АСТАНАДАҒЫ БАҒА ТҰРАҚТАЛА МА?

АСТАНАДАҒЫ БАҒА ТҰРАҚТАЛА МА?

АСТАНАДАҒЫ БАҒА ТҰРАҚТАЛА МА?
ашық дереккөзі
794

Премьер-министр К.Мәсiмов пен Үкiмет мүшелерi «баға тұрақтанды, азық-түлiк қоры жеткiлiктi» деп айтқандарынан қайтар емес. Қымбатшылық барлық салада байқалуда, артық нәрсе сатып алуға халықтың ақшасы жоқ, дүкендерде тауар тұр. Билiктiң сүйенiп отырғаны – халықтың дүкендерден жаппай азық-түлiктi талап алуы тоқтағаны болып тұр.

Ауыл шаруашылық министрi А. Есiмов:

– Бiзде азық-түлiк жеткiлiктi, алаңдаудың қажетi жоқ десе, Сауда және индустрия министрiнiң орынбасары Қ.Бишембаев:

– Бiзге шеттен әкелетiн қант, күрiш, шұжық, сүт, iрiмшiк, өсiмдiк майы, балық, жемiс-жидек, көкөнiске баж салығын алты айға тоқтату керек. Бұл азық-түлiк тапшылығын болдырмау және бағаны ұстап тұру үшiн «уақытша шара» дей келе, баға қымбаттамау үшiн дамыған елдердегiдей баға келiсiмiн тексеретiн сауда инспекторларын енгiзу қажет. Өйткенi азық-түлiк саудасының 70 пайызы ұйымдастырылмаған нарыққа жатарын алға тартады. Соның салдарынан екi ортадағы делдалдар көбейген. Ал, Қазақстаннан шетелге шығарылатын тағамдар тiзiмiн, керiсiнше кемiтiп, экспортты шектеу керек. Қазiргi таңда Ресей де өз экспортын шектедi. Бұл шараларды жүзеге асырмаса, алдағы уақытта бағаның қымбаттау құбылысы қайталанады. Бiрақ мұндай «сырттан әкелiнетiн арзан тауарлардың кесiрiнен» елiмiздi отандық өнiмдермен қамтамасыз етiп отырған қаншама фирмалар, кәсiпорындар, кәсiпкерлер банкротқа ұшырап мыңдаған адамдар жұмыссыз қалып, бала-шағасы аш қалады емес пе?

Астананың орталық базарында күрiш саудасымен айналысатын кәсiпкер Еркiнбек:

– Мiне, қараңыз, қоймаларда қаншама тонна күрiш сақтаулы тұр. Ал, қала бойынша мен сияқтылар жетiп артылады. Мүмкiн Үкiмет шетел күрiшiн әкелу арқылы Қызылорда күрiшiнiң бағасын түсiргiсi келетiн шығар, бiрақ бұдан төмен күрiш бағасы түсетiн болса, күрiш егiп отырған диханшы байғұстар қандай табыс табады? Ол бағамен олар шығынында өтей алмай қалады емес пе? – дедi ол.

«Артем» сауда базарындағы жеке сатушы Роза Дүйсенбекқызы:

– Мен «Артем» басшыларынан екi шаршы метр жердi елу мың теңгеге сатып алдым, мына жаман үстелдi «алмаймын» десем, «онда саған орын бермеймiз» деп 25 мың теңгеге алғызды. Сатып отырған мына жемiс-жидектер мен көкөнiстердiң үстiне тиын-тебен, 5-10 теңге қосамыз, көп қоссаң өткiзе алмайсың, күнiне жүз елу теңге патент, екi жүз теңге лабораторияға, тапқан табысымызды «Артемге» берiп күнделiктi нан-шайымызды ғана айырып отырмыз. Қытайлықтар жоғарғы және бiрiншi сортты жемiс-жидегi мен көкөнiсiн дамыған елдерге жiберiп Қазақстанға қалдықтарын өте арзан тиынға сатып пайда тауып отыр. Осында лабораторияға жемiстердi тексеруге беремiз, олар бiзге «жақсы» деп анализ жазып бередi. «Жарамсыз» деп жазып берсе, бұл жерге ешкiм келмей, «Артем» басшылары миллиондаған теңгелерден қағылады. Қытайдан Астанананың «Шанхай» базарына әкелетiн саудагерлер бiзге сертификат бермейдi. «Шанхай» базарындағы көтерме бағамен бiзге сататындардың өздерiнде жоқ сертификат бiзде өнiм қайдан болсын. Құрылыстар тоқтаған, халық жемiс жегiсi келедi, ақша аз, сосын бiздiң арзан жемiсiмiздi алады. Кейде Шымкенттен әкелгенiн бiле қоямыз, олардың жемiстерi мынадай емес, дәмдi, көзге тартымды көрiнедi. Алматы, Жамбыл, Шымкенттiң жемiс-жидектерi, көкөнiстерi сол жақта босқа шiрiп жатыр, Астанаға неге әкелмейдi? Өйткенi, оңтүстiктен транспортпен әкелу қымбатқа түседi де, Қытайдан әкелген арзанға түседi, осыған түсiнбеймiн. Сонда бiздiң оңтүстiк облыстардан Қытайдың жерi жақын болғаны ма? – деп мұңын шақты.

Нан пiсiретiн шағын кәсiпкер Рашид Елубайұлы:

– Пiсiрген нандарымды қырық теңгеден азық-түлiк дүкендерiне өз көлiгiммен апарып беремiн. Олар бiр тиын шығын шығармай-ақ әр бөлке наннан он бес теңге пайда тауып отыр. Күнiне бiр тонна нан пiсiремiн. Шағын наубайханаларға ұн зауыты тiкелей ұн сатпайды. Өйткенi, ортада жоқ жерден ақша тауып жүрген «жасанды» делдалдар көп. Бидай алып оны ұнға ауыстырдым. Сонда бiр тонна бидайдың 72 пайзы бiрiншi сортты ұн болу керек едi, бiрақ олар менiмен 50 де 50 пайызға келiсiмге отырып, бiр тонна бидайдан қырық екi пайыз ғана ұн шығарып бердi. Бiзде адал сауда, адал еңбек жоқ десе де болады. Қазан айында «азық-түлiк дағдарысы» болғанда шағын кәсiпкерлер Үкiметке көмектесiп, Астана қаласының әкiмшiлiгiмен нан бағасын «өсiрмеймiз» деген меморандумға қол қойдық. Соған орай билiкте бiзге жеңiлдетiлген несие немесе бiр пайыз болса да қаражаттан көмектесер деген ниетпен өзiмiзге шығын келтiру арқылы көмектесiп отырмыз. Бұл меморандум наурыз айына дейiн күшiн сақтайды. Содан кейiн мәселе тағы да қайта айналып соғады. Себебi, Астанаға қаншама ғимараттар, үйлер салса да бiрде-бiр нан зауыты салынбады. Астана халқы қанша, оларға күнiне неше нан керек, сол нандарды пiсiру үшiн қанша наубайхана керек екенiнен әкiмшiлiктiң хабары жоқ сияқты. Қала тола тiркелмеген «еңбекшi мигранттар» бiзде босып жүр, олар күнделiктi нан жеп жүр емес пе? Жағадан алған инфляция, оған қоса «Цесна астық» нан зауытының нан пiсiретiн құрал-жабдықтарына отыз екi жыл болған. Сондықтан билiктiң нан бағасын тұрақтандыруға шамасы келмейдi. Нарық саласында жүргендердiң қайсысымен сөйлессең де, бәрi бiрауыздан «баға тұрақтанған жоқ, аптасына бiр-екi теңгеден қосып отырмыз. Бiр-екi теңге болған соң «бiлiнбей» көтерiлiп жатыр, – дейдi.

Үкiмет отырыстарында, «Азық-түлiк қауiпсiздiгiне байланысты өңiр басшыларымен үйлесiмдi жұмыс iстеу өз нәтижесiн берiп келедi. Облыс әкiмдерiнiң бүгiнгi есебiнен жағдайдың тұрақтылығын байқаймыз» деген облыс әкiмдерiнiң «рапорттарына» көңiлi толған Мәсiмов, күрiш жөнiнде өз алаңдаушылығын бiлдiрген министр Б.Сапарбаевты тыйып тастады. Облыс әкiмдерi де «баға тұрақтанды, азық-түлiк қоры жеткiлiктi» дегендерiн қайталап отыр. Кеше ғана орындығынан айырылған Н.Коржова да кеткенiнше «Бiзде бәрi тамаша, инфлияция жоқ» – деп едi…

Инфлияцияның жоғарлауын сарапшылар азық-түлiк бағасының өсiмiмен байланыстырып отыр. Үкiмет мүшелерi, «Ел iшiнде айлық өсiм 3,9 пайыз болды, азық-түлiк өсуiне әлемдiк азық-түлiк нарығындағы баға өсiмi ықпал еттi, – деп ақталып, – экономикамыз қарқындап дамып келе жатыр» деген сөздерi кешегi «омақаса құлаған» Кеңес Одағының басшыларының тiрлiгiн еске түсiредi.

«ТМД мемлекеттерiмен ортақ азық-түлiк қауiпсiздiк стратегиясын қабылдау жайлы ұсынысты алғаш болып бiз айтып отырмыз» дейдi жерден жетi қоян тапқандай. Күлесiң бе жылайсың ба түкке тұрғысыз нәрсенi «әлемдiк аренаға» шығарып жiбередi. Үкiметтiк жиын-отырыстар көп болса да, «мiне» деп көрсететiн оңды iс болмай тұр. Шындығына келгенде, ресми статистика бойынша, қарашадан – қарашаға дейiн бiр жыл iшiнде азық-түлiк қоржыны 24,9 пайызға шарықтап кеткен. Мамандар қазан айындағыдай тым қымбаттап кетпесе де бағаның түспегендiгiн айтып отыр. Ал, базардағы саудагерлер керiсiнше, қыркүйектегi 80 теңгенiң бiр литр сұйық майы, қазiр – 400 теңге, бiр кило қант 72 теңгеден 120 теңгеге тағы басқа тауарлардың бағаларының көтерiлгенiн және аптасына бiр-екi теңгеден қосып отырғанын жасырмайды. Үкiмет мүшелерiнiң сөздерi мен iстерiнiң өзара үйлеспейтiнiн депутаттар да қанша мәрте беттерiне басса да мыңқ етпейдi.

Келе жатқан тышқан жылы биылғыдан да ауыр соғайын деп тұр. Ал, Үкiмет экономика «арбасын» сүйреуге шамасы келедi дегенге күмәнiмiз бар.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары