ЖАСТАР САЯСАТЫНДА КЕМШIН ТҰСТАР КӨП

ЖАСТАР САЯСАТЫНДА КЕМШIН ТҰСТАР КӨП

ЖАСТАР САЯСАТЫНДА КЕМШIН ТҰСТАР КӨП
ашық дереккөзі
338

Осы заманғы мемлекет қызметiнiң ең маңызды бағыттарының бiрi — жастар саясаты. Елбасымыз "Болашақ — жастардың қолында" деу арқылы жастарға үлкен сенiм бiлдiретiндiгiн айтып өткен едi. Ал, елiмiздiң ертеңi саналатын бiздер, яғни жастар кiмбiз? Мемлекет жастар саясатын қалай ұстанып отыр? Бұл мәселе кiм-кiмдi болсын толғандырары анық.

Ел саясатының негiзгi мiндеттерi — жастардың заңды мүдделерi мен құқықтарын қорғау, оларға жәрдем беру әрi әлеуметтiк, саяси қызметтер көрсету, әлеуметтiк маңызы бар жас буын өкiлдерiнiң маңызды бастамаларын жүзеге асыру. Ал жастар саясатындағы "жүгi ауыр" мiндеттердiң орындалуына септiгiн тигiзiп жүрген бiршама жастар ұйымдары бар. Бiрақ олардың көбi "саны бар, сапасы жоқтардың" кебiн киiп отыр. Статистикалық мәлiметтерге сүйенсек, 180-нен астам жастар ұйымдарының тек 10-ы ғана белсендiлiк танытса, қалғандарының "аты бар, заты жоқ".

Жастар институттарының iшiнде жүйелi жұмыс жасап келе жатқан бiрден-бiр ұйым — "Жастар саясатын дамыту мемлекеттiк қоры". Алматыдағы аталмыш ұйым директорының бiрiншi орынбасары Д.М.Мұхамеджанов: "Бiз 2001 жылдан берi қалалық әкiмшiлiктiң қолдауымен тыңғылықты iс жүргiзiп келемiз. Екi жылдық "Жастар және жасөспiрiмдер" атты бағдарламамыз тәмамдалып, алдағы екi жылға маңызды жобалар жоспарлап отырмыз. Бiздi жастардың әлеуметтiк және рухани ой жүйесi алаңдатады. Шүкiр, әйтеуiр, 90-шы жылдармен салыстырғанда жас буынның рухани дамуы жақсы деңгейде. Өзге ұлт өкiлдерiнiң қазақ тiлiнде сөйлеуi, олардың қазақ шаңырағының астына топтасуы қуантарлық жағдай", — дейдi. Шынтуайтына келгенде, бiзде өзге ұлт өкiлдерiнiң арасындағы жастардың мемлекеттiк тiлдi меңгеруi артып келедi. Деседе, өз ұлтымыздың қазақ тiлiнде шұбалаңқы сөйлеуi, қазақ жастарының арасында ағылшын тiлiн бiлсе — имиджiнiң өте жақсы, ал орыс тiлiн бiлсе – жақсы деңгейде болуы, ал ана тiлiмiзде әдемi сайрап тұрған бiлiмдi ұрпақтың алаңсыз қалуы көкiрегiмiздi қарс айырады. Сонымен қатар, жастар саясатында қапы қалдыратын тағы бiр түйткiл — тұрғын үй. Мәселен, тараздық жас актер Ержұма Әзiмге берiлген тұрғын үй соңында заңсыз болып, бұл мәселе жас дарынды бiраз әбiгерге салуда. Жастар саясатындағы осындай келеңсiздiктер туралы Д.Мұхамеджанов былай дейдi: "Қазақ ұлтының iшiнен шыққан ұлтжанды, отансүйгiш жас лидерлердiң тек қазақ тiлiнде сөйлеуiн бiз қарқынды насихаттасақ, қазақ тiлi жастардың арасында мәртебелi тiлге айналар ма едi? Өзiңiз айтып отырғандай, тұрғын үймен бiрiншi кезекте жас отбасылар қамтамасыз етiлiп отыр, әйтсе де, тұрғын үйлердiң оларға берiлуi мардымсыз деңгейде".

Кемеңгер антикалық философ Аристотель: "Жастар мәселесi — мемлекет мәселелерiнiң негiзгiсi", — десе, ата-бабамыз: "Балам" дейтiн жұрт болмаса, "жұртым" дейтiн бала қайдан шықпақ", — деп нақты айта бiлген. Иә, елiмiздiң жастар саясаты туралы заңы, оған қоса "Қазақстан жастары — 2009" бағдарламасы да бар. Жалпы, осы заңдардың негiзiнде елiмiздегi жастар саясаты дұрыс жүргiзiлiп отыр ма?

"Болашақ" республикалық жастар қозғалысы төрағасының орынбасары Д.Бабамұратов мемлекеттiк жастар саясаты төңiрегiнде көптеген олқылықтар бар екендiгiн айтып өттi.

"Бүгiнгi жастардың тәрбиесiне келсек, олардың көпшiлiгiнде "жастық максимализм" көзқарасы құрып бара жатыр. Мәселен, жасөспiрiмдер арасында мен болашақта депутат болып, елiме адал қызмет етемiн деген идеялардан гөрi, өздерiнiң қарнын қалай тойғызатындығы жөнiнде, бұған қандай жолмен жетсе де тырысып-бағатындығы жайында идеялары басым. Бұл — қоғамға өте қауiптi. Сондықтан да бiз балаларымыздың материалдық жағдайын ғана ойламай, олардың саяси сауатына, спортқа деген қызығушылығына, жалпы ортақ әлемдiк көзқарасына ерекше назар аударуымыз керек.

Жастармыздың әлеуметтiк жағдайын талдасақ, бұл жерде де келеңсiздiктер толы. Жастар бiр сәт отбасылық болашағын елестетсе, олардың алдынан сөзсiз қара түнек шығады. Ауылды жерлерде — жұмыссыздық, қалада — тұрғын үй жас буынның басты түйiткiлi екенi ақиқат. Бұл жағдайлар жастардың ажырасуына да әкелiп соқтырады. Сондықтан да бiз жастарға өмiр сүру моделiн жасап беруiмiз қажет. Нарықтық заманда бұл мүмкiн емес шығар? Бiрақ нарықтық экономикасы бар Ресейдiң астанасы Мәскеудiң өзiнде әке-шешесi мұғалiм болып, өзi де жас ұстаз болса, оларға тегiн үй берiледi. Бұл жастарға үлкен көмек емес пе?

Бiздегi жастар арасындығы жұмыссыздықты шешуге болады. Мәселен, бiр ғана "Шеврон" компаниясында жыл сайын 5 мың адам зейнетке шығады екен. Ал олар не iстейдi? Бұл кадрлердi шетелден алып келедi. Неге мемлекет осы кадрлардың орнын қазақстандық жастармен толығуын қамтамасыз етпейдi? Осындай компанияларды мәжбүрлеуге болады ғой.

Әйтседе, елiмiздегi жастар саясатының ең басты проблемасы — бiлiм. Бiлiм және ғылым министрлiгiнде соңғы 17 жыл iшiнде көптеген реформалар жүргiзiлдi. Басқа облыстарда мемлекеттiк оқу орындарының 5-10-ы ғана мемлекеттiк бiлiм грантымен оқиды. Олар мемлекеттiк оқу орындары болғандықтан, мемлекеттiк бiлiм гранты көп бөлiнуi қажет. Бiзде бiр студентке бiр ғана оқулықтан келедi. Байқасаңыз, материалдық жағдайымыз да жақсы деңгейде емес.

Ал, идеологиялық бағытымыз, мәселен, үштiлдiлiк саясат өзiмiзге кереғар. Ауылды жерлердiң жастары үш тiлдi бiрден меңгеру мүмкiн емес. Ол ауылда дәнекерлеушi болып жұмыс iстесе оған ағылшын тiлiн бiлудiң қажетi не? Бiр тiлдiң өзiн адам баласы 50 жылда ғана жан-жақты меңгерiп шығады екен. Сондықтан да бiзде ұлттық идеология, гегомондық идея қарастырылмаған", — дейдi Дәурен Бабамұратов.

P.S. Мақаланың түйiнiн айтсақ, "Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе" демекшi, ең әуелi ел ертеңi саналатын жастарымыздың саясаты жөнiндегi заңдарға өзгерiстер енгiзу заман талабы. Ал, кезiнде жастарға көптеп уәде берiп, iске асырмаған, өз тiлiнде шала сөйлейтiн ел ағалары, жастардың ұлттық идеология тұрғысынан тәрбиеленуiн қайдан ойласын? Саясаттанушы Дос Көшiмнiң: "Бiздiң балаларымызды американдық режиссерлер тәрбиелеп жатыр", — дегенi нағыз көрегендiлiк. Әйтеуiр, әлемдiк аренада беделi жоғары ел болып, жастар саясатына немқұрайдылықпен қарасақ, АҚШ-тағыдай өзiнiң, елiнiң болашағын ешбiр ойламайтын алаңсыз жастар, яғни американдық журналистердiң тiлiмен айтқанда "авангард жастар" көбейiп кетпесе игi.

Жансая ПЕРНЕБАЕВА

Серіктес жаңалықтары