ҚАРЖЫ ӘЛЕМIНДЕГI ҚАРБАЛАС

ҚАРЖЫ ӘЛЕМIНДЕГI ҚАРБАЛАС

ҚАРЖЫ ӘЛЕМIНДЕГI ҚАРБАЛАС
ашық дереккөзі

Iшкi нарықта атқаратын маңызы зор отандық компаниялар мен кәсiпорындарға, банктерге мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетiлмек? Халықаралық рейтингтiк агенттiктер қазақстандық банктер көрсеткiшiн не себептi төмендеттi? Әлемдiк қаржылық дағдарыстың халықаралық орталық банктер мен қазақстандық банктерге тигiзетiн салқыны қандай?

АЛЫПСАТАРЛАРДЫҢ САЯСИ ОЙЫНЫ

Америкадағы ипотекалық дағдарыс пен азық-түлiк бағасының кенеттен шарықтап шыға келуi әлемдiк нарықты тығырыққа тiредi. Қазақ Үкiметi алғашқыда "қаржылық дағдарыс" тiркесiнен қанша қашқақтаса да, әлемдiк қаржылық дағдарыстың салқынын алғаш сезiнген елдердiң қатарында Қазақстан тұрған. Бiздiң банктерге тиесiлi акциялар бағасының күрт төмендеуi, несие алудағы талаптардың өзгертiлуi дағдарыстың алғашқы белгiлерi едi. Былтыр күзде дүниежүзiнiң 30 мемлекетiнен келген банк қызметкерлерi Алматыда бас қосты. Сол кезде халықаралық рейтингтiк агенттiктер өкiлдерi қазақстандық банктердi жарыса мақтасып, бiздiң елдегi экономикалық ахуалдың қатаң бақылауда отырғандығын, қаржылық қауiп-қатердiң жоқтығын айтқан. Әлемдiк қаржылық дағдарыстың көз iлеспес шапшаңдықпен қанат жайып келе жатқанына қарамастан, Қазақстан банктерiнiң рейтингiн қайта қарастырмайтындықтары туралы мәлiмдеме жасауды да ұмытпады. Бiрақ көп кешiкпей, халықаралық Standart & Poor’s рейтингтiк агенттiгi Қазақстан Республикасына қатысты дербес жүргiзген несиелiк рейтингiн жариялады. Қазақстан шетелдiк валюта түрiндегi (ВВВ/А-3) мiндеттемесi бойынша және ұлттық валюта түрiндегi (ВВВ+/А-3) мiндеттемесi бойынша CreditWatchтың "қара тiзiмiне" енгiзiлген. Standart & Poor’s рейтингтi қайта қарастыруына әлемдiк қаржылық нарықтың қазақстандық банк жүйесiне керi әсер етуi мүмкiн деген қауiптiң түрткi болғанын айтады. 2007 жылдың 11 желтоқсанында Standart & Poor’s несиелеу көрсеткiшi бойынша Қазақстанның 8 банкiнiң ахуалын "Тұрақтыдан" "Жағымсызға" бiр-ақ түсiрдi. Агенттiктiң сарапшылары бiздiң банктердiң жедел даму процесiн тәуекел мен қатерлерге сүйене отырып жүргiзуiне және iшкi қарыздарының көбейiп кеткенiне алаңдайды. Әлемдiк қаржылық дағдарыстан отандық банктердiң қаншалықты зиян шеккенiн тап басып айту қиын. Ол үстiмiздегi жылдың алғашқы тоқсанында анықталады. ҚР Қаржылық бақылау агенттiгi мен ҚР Ұлттық банкi отандық банктердi қаржы саласындағы дағдарыстың алдын алу шараларын қарастыруға қатысты бiрнеше рет ескертен едi. Алайда, бiздiң банктер ескертудi қаперге алуға құлықты болмады. Абырой болғанда, банктерден қарыз алған қазақтар америкалықтар сияқты несиенi өтеуден жаппай бас тартып отырған жоқ. Жауапкершiлiктi сезiнгендiктен. Бiрақ қазақтар банк жүйесiндегi талаптардың күшейтiлуi себептi, қызын ұзатуға, баласын үйлендiрiп, мерейтой тойлауға қарыз iздеп, бұрынғыдай банктерге жүгiрмейтiн болды.

ҚР Үкiметi iшкi нарықта маңызды рөл атқаратын отандық компаниялар мен банктерге көмек көрсетуден бас тартпайды. Үкiмет әп дегенде мемлекеттiк қазынадан 4 миллиард доллар көлемiнде қаржы бөлуге шешiм қабылдаған. Сонымен қатар халықаралық нарыққа шыққан отандық компаниялардың акциялары арзандап кеткен жағдайда сатып алу үшiн қосымша ақша бөлiндi: Ұлттық ғылыми-технологиялық "Самғау" холдингiне 12,2 миллиард теңге, "Қазына Тұрақты даму қоры" АҚ-на 122 миллиард теңге. Акцияларды сатып алудың механизмдерi де қарастырылып қойған. Бiрақ билiктiң пiкiрiнше, халықаралық биржалардағы қазақстандық компаниялардың акцияларын сатып алатындай, қиын кезең әлi туған жоқ. Кейiнгi кездерi Лондондағы биржаға Kazakhmys, KazakhGold, ChagalaGroup, ShalkiyaZink, KazakhstanKagazy, Eurasian Natural Recources Corporation (ENRC), "ҚазМұнайГаз" Зерттеу Өндiру" АҚ, Ұлттық банк, Альянс Банкi, Қазкоммерц Банкiнiң акциялары шығарылған. Қор нарығындағы абыр-сабырды пайдаланып қалған "пысықайлар" жетедi. Халықаралық рейтингтегi көрсеткiштiң төмендеуi де сол "алыпсатарлардың" әрекетi. Осыған қатысты мәлiмдеме жасаған ҚР Президентi Назарбаев: "Бұл алдымен рейтингтi төмендетiп, сосын қазақстандық компаниялардың арзандап қалған акцияларын сатып алуды көздеген арнайы компаниялардың ойыны" дедi. Үкiмет үстiмiздегi жылдың бiрiншi тоқсанында халықаралық рейтингтiк агенттiктердiң өкiлдерiн елiмiзге шақырып, оларға экономикалық, қаржылық ахуал туралы мәлiмет берудi жоспарлап отыр. Сейсенбi күнгi Үкiметтiң селекторлық кеңесiнде Мәсiмов: "Қаржылық бақылау агенттiгi мен Ұлттық банк банктердiң акциялар мен қолданыстағы облигациялардың эмиссиясы, активтердiң қауiпсiздiгi сияқты баламалы қаржы көздерiн тартуға қатысты бастамаларына бұрынғыдай қолдау көрсетедi. Мұндай қадамдар мiндеттi түрде банктердiң қаржылық ахуалын жақсартуға ықпал етедi" дедi. Премьер ҚБА мен ҰБ тарапынан отандық банктердiң халықаралық қаржы көздерiне деген тәуелдiлiктi азайтатын кез келген жоспарды енгiзуге жағдай жасауға уәде бердi: "Қаржыландыру көлемiнiң қысқартылуы қазақстандық банктердiң несиелiк қызметiнiң төмендеуiне әсер еттi. Бұл негiзiнен үлескерлiк құрылыс саласына тiкелей қатысты. Құрылыс компаниялары банктiк несиенi қаржы көзi ретiнде пайдаланған. Былтыр олардың көпшiлiгi қаржы тапшылығының кесiрiнен жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Үлескерлер құқығын сақтау, сондай-ақ, қосымша жұмыс орындарын құру мақсатында ҚР Үкiметi құрылыс компанияларын даму құрылымдары арқылы қаржыландыруды қамтамасыз еттi".

"БЫЛАЙ ТАРТСА – АРБА, БЫЛАЙ ТАРТСА – ӨГIЗ"…

Соңғы айларда әлемдiк орталық банктер ұстанған басты қағида инфляцияны тез арада ауыздықтау болып отыр. Халықаралық сарапшылардың пiкiрiнше, 2008 жылы дамыған елдердiң экономикасы тоқырау мен инфляциядан зиян шекпек. Бұл орталық банктерге керi әсер етерi сөзсiз. Сондықтан бағаны ауыздықтауға бел шеше кiрiскен орталық банктердiң белсендiлiгi экономикалық өсiмнiң баяулауына әкеп соқпақ. Керiсiнше, экономиканың қарқынын күшейтуге талпынса, онсыз да ырыққа әзер көнiп тұрған инфляция есiрiп шыға келмек. Орталық банктер басшылығының басым бөлiгi мәселенiң күрделiлiгiн сезiнгендiктен, пайыздық көрсеткiштердi төмендетуге асықпай отыр. Мұндай қадамға әзiрге тек Федералдық қор жүйесi, Еуропалық орталық банк пен Ұлыбритания мен Канада банктерi барды. Соған қарамастан, егер үстiмiздегi жылдың алғашқы тоқсанында экономикалық көрсеткiштердiң төмендеуi немесе өсiмнiң баяулауына қатысты белгiлер байқалса, дамыған елдер монитарлық саясатын күшейтуi әбден мүмкiн. Бұл дегенiңiз, қаржылық дағдарыстың кесiрiнен сазға отырғандардың саны көбейедi. Негiзi өзектi мәселелердiң түпкi себебi монетарлық экспансиядан бастау алады. 2000 жылдардың басында ФРЖ, ЕОБ пен Жапония банкi ұзақ уақыт бойы көрсеткiштердi өте төмен деңгейде ұстап келген. Нөлдiк немесе қысқамерзiмдiк пайыздық көрсеткiштер мен төмен деңгейдегi ұзақмерзiмдiк пайыздық көрсеткiштер несиелiк қауiп-қатердiң ұлғаюына, сондай-ақ, несие берушi мен несие алушының арасындағы талаптардың босаңсуына әкеп соқты. Ал несиелiк талаптардың төмендеуi тұтынушылық және қаржылық шығындар деңгейiн тым өсiрiп жiбердi. Осының кесiрiнен қазiр несиелiк жүйенi қайта қарастыруға мәжүр боп отырған банктер АҚШ пен Еуропадағы iшкi сұраныстың төмендеуiне әкеп соқпақ. Оның үстiне, банктерден жеңiл жолмен әрi ұзақ мерзiмге алынған қарыздар аса iрi ауқымдағы инфляцияның бой көтеруiне себеп болды. Қымбатшылықтың жуық арада тоқтамайтынын айтады. Тағы бiр маңызды жайт, болжам бойынша, 2008 жылы дамыған елдердiң экономикалық өсiмi күрт бәсеңдейдi. Мамандар үстiмiздегi жылдың алғашқы жартысында АҚШ-та iшкi жалпы өнiм деңгейi төмендеп, екiншi жартысында сәл көтерiлетiнiн айтады. Жапондардың экономикасы да сәл төмендемек. Кәрi құрлықтың көрсеткiшi керiсiнше, сәл өсетiн көрiнедi. Еуропалық Одаққа мүше елдердiң көпшiлiгiнде iшкi жалпы өнiм 1,6 пайызға артпақ. Дамыған елдер экономикасындағы жағымсыз жайттар посткеңестiк мемлекеттер мен басқа да дамушы елдердiң экономикасына аздап болса да керi әсер етедi. Өйткенi, аталған елдердiң экономикасы дамыған мемлекеттерге қарағанда несиелiк дағдарыстан есеңгiреп қалған жоқ. Әрi монетарлық және салықтық мәселелерде әлдеқайда еркiн. Алайда, қаржылық дағдарыстың 2008 жылдың соңына дейiн созылатынын ескерсек, қазақстандық банктердiң көпшiлiгi өсiм қарқынын бәсеңдетiп, есесiне, қаржылық қорының сапасына көңiл бөлуге тырысады. Басқаша айтқанда, қарыз сұрағандардың көңiлiн қалдырмау, ақшаны оңды-солды шашу жоқ. Несиелiк төлемдердiң қайтарылмай қалу қаупiнiң алдын алып, консервативтiк өсiмге қарай бой түзейдi. Абырой болғанда, халықаралық қаржылық саладағы ынтымақтастықтың әлсiздiгi қазақстандық банктердiң көпшiлiгiн күйреуден сақтады. Себебi, қыртысы көп әлемдiк дағдарыс отандық қаржылық құрылымдарды айналып өттi. Дүниежүзiлiк экономикаға керi әсерiн тигiзген келеңсiздiктен, дамыған елдер жiберген қателiктерден қазақ экономистерiнiң қандай сабақ алғаны және оларға келген зиян үстiмiздегi жылдың бiрiншi тоқсаны аяқталғанда анықталады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ