ШЫҢДАҒЫ «ЖҰМАҚ» — ШЫМБҰЛАҚ

ШЫҢДАҒЫ «ЖҰМАҚ» — ШЫМБҰЛАҚ

ШЫҢДАҒЫ «ЖҰМАҚ» — ШЫМБҰЛАҚ
ашық дереккөзі

Асқақ Алатаудың қолтығында орналасқан «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты бүгiн адам танымастай өзгерiске түсiп жатыр. Әлемнiң ең мықты курорттарын, тау шаңғысы жолдарын салумен, оларды озық техникамен жабдықтаумен айналысатын дүниежүзiнiң ең үздiк компаниялары жұмыла iске кiрiскелi де бiраз уақыт болды. Тау шатқалындағы сансыз техниканың дүрiлi мен гүрiлi Алматыға жетпесе де, дүңқ-дүңк еткен желдей жылдам жаңалықты күнде естiп жатырмыз. Сол жүрекке де, құлаққа да жайлы жаңалықпен оқырманды таныстыру мақсатымен шатқал төрiндегi Шымбұлаққа көтерiлiп техникалық директор Владимир Юндi әңгiмеге тарттық.

– Шымбұлақта болып жатқан өзгерiстерге халық үлкен ықыласпен құлақ түрiп отыр. Тау шаңғысы жолының бiрнеше есе ұзартылатыны, енiнiң кеңейтiлетiнi айтылып жүр. Тау шаңғысы жолының өте енсiз жерлерiн қалай кеңейттiңiздер? Тау алқымының кейбiр тұстары ойқы-шойқы, қия, бiр қапталы терең жар ғой.

– Бұл iспен тау шаңғысы жолын салып жүрген белгiлi компания айналысады. Бiз атқарылып жатқан жұмыстың жоспарда көрсетiлгендей орындалуын қадағалаймыз. Жаңа сiз айтқан ойқы-шойқы, сырғанауға өте қолайсыз жерлердi техниканың күшiмен тегiстеймiз. Өте қия, қауiптi жерлердi топырақпен толтырдық. Ол жерлерге 100 машинадай топырақ апарып төктiк. Шаңғы жолының төменгi қия жағын 5 метрдей көтердiк. Енi 4 метр бiр жерiн 30 метрге дейiн кеңейттiк. Төмеңiрек орналасқан екiншi қылтаның енiн 190 метрге жеткiздiк. Тағы бiр қолайсыз жердiң енi қазiр – 40 метр. Бұл жұмыстардың бәрi кәсiпқой спортшыларға да, демалушыларға да жасалып жатқан жайлы жағдай деп түсiнген дұрыс. Жұмыс күрделi де жауапты.

– Бұрын тау шаңғысының жолы теңiз деңгейiнен 3163 метр биiктiкте орналасқан Талғар асуынан басталатын. Қазiр қандай жаңа бағыттар қарастырылып жатыр?

– Осы уақытқа дейiн тек Талғар асуына дейiнгi аралық қана тау шаңғысының жолы болып келдi. Ендi асудың арғы жағындағы қойнауды да пайдаланбақпыз. Асуға аспалы кресло, кабиналармен жетiп алған шаңғышылар арғы бағытқа қарай да сырғанай бередi. Осыған дейiн пайдаланылмай келген асудың арғы жағындағы қойнау тау шаңғысына өте қолайлы. Сырғанайтын жолдың енi бiр шақырым, ұзындығы бiр шақырым жетi жүз метрге дейiн созылмақ. Амандық болса, ол жаққа да аспалы жол тартылады, электр қуатының көзi жеткiзiледi.

– Қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов: «Тау шаңғысы жолының жалпы ұзындығын 65 шақырымға дейiн жеткiземiз», — деген едi.

– Алдағы уақытта бұған да қол жеткiземiз деп ойлаймын.

– Дәл қазiр қанша қашықтыққа қол жеткiзiп отырсыздар?

– Бұрын үлкен жылдамдықпен түсетiн шаңғы жолының ұзындығы –3500 метр болатын. Бұған тағы осындай төрт қашықтық қосылды.

– Асудың өзiне де техниканың тiсi тиген шығар?

– Дәл солай. Асудың аузын да кеңейттiк. Үлкен-үлкен тастардан тазарттық.

– Шатқалдың тағы қай жерлерiнде жол салмақсыздар?

– Тек сноубордшыларға ғана арналған жаңа жол салмақпыз. Ол жерде сноубордпарктер жұмыс жасайтын болады.

– Сноубордшыларға арналған арнайы жол болмағандықтан, олар шаңғышылар жолында сырғанап жүрдi. Сноубордшылар – жастар. Елiрген, есiрген кейбiреулерi шаңғышылар үшiн қауiптi де қолайсыз жағдайлар туғызып жүретiн. Күтпеген бұрылыстан шыға келедi, қауiптi жерден жолын қиып өтедi.

– Бiз соның бәрiн көрiп жүрмiз. Сондықтан да осындай шешiмге келдiк. Ендi шаңғышыларға кедергi жасамай, бөктердiң екiншi бетiнде сырғанайтын болады.

– Ал бұрынғы аспалы жолдарға өзгерiс енгiзiле ме?

– Әрине. Бұрын ең биiктегi шаңғы жолының басына жету үшiн жолда екi жерден ауысып отыру қажет едi. Ендi тұтас шаңғы жолының бойында бiр ғана бекет болады. Құдай қаласа, ерте көктемде бұл iстi қолға аламыз. Бұл аспалы жолда 8 адамдық кiшкене вагондар мен 4 адамдық креслолар қызмет етедi. Аспалы жолдағы жылдамдық өте жоғары. Ә дегенше шыңның алқымына жетесiз.

– Шымбұлақта жасанды қарды пайдалану арқылы сырғанау мерзiмiн ұзартады деген әңгiме бар. Бұл қалай жүзеге аспақ? Жасанды қар туралы толығырақ түсiндiре кетсеңiз.

– Жасанды қар – әлемнiң осы саладағы үздiк жетiстiгi. Италияның дүниежүзiне танымал компаниясының 18 зеңбiрегiн сатып алдық. Олардың төртеуi биiкте орнатылады. 14-i жылжымалы болмақ. Оларды арнайы техника қажеттi жерге сүйреп апарып отырады. Қар жұқа түсетiн, тастары көрiнiп жататын жерлерге зеңбiректердiң көмегiмен жасанды қар шашылады.

– Қарапайым жұрттың бiлетiнi – соғыста пайдаланатын зеңбiрек. Ал мына италияндық зеңбiректерiңiз жұртқа таңсық. Осыған тереңiрек түсiнiк бере кетсеңiз.

– Бүкiл тау шаңғысы жолына 37 гидрант орнатылған. Зеңбiректер осы гидранттарға қосылады да, кiшкене тамшылармен атқылай бүрiккен су ауада ұсақ қарға айналып жатады. Сырттағы ауа температурасы төрт градус суыққа жеткенде қондырғы жасанды қар лақтыра бастайды.

– Зеңбiректерiңiз қандай қашықтыққа қар атқылай алады?

– Бiр бағыттың өзiне 60 метрге дейiн атқылайды.

– Зеңбiрек қондырғы көмегiмен сырғанау мерзiмiн де ұзартамыз ғой?

– Қазан айында тауда төрт градус суық болатыны сөзсiз. Бiздегi сырғанақ мерзiмi – 15 сәуiрге дейiн. Ендi сәуiрдiң аяғына, тiптен 10 мамырға дейiн созуға болады.

– Шымбұлақтағы шаңғы жолдарын полиция бақылайтын болыпты. Полиция деген атынан-ақ тәртiптi қадағалайды-ау деген ой түйдiк.

– Қателескен жоқсыз. Тау шаңғысымен сырғанаушыға арналған халықаралық ереже бар. Есiрiп, құтырып сырғанаушылар да кездеседi. Солардың кесiрiнен жазықсыз бiреу мертiгiп те жатады. Әрине, мұндай оқиғалар өте сирек. Таудағы полиция осыларға ескерту жасайды, тәртiпке шақырады, тiптi болмаса сырғанауға тыйым салады. Бұл – дамыған курортты мемлекеттерде баяғыда қалыптасқан. Өкiнiшке орай, бiзде дәл қазiр шара қолданатындай заң жоқ. Тағы бiр қуанышты жағдай – сақтандыру шаралары қолға алынды. Негiзгi құрылысты жүргiзушi «Capital Partners» компаниясы өзiнiң сақтандыру полюсiн енгiзбек. Әр сырғанаушының қолындағы билетi – сақтандыру полюсi болып есептеледi. Егер бiр адам жарақат алатын болса, аталған компания емделуге 500 мың теңгеге дейiн ақша бередi.

– Мынау адам денсаулығын басты назарда ұстайтын iзгiлiктi қадам екен.

– Адам денсаулығына деген мұндай алаңдаушылық шарасы дамыған елдерде дағдылы, қалыптасқан жағдай.

– Жоба жетекшiсi Медеуден Шымбұлаққа дейiн жеткiзетiн гондолды жол үстiмiздегi желтоқсанға дейiн iске қосылатынын хабарлаған болатын. Бұл халық үшiн көп жеңiлдiк туғызар едi. Назар аударатындай бiр кедергi болып қалды ма?

–Мен бұл iске тiкелей жауапты адам емеспiн. Сондықтан аспалы жолдың неге iске қосылмай тұрғанын толық бiлмеймiн де.

– Екi арада қатынайтын гондолды кабинаның саны нешеу?

– Сегiз адамдық 114 кабина үздiксiз жүретiн болады. Медеуден Шымбұлаққа дейiн бар болғаны 13,5 минөтте жетесiз.

– Шымбұлақта әлемдiк талапқа сай қонақ үйлер салынып, ең озық үлгiдегi қызмет көрсету жүйесi жұмыс жасайды. Медеуде салынып жатқан жерасты автопаркингi iске қосылады. Сол кезде Медеуден Шымбұлаққа қия жолмен ағылған автокөлiктер тоқтайды. Осындай орасан iстер жүзеге асқанда тау қойнауы құлпырып шыға келерi сөзсiз. 2011 жылы қысқы Азия ойындарын өткiзген соң Алматыдағы бұл курорт әлем назарын аударатын шығар?

– Әрине, кез-келген мықты курорт елге табыс әкеледi. Оның кiрiс-шығысын қаржы саласына жауапты адамдар есептеп те жүрген болар.

– Дәл қазiр шатқалдағы жүргiзiлiп жатқан қыруар шаруаға қарамай Шымбұлақтың еш кедергiсiз жұмыс iстеп жатқанын оқырман қауымға жеткiземiз ғой.

– Шымбұлақ бұрынғыдай үздiксiз жұмыс жасап жатыр. Құрылыс жұмыстарының оған еш кедергiсi жоқ. Алаңдамай келiп сырғанауларына, демалуларына болады.

– Әңгiмеңiзге рақмет.

Сұхбаттасқан Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ