияқты көрiнедi. Тек оның нәтижесi қалай болары белгiсiз. Әзiрге.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары