БАНКИРЛЕР КЛУБЫ

БАНКИРЛЕР КЛУБЫ

БАНКИРЛЕР КЛУБЫ
ашық дереккөзі
351

Жуырда Алматыда Еуразиялық банкирлер клубының (ЕБК) құрылтай мәжiлiсi болып өттi. Бұл оқиға Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың идеясын жүзеге асырудағы алғашқы қадам болып табылады. Аталмыш идея алғаш рет 2007 жылдың маусым айында Санк-Петерборда өткен Экономикалық форум барысында жарияланып, ТМД елдерiндегi қаржылық және банк қоғамдастықтары тарапынан қызу қолдауға ие болған едi.

Жиынға қатысушылар ЕБК құрылтайшылық құжаттарын талқылап, жылдық жоспарларын белгiледi. Клубтың толық қызметiн қамтамасыз ету үшiн басқарма органдары құрылып, «ТұранӘлем банкi» директорлар кеңесiнiң төрағасы М.Әблязовтың ұсынуымен ЕБК-ның президентi болып белгiлi қаржыгер Дәулет Хамитұлы Сембаев сайланды. Еуразия құрлығындағы алпауыт банкирлер клубының құрылтайшылары «ТұранӘлем банкi» ААҚ, «Қазкоммерцбанк», «ЦентрКредит Банкi», Қазақстанның Қаржыгерлер Ассоциациясы мен ресейлiк банктер Ассоциациясы, сонымен қатар ТМД қаржылық банк тобы. Елiмiздiң банк саласындағы белгiлi тұлғалар: «Соңғы уақытта қазақстандық банктердiң рейтингiсi төмендесе де, бiз ешқандай қауiп көрiп тұрған жоқпыз. Себебi, қысқа мерзiмдi бағдарламаларымыздың негiзiнде жарты жылдан соң бәрi де өз орнына келедi», – дейдi. Клубтың штаб-пәтерi Алматы қаласында орналасатын болып шешiм қабылданды, ал оның қамқоршылық кеңес құрамына «ТұранӘлем банкi» ААҚ-ның басқарма төрағасы Роман Солодченко, «Альянс Банктiң» директорлар кеңесiнiң төрағасы Марғұлан Сейсембаев, Қазақстан экономикасын зерттеу және мониторингiсi бойынша орталықтың директоры Арыстан Есентүгелов, Ұлттық Банкi төрағасының орынбасары Медет Сартбаев, сондай-ақ РФ Орталық банкi төрағасының орынбасары Константин Корищенко мен ресейлiк банктер Ассоциациясының төрағасы Гарегин Тосунян енгiзiлдi.

«Клуб формасының өзi аса маңызды мәселелер бойынша бейресми диалог өткiзуге, жұмыс барысында бүкiл ТМД елдерiнiң ауқымында қазiргi және алдағы экономикалық мәселелердi талдауға, осы негiздегi кешендi зерттеулер мен ұсыныстар клуб жұмысына практикалық мiнездеме берiп, басқа да маңызды құжаттар әзiрлеуге мүмкiндiк бередi» – дейдi жиынға қатысушылар.

Жансая ПЕРНЕБАЕВА

Серіктес жаңалықтары