«AMANAT» партиясының делегациясы ICAPP Азиялық мәдени кеңестің отырысына қатысты

/
«AMANAT» партиясының делегациясы ICAPP Азиялық мәдени кеңестің отырысына қатысты
«AMANAT» партиясы

«AMANAT» партиясының делегациясы Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Азия саяси партияларының халықаралық конференциясының (ICAPP) жанындағы Азиалық мәдени кеңестің 4-отырысына қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Форум Азия құрлығындағы өзара түсіністік, ынтымақ және орнықты дамуды нығайтудағы мәдениеттің рөлін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Іс-шара «Ұлттық әралуандықтан жаһандық ынтымақтастыққа дейін: мәдениеттің жаңа әлемдік тәртіптегі рөлі» тақырыбында өтті. Оны ICAPP Тұрақты комитетінің қолдауымен «Yeni Azərbaycan» (YAP) партиясы ұйымдастырды. Форум жұмысына Азияның түрлі елдерінен жетекші саяси партиялардың өкілдері, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар мен мәдениет саласының сарапшылары қатысты.

Форум аясында қатысушылар Әзербайжанның көрнекті тұлғаларының рухына тағзым етіп, Құрмет аллеясы мен Шейіттер аллеясына гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін ICAPP Тұрақты комитетінің 44-отырысы жалғасын тауып, Азиалық мәдени кеңес 4-отырысының ашылу салтанаты өтті. Ашылу рәсіміне Оңтүстік Корея, Үндістан, Камбоджа, Пәкістан, Индонезия, Қазақстан және өзге де елдердің партия өкілдері қатысты. Жиын қорытындысы бойынша ICAPP Мәдени кеңесінің жаңа бюро мүшелері сайланды.

Пленарлық сессияда сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев отырыс тақырыбы Қазақстанның негізгі құндылықтары мен стратегиялық бағытына сай келетінін атап өтті. Ол елімізде мәдениетке қоғамды біріктіретін, халықтар арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайтатын маңызды тетік ретінде айрықша назар аударылып отырғанын жеткізді.

«Жаһандық тұрақсыздық жағдайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған батыл реформаларды жүзеге асырып келеді. Бұл саясаттың маңызды бағыттарының бірі – мәдениетті сенім мен диалогтың ортақ тілі ретінде ілгерілету», – деді ол.

Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Қазақстан – бейбіт қатар өмір сүру мен мәдени әр алуандықтың үлгісі. Елде 130-дан астам этнос пен 18 діни конфессия өкілдері тату өмір сүріп келеді. Осы тұрғыда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі мен мәдени мұраны сақтау және дамыту жөніндегі бастамалар ерекше мәнге ие екенін атап өтті.

«Мәдениет – адамзаттың ортақ тілі. Бүгінде саяси және қоғамдық институттар халықтар арасындағы сенімді нығайтуда айрықша жауапкершілікке ие», – деді партия хатшысы.

Сондай-ақ ол ұлттық бірегейлікті нығайту мен елдің мәдени әлеуетін дамытуға бағытталған «AMANAT» партиясының бастамалары туралы айтты. Олардың қатарында тіл мен рухани құндылықтарды дәріптейтін «Ұлттық мұра» жобасы, отандық авторларды және оқу мәдениетін қолдайтын «Кітап-AMANAT» жобасы, сондай-ақ ұлттық туристік бағыттарды дамытатын «Алатау аманаты» жобасы бар. Ержан Жылқыбаев Қазақстанның мәдени саясаты орнықты дамумен, жұмыс орындарын ашумен және халықаралық сенімді нығайтумен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Пленарлық сессияларда сондай-ақ ICAPP Тұрақты комитетінің төрағасы Чон Ыйен, бас хатшы Пак Ро-Бен, «Yeni Azərbaycan» партиясының өкілдері және Камбоджа, Индонезия, Филиппин делегаттары сөз сөйледі. Қатысушылар мәдениеттің орнықты даму ресурсы ретіндегі рөлін, мәдени алмасу мен гуманитарлық дипломатияның жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастырудағы маңызын талқылады. Сондай-ақ халықтар арасындағы сенім мен ынтымақтың негізі ретінде партияаралық өзара іс-қимылды және мәдени ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар мәдениетті орнықты даму, партияаралық ынтымақтастық және бейбітшілікті ілгерілету мақсатында пайдаланудың жалпы тәсілдерін бекіткен Бакин декларациясын қабылдады. Құжатта Азия елдерінің саяси партиялары, үкіметтері мен мәдени институттарының мәдени мұраны сақтау, әр алуандықты насихаттау және халықтар арасындағы диалогты нығайту бағытында күш біріктіру қажеттігі атап өтілді.

Қазақстан мен Әзербайжанды ортақ тарихи тамырлар, мәдени жақындық және өзара құрметке негізделген берік бауырластық және стратегиялық қатынастар байланыстырады. Бұл ынтымақтастық мемлекеттер басшылары деңгейінде де, партияаралық форматта да қарқынды дамуда.

Екіжақты ынтымақтастықты нығайту ісінде «AMANAT» және «Yeni Azərbaycan» партиялары арасындағы өзара байланыс ерекше маңызға ие. Өткен жылы екі партия ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, тұрақты диалог пен тәжірибе алмасудың берік негізін қалады. Бұл серіктестік достық, тату көршілік және өзара қолдау рухындағы мемлекетаралық қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал етуде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары