Мемлекеттiк тiл: "ӘРI ТАРТ ТА, БЕРI ТАРТ"

Мемлекеттiк тiл: "ӘРI ТАРТ ТА, БЕРI ТАРТ"

Мемлекеттiк тiл: "ӘРI ТАРТ ТА, БЕРI ТАРТ"
ашық дереккөзі
216

Мемлекеттiк тiлiмiздiң қазiргi таңдағы жай-күйi мен оның төңiрегiнде туындап жатқан қарама-қайшы пiкiрлер жөнiнде елiмiздегi ұлттық мәдени орталықтары жетекшiлерiнiң пiкiрiн бiлуге тырысқан едiк. Оларға "Елiмiздiң бiр топ зиялы өкiлi "Мемлекеттiк тiл туралы Заңға" бiрқатар өзгерiстер енгiзу керектiгiн айтып Үкiметке хат жолдаған болатын. Осы төңiректе туған қызу пiкiрталасқа сiздiң де алып-қосарыңыз бар шығар?" деген сауал тастағанда, бiрi "Шахановты сотқа сүйреймiн", – деп доқ көрсеттi, бiрi азаматтар бойындағы кемшiн түсетiн патриоттық сезiмдi күшейту керектiгiн айтты, ендi бiрi мемлекеттiк тiлдi балабақша, бiлiм ошақтарынан бастауға кеңес бердi. Қысқасы, тағы да сол "аққу – көкке, шортан – көлге"-нiң керi.

Геннадий БЕЛЯКОВ, Жетiсу казактары мәдени орталығының жетекшiсi:

– Қазақтiлдi азаматтарды орыстiлдi жамағатқа қарсы қоймау керек. Бұл мәселенiң түйiнiн бiрлесе отырып, ортақ келiсiммен шешудi ойластырған жөн. Әйтпесе орыстардың жаппай көшуi басталады. Қазақ тiлiн бiлетiндер ерiктi түрде орыстiлдi азаматтарға қазақ тiлiн үйренуiне көмектессе, тiл үйрену бiршама болса да жеңiлдеп қалар ма едi? Өз басым осы қыста ауылға барамын. Орыстiлдi жамағатқа қазақ тiлiн үйренуге болатындығын дәлелдегiм келедi. Уақыт тез өтедi. 138 адамнан тұратын "Ашық хаттың" бастаушыларын ҚР-ның Конституциясындағы баптарға сәйкес, "ұлтаралық араздық тудырғаны" үшiн жазаға тартуға болар. Егер мен осы мәселеге шындап кiрiссем, адвокаттардың көмегiмен оны да жасауға болады. Мен ресейлiк отандастар қоғамдық бiрлестiгiнiң жетекшiсiмiн, Қазақстанның 12 облысында жеке бөлiмшелерi бар. Мiне, осы ұйымның атынан мен ол кiсiнi жауапқа тартуыма болатын едi. Бiз ойлана келiп, ұлттар достығын нығайту үшiн жұмыс iстеуiмiз керек деп шештiк. Бәрiмiз де қазақстандық азаматпыз. Бiр тудың астында бейбiтшiлiкте өмiр сүрiп жатырмыз. Осы достығымыз жалғаса берсiн!

Гариб МӘМЕДОВ, Әзiрбайжан

ұлттық мәдени орталығының жетекшiсi:

– Менiң Қазақстанда тұрып жатқаныма 40 жылдан асты. Қазақстандық азамат ретiнде қазақ тiлiн оқып, үйренiп жүрмiн. Жақсы түсiнемiн, бiрақ сөйлегенде бiраз қиындықтар болады. Адам көбiрек тiл бiлсе, ол өзiне жақсы. Ал мемлекеттiк тiлдi бiлу – бәрiмiздiң мiндетiмiз. Мемлекеттiк тiлдi ешкiмге зорлап, қинап үйретудiң қажетi жоқ. Әркiм оның болашақта керектiгiн жанымен сезiну керек. Мысалы мен Талғар қаласының Жер қатынастары жөнiндегi комитетте жұмыс iстеймiн. Бiзде мектептi, жоғары оқу орнын қазақша оқып бiтiрген қазақтың жас ұл-қыздары қазақ тiлiн нашар бiледi. Осыдан кейiн басқа ұлттар туралы не деуге болады? Қазiр елiмiзде оралмандардың саны артып келедi. Солар ғана жеткiлiктi деңгейде тiлдi бiледi, таза сөйлейдi. Мәселен бұрын 70-жылдары қоғамдық көлiкке отырсаң 2 қазақты көретiнсiң, ал қалғаны бәрi орыс. Қазiр жағдай оңалған. Қазақтардың саны өскен. 1937-1944 жылға дейiн елiмiзге Кавказдан, Қиыр Шығыстан қоныс аударған чечен, әзiрбайжан, ингуш, казактар мен кәрiстерге ешкiм қазақ тiлiн үйренудi мәжбүрлеген жоқ. Олар өздерi ерiктi түрде үйренiп алды. Өйткенi олар өздерiне тiлдiң қажеттiлiгiн түсiндi. Мысалы белгiлi қоғам қайраткерi Асылы Осман. Қазiр ол басқаларды мемлекеттiк тiлдi бiлуге шақырып жүр. Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы бiзге ұлттық мәдениетiмiздi жаңғыртуға зор мүмкiндiк берiп отыр. Әдет-ғұрпымыз бен ата-салтымызды дамытуға шектеу қойып отырған жоқ. Бiз соның есесiне мемлекеттiк тiлдi үйренуiмiз керек. Конституциямызды кеше ғана қабылдаған жоқпыз. Оның қабылданғанына да 10 жылдан астам уақыт өттi. Өз басым шетелде Қазақстанның Туы көкке көтерiлiп, Әнұраны ойналып жатса, қуанғаннан көзiме жас келедi. Алла сол қуаныштың көз жасын көбiрек берсе екен деп тiлеймiн. Сондықтан да бiз Отанымыздың жеңiстерiнiң қатарын арттыратын ұрпақ тәрбиелеуiмiз керек. Отанымызды қорғауымыз керек. Ол үшiн тiлiн, мәдениетiн, тарихын сүйiп, ардақтайтын ұлтжанды ұрпақ өсiруiмiз керек. Сондай-ақ, шет елдегi қандастарымыздың жағдайын ойлағанымыз жөн. Шалғайдағы қандастарымыз жаһандану үрдiсiнiң құрбанына айналып кетпеуi үшiн оларды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Бiрiншiден, елiмiзде тұратын әрбiр қазақ баласын қазақ балабақшасына беруге тиiстi. Балабақша – баланың сөйлеу тiлiн қалыптастыратын алғашқы орта. Сондықтан да бала қазақша сөйлеп тұрса, оның ата-анасы да ұялғанынан қазақша жауап қатады. Екiншiден, мектеп. Мектептерде қазақ тiлiнiң пән сағаттарының санын арттыру қажет. Педагогтардың тiлдiк сауаттылығын арттырып, оларға үлкен талап қою керек. Мәселен 20 жыл бұрын Алматыда 3 қазақ, 368 орыс мектебi болған. Ал қазiр жағдай мүлдем басқаша ғой. Қазақ мектептерiнiң саны күннен-күнге артып келедi. Құдайға шүкiр. Бала балабақша мен мектепте қай тiлде бiлiм алса, сол тiлде ойланып, жазатын болады. Сондықтан да тiл үйретудi ең алдымен осы екi бастапқы бiлiм беру ошақтарынан бастауымыз керек.

Виктор ЭЗАУ,

Немiс ұлттық орталығының жетекшiсi:

– Мен Алматы қаласындағы Жаңа технологиялар колледжiнiң директорымын. Колледж студенттерiне арнайы қазақ тiлi пәнi жүрiп тұрады. Мен ылғи да колледж педагогтары мен студенттерге қатаң талап қоямын. Мемлекеттiк тiлдi қажеттi деңгейде меңгерудi бiрiншi орынға қойып отырмыз. Соның өзiнде бiрен-саран студент қана бiлiп шығады. Ал қалғандары атүстi бiтiредi. Бұл тұрғыда бар мәселе педагогтарың жұмысында деп айтудан аулақпын. Қазақ тiлiн үйретуде сағаттың жетiспеушiлiгi, бағдарламалық материалдар, қазақ тiлiне деген қызығушылықты арттырудағы жұмыстар дұрыс жүргiзiлмегендiктен болар. Бiрақ жастарға мемлекеттiк тiлдi үйретiп, насихаттаудан жалықпау керек. Ол үшiн ең алдымен балабақшадан бастауымыз керек. Өйткенi бала сол жаста не үйретсең, соны қағып алады. Сондықтан да осы жаста баласын қазақ тiлдi балабақшасына берген әрбiр ата-ана ұтатынын бiлесiздер. Бiздiң жастарымыздың көпшiлiгi заман ағымына сай, халықаралық бизнестi, жаңа технологияларды оқиды. Ал бұл салада қазақ тiлiнде бiр де бiр оқу құралы жоқ. Индустриялы-инновациялық жобалардың көпшiлiгi орыс тiлiнде жұмыс жасайды. Бiз негiзгi екi бағыт – компьютерлiк модельдеу, құрылымдау және Графис автоматтандыруды жүйелеудi жобалау бойынша мамандарды даярлап жатырмыз. Бұл саланың дамуында жаңа технологияларды, оның iшiнде немiс технологиясын Мәскеуде орыс тiлiне аударған. Ал бiзде қазақ тiлiнде оның аудармасы атымен жоқ. Сондықтан да бiз, колледж студенттерiне бiлiм беруде осы орыс тiлiндегi оқу құралдарын пайдаланамыз. Ғылымды қазақшалау қазiргi таңдағы басты проблемалардың бiрi. Ғылымда көптеген сауатсыз аудармалар кездеседi. Оның бәрi жұмыс барысында аудармашының сала мамандарымен байланысының жоқтығы. Мәселен бiздiң колледжде Автомобильдi техниканы жөндеу мамандығы бойынша қазақ тобына орыс тобына қарағанда аз ақпарат беремiз. Өйткенi жаңа бағыттағы жаңа технологиялардың аудармасының жоқтығынан бiз қазақ тобына жеткiлiктi деңгейде бiлiм бере алмай отырмыз. Кiтап дүкендерiн аралап жүрiп, қозғалыстың қауiпсiздiгi жөнiнде 30 шақты оқу құралын таптық. Оның бiр де бiрi қазақ тiлiнде жазылмаған. Бәрi орыс тiлiндегi оқу құралдары. Электрондық ақпараттық машиналар туралы оқу құралдарының көпшiлiгi орыс тiлiнде. Ал қазақ тiлiндегi нұсқасы бiрен-саран ғана. Осындай мәселелердi шешу үшiн бiз бiрiгуiмiз керек. Бiз дүниежүзiндегi ең саяси тұрақты елмiз. Мемлекеттiк тiл төңiрегiндегi қызу айтыстармен қатар бiздiң ғылымның, өнердiң, жаңа технологиялардың заман талабына сай дамуын да ойластыру керек. Мектептерде математиканы, физиканы, химияны оқуға құштар талантты жастар көп. Ал мемлекеттiк тiлге келгенде көпшiлiгi шорқақ келедi. Соған қарағанда орта бiлiм беруде бiзге тағы бiр нәрсе жетiспей жатқан сияқты. Оны мен айта алмаймын. Мәселен халықаралық оқу орындарына тапсыруда пайдаланатын маңызды математикалық оқу құралы "Сканвидiң" қазақша нұсқасы әлi күнге дейiн жоқ. Бұл орайда осындай және басқа да мысалдарды көптеп келтiруге болады. Мен балама ылғи да қазақ тiлiн жақсы оқы деп нұсқау берiп отырамын. Балам қазақ тiлiнде көп нәрсенiң байыбына барып түсiнедi. Ал сөйлеуге келгенде, тартыншақтап қалатыны бар. Сондықтан да қазақ тiлi пәнiнiң маманы бар жан-тәнiмен берiлiп, баланы үйретуден жалықпайтын, жоғары талап қоя бiлетiн болса, нұр үстiне нұр болар едi. Мен өз педагогтарыма да сол мәселенi баса айтып отырамын. Менiңше, тiл үйретудегi ең оңтайлы орта – балабақша. Егер бiз осыдан 20 жыл бұрын балабақшаға қазақ тiлiн бiлудi қатаң мiндеттегенде, қазiргi таңда 100% халық мемлекеттiк тiлдi меңгерiп алушы едi. Тiл үйренудi балабақшадан, сосын мектептен бастау керек. Мемлекеттiк тiлдi бiлмесең, қорғансыз болып қалатын сияқтысың. Бiз жайлап соған келе жатырмыз. Бұл мәселенi асықпай, елiмiзде тұратын өзге ұлт өкiлдерiмен келiсе отырып шешу керек. Бұл жерде экономиканың, басқа да ғылым салаларының қауiпсiздiгiн ойлауымыз керек. 138 адам қол қойған жолдау, ашық хат үкiметке емес, ең алдымен халыққа жолдануы керек едi деп ойлаймын. Тұрақтылық пен тiлдiк келiсiмнiң артуына ұлтаралық келiсiмнiң арқасында ғана жетуге болады.

Александр АРПЕЕВ, Еврей ұлттық

мәдени орталығының жетекшiсi:

– Менiң ойымша, саяси жағынан алғанда елiмiздiң ұлтжанды азаматтары дұрыс бетбұрыс жасады деуге болады. Бiрақ елiмiзде тұратын өзге ұлт өкiлдерiнiң тiлдiк бейiмi жоқ. Тiл – ұлттың жаны екенiн жақсы түсiнемiн. Мысалы мен өз балаларымның қазақстандық азамат ретiнде қазақ тiлiн бiлгенiн, сондай-ақ еврей тiлiн де ұмытпағанын қалаймын. Мемлекеттiк тiлдi дамытудың алдағы бiршама жылдарға арналған бағдарламасы бар. Сол бағдарлама қазiр жақсы жұмыс iстеп келедi. Атап айтар болсам, тiл үйретудiң арнайы орталықтары ашылды, үкiмет тарапынан қаражат бөлiнiп, тiлдiк-әдiстемелiк құралдар көптеп шығарылып жатыр. Бұл мәселенiң шешiмi – уақыт еншiсiнде. "Жер астынан жiк шықты, екi құлағы тiк шықты" деп аяқ асты жасалған өзгерiстер орыстiлдi азаматтарды алаңдатқаны рас. Тiлдi үйрену, менiңше, ерiктi түрде қызығушылықпен жүзеге асатын процесс. Бас салып мәжбүрлегенiмен оны үйренiп ала салатын ешкiм жоқ. Мәселен, Халық ассамблеясындағы бiрқатар азиаттық өкiлдер қазақ тiлiнде сөйлесiп, пiкiр алмасады. Ал еуропалық ұлттар, бiздерге аздап қиындық тудыратыны бар. Бiрақ бәрiмiз бiр кiсiдей оқуға тырысамыз. Мәселен бiздiң орталықта тiл үйренемiн деген адамға барлық мүмкiндiктер жасалған. Оған әкiмшiлiк тарапынан арнайы қаражат бөлiнедi. Бүгiнде 150 шақты адам келiп, тiл үйренiп жүр. Негiзi, үйренемiн деген адам ешқандай мұғалiмсiз-ақ үйренiп жатады. Ол үшiн әрбiр азаматтың отансүйгiштiк қасиетiн арттырып, ұлтжандылыққа тәрбиелеудi жолға қоятын тереңдетiлген Бағдарламалар жасау керек сияқты.

– Мемлекеттiк тiлде сөйлемейтiндердi патриот емес деп айтып кеттiңiз. Мемлекеттiк тiлде сөйлемегенiңiзге қарағанда…

– Жоқ. Мен өз елiмiнiң патриотымын. Менiң әке-шешем, балаларым Қазақстанда дүниеге келген. Қазiр бiз балаларымыз бен жолдасымыз екеумiз мемлекеттiк тiлдi үйрену үстiндемiз. Орталықта жүретiн қазақ тiлi курстарынан қалмаймыз.

– Мемлекеттiк тiл төңiрегiндегi мәселенi шешудiң қандай жолдарын ұсынар едiңiз?

– Патриоттық сезiмдi арттыру жұмыстарын жүргiзу. Жыл сайын үкiмет тарапынан 500 млн. теңге мемлекеттiк тiлдi үйрену үшiн жұмсалып жатыр. Ол қаржының бәрiн желге ұшырмай-ақ, ұлттық сананы жаңғыртатын бағдарламалар жасалу керек. Ұлтжанды азамат кез-келген жерде ұлтжандылығын көрсетедi. Тiптi көшеде жүрсе де көрiнген жерде түкiрмей, айналасындағыларға да асқан құрметпен қарайтын болады.

Екiншiден, мектепте қазақ тiлiнен және басқа да пәндерден сабақ берiп жүрген мұғалiмдердiң жалақысын көтеру керек. Оқушыға қажеттi бiлiмдi асығыс бере салып, басқа жерден нан табуға асығатын мұғалiмдер көп. Мұғалiмдердiң бiлiм беру сапасын арттыруға күш жұмсау керек. Өз басым әлеуметтiк жағдай түзелмейiнше, тiлге деген қызығушылық артады дегенге сенбеймiн. Таң ертеңнен кешке дейiн қайтсем қай жерден нәпақа табамын деп жүрген адам тiлдi үйренуге құлқы да жоқ болады. Күнделiктi күйбең тiрлiкпен тiл үйренуге уақыт таппай жүрген жолдастарым жетерлiк. Сондықтан да осындай бiрқатар мәселелердiң түйiнiн шешсек, тiл мәселесi де өз шешiмiн табар едi.

Дайындаған

Маржан КЕҢЕСБАЙ

Серіктес жаңалықтары