ЖАҢА МЕКТЕП — МҰСТАФА ШОҚАЙ АТЫНДА

ЖАҢА МЕКТЕП — МҰСТАФА ШОҚАЙ АТЫНДА

ЖАҢА МЕКТЕП — МҰСТАФА ШОҚАЙ АТЫНДА
ашық дереккөзі
250

Жаңа жыл жағымды жаңалықпен басталды. Өйткенi, Алматы қаласында тағы бiр мектеп тұсауын кестi. 2003 жылдан берi №141 мектептiң аясында бiлiм нәрiмен сусындатып келген дарынды балаларға арналған №173 физика-математика пәндерiн тереңдетiп оқытатын қазақ гимназиясы жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов пен қалалық Бiлiм департаментiнiң басшылары қатысып, жергiлiктi тұрғындардың қуанышын бiрге бөлiстi. Бәрiнен бұрын, сонау Францияның Ножан-сюр Марн қаласындағы бұрын Мұстафа Шоқай тұрған үйдiң қабырғасына ескерткiш-тақта орнатылуымен тұспа-тұс келген шараның жалғасы ретiнде аталмыш мектепке алаштың айбарлы ұлы Мұстафа Шоқайдың есiмi берiлдi.

Бұл мектеп ғимаратының құрылысы 2007 жылдан басталған. Оған жергiлiктi бюджеттен 827 миллион теңге бөлiнiп, оның 677 млн.-ы ғимарат құрылысына, ал 150 млн.-ы заманауи құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалыпты. Қаламыздың Әуезов ауданынан орын тепкен 1000 оқушыға лайықталған қазақ гимназиясының бiр ерекшелiгi – оқушы математика мен физика пәнiн 1-сыныптан бастап-ақ тереңдетiп оқи алады. Бiлiм мекемесiнiң алдына қойған бағыты осы десек, мұнда бес физика, екi интернет, екi мультимедиалық, алты информатикалық, бiр лингофонды кабинетi, «Паско» фирмасының екi үрдiстi зертханасы iске қосылған.

«Жаңа жыл жаман басталған жоқ. Оған дәлел – жаңа заманға сай жабдықталған қазақ мектебi ашылуда. Жалпы, былтыр 2008 жылғы бюджеттi жасақтаған кезде, «Әлеуметтiк салаға көбiрек көңiл бөлiнедi» деп айтқан едiк. Құдай қаласа, 2008 жылы оннан астам орта мектеп пен алты балабақша салынбақшы. Бұл аз емес. Елбасының Алматы қаласы халқының алдында қолға алған басты мiндеттерiнiң бiрi – бiлiм ошақтарымен толыққанды қамтамасыз ету. Алдымыздағы екi жылдың iшiнде мектепте орын жетiспеушiлiгi мәселесiн шешуге атсалысып, мектепке деген қажеттiлiктi шешуiмiз керек» – дейдi қала әкiмi.

Бiлуiмiзше, он мектептiң бiрi – «Қалқаман», бiрi – «Әйгерiм», тағы бiреуi – «Ұлжан», сол сияқты «Құлагер», «Бесжылдық» ықшам аудандары мен елдiмекендерiнде бой көтередi. Бiр айта кетерлiгi, соңғы кезде есiгiн айқара ашып жатқан бiлiм ұяларының барлығы дерлiгi – қазақ тiлiнде. Қала әкiмi Иманғали Нұрғалиұлы: «Бiлiмге салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. Әрине, бұл шығын «ә» дегеннен пайдасын бермесе де, бiрақ алдағы бес-он жылдың iшiнде осындай мектептен түлеп ұшқан бiлiмдi, бiлiктi азаматтар елге қызмет ететiн болады. ХХI ғасырдың талабына сай бiлiм бермесек, бiз мықты мемлекет бола алмаймыз» дегендi айтты.

Негiзi, «Мамыр» ықшам ауданының оқушылары бұған дейiн өздерiне қашықтау мектепте бiлiм алып жүрген-дi. Әрине, баланы мектепке апарып-әкелу ата-ана үшiн кәдiмгiдей жұмыс екендiгiн ескерсек, жаңа мектептiң бой көтерiп, есiк ашқаны әсiресе, сол жергiлiктi тұрғындарды бiр желпiнтiп тастады.

Серіктес жаңалықтары