АУ, БҰЛ ҚАЙ ЖАЛПАҚТАУ!

АУ, БҰЛ ҚАЙ ЖАЛПАҚТАУ!

АУ, БҰЛ ҚАЙ ЖАЛПАҚТАУ!
ашық дереккөзі
199

Жуырда бiр танысым телефон шалып:

– Сәке, өткенде облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасынан немiс жiгiтi Михаил мен қазақ қызы Ақерке атты бойжеткен екеуiнiң қосылған той-думанын көрсетiп, сол салтанат үстiнде облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары екi жастың алдындағы өмiрлерiне ақ жол тiлеп, облыс әкiмiнiң атынан жас жұбайларға жаңа салынып жатқан «Астана» мөлтек ауданынан үш бөлмелi пәтердiң кiлтiн тапсырды.

Ал, Оңтүстiк өңiрлiк әскери қолбасшылығы атынан оның бастығы сөз сөйлеп, жастарға ақ тiлек айтып, жас отбасына бағалы сыйлықтар тарту еттi. Телехабарда «Қазақстан халықтары Жамбыл облысы бойынша кiшi Ассамблеясы қос ғашықтың той салтанатының жоғарғы дәрежеде өтуiне көп қолғабыс жасады» деп те ерекше атап өтiлдi. Осы екi жастың – екi ұлт иесiнiң бiрiн-бiрi ұнатып, қосылғанын барлық газет-журналдар да жарыса жазып жатыр. Әрине, әр адамның жар таңдау құқығы өзiнде, бiрақ одан саясат жасаудың қажетi қанша?

Ойланыңызшы, осы даурықпа тiрлiк не үшiн керек болды? Қазiр қазақ қызының басқа ұлт иесiнiң етегiн ұстағаны кiмге таңсық? Оны неменеге асыра мадақтап, басқаларға дақпырт қылып, өнеге етемiз! Егемендi елiмiзде орнаған халықтар достығын, бiрлiгiн, ұлт татулығын паш еткiмiз келсе, қазақ тiлiн бiлетiн немiс жiгiтi мен қазақтың қаракөз бойжеткенiнiң бiрiн-бiрi сүйiп қосылғанын мадақтаудан басқа жол табылады ма? Егер қазақ тiлiн меңгерген басқа ұлт өкiлдерi қазақ қызына үйленсе, қуанышымыз қойнымызға сыймай мәз-мәйрам болып, өлердей жалпылдап, жағымпаздана қол соғып, алдағы уақытта да сондайларды қолпаштай бермекпiз бе? Құдайлығыңызды айтыңызшы, осымыз, саясатымыздың өзi дұрыс па! Осы бiр келеңсiз, тiптi орынсыз идеологияны түсiнбей, рухсыздығымызға жүрегiм қысылып отырғаны…

– Маған не дейсiз? Оларды қосып отырған мен емеспiн ғой…

– Түсiнемiн, сенiмен ой бөлiсейiн деп отырғаным емес пе? Бiздiң ұлтымыз «а» мен «б»-ны ажырата алмайтындай неге соншама сорлы болып барады? Басқа ел «қыздарын өткiзе алмай отырғандай қазақтар неменеге елiрiп едi?» деп бiзге ертең күлмейдi дейсiң бе? Сөз түбiрiне, iстiң мәнiсiне жетпей, неге бiз таяз ойлаймыз? Намыс деген осы бiзде қалды ма?..

Мен әлгi қоңыраудан кейiн ауыр ой үстiнде қалдым. Сөз төркiнiн түсiнген жанға отын маздатып ойнататын-ақ жай. Егер бiздiң қазақ жiгiтi шет елде жүрiп, сол елдiң тiлiн толық меңгерiп, сол елдiң қызына үйленсе, оған сол елде соншама құрмет көрсетiлетiн бе едi? Қазақ тiлiн меңгерген, бiздiң ата салт-дәстүрiмiздi жақсы бiледi деп неге соншама басқа ұлт иелерiн төбемiзге көтеремiз? «Тарихи отанымыз» деп Германияға көшкен қаншама немiс азаматтары кезiнде бiздiң ұлтымыздың тiлiн жатық бiлетiн емес пе едi? Облысымыздың Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарында мекен еткен базбiр немiс жiгiттерi мен қыздары кейбiр қазақтардың өзiн қазақша мақал-мәтел айтып ана тiлiн жаңылыстыратын едi ғой… Екi сөздiң басын қосып қазақша айтқан басқа ұлт иесiне осы күнге дейiн таңғала, сүйсiне қараймыз? Сахнаға шығып олар қазақ тiлiнде бiр ән орындаса екi алақанымыз ойылғанша қол соғамыз келiп. Қазақ тiлiн үйренсiн деп мемлекетiмiз жыл сайын миллиондаған, миллиардтаған қаржы бөледi, арнайы топтар құрып оларды жұмыс кезiнде ақысыз оқытамыз. Неге олай? Ұлттық тiлiмiздi үйренгiсi келмегендерге неге сонша жалбарынамыз? Одан не ұттық, елiмiзге не пайда? Әлгiлер бiздiң сол еңбегiмiздi жөндi бағалап жүр ме? Кейбiрi «Сендер алдымен қазақтарыңды өз тiлдерiңе үйретiп алыңдар. Содан кейiн ғана бiзге ауыз салыңдар» – деп безерiп тұрғанын көргенде оған уәж таппай қысылғаннан қара жерге кiрiп кете жаздайсың. Оған не уәж тауып айтасың?

Ой таразысына салып көрсек, үстiмiздегi жылдың шiлде айында «Қазақстан Республикасындағы Тiлдер туралы» Заңның қабылданғанына 10 жыл толыпты. Осы заңның талаптары жергiлiктi жерлерде қандай деңгейде iске асырылуда? Мемлекеттiк тiл неге еркiн күнделiктi өмiрiмiзге енбей отыр? Ол туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Бiрақ одан өнiп жатқан iс те шамалы. Әлi кертартпалық, тоңмойындық, даңғазалық басым. Анда-санда жиналыстарымызда бiр кiсi ана тiлiмiзде сөз сөйлесе мәз боламыз. Өз елiмiзде – Қазақстанда отырып қазақ мектебiн немесе бала-бақша ашқанымызды қол жеткiзген үлкен мәртебе санаймыз. Әлi де жан жағымызға қарап, басқа ұлт иелерiне жалтақтаймыз, олардың көңiлдерiне тимесiн деп, өкпелетiп-ренжiтiп алмауға тырысып, орысшаға ығып кете беремiз. Санамызды жаулап алған кертартпалықтан қашан құтыламыз?

Парламент отырыстары, мерекелiк салтанатты жиындар, халықаралық кездесулер мен жиналыстар, конгрестер мен конференциялар баяғы Кеңес дәуiрiндегiдей ресми, яғни орыс тiлiнде өткiзiлуде. Тоң болып қатқан сең әлi сөгiлер емес, оның қашан сөгiлерiн де ешкiм ашып айта алмайды. Елiмiздiң кейбiр облыстарында қазақ тiлiн меңгерген мамандарға қосымша айлық берiп шашылып жатырмыз… Несiн айтайық, сөйтiп, сұрауы көп, жауабы жоқ уақытқа кез келдiк.

Сонау 80-шi жылдары Шәмшi ағамыздың (белгiлi композитор Шәмшi Қалдаяқов) Жамбылда жүрген кезiнде соқыршегi қабынып, ойламаған жерде ауруханаға түсiп, операция жасатты. Сырқаты тәуiр болған шақта артынан екi ұлы келiп, Алматыға алып кетпекшi болды. Балаларымен таныстырып, арқын-жарқын әңгiме-дүкен құрып көңiлдi күйде отырған сазгер ағамыз бiр сөз ретi келгенде:

– Шәке, екi ұлыңыз да өнер жолын таңдаған екен. Осы балаларыңыздан келешекте сiз сияқты белгiлi композитор шығар ма екен? – деп сұрақ қойдық.

– Е-е, қарақтарым-ау, ол күн қайда. Бұлар, өкiнiштiсi, тiл бiлмейдi ғой. Демек, ары барса – жақсы музыкант шығар, ал композитор шығу мүмкiн емес, – деген едi сұңғыла азамат.

Расында да, елiнiң тiлiн, дiлiн, ата ғұрпын, дәстүрiн, салтын, қазақтың мiнезiн, қазақтың мәдениетiн бiлмеген адам қалай өз ұлты жайлы немесе оған арнап тәуiр ән немесе жүректi селт еткiзер сырлы саз жаза алады? Ол еш мүмкiн емес. Бұл – бұлтартпасыз шындық, өмiрлiк аксиома.

Өткен жылы республикалық «Түркiстан» газетiнде (7.03.2007) ақын апайымыз Ақұштап Бақтыгерееваның «Әр қазақ менiң де жалғызым» деген сыр-сұхбаты жарияланды. Онымен танысып шыққан адам көп нәрсенi ұғып, терең ойға қалатынына күмәнiм жоқ. «Ұлтымызды жiгерсiз, жауапсыз, парасатсыз жiгiттер көбейiп барады, қазақтың рухсыздығымен күрескiм келедi» – дей келе ақын апамыз: «Бiз өзiмiздiң ұлтымызды, өзiмiздiң әлсiздiгiмiздi қорғай алмай отырмыз. Қазақ мейiрiмдi, қазақ қонақжай деп айта-айта басқаларды басымызға шығарып алдық. Ұлттың ұлттық қасиеттерiн жоғалтып алдық.

Менi қинайтыны – ауылдың қазағы емес, қаланың қазағы емес, жалпы, қазақ ұлтының оянбайтыны. Сонша батырлар ұрпағы бола тұра, соншама даналар өткен даланың ұрпағы бола тұра соған елiктемеуi менiң жүрегiмдi ауыртады. Абайдың, Бейбарыстың, Махамбеттiң сарқытымын, олардың тұяғымын, Абылай, Кенесары, Исатай өткен ғажайып даланың қызымын, ұлымын деп желпiлдемейтiнiне, өздерiн басқалар қатарында санамайтынына, мәдинеттiлiкке ұмтылмайтынына, жайбарақат жүре беретiнiне, көне беретiнiне, бәрiне шыдай беретiнiне, «қазақпын» деп бастарын көтерiп сөйлей алмайтынына, қызына ие бола алмай отырғанына күйiнем», – деп қынжылды. Сөйтедi де мына жыр жолдарын көпшiлiкке арнайды:

Жасық туған жаманың,

Атқа мiнiп зор болмайды.

Асыл туған бекзатты,

Қойға салсаң қор болмайды.

Тегi таза жiбектi.

Шылғау етсең бөз болмайды.

Ашына айтылған орынды сөзге не деп жауап бересiң. Өмiрде кездесiп жатқан-жасық туған жаманды атқа мiнгiзiп, зор қылып отырғандарды көресiң де әдiлетсiздiкке көңiлiң қасқырдай ұлиды. Қолдан келер не шара бар?

XIX ғасырда дәрiгер-жазушы Антон Чехов: «Орыс халқы қазiр екi нәрсемен күресуде: бiрiншi – маскүнемдiкпен, екiншi – өз әйелiмен» деп жазыпты. Сол айтқандай, қазiргi қазақтар да екi нәрсемен күресiп келедi: бiрiншiсi – өз ана тiлiн, яғни қазақша бiлмейтiн қазақтармен, екiншi – ортамызда етек алған мансапшыл, билiкке таласқан, жемқор, ұры-зәлiм, арсыз шенеуiктермен. Су мен құрлық, күн мен түн сияқты екеуi де бiрiн-бiрi жеңе алмай келедi. Ойласақ, Тiл туралы заң қабылдағанымызға бақандай 17 жыл болса да, қанша қызыл кеңiрдек боп Парламентте, жиындарда бет жыртыссақ та, мемлекеттiк жалған ақпарат таратып жүрген кейбiр оңтүстiк аймақтардағы облыс әкiмдерiнiң құлақтарына алтын сырға деп айтуға тiлiмiз күрмелiп, жанымыз қысылып, әзiрше ұяламыз. Тiптi өздерiн қазақпыз деп кеуде соғып жүргендердiң өзi тiлге келгенде кiбiртiктеп, тал түсте сүрiне беретiнi қызық-ақ.

Дәл қазiргi уақытта елiмiздегi қазақтардың 2 миллионы ана тiлiнен мақұрым екен. Олар кiмдер екен деп сұрамақсыз ғой кәдiмгiдей – олардың басым көпшiлiгi негiзiнен қазiргi республикамыздың орталық аппараттарында билiк тiзгiнiн ұстаған, Парламент пен министрлiктерде отырған азаматтарымыз көрiнедi.

Олардың бiразы алдын-ала дайындалған баяндама мәтiнiн мiнберге шығып, мектептiң 2-3 сыныбының тiлi сынбаған оқушысы сияқты ежiктеп оқығанда жүйкең жұқарып, қаның қайнап, қысымың көтерiлiп, сен де қара терге түсiп онымен бiрге қиналасың. Солардың бiразы не туралы айтып тұрғанын өздерi бiлер ме екен деген ой туады? Әй, қай-да-а-м. Қағаз қазақша сөйлегенiмен, әлгi мемлекеттiк қызметкер қашан қазақша сөйлер деген терең ойға қаласың. Мемлекеттiк тiл – ұлттық саясаттың өзегi деп бiлсек, неге қазақ тiлi шенеунiктер арасында жөндi дамымай отыр? Оған не кедергi болуда? Мемлекеттiк тiлдi олар неге құрметтемейдi? Бұл сауалдарға өз басым жауап таба алмадым…

Өз тiлiмiздi өз мемлекетiмiздiң iшiнде қазақтардан қорғаймыз деп арнайы қор құрып, елден «жылу» жинап (бiздiң қалада әр қазақтан 500 теңге!), пайда қуған терiс пиғылды, алаяқ жылпос жандардың iс-тiрлiктерiн көргенде таңқалғаныңнан ерiксiз жүрегiң мұздайды. Нағыз масқаралық емес пе! Намыс қайда, ар қайда? Бұл түсiнген жанға, үй iшiнен үй тiккенмен бiрдей ғой. Өз елiмiзде жүрiп ана тiлiмiздi кiмнен арашалауымыз керек? Халықтан жиналған қаржы не үшiн пайдаланып, кiмнiң қалтасына түседi? Ол жағы бiзге әзiрше беймәлiм…

Қазақ болғанын өзiне ар санап, басқа ұлт иелерiне жабысып жүрген қандастарымыз қаншама! Олар қанша тырысса да бәрiбiр француз немесе немiс немесе ағылшын бола алмайтыны айдан анық. Қазақ болып туылған адам – қазақ болып өмiрден өту керек. Басқа оған жол жоқ.

Лондонда тұратын Смайыл Ксенжин деген азамат былай деп қынжылыпты: «Ұлымыз екеумiз Қазақстаннан келген балалармен жүздесу үшiн осындағы оқу орындарын араладық. Әрбiр университетте 40-50 қазақ жастары оқиды екен. Ең сұмдығы сол, әлгiлердiң 4-5-i ғана қазақша бiлетiн болып шығады. Сосын амалсыз олармен ағылшынша сөйлесуге тура келедi».

Яғни, бұл дегенiң «Болашақ» бағдарламасы бойынша бiлiм алып жүрген қазiргi жастардың әрбiр оныншысы ғана қазақ тiлiн бiледi деген сөз. Осыдан кейiн елiмiздiң болашағы, ана тiлiмiздiң ертеңi үшiн бұл үлкен трагедия емес деп кiм айта алады? Ойланарлық iс! Қорқынышты да үрейлi жағдай…

Осы жерде есiме таяуда бiр басылымнан оқыған мына бiр факт түстi. Итальяндық «Ренко» компаниясының президентi Ренальдо Гаспариниди: «Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде тұрып, өз ана тiлiнде сөйлей алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақ халқы» – деп қынжылды.

Жақсы танысымның шет мемлекетте оқып келген ұлы Еркiн деген жас жiгiт бiр жолы:

– Шетелде бiлiм алып жүрген қазiргi қазақ жастарының басым көпшiлiгi (кейбiр деректер бойынша олардың 80 пайызы) ана тiлiнен мақұрым. Олардың басы қосылып қалса өзара тек орыс тiлiнде сөйлеседi. Менiң ағылшындық досым бiрде «Неге сiздер, қазақстандықтар, өз тiлдерiңде сөйлеспейсiңдер? Өз ана тiлдерiңдi неге құрметтеп сыйламайсыңдар? Егер қазiр сендер сөйтсеңдер, ертеңгi ұрпақтарың не болады?» деп менi сұрақ астына алып, намысымды қамшылап, қысылтып, қатты қызартқаны бар.

Сұрапыл Ұлы Отан соғысы жылдары қоршауда қалып, тұтқынға түсiп, немесе окупацияланған аймақта қалып басқа ұлт өкiлдерiнiң қыздарына үйленген қанша қазақ азаматтарының өмiрi өксiкпен өттi дейсiз. Ол туралы кезiнде партизан-жазушы Қасым Қайсенов, кейiнiрек сонда делегация құрамында болған ақын Ақұштап Бақтыгереева Украинаға барғанда сол елде соғыста қалып қойған қазақ офицерлерi көздерiнiң жасын тыя алмай: «Бiз украиндық қыздарға үйленiп, осында қалып едiк. Қартайған шағымызда олар бiздердi лақтырып тастады. Бiздiң керi Қазақстанға баратын жолымыз жоқ. Бiз ағайын-туысқандарымыздың кiм екенiн ұмытып қалдық. Кiмге, қайда баратынымызды да бiлмеймiз» деп жылағанына куә болыпты (ол туралы мен де кезiнде «Өкiнiш» атты әңгiме жазып, облыстық «Ақ жол» газетiне 2006 жылы жариялаған болатынмын – С.О.).

Әлi күнге дейiн «күйдiм-сүйдiм» деп басқа ұлттың қыздарына үйленiп жатқан жас қазақ жiгiттерiнiң келешегiн ойлап, менiң кейде мұңаятыным бар. Оларды ертең не күтiп тұрғанын кiм бiлсiн. Бiрақ ертең бойдан күш кетiп, шау тартқанда олардың басым көпшiлiгi өз тағдырына өкiнетiнi сөзсiз.

Республикалық «Қала мен дала» газетiнен (26.01.2007) Чехияның Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесi жөнiндегi министрi қандасымыз – қазақ қызы Жәмила Стехликова туралы мақала оқыдым. Ол газетке берген сұхбатында «Менiң ең сорақы қателiгiм – өз ана тiлiмдi сақтай алмадым. Менiң көзiм жеткенi – ағылшын, орыс, немiс секiлдi әлемдiк тiлдермен қатар өз ана тiлiңдi бiлмесең, балаңа үйретпесең, онда әлемдiк глобализация – жаһандану теңiзiне шөгiп кету ғажап емес. Ондай универсалды, бiркелкi өмiрде ұлттық тегiң де, тарихи тамырың да жойылады», деп ағынан жарылды. Кезiнде Мәскеудiң М.Ломоносов атындағы университетiн бiтiрiп, чех жiгiтiне тұрмысқа шығып, туған елiнен жырақ кеткен Жәмила қарындасымыздың қазiргi тұрмыс-тiршiлiгi, атқарып жүрген қызметi көңiлiндегiдей болса да, өз ана тiлiн жоғалтып алғанына, халқының салт-дәстүрiн бiлмейтiнiне өкiнедi. Бұл – саналы азаматқа тән қасиет. Өз ұлтыңды, өз тiлiңдi қадiрлемесең сенiң кiм болғаның?!

Тiл – ұлттың ғұмыры. Ол бiле белсек – саясат және идеология. Басқа тiлдегi сөздiң де, бейне көрiнiстiң де мақсаты бiздi ана тiлiмiзден айыру, ата әдеп-ғұрпымыз бен мәдениетiмiзден бiздi алыстатып, келер ұрпағымызды мәңгүрт етуге бағынышталған қатерлi идеология мен саясат. Сондықтан көпшiлiк болып тiл мәселесiн қолға алмасақ, шара қолданбасақ келешегiмiз бұлыңғыр тарта бермек. Бұл пiкiрiмiздi дұрыс түсiнiп қолдайтын ұлтжанды азаматтар ортамызда мол екенiне мен кәмiл сенемiн.

… Өткен жылы қаламызда тәп-тәуiр құрмет-абыройы бар, ұзақ уақыт жауапты қызмет iстеген бiр танысымды Америка Құрама Штатына шығарып салдым. Екi қызының ол елде тұрғанына 7-8 жылдың көлемi болыпты. Ұлты орыс әйелi осыдан екi жыл бұрын «қыздарыма барып келем» деп қыр асып кетiптi де содан керi оралмай қойыпты. «Бiздi керек деп есептесең Америкаға келерсiң. Бiз ендi қайтып ол жаққа бармаймыз. Осында тұратын болып шештiк», – деп әйелi хабар бередi.

Алғашқы кезде «Мейлi, өздерiң бiлiңдер. Мен өз Отанымды тастап еш жаққа бармаймын» деп қасарысып жүрдiм. Содан бiр жыл өттi, екi жыл өттi. «Ағайын-туысқаннан қол үзгенiм қашан. Бiр жылдан кейiн зейнетке шығамын. Содан кейiн мен кiмге керекпiн?» Ойланып-толғанып, неде болса АҚШ-қа баруға бел будым. Бiлетiнiм – болашағым бұлыңғыр. Ертеңгi күнiме ешбiр сенiмiм жоқ» дедi әлгi танысым екi жанары мұңға оралып. Оның дiрiлдеген даусынан кеудесiндегi жұдырықтай жүрегiнiң үнсiз жылап тұрғанын сездiм.

Содан ол өзiне белгiсiз жат-жұрт елге мұхит асып кеттi. Оның тағдыры одан әрi не болғаны маған белгiсiз. Бiрақ, менiң ойымша, шет елдегi оның қазiргi күнi бал-шәрбат емес екенiн бiлемiн. Туған елiн, туған топырағын кеудесiнде жаны бар адам аңсамайды дейсiз бе?! Сiрә, «Өзге елге сұлтан болғанша, өз елiңе ұлтан бол» деп халық бекер айтпаған болар.

Менiң қызыға оқитын ақындарымның бiрi – таластық Нарша Қашағанов. Ол өзiнiң «Ана тiлi» деген жырында былай деп ой түйедi:

Ана тiлiң – бас байлығың, ырысың,

Тiлiң тiрi болса ғана тiрiсiң.

Ата-баба аманатын ұмытып,

Атқа мiнiп, шен алғаның құрысын!

Өте шығар мына қорлық, қайғы, азап,

Болашағың болсын десең бай, ғажап!

Ең алдымен тiле тiлдiң тiлеуiн

Ел боламын десең егер, ей қазақ!

Сөз құдiретiн ұғатын көкiрегi ояу ұлтжанды парасатты азаматқа одан асып не айтуға болады?! Тiлi жоғалған елдiң өзi де жоғалады. Осыны мықтап ұққанымыз жөн.

Халел Досмұхамедұлы: «Ана тiлiн жақсы бiлiп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйiнiш. Ана тiлiн бiлмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйiнiш», деген екен.

Ендеше, айтылған сөздердi көңiлге тоқып, ана тiлiмiздiң дамуына, өмiрiмiздiң өркендеуiне сiз болып, бiз болып жұмыла ат салысайық, ағайын!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,Жамбыл облыстық ауруханасының бас дәрiгерiнiң орынбасары, медицина ғылымының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары